Балаларға арналған пилоттық жоба басталды Избранное

Пятница, 02 Июль 2021 04:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2073 раз

Үшінші мегаполисте шілде айынан бастап балалар спорт секцияларын жан басына қаржыландыру енгізіледі. Шаһардағы қосымша шығармашылық және спорттық үйірмелермен қамтылмаған балаларға арналған жаңа пилоттық жоба іске асады.

365

 

Бұл жоба ақылы үйірмелерді субсидиялау арқылы қала жастарын салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырмақ. Қала әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев салада атқарылған жұмыстар және ХХХІІ-Жазғы Олимпиада ойындарына дайындық туралы баяндады.
Бауыржан Қалмұхамедұлының айтуынша, қалада бос уақытын тиімді өткізбейтін 76 176 бала анықталған. Жаңа жоба аясында мемлекет спорт секцияларына баратын жастардың шығындарының басым бөлігін өз мойнына алады. Ал ата-аналар қызмет көрсетушіні таңдау және оның қызметіне баға беру құқығына ие болады. Шығындар баланың тұрғылықты жерін, спорт түрін, қызмет көрсету әдісін және өзге де бірқатар факторды ескере отырып бекітілген тарифпен төленеді. Бұл тапсырыс аясында, кәсіпкерлер мемлекет есебінен спорттың 71 түрі бойынша қаржыландырылып, 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар өздерінің таңдауы бойынша спорт секцияларында тегін жаттығады. Ол үшін кәсіпкерлер мен ата-аналар https://artsport.edu.kz порталына тіркеліп, электронды қолтаңба арқылы өтінім беруі тиіс.
Баспасөз жиынында спикер Токио қаласында өтетін ХХХІІ-Жазғы Олимпиада ойындарына дайындық туралы да тоқталып өтті.
– Әлем көз тігіп отырған үлкен додаға Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасы сапына енген спортшыларымыз қызу дайындық үстінде. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының спортшылары Жазғы Олимпиада ойындарына 11 жолдаманы жеңіп алды. Сонымен қатар ХVІ-ші Жазғы Паралимпиада Ойындарына жүзу спорт түрінен Роман Агалаков жолдамаға ие болды. Жақында тағы бір төреші баратыны белгілі болды. 23 шілде күні болатын додаға Шымкент қаласынан 13 спортшы аттанады, - деді Б.Тұманбаев.
Сонымен қатар, жыл басынан бері қала спортшылары ел чемпионаттары, кубоктары мен біріншіліктеріне қатысып, 364 алтын, 260 күміс, 312 қола медаль жеңіп алған. Ал Азия чемпионаттары мен кубоктарында 5 алтын, 7 күміс, 4 қолаға қол жеткізсе, әлемдік деңгейде 4 алтын, 6 күміс және 12 қола жүлдеге ие болды.
Басқарма басшысы жылдың табысты басталғанын да айтты. Оның сөзінше, биыл 4 – халықаралық, 98 – ҚР спорт шебері, 140 спорт шеберіне үміткер дайындалған.