– Тал егу – ата-бабамыздан қалған дәстүр. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейміз. Көктем келе айналамызды тазартып, жыл басына дайындаламыз. Тал егіп, бұлақ көзін ашамыз. Бұл акция да осынау игі іс аясында өтуде. Биылғы Наурыздың орны ерекше. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Әз-Наурыз мерекесін он күн бойы, 14-24 наурыз аралығында әр күнді өзіне тән атаумен мерекелейміз. Бүгін Игі істер күні табиғатқа жанашырлық танытып, аллеяда тал егілуде. Жалпы, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың идеясымен «Наурыз Шымкенттен басталады» мега жобасын қолға алдық. Өңіріміздің табиғаты да бұған сай келіп тұр. Мұндағы мақсат – жаңа жылды Шымкентте қарсы алу үрдісін бастап, үшінші мегаполистің өзіндік брендін қалыптастыру, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Республикалық «Эко-сана» қозғалысының бастамасымен қолға алынған акция аясында аллеяда 42 көшет егілді. Бұл жолғы ерекшелік – егілген әр көшет атаулы. Қозғалыс жетекшісі Нұрайым Шахимерденнің айтуынша, көшет отырғызған адамға ай сайын мобильді қосымша арқылы хабарлама барып, күтіп-баптау, суаруды еске салып тұрады. Бұл жөнінде Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы да қуана хабарлады.
– Наурыз мерекесінің мән-мағынасы – жаңа жылдың бастауы. Қыстан шыққан ағайын мал-жанымен бірге көкке ілініп, жаңа өмірге қадам басады. Біз сондай мерекеге үлес қосып, отырғызған көшеттер жергілікті тұрғындарға көлеңке сыйласа, біз қуанамыз. Ұйымдастырушылар айтып өткендей, бұл атаулы талдар бізге хабар берген сәтте келіп, талды суарып тұрамыз, - деді
Бахадыр Нарымбетов.
Айта кетейік, «Наурыз тал» қалалық акциясы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қайырымды істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылды. Ал акция соңы концерттік бағдарламаға ұласты.