Инвестордың табысы еселенеді Избранное

Среда, 09 Февраль 2022 04:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1542 раз

ҚР Үкіметінің бағдарламасына сәйкес үш ауысымды және апатты мектептер санын азайту мақсатында мектеп салуға жеке инвесторлар жұмылдырыла бастады. Шымкентте 2025 жылға дейін 85 мектеп салыну жоспарланса, оның кем дегенде 70 пайызы жеке инвесторлардың қаржысына бой көтермек.

213

 

Биыл 11 жекеменшік мектеп пайдалануға тапсырылады. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейтін болады.
Солардың бірі – Ақжайық шағынауданында орналасқан «PARASAT AJ» жекеменшік мектебі. 1500 оқушыға арналған мектептің құрылысы барысымен қала әкімі Мұрат
Әйтенов танысты.
Материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған мектепте оқу баланың ынтасын арттырып, зейінін ашатынын айтқан қала әкімі оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуы керегін және материалдық базалардың талаптарға сәйкес болуын қадағалауды тапсырды.
«PARASAT AJ» – бұл 5 негізгі бағыт бойынша оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған жекеменшік мектеп. Мұнда тегін, сапалы білім және art & sport дағдыларын дамытуға мүмкіндік бар.
«Жан басына қаржыландыру тетігі – бұл инвесторлардың қатысуымен жекеменшік мектеп санының көбеюіне әкеледі. Бұл жүйе арқылы мектепке деген тапшылықты азайтатын боламыз». «AСADEMY OF GOLDEN KIDS» жекеменшік мектебінің құрылысымен танысу барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
– Шымкент қаласында жекеменшік мектепке сұраныс артып келеді. Биыл пайдалануға берілетін 11 мектептің есебімен жекеменшік білім мекемесінің саны 62-ге жетеді. Жеке мектептер санын көбейту мемлекет үшін, бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге, орын тапшылығын азайтуға, білім сапасын жақсартуға және педагог мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді. Ал инвестор үшін тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес жоба, – деді қала әкімі.
Достық шағынауданында салынып жатқан мектеп 1045 оқушыға арналған. Заманауи үлгідегі білім ошағын барлық қажет құрылғымен қамтылған физика, химия, биалогия кабинеттері, бір спорт залы, екі спорт алаңы, кітапхана, акті залы, шеберхана мен медкабинет және асханамен қамтылмақ.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов жеке инвестордың қатысуымен салынып жатқан 575 орынды «Жас Дарын-3» және 300 орынға шақталған «Жас Дарын-4» мектептерінің құрылысымен танысты. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін білім ұялары 3 және 4 қабатты.
Әкім жекеменшік мектептерге білім басқармасымен бірге білікті ұстаздар ұжымын жасақтауды және балалардың ыңғайлы білім алуы үшін барлық талаптардың сақталуын қадағалауды айтты. Сонымен бірге құрылыстың сапасын және адам өмірінің қауіпсіздігін бақылау қашан да назардан түспеу керегін ескертті.
Бұл мектептерге де жан басына қаржыландыру арқылы мемлекет әр оқушы үшін қаржы төлейтін болады. Білім мекемелерінде сабақтан соң оқушылардың жеке қызығушылығы бойынша дамуына мүмкіндік беретін түрлі спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер жұмыс істейтін болады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.