Күнгейдегі күнбағыс та ерекше

Пятница, 10 Июль 2020 03:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 743 раз

2020 06 22 aqyldy-qala

Күнделікті тіршілікте күнбағыс дақылынан өсімдік майы алынса, дәні шемішке түрінде базарларда сатылып жатады. Одан май алынғаннан кейін басқа да дүниелерді өндіруге мүмкіндік бар.

Майдан кейін күнбағыста күнжара қалса, оны төрт түлік түрлері жейді. Ал сабағын турап доңыз мақұлығына береді екен. Себеті де құр босқа далада қалмайды, оны әбден ұнтақ етіп, малдың азығы ретінде кәдеге жарайды. Күнбағыстың пайдалы жағы тек осымен шектелмейді. Тіпті, еліміздің бірқатар өңірлерінде күнбағыстың кейбір түрлерін малға қажетті сүрлем есебінде егетіндер де бар. Ал қаламызда жайқалып тұрған «күнбағыстан» тұрғындар смартфондарын қуаттап, жалпыға қолжетімді Wi-Fi пайдалануына болады. Иә, орайын келтірсең, күнбағыс табыстың көзі емес пе?
5a86a0d192878Жуырда үшінші мегаполистегі саябақтар мен қоғамдық орындарға орнатылған «Ақылды күнбағыс» ақпараттық-танымдық жүйесі іске қосылғанын ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Осы ретте ақылды технологияның идея авторларымен сұхбаттасудың сәті түсті. Жоба жетекшісі Нұрлыбек Жұматаев пен жас өнертапқыштар жалпы кешеннің жасалу технологиясына тоқталды.
– Соңғы бес жылдан бері қалаға қандай ақылды жоба қосуға болатынын зерттеп келемін. Миллонды шаһардың ақылды қала атануына өзіміздің үлесімізді қосып, тұрғындардың тұрмыста қолдануына қолайлы құрылғы жасау да біздің негізгі мақсатымыз болды, - дейді Silkway халықаралық университетінің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Н.Жұматаев.
Аталған қондырғыларды «NURCOMTEL» мекемесі қала әкімдігімен бірлесе отырып, шаһардағы саябақтар мен қоғамдық орындарға орнатқан. Қазіргі таңда «Ақылды күнбағыс» электронды жүйесінің 20 данасы Тәуелсіздік, Орталық, Металлург, Жеңіс, А. Асқаров атындағы дендросаябағы мен Қошқар ата өзені жағалауына қойылды. Нұрлыбек Срайылұлының айтуынша, жаңа жоба студенттермен ақылдаса келе дүниеге келген. Жобаның атауы мен сыртқы пішіні қаланың ыстық әрі шырайлы екенін көрсетеді дейді өнертапқыштар.
– Құрылғы күн көзінен қуат алатын панельдер мен аккумуляторлар арқылы жұмыс істейді. Ол бір уақытта 6 смартфонды қуаттауға қауқарлы. Төрт сағатта аккумуляторлар бір тәулікке жететін энергия жинайды екен. Жиналған қуат ұялы телефондарды, планшеттерді қуаттауға, жарықтандыру шамдарын жағуға, танымдық кешен құрылғысын іске қосуға жұмсалады. Дөңгелек пішінде арнайы тынығатын орындықтар орналастырылды. Онда отырған демалушылар тегін интернет желісіне қосылуына да болады. Құпия сөз (пароль) ретінде көрнекті ақын Абай Құнанбаевтың туған жылы мен 2020 жылы атап өтілетін мерей тойын қатар жазу арқылы Wi-Fi желісін қол жеткізеді. Қала тұрғындары мен қонақтары арнайы «Ақпараттық қызмет көрсету» қосымшасы арқылы қаламыздағы көрікті жерлер, архитектуралы нысандар, саябақтар, тамақтану орындары және ойын-сауық кешендері туралы қазақ, орыс,ағылшын тілінде мәлімет алып, олардың орналасқан нүктесін картадан тауып алуына болады. Қазір қазақ тіліндегі фильмдер мен ән-күйлерді қосымшаға енгізудеміз,- дейді Н.Жұматаев.
Жас өнертапқыштар Бақдаулет Болат, Ерназар Байділдаев, Даулет Кожахан үш жігіт те бірінші курста оқиды. Олардың ұйымшылдығы мен ізденісінің жемісі ретінде жаңа жоба дүниеге келіп отыр. Ғылыми жетекшісінің айтуынша, үштіктің потенциалы жоғары. Олар мобильді қосымшалар, сайт тағы да басқа IT бағдарламаларын жасай алады.
– Университеттегі алғашқы жобамыз болған соң, біз үшін үлкен тәжірибе болды. Бір қолымызға бургер, бір қолымызға сусын ұстап саябақтарды араладық. Базарлардан қажетті материалдарды да іздедік. Бастысы көпшілік қолданып, қаламызға келген қонақтарға да ұнаса, жұмысымыздың ақталғаны деп білемін, - дейді Ерназар Байділдаев.
Ал Бақдаулет Болат мұнымен шектеліп қалмайтындарын айтты. Олар қазір аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолағын трансформациялауға кірісіп кетті. Демек, бұл үштік шымкенттіктерді әлі де талай таң қалдыра бермек.