ЖАН БАСЫНА ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ: мемлекетке – тиімділік, кәсіпкерге – табыс, халыққа – сапалы қызмет Избранное

Среда, 16 Февраль 2022 04:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1326 раз

Енді емханада кезек күтпейсіз

Қазір Ұлданай бала күтіміне байланысты демалыста отыр. Кеше ол учаскелік дәрігердің қабылдауында болып, профилактикалық тексеруден өткен еді. Бүгін таңертең Тұран шағынауданындағы өз үйінің жанында орналасқан емханаға келіп, дәрігер тағайындаған анализдерді тапсырып шықты. Енді ультра-дыбыстық зерттеу аппаратына түсуге асығып барады.

276

 

–Емхана үйдің жанында, қабылдауға онлайн жазылып қойғандықтан кезек те күтпедім. Бұл өте ыңғайлы әрі барлық қызметтер тегін, – дейді
Ұлданай Қаппар.

265


Ол «OtauMed» клиникасына тіркелген. Бұл жекеменшік клиника жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Мемлекеттік бюджеттен және міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырылғандықтан пациенттер үшін барлық қызметтер тегін.
Иә, бас ауырып, балтыр сыздай қалса емханаға барып, сарылып кезек күтетін заман біртіндеп келмеске кетіп барады. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, қазір қалада 44 емхана жұмыс істейді. Соның 34-і жекеменшік емханалар. Жан басына қаржыландыру жүйесінің енгізілуі мемлекеттік емханалардың жүктемесін азайтқан. Мәселен, Шымкент қалалық №7 емханасында осыдан небары 3 жыл бұрын 120 мыңнан астам адам тіркелген болса, қазір 50 мыңға дейін қысқарған. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтің сапасына оң әсерін тигізері анық.

264

 

–Мұнан былай мемлекет бюджет есебінен емханалар салмайды. Емханалар тек жеке инвесторлардың есебінен салынады. Бұл емхананың құрылысы мен медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға бөлінетін қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Үнемделген қаржы стратегиялық маңызы бар емханалар салуға, ауруханадағы төсек-орынды көбейтуге, оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалады. Яғни, бұрын ағымдағы шығындарға жұмсалған қаржы ендігі жерде даму мақсаттарына жұмсалып жатыр, – дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.

Тиімділігі дәлелденген механизм

Жалпы, жан басына қаржыландыру – тиімділігі іс жүзінде дәлелденген механизм. Осыдан бар-жоғы оншақты жыл бұрын Шымкентте балабақшадағы орын тапшылығы деген мәселе өте өткір тұрған еді. Баламызды бақшаға беру үшін кезекке тұрып, әуреге түсетін едік. Мемлекет осы тәсілдің арқасында бұл проблеманы толық шешті. Қазір Шымкентте 3-6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз бақшамен қамтылған. Тіпті, 1-6 жас аралығындағы балаларды алып қарасаңыз да көрсеткіш 90 пайыздан жоғары. Мегаполистегі 75 мыңнан астам бүлдіршінді қамтамасыз ету үшін 500-ден астам балабақша жұмыс істеп тұр. Оның 80 пайызы жекеменшік балабақшалар. Барлығы тегін қызмет көрсетеді, ата-аналар тек баласының тамақтануына ғана ақы төлейді. Енді ойланып көріңізші, мемлекет 400-ден астам типтік балабақшаны бюджеттің есебінен қанша жыл салар еді?!

262


Бұл жүйе мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру саласындағы сандық көрсеткіштерді жақсартып қойған жоқ. Сонымен қатар бәсекелестік қалыптастыру арқылы сапаға да оң ықпалын тигізіп жатыр. Ата-аналар қазір «балам таңертеңнен кешке дейін бақшада аман-есен, ауырмай-сырқамай, жыламай жүрсе болды» дегенге көнбейді. Баласын дамытатын, бір нәрсе үйрететін, мінезін, қарым-қабілетін жақсартатын, мектепке барынша дайын етіп шығаратын балабақшаға беруді ойлайды. Егер бірнәрсе ұнамай қалса, балабақшаның әкімшілігіне талап қояды. Мәселе уақтылы шешілмесе, баласын өзге бақша ауыстырады. Өйткені, қазір әр елді мекен, әр шағынауданда 5-6 балабақшадан бар. Ал, жан басына қаржыландыру жүйесінің тәртібіне сәйкес, бақшадан әр бала кеткен сайын оған ілесіп біраз ақша да кетіп отырады. Табысынан арылып қалмау үшін кәсіпкер өзінің жұмысын жақсартып, сапаны арттыруға барын салады. Ақша бар жерде бәсеке болады, бәсеке бар жерде сапа болады. Айтайын дегеніміз, осының барлығы – салаға тартылған жеке инвестицияның игілігі, әділ бәсекенің жемісі.

Жекеменшік мектептер саны артты

Мемлекет балабақша мәселесін біршама еңсеріп алған соң, енді жан басына қаржыландыру жүйесін мектептерге де енгізе бастады. Себебі, Шымкентте қазірдің өзінде 250 мыңдай оқушы бар. 2021 жылы мектепті 10 мыңға жуық түлек бітірген болса, өткен жылы 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын 25 мың бүлдіршін аттапты. Яғни, бір жылдың өзінде оқушылардың саны 15 мыңға көбейген. Бұл дегеніңіз әрқайсысы 1 200 орынды үлкен-үлкен 12 мектеп деген сөз ғой. Мемлекет бюджет қаражатының есебінен жаңа мектептер мен қосалқы ғимараттар салу арқылы үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге ұмтылып жатқанымен, 30 мектепте оқушылардың саны шегіне жетіп тұр. Олардың бәрінде үш ауысымды режимге көшу қаупі бар. Егер мектеп құрылысына да жеке инвесторлар тартылмағанда мұндай ауқымды мәселені шешуге қала бюджетінің мүмкіндігі жетпес пе еді?! Ал, екі орынды бір партада үш бала қысылысып отырған мектепте білімнің сапасы туралы сөз қозғай алар ма едік?..

275


Бұл жұмыстың да нәтижесі жаман емес. Шымкентте 2018 жылға дейін 140 орта мектеп жұмыс істеп тұрған болса, қазір олардың саны 204-ке жетті. Әрі жеке меншік мектептердің көбеюі орын тапшылығы мәселесін ғана шешіп қойған жоқ. Осы жүйенің арқасында балалар заман талаптарына сай жабдықталған, әсем ғимараттары бар мектептерде білім алып жатыр. Біртіндеп үздік мұғалімдердің басын қосқан, әртүрлі бағыттарда тереңдетілген білім беретін гимназиялар мен лицейлер де көбейіп келеді. Бұрын ондай таңдаулы мектептерге бақуат отбасылардың балалары ғана барса, қазір қарапайым ата-аналар да баласын бәсекеге қабілетті, сапалы мектепке тегін бере алады.

Спорт секциясына тегін жаздырғыңыз  келе ме?

«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген бабалардың ұстанымын ескерсе керек, сәтті жүйені мемлекет тек білім беру мен денсаулық сақтау саласында ғана емес, өнер мен бұқаралық спортты дамыту үшін де қолдануға кірісті. Өткен жылдан бастап жан басына қаржыландыру әдісі бұл бағытта да қолданыла бастады. Егер балаңызды тегін өнер үйірмесі немесе спорт секциясына жаздырғыңыз келсе, www.artsport.edu.kz порталы арқылы өтініш беруіңізге болады. Порталға тіркеліп, өз шағынауданыңыздағы спорт секциясын және ондағы спорт түрін өзіңіз таңдап аласыз. Содан кейін баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі мен медициналық анықтаманы дайындап өткізсеңіз болғаны, балаңыз спорт немесе өнер секциясына тегін барады. Керемет емес пе?!
Осындай жүйемен жұмысын бастаған спорт кешендерінің бірі – «Ануш» спорт кешені. Бұл – мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейтін Шымкенттегі ең үлкен спорт кешені. Нұрсәт шағынауданында орналасқан бұл кешенде спорттың 5 түрі, атап айтқанда, каратэ, таеквондо, дзюдо, бокс және еркін күрес бойынша 1 200 бала жаттығады.
—Қазір адамдар спортпен айналысу баланың денсаулығына да, тәрбиесіне де пайдалы екенін жақсы түсінеді. Күнделікті спорт залға келетін жеткіншектер түрлі жаман әдеттерден аулақ болып, ерік-жігері мен табандылығын шыңдайды. Болашақта мұндай балалар қиындыққа төзімді, тек қана алға ұмтылатын азамат болып өседі. Сол себепті ата-аналардың да, балалардың да ықыласы күшті. Бізде олардың алаңсыз әрі қауіпсіз жаттығуына барлық жағдай жасалған, - дейді «Ануш» ЖШС-інің директоры Ержан Бестереков.

266


Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мұқсұт Исаховтың айтуынша, мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жұмыс істеу үшін 109 кәсіпкерден өтінім түскен. Талапқа сай келген 67 кәсіпкердің өтінімі мақұлданған. Олар 137 спорт кешенінде балаларды спорттың 16 түрі бойынша жаттықтырып жатыр. Тағы 12 өтінім қаралып жатса, талапқа сай келмеген 30 өтінім кері қайтарылған.
–Биыл 14 мың балаға бюджеттен 2 миллиард 323 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Ата-аналардан 15 281 өтініш түссе, соның 13 700-імен келісімшарт жасалған. Осы бағыт бойынша Шымкент республикада бірінші орында тұр. Бұл – бағдарламаның артықшылығы ата-аналар баласын қай секцияға, қай спорт түріне беретінін өзі шешеді, - дейді қала әкімінің орынбасары.
Балалар тек жекпе-жек түрлеріне ғана емес, өзге спорттарға да қызығады. Мәселен, «Basket Kids» серіктестігіне қарасты х4 спорт кешенінде 500 бала баскетболмен, 220 бала волейболмен айналысады. Ал, «Мадейра Мерей» спорт кешенінде 384 жасөспірім жүзумен айналысып жатыр.

263

 

Кәсіпкерлер мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істеудің тиімді екенін түсініп, осы бағытқа бет бұруда. Мәселен, Абай даңғылының бойындағы бұрынғы «Ырыс» тойханасы спорт кешені болып қайта жасақталған. Ал, «Тұран ГХА» және «Отырар» спорт клубы» компаниялары жаңа, үлкен әрі заманауи спорт кешендерін салып жатыр.

Осының өзі нарықтық қатынас жағдайында көп нәрсенің жекеменшік болуы керектігін дәлелдейді. Қазақтың «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» дейтіні содан ғой. Демек, емхана, мектеп, балабақша, спорт секциясы ғана емес, біртіндеп мәдениет, өнер, ақпарат, әлеуметтік қызмет көрсету, арнаулы орта және жоғары білім салаларындағы мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерді де жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына өткізетін уақыт жетті. Сонда аталған салалардың бәрінде бәсекелестік пайда болып, мамандар күн өткізіп, жалақы алуға емес нақты нәтиже мен сапаға жұмыс істейтін болады.
Тіпті, сарапшылар Қазақстанда экономиканың негізгі секторларын да тезірек жекешелендіру керектігін айтады. Қазір 214 секторда мемлекеттің үлесі басым екен. Яғни, нарықтық қатынастар бола тұра ұлттық экономиканың 60 пайызы мемлекеттің тікелей басқаруында тұр. Егер мемлекет осы секторлардың бәрінен шығып кетсе, сауда мен қызмет көрсету саласынан әрі аса алмай жүрген қаншама отандық кәсіпкердің өрісі кеңіп, деңгейі өседі. Олар мұнай-газ, металлургия және өзге де ауыр өнеркәсіп салаларына қадам басып, ол салалардағы монополияның орнына әділ бәсекелестік қалыптасады. Әрі квазимемлекеттік секторда отырып, салық төлеушінің қаражатын тиімсіз пайдаланып отырған қаншама кәсіпорын Ұлттық қор мен бюджеттің мойнына масыл болуын тоқтатады.

Последнее изменение Среда, 16 Февраль 2022 04:16