Ашық диалог – жедел шешудің тетігі Избранное

Среда, 30 Март 2022 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 708 раз

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданының белсенділерімен кездесіп, хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысын талқылады. Бұл – аудан халқымен бас қосып отырған үшінші кездесу. Осы жиындарда жалпы саны 52 мәселе көтерілген болатын.

74

 

Аудан белсенділері қозғаған өтініштердің орындалуы қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Бүгінде бірінші кезеңде орындалуы тиіс 12 мәселе шешілсе, қалған 40 өтініш бойынша жұмыс істелуде.
Тұрғындардың өтініші бойынша әкім берген хаттамалық тапсырмасының бірі – Орманшы тұрғын алабына ағаш егу және гүлзарларды суару үшін скважина қазу мәселесін зерделеу. Бұл бойынша Қаратау ауданы әкімдігі №1 айналма жол бойындағы «Алатау» саябағына 2021 жылы күз айында мердігер «Build Stroi» ЖШС жалпы 2 263 дана ағаш көшеті егілгенін және саябақта 1 дана ұңғыма (скважина) бар екенін, сонымен қатар, Орманшы тұрғын алабынан «Шымкент» каналы өтуіне байланысты суару мәселесімен толық қамтамасыз етілгенін баяндады.
Ал Тассай тұрғын алабындағы бос жерлерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жабық спорт кешені және мәдениет үйін салу бойынша бүгінде жеке кәсіпкер «ЖК Бейсенбаева» №451 жер учаскесінен сыйымдылығы 250 адамдық спорт залының құрылысын жүргізу үшін сәулет жоспарлау жобасы әзірленуде. Аталған спорт нысанының жалпы құны 150 млн теңгені құрайды. Құрылыс наурыз айында басталып, қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда. Нысанда балалар мен жасөспірімдерге спорттың 5 түрімен (бокс, стол теннисі, күрес, шахмат, дзюдо) айналысуға жағдай жасалады.
Шешілген мәселенің тағы бірі – Қайнарбұлақ және Ақжайық елді мекендеріне қатынайтын қоғамдық көліктерді қосымша бағыттармен толықтыру. №70 бағытқа 2 автобус және №2 бағытқа 1 автобус қосылды. Ақжайық шағынауданы тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында №20 автобус қозғалысына өзгерістер енгізіліп, көлік Сырым батыр көшесімен жүргізілді.
Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын арттырудың тиімді құралы – халықпен ашық диалогта пікір алмасу екенін айтқан қала әкімі аудан әкімдері мен басқарма басшыларына халықпен мүмкіндігінше жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдауды, азаматтардың мәселелерін жедел шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Қаланы жүйелі түрде дамыту үшін аудан белсенділерімен кездесу алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.