ҚЫМБАТ ШИКІЗАТТАН – ҚОЛЖЕТІМДІ ЖИҺАЗ Избранное

Пятница, 11 Февраль 2022 04:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1227 раз

Мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін кеңейткен шымкенттіктер саны артып келеді. Солардың бірі – Еламан Бауыржанұлы. Он саусағынан өнер тамған Еламан бұған дейін де жиһаз құрастырумен айналысқан. Дегенмен, ол кезде басқа кәсіпкердің қарамағында жалдамалы жұмысшы болып еңбек еткен. Бірнеше жыл тәжірибе жинақтаған маман өз кәсібін ашуға бел буады. Бұған дейін де әлеуметтік желіден мемлекеттік қолдау туралы оқып, хабардар болып жүрген жерлесіміз бизнес машығына үйрететін бағдарламаға қатысады.

227

 

Еламан Бауыржанұлы 2021 жылдың желтоқсанында «Бастау бизнес» жобасына қатысып, кәсіп ашудың негіздерін оқиды. Кәсіп ашудың қыр-сырына қанық болған кейіпкеріміз конкурсқа қатысып, өз жобасын қорғайды да қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде жиһаз цехын ашқан қолөнер шебері қазір өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол өз ісін ашуға кездейсоқ келген жоқ. Бейімі мен қарым-қабілетін пайдаланып, бизнес бастап, бүгінде оның жемісін көріп отыр.

228


– Жиһаз істеуді жастайымнан үйрендім. Әлеуметтік желіден түрлі жиһаздардың жарнамасын көріп, қызығушылығым оянды. Содан базардағы цехқа жұмысшы болып орналасып, кәсіптің қыр-сырын білдім. Сөйтіп жүргенде мемлекет тарапынан көмек көрсетілетіні туралы оқып, құжаттарды рәсімдеуге кірістім. Жиырма күндік оқудан соң, бөлінген қаржыға «Typical» тігін машинасын алып, материал жинадым. Әзірге шағын үйім мен гаражды жиһаз жасау үшін пайдаланып жүрмін. Алдағы уақытта арнайы цех ашып, жұмысшылардың санын арттыру жоспарымда бар, – дейді жас кәсіпкер.
Бүгінде Еламан шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің нәтижесінде екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Жас кәсіпкердің айына орта есеппен 10 тапсырыс алып, жылына 120-ға жуық жиһаз жасауға мүмкіндігі бар. Бұған қоса ескі жиһазды қайта жөндеуден өткізеді. Тапсырысты әдетте әлеуметтік желі арқылы қабылдайтын шебер бір жұмысын екіншісіне ұқсатпай жасауға тырысатынын айтады.
– Көбіне тапсырысты қала тұрғындарынан аламын. Арасында балабақша, мектепке қажет жиһаздар да бар. Орындықтар мен жұмсақ жиһазды өзіміз жеткіземіз. Халықтың көңілінен шығуға барынша тырысып жүрміз, – дейді шебер.
Отандық өнім өндіруші жас кәсіпкер шикізатты шетелден алады. Сапалы матаның бағасы қымбат болғандықтан, дайын өнім де арзанға түспейді. Сондықтан, Еламан қызмет көрсетудің бағасын төмендетіп, дайын өнім тұтынушының қалтасына салмақ салмағанын қалайды.

Ақбөпе ЕРГЕШ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.