Үнемделген қаржы маңызды жобаларға бағытталады Избранное

Среда, 03 Ноябрь 2021 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 573 раз

Үшінші мегаполисте жыл басында бюджет көлемі 387,6 млрд теңге болатын. Дегенмен, қала қаржысы тоқсан сайын қайта қаралып, ұлғайтылып, жыл соңында 490 млрд теңгені құрады. Бюджет шығыстарының 45,2 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Атқарылған шаруалар жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс оныншы сессиясында айтылды. Жиында тағы екі мәселе қаралды.
208

 

Сессияда сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов бюджетте үнемделген қаржының инфрақұрылымдық мәселелерге жұмсалатынын жеткізді.
– Бүгін маңызды шешімдер қабылданды, бюджет нақтыланды. Қала бюджетінің көлемі 490 млрд теңгеге жетті. Оның 25,3%-ы – даму бюджеті, 74,7%-ы – ағымдағы шығындар. Биылға арналған бюджеттен үнемделген қаржы инфрақұрылымдық даму, өзге де маңызды жобаларды іске асыруға қайта бағытталады. Бұл өзгерістер бюджетті сапалы және толық игеруге мүмкіндік береді, – деді шаһар басшысы.
Сессия отырысында «2021-2023 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №72/651-6с Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізілді. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді
Мүлкемановтың алдағы екі жылдық бюджетке өзгеріс туралы ұсынысы бір ауыздан мақұлданды.
– Жалпы қала бюджетіне 2 млрд теңгеге жуық қаржы мемлекеттік сатып алу бағытының есебінен қайта бағытталып отыр. Білім саласына қосымша 606 млн теңге бағытталған. Сонымен қатар, мобильді пункттер орналастыруға да қаржы бөлінген, – деді басқарма басшысы.
Жиында мәслихат хатшысы
Бахадыр Нарымбетовтың атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Б.Мәдәліұлы 9 айда Шымкент қаласы мәслихатының 9 сессиясы, оның ішінде алтауы кезектен тыс өткізілгенін айтты. Спикер түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 81 шешім қабылданғанын жеткізді. Бұл ретте халық қалаулылары қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін шешімдер қабылдап қана қоймай, қайырымдылық көрсетуде белсенді екенін атап өтті.
– Атап айтқанда, қала бюджетін нақтылау, басқару схемасын бекіту, білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және оңалту, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту, қала тұрғындарын баспанамен қамту, бағаны тұрақтандыру, әлеуметтік мәні бар қатынастардың тізбесін айқындау, жылу маусымына дайындық, шеткі аймақтарды инженерлік-инфрақұрылымдық тұрғыдан қамту тағы басқа да маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Мәслихаттың қарауына ұсынылған әр шешім міндетті түрде алдын ала тиісті тұрақты комиссияларда егжей-тегжей пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, әр шешімді қабылдауда депутаттар арасында қызу пікірталас, талқылау орнайды. Кейбір мәселелер бойынша тиісті басқармалар бірнеше рет қайта тыңдалып жатады. Осылай ашық алаңда әбден пысықталып, кейіннен халық мүддесі үшін ортақ шешім қабылданып, сессияға шығарылады, – деді Б.Нарымбетов.
Бахадыр Мәдәліұлы жалпы есепті кезеңде қалалық мәслихаттың депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 221 депутаттық сауал жолданғанын атап өтті. Депутаттық сауалдардың нәтижесінде түрлі өзекті мәселелерге қала бюджетінен 21,8 млрд теңге бағытталғанын да жеткізді.
Депутат мандатына қол жеткізгелі халық қалаулылары өз қаржысы есебінен 300 млн теңгеге жуық көлемде қайырымдылық жасап, түрлі әлеуметтік жобаларға қолдау көрсеткен. Мәслихат депутаттары атқарған жұмыстарды баяндаған Б.Нарымбетов депутаттардың жұмысына алғысын айтты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауы – мемлекеттің пандемиядан кейінгі кезеңдегі дамуын айқындайтын стратегиялық маңызды құжат. Жолдауда экономиканы дамытудың негізгі тетігі ретінде өңірлерге инвестиция тартудың маңыздылығы айтылған. Бұл ретте Шымкенттің инвестициялық әлеуеті өте жоғары. Сондықтан біз инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастырып, кешенді қызмет көрсету мен оларды қолдау шараларын барынша жандандыруымыз қажет. Осы мақсатта аталған мәселелерге маңыз бере отырып, кезекті 9 сессияда инвестиция және қалалық жайлы ортаны дамыту жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Бұл комиссия инвестиция тарту, қалалық жайлы ортаны дамыту, экология және тағы басқа да мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жұмыс атқаратын болады, – деді мәслихат хатшысы.