ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ – САПА КЕПІЛІ Избранное

Пятница, 04 Февраль 2022 03:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 932 раз

Шымкент қаласында 135 592 оқушы күніне бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 8 млрд. теңге қаралып отыр. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан баспасөз турында мәлімдеді.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы мен қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева №132, №135 жалпы орта мектептерге барып, ыстық тамақ беру бойынша ондағы асханалардың жағдайымен танысты.

179

 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұйғарымымен 2022 жыл — Балалар жылы болып бекітілді. Президент тапсырмасына сәйкес, жыл басынан бері 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселесі қолға алынды. Шымкентте 135 592 оқушыны ыстық тамақпен қамту көзделген. Оның 27 мыңға жуығы әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққандар. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 8 млрд. теңге қаралып отыр. Жалпы, мұндай істе қоғамдық бақылаудың маңызы зор. Сондықтан әр мектепте белсенді ата-аналардың басын қосып, мектеп асханасының жұмысын бақылап, пікір қосып отыруға шақырып жатырмыз. Қоғамдық бақылау — сапа кепілі, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Ш.Мұқан мектеп асханаларын аралау барысында бірқатар мәселелерге ескерту жасады. Олардың қатарында асханадағы тазалық мәдениеті де бар. Әсіресе, балалар қол жуатын орындарға сұйық сабын, бір реттік қағаз сүлгі қоюды тапсырды. Ал, аспаздарға әбір тамақтың тиісті нормаларға сай әзірленуін қадағалап, мектеп буфеттеріндегі бала денсаулығына аса пайдалы емес тәтті шоколадтар мен газды сусындарды шектеп, олардың орнын пайдалы заттарға алмастыру қажет екенін ескертті.
№135 жалпы орта мектеп директоры Б. Михеевтің айтуынша, білім ордасында 1596 оқушы бар. Ыстық тамақпен қамтылған 1042 оқушының 751-і бастауыш сыныпта оқыса, 291-і әлеуметтік аз қамтылған 5-11 сынып оқушылары. Ал, асхана бір мезгілде 500 оқушыны тамақтандыра алады.
Баспасөз туры барысында Ш.Мұқан №135 жалпы орта мектептің белсенді ата-аналарымен және ұстаздармен кездесті.
— Қазақ — бала тәрбиесіне ерекше мән берген халық. Әрбір ата-ана «Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деген қағидамен қорғайтыны да анық. Міне, биыл «Балалар жылы» болып бекітілуі де тегін емес. Себебі, бала — біздің байлығымыз, еліміздің ертеңі, мемлекеттің басты құндылығы. Алайда, адам мен адамды теңестіретін — білім мен тәрбие. Сондықтан бала тәрбиесін мектеп ұстаздарына ысырып қоймай, ата-ана да белсенділік танытуы тиіс. Баланың өскенде қоғамға қажетті мамандықты игеріп, табысты болуында да ата-ананың рөлі зор. Ұстаз болу да, ата-ана болу да —шығармашылық жұмыс. Бәріне бірдей келетін әдіс жоқ. Әр бала бірегей. Үнемі ізденісті талап етеді. -деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жиын барысында ата-аналар өз ұсыныстарын жеткізді. Алдағы уақытта «үштік одақ» құрып, яғни оқушы, ата-ана, мұғалім арасындағы байланысты арттырып, оқушының білімді әрі тәрбиелі азамат болып қалыптасуына жағдай жасау үшін күш біріктірмек.
— Бір жерден көрген тәжірибем, ата-аналар айына бір рет мұғалімге көмектесіп, бір күн мектепте өткізеді. Әрине, ата-аналардың қалауы бойынша. Оның пайдасы — ата-ана мұғалімнің қадірін түсініп, баласының үлгерімін көріп, сабақ өтуді үйренеді. Нәтижесінде ата-аналар үйде балаларының сабағына көбірек көңіл бөледі. Алдағы уақытта осы мектепте бұл тәжірибе енгізіледі. Егер оқушылардың үлгеріміне жақсы әсер етсе, басқа да мектептерге енгізу қарастырылады, -деді Ш.Мұқан.

180


Баспасөз туры Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Политехникалық колледжде жалғасты. Аталмыш білім ордасына «Жас маман» жобасы аясында «Электрмен қамтамасыз ету» және «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығы бойынша оқитын студенттердің өндірістік тәжірибесін жетілдіру мақсатында құрал-жабдықтар алынған. Студенттер осы құрылғылармен жұмыс істеу барысын таныстырып, өндірістегі электр қуатын реттеу принциптерін көрсетті.
— Техникалық-кәсіптік мамандардың әлеуетін арттыру мақсатында тәжірибелік құрылғылар алынып отыр. Алайда, екі тетікті бұрап қосып, екі тетікті басып өшіруді кез-келген адам үйрене алады. Сондықтан студенттердің зертханалық жұмысын қолға алыңыздар. Әсіресе, өндірістік-тәжірибені арттыруда дуальді білім берудің маңызы зор. Теориялық білімі мықты студент өндірістің ішіндегі атмосфераны көріп-сезінбесе, кәсіби маман болып шығуы неғайбыл. Сондықтан Шымкенттегі өндіріс орындармен келіссөздер жүргізіп, 4 күн теория, 2 күн практика немесе 1 апта теория, 1 апта практика әдісін пайдалану керек. Ал, колледж қабырғасында осы құрылғыларды бұзып, қайта құрай алатындай деңгейде зертханалық жұмыстар жүргізілуі тиіс, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Айта кетейік, колледжде 11 мамандық бойынша 1875 студент білім алып жүр. Оның 1702-сі күндізгі бөлімде оқиды.