#2 ШЫМКЕНТТЕ ТҰРАТЫН ХАЛЫҚ САНЫ 1 МИЛЛИОННАН АСТЫ Избранное

Среда, 21 Июль 2021 04:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 382 раз

Кез келген мемлекеттің ең басты байлығы – халқы. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдың соңында Қазақстан халқының саны 16 миллион 400 мың адамды құраса, 2001 жылы бұл көрсеткіш 14 миллион 800 мың адамға дейін төмендеп кеткен еді. Бұған, сөз жоқ, өзге ұлт өкілдерінің тарихи Отанына оралуы себеп болды. Дегенмен, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық тоқырау артта қалған соң елдегі демографиялық ахуал оңалып, халық саны көбейе бастады. Ресми деректер биылғы жылдың басында Қазақстан халқының саны 18 миллион 879 мыңға жеткенін көрсетеді.

473

 

Ел демографиясындағы орны ерек қаланың бірі – Шымкент. 1991 жылы Шымкентте халық саны 440 мың болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1 миллионға жетті. Нақтырақ айтар болсақ, 2018 жылы 17 мамыр күні Шымкенттің миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашты. Еламановтар отбасының тұңғышы – Айсұлу есімді сәби Шымкенттің миллионыншы тұрғыны деп ресми түрде танылды. Бұл оқиға бір отбасының ғана емес, қала жұртшылығын қуанышқа бөледі. Қала басшылығы жас отбасын арнайы құттықтап, кәсіпкердің демеушілігімен екі бөлмелі пәтер кілтін табыстаған-ды.
– Сол кездегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Сәбиіміздің қаланың миллионыншы тұрғыны атанғанына қатты қуандық. Бүгінде Айсұлу қызымыз 3 жастан асты. Тұңғышымыздан кейін 2020 жылы Сәния есімді бүлдіршін дүние есігін ашып, таяуда бірге толды. Құдай қаласа, болашақта көп балалы отбасы болғымыз келеді, – дейді Айсұлудың әкесі Самат Еламанов.
Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Шымкент республикалық маңызға ие қала мәртебесін алды. 2018 жылдың 19 маусым күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи Жарлыққа қол қойып, шаһар тарихындағы жаңа кезең басталды. Демек, Шымкенттің мегаполис атануына ықпал еткен негізгі сала демография деп айтуға негіз бар.
Сонымен 30 жылдың ішінде Шымқалада халық саны 2,5 есе көбейіп отыр. Бұл ненің арқасы?

474


Біріншіден, бұл – қаладағы табиғи өсімнің жоғары болуының жемісі. АХАЖ органдарының мәліметінше, сонау 1991 жылы Шымкетте 9 115 сәби өмірге келген. Ал, 2020 жылы Шымкентте демографиялық рекорд орнады! Былтыр үшінші мегаполисте 31 438 сәби дүние есігін ашты.
Қазіргі таңда Шымкент Қазақстан қалалары мен өңірлері арасында халық санының өсу қарқыны жағынан бірінші орында келеді. 2021 жылғы қаңтар-маусым айларында Шымкентте 16 513 сәби дүние есігін ашты. Сәйкесінше, үшінші мегаполис тұрғындарының саны 0,86 пайызға өскен. Нұр-Сұлтан қаласында бұл көрсеткіш – 0,67 пайызды, ал үшінші орындағы Маңғыстау облысында 0,48 пайызды құрайды. Қаламызда бұл үрдіс екі жылдан бері сақталып келеді.
Екіншіден, Шымкентте халық санының көбеюі – елдегі қарқынды жүріп жатқан урбанизацияның нәтижесі. Мәселен, 2020 жылы Шымкентке республиканың өзге өңірлерінен, ауылдар мен шағын қалалардан 27 800 адам көшіп келген. 2018 жылы бұл көрсеткіш 34 мың адамға дейін жеткен еді. Яғни, ел ішінде қоныс аударған әрбір 11-ші отбасы Шымқалаға келіп табан тіреген.
Нәтижесінде, 2021 жылдың 1 мамырындағы мәлімет бойынша Шымкент тұрғындарының саны 1 миллион 90 мың адамға жетті. 2020 жылғы 1 мамырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 42 200 адамға немесе 4 пайызға көбейіп отыр.

485


Үшіншіден, Шымкент халқының көбеюіне атамекенге көшіп келген қандастардың үлес қосқанын да айта кету керек. Ұлттық статистика бюросының 2021 жылдың басындағы деректері бойынша Қазақстанға 315 мыңнан астам отбасы немесе 1 миллион 65 мың қандас көшіп келген. Ресми деректер оның 15 пайызға жуығының Шымкент қаласына орналасқанын көрсетеді.
—Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қандастарды елге көшіріп алуға баса назар аударып, бұл істі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Соның арқасында тағдыр тәлкегімен әлемнің әр түпкіріне шашырап кеткен 1 миллионнан астам қандасымыз атамекеніне оралды. Олар демографиялық ахуалды оңалтып қана қойған жоқ, елді қазақыландыруға да оң ықпал етті. Жұмыс күшінің көбеюіне, бәсекелестіктің артуына, кәсіпкерліктің өркен жаюына әсер ете отырып Қазақстанның экономикалық дамуына серпін бергенін де ешкім жоққа шығара алмайды, – деді Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Серік Жүнісов.
Тарихшы-ғалымның айтуынша, қандастардың үлкен бөлігі оңтүстік өңірлерге, соның ішінде Шымкент қаласына қоныстанған. Бұған жергілікті халықтың көбіне қазақша сөйлеуі, ауа-райының қолайлы болуы әсер еткен.
Төртіншіден, Шымкентте халық санының миллионнан асуына қала аумағының ұлғаюы да әсер етті. Нақтырақ айтсақ, шаһар территориясы 3 еседей кеңейіп, 41 мың гектардан 117 мың гектарға жетті. Түркістан облысының аудандарынан 40-тан астам елді мекен қалаға қосылып, ол жердің тұрғындары шымкенттік атанды.
– Шымкентке іргелес аудандардан жұмысқа келетін адамдар өте көп. Бейресми есеп бойынша, шамамен 100 мың адамнан асады екен. Бұған қоса қаламызда ресми тіркеуде жоқ, бірақ осында тұрақты өмір сүріп жатқан отбасыларды қосыңыз. Яғни, Шымкент тұрғындарының саны 1 миллионнан әлдеқашан асып, 1,3 миллионға жуықтап қалған болуы мүмкін, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Серік
Мұтанұлы (суретте)

476


Бесіншіден, Шымкентте денсаулық сақтау саласына, оның ішінде ана мен бала денсаулығына барынша назар аударылып келеді. Перинаталды орталықтар соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталып, мамандардың біліктілігі арттырылды. Соның нәтижесінде дүние есігін жаңа ашқан сәбилердің күтімі едәуір жақсарды. Бүгінде перзентханаларда салмағы 500 грамдық шала туған сәбилерге де толыққанды күтім жасалып, үйлеріне шығарылуда.
Мұның барлығы ана мен бала өлімінің санын азайтып, қала халқының санын арттыруға үлес қосып отыр. Осыдан 10 жыл бұрын аман-есен туылған әр 1 000 баланың 19-ы жасына жетпей шетінеп кетсе, қазір бұл көрсеткіш 7-ге дейін төмендеген. Оған қоса мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек пен қолдау сапасы жылдан жылға артып келеді. Соңғы жылдары әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып, халықты жұмыспен қамту шараларының саны артқан. Мұның барлығы, түптеп келгенде, отбасы институтының нығайып, бала санының көбеюіне оң әсерін тигізеді. Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруы нәтижесінде Шымкенте қала халқының табиғи өсімі жылдан жылға артып келеді.
Қорыта айтқанда, Шымкент – ел демографиясының тірегі. «Қостанай елді астықпен, Қарағанды көмірмен, Атырау мұнаймен қамтамасыз етсе, Шымкенттің міндеті – Қазақстанды шымкенттіктермен қамтамасыз ету» деген сөз әзіл де болса, орнымен айтылғандай. Шымкенттен шыққан қаншама білікті маман, іскер азаматтар мен дарынды жастар Қазақстанның түпкір-түпкірінде ел игілігіне қызмет етіп жүр. Шырайлы қалада еңбек ресурстарының, жұмыс күшінің мол болуы ел экономикасына оң әсерін тигізді. Өзгесін айтпағанда, Сарыарқа төрінде ару қала – еңселі Елорданың құрылысында еңбек етіп, тер төккеннің көбі Шымкенттен шыққан азаматтар екенін ешкім жоққа шығара қоймас.

475


Тағы бір айта кетерлік мәселе, демографтардың пікірінше, қазіргі таңда сәби сүйетін жастағы ата-аналар – негізінен қос ғасырдың тоғысқан тұсында, экономикалық тоқырау жылдарында дүниеге келген азаматтар. Ол жылдары Қазақстанда дүниеге есігін ашқан бала саны аз болғанын ескеру керек. Айталық 1999 жылы елімізде 240 мыңдай бала туылса, арада он жыл өткенде бұл көрсеткіш 370 мыңнан асты. Ал, өткен жылы 425 мыңға жеткен. Яғни, әлгі 370 мың бала ата-ана болатын жасқа жеткен кезде елде тағы бір демографиялық дүмпу болуы әбден мүмкін. Міне, сол уақытта Шымкенттің ғана емес, Қазақстан халқының саны еселеп көбейетін шақ алыс емес!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.