13 мыңнан аса жеткіншек тегін жаттығады Избранное

Пятница, 04 Февраль 2022 03:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 862 раз

Бүгінде Шымкент қаласында 65 спорт кешенінде 13 059 бала мемлекеттік тапсырыстың аясында спорт секцияларында жаттығып жатыр. Әрі бұл көрсеткіш күннен күнге көбейіп келеді.

170

 

Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметі бойынша, балалар баскетбол, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, волейбол, көркем гимнастика, дзюдо, каратэ, таэквондо, жүзу, үстел теннисі, футбол, пауэрлифтинг, шахмат, қазақ күресі және футзал, барлығы 16 спорт түрімен айналысады.
Бүгін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істеп жатқан спорт кешендерінің бірінде болып, жұмыс барысымен танысты.
—Біздің спорт кешені 2019 жылы пайдалануға берілді. 2021 жылға дейін балаларды ақылы негізде жаттықтырып келген болатынбыз. Былтырдан бері спорт секцияларына бюджет есебінен жан-басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бүгінде осы жүйе арқылы грек-рим күресі, дзюдо, каратэ және бокс бойынша 548 баланы жаттықтырып жатырмыз. Әр баланы жаттықтырғанымыз үшін ай сайын бюджеттен 11 800 – 14 000 теңге аралығында қаржы аламыз. Бұл жүйенің артықшылығы – ата-аналар жаттығу ақысынан босатылады, яғни, баласын спорт секциясына тегін жібере алады, – дейді Шымкент қаласы Еңбекші ауданында орналасқан
«Хабиболла қажы» спорт кешенінің директоры Зиядулла Қожаев.
Айта кетейік, егер балаңызды тегін өнер үйірмесі немесе спорт секциясына жаздырғыңыз келсе, www.artsport.edu.kz порталы арқылы өтініш беруіңізге болады.