ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ: ТӘРТІП ПЕН ТАЛАП ҚАНДАЙ? Избранное

Среда, 01 Сентябрь 2021 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 629 раз

Елімізде КВИ жұқтырғандар саны азайып, індеттің беті қайтқаны байқалады. Деседе әлем ғалымдары індеттің төртінші толқыны күз айларында басталып кетуі ғажап емес деп болжады. Бұған адамдардың жаппай еңбек демалысынан оралуы және студенттер мен оқушылар үшін жаңа оқу жылының басталуы басты себеп болатыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен көп нәрсе поствакциналық иммунитет қай деңгейде қалыптасып, адамдардың сақтық шараларын қаншалықты сақтайтынына байланысты болғалы тұр.

710

 

Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте шаһардың бас ұстазы Жанат Тәжиева мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндады. Жауапты мамандар білім беру мекемелерінде санитарлық талаптардың қалай сақталуы қажет екеніне тоқталды.

Баспасөз мәжілісінде сөз алған Жанат Арысбекқызы жаңа оқу жылының басталуы жайында сөз қозғады.
– Қаладағы барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын. Мәселен, оқулықтар мен көркем әдебиеттер білім ошақтарына 100% жеткізілді. Ал бейнебақылау жүйесі мен турникеттер толық орнатылды. Бұл ретте оқушылар жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайды. Бірақ мектеп формасы міндеттелмейді, классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат. Ал 30 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек алған отбасылар (57 466 бала) мектеп формасын алуға міндетті. 1 қыркүйек күні білім табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге ғана салтанатты жиын өтеді. Қалған сынып оқушыларына санитарлық талаптарды сақтай отырып сынып сағаты болады, – деді Ж.Тәжиева.
Басқарма басшысының сөзінше, биыл қалада тамыз айына дейін 1-сыныпқа 25 005 бала қабылданған. Ал тамызда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және құжаттарын дер кезінде тапсырмаған ата-аналардың талабы арқылы 31 бала қосымша қабылданған.
– 2021-2022 жаңа оқу жылы білім беру ұйымдары 17-ге артты. 785 білім мекемесіндегі 350 мыңға жуық білім алушылармен (+8 000 бала) басталғалы отыр. 1-сыныпқа бүгінгі таңда қабылданғаны – 25 005 баланы құрап, меже толығымен орындалды, - деді басқарма басшысы.
Жанат Тәжиева эпидемиологиялық жағдайға байланысты тәрбиеленушілердің ата-аналарын вакцина салдыруға шақыра отырып, мектептегі дезинфекциялық заттарға ақша жинауға негіз жоқ екенін жеткізді. Бұл ретте білім ұйымдарына қажетті заттың бәріне қаржы бөлініп отырғанын және ата-ана балаларын тек бетпердемен қамтамасыз ету керектігін айтты.
– Білім ұйымдарында күнделікті термометрия, кварцтау, желдету, дезинфекция және бетперде режимі сақталады. Ата-ана баласына тек маска алып беріп отырса жеткілікті. Қалған санитариялық-эпидемиологиялық шараларға арнайы қаржы қаралған, - деді қаланың бас ұстазы.
Ал Алдарқұл Ахметов ұстаздар қауымы мен оқушыларға білім беретін мекемелерде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Оның ішінде, қарсы көрсетілімі бар және КВИ-мен соңғы үш айда ауырған педагогтер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері толықтай вакцинациялануы қажет екенін айтты.
– Шымкент қаласы Бас санитар дәрігерінің жаңа оқу жылына қатысты қаулысы шықты. №36 қаулысына сәйкес, білім ұйымдарындағы асханаларға рұқсат беріліп отыр. Бірақ аспаздар вакцина (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда) салдырған болуы керек. Сондай-ақ, мектепте санитарлық талаптың бәрі сақталуы міндетті және көпшілік жиналатын іс-шара мен басқосуларға тыйым салынады. Сонымен қатар, білім ошақтарының әр қабатында санитайзерлер қойылып, қол жуу тәртібі ілініп тұруы керек және дезинфекциялық заттардың 1 айлық қоры болуы тиіс. Бұл ретте күніне екі рет ылғалды, аптасына бір рет жалпы тазалық жұмыстары жүргізілуі қажет. Ал сынып іші 25 баладан аспауы керек, – деді А.Ахметов.
Брифинг барысында Алдарқұл Райымқұлұлы білім беру ұйымдарында қарсы көрсетілімі бар азаматтарға ПТР тесті міндеттелмейтінін жеткізді.
– Асханалар санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Егер кіру есіктері сыртта болған жағдайда «ASHYQ» жүйесіне қосылады. Оларға да QR-код қою керек болады, - деді спикер.
Бүгінде қаладағы барлық білім ұйымында «Ashyq» жүйесіне толық қосылған. Ал педагогтер мен техникалық қызметкерлер түгелдей вакцинациядан өтіпті. Айта кетейік, медициналық қарсы көрсетілімдері бар және КВИ-мен ауырғандарға екпе егілмейді.
Биыл студенттер де дәстүрлі оқу форматында білім алуға көшірілді. Дегенмен оларға бірқатар қатаң талап қойылып отыр. Студенттерге оффлайн білім алу үшін санитарлық талаптарды орындау қажет. Бұл ретте 18 жастан асқан студенттер вакцина алуға тиіс. Ал жатақханаларда кіріп-шығу тәртібі күшейе түспек. Жатақхана қызметкерлері мен шәкірттерден өзге адамдарға ғимарат ішіне кіруге тыйым салынады.
Брифинг барысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Алдарқұл Ахметов студенттердің вакцина алғанына қарамастан бептерде киюге міндетті екенін де ескертті.
– Мектеп оқушылары, студенттер, оқытушылар мен мұғалімдер де оқу ғимаратының ішінде және сыртында міндетті түрде бетперде тағып жүруі керек. Бізде бетперде режимін тоқтату мәселесі әлі қаралған жоқ. Ұжымдық иммунитет қалыптасқан кезде ғана бұл мәселе қарастырылуы мүмкін. Өйткені вакцина алғанына қарамастан вирусты жұқтыру фактілері бар. Оны ешкім жасырмайды. Сондықтан кез келген азамат вакцина алды ма, алмады ма, бетпердені міндетті түрде тағуы тиіс, - деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.
Колледж пен университет аймағында карантиндік талаптар бұзылғаны туралы шағымдар келіп түскен жағдайда мониторингтік топтар тексеру жүргізеді. Ол үшін топ мүшелерінің құзіреті кеңейтіледі. Олар оқу орындарына, соның ішінде асханалар мен жатақханаларға емін-еркін кіріп, санитарлық талаптарды бақылайды. Ал тәртіп бұзғандар әкімшілік жазаға тартылады, дейді жауапты сала өкілдері.