ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ҚАЛАЙ АЯҚТАЛДЫ? Избранное

Пятница, 15 Апрель 2022 03:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1031 раз

Шымкентте биыл жылу беру маусымы 1 сәуірде аяқталды. Жылыту маусымы әдеттегідей оқыс оқиғасыз өткенімен, тосын сыйлар да болмай қалған жоқ. Нақтырақ айтқанда, наурыз айында тарифтердің төмендеуі тұтынушылар үшін күтпеген жағдай болды. Яғни, тұрғындардың айтуынша, соңғы айларда келетін түбіртекте азырақ соманың көрсетілгені байқалған.

15

 

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дархан ҚАЙЫНБЕРДИЕВТІҢ айтуынша, жылу екі жолмен алынады. Жалпы үй есептегіштері бар үйлерде жылу энергиясын нақты тұтыну үшін төлем жүргізіледі. Ал жалпы үй есептегіштері жоқ жерде есеп жылу энергиясын тұтыну нормалары бойынша жүргізіледі.
«Шымкент қаласының әкімдігі бүкіл жылу беру кезеңінде есепке алу құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылу энергиясын тұтыну нормаларын 0,094 Гкал мөлшерінде бекітті.
- қараша айы үшін – 0,0158 Гкал;
- желтоқсан айына - 0,0216 Гкал;
- қаңтар айы үшін – 0,0242 Гкал;
- ақпан айы үшін – 0,0199 Гкал;
- ал, наурыз айына - 0,0125 Гкал.
Белгілі бір айға жылу энергиясын тұтыну нормалары сыртқы ауа температурасына байланысты бекітіледі. Мысалы, желтоқсан және қаңтар айларында жылуды тұтыну көрсеткіштері басқа аймен салыстырғанда жоғары, себебі бұл мезгілде ауа райы суық болғандықтан қаланы жылытуға көбірек отын жұмсалады. Сондықтан, есептеу тұтыну нормалары бойынша жүргізіледі. Мысалы, 2021 жылдың қарашасында есеп мынадай: қараша – 0,0158 Гкал (норма) х 5742,82 (ҚҚС-пен тариф) = бір текше метрге 90,74 теңге. Басқа жылытылған айлардың төлемі де есептеліп жатыр», - деп жазды Дархан Қайынбердиев Facebook парақшасында.
Биыл 11 ақпанда тауарлық газдың бөлшек сауда бағасының төмендеуіне байланысты «Қуатжылуорталық-3» МКҚК-ның тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметтеріне алынатын тарифтері төмендетілді. «Бұл біздің департаменттің бастамасымен болды. Орташа алғанда олар 0,22 пайызға қысқарды», - деді Д.Қайынбердиев.

18
Сонымен қатар, Монополияға қарсы комитет қызметкерлері «Қуатжылуорталық-3» МКҚК-да жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеруге негіз болған, қала тұрғынының аталған ұйымның әрекетіне түсірген шағымы болып отыр.
«Қуатжылуорталық-3» МКК «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 2-тармағы 6-тармақшасын бұза отырып, растайтын құжаттарсыз тұтынушыдан жылумен жабдықтау қызметі үшін қосымша ақы өндіріп алған. Жол берілген заң бұзушылықтар үшін «Қуатжылуорталық-3» МКҚК әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Алайда қаулы заңды күшіне енген жоқ, ұйым басшылығы оған шағымдануға құқылы», - деді спикер.
Жалпы, қалған жылыту маусымы еш қиындықсыз өтті деуге болады. «3-Энергоорталық» АҚ бас директоры Қайрош ОҢҒАРБАЕВТЫҢ айтуынша, биылғы жылыту маусымында 212 889 мың текше метр газ жұмсалған, оның ішінде жылу қажеттілігіне 81 130 мың текше метр газ тұтынылса, өткен маусымда 96 407 мың текше метр пайдаланылған болатын.

17


«Айырмашылықты қыстың салыстырмалы түрде жылы болуымен де, жылыту маусымының бес күнге қысқаруымен де түсіндіруге болады. Сонымен қатар, жылу беру маусымы қыстың қатты аязсыз болуына байланысты жылу жүктемесінің кенеттен өсуі мен төмендеуінсіз өтті. Өткен маусымда сыртқы ауа температурасы нөлден әлдеқайда төмен түсті», - деді Қ.Оңғарбаев.
Шымкент қаласында жылу беру маусымында 56 өрт оқиғасы тіркеліпті. Өткен жылыту маусымында (2020-2021 ж.ж.) олардың саны 61 болып еді. Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мадияр Жақсыбаев өрттің шығуының негізгі себебі қондырғыларды орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау екенін айтады. Сонымен қатар, электр жабдықтарын, пештер мен мұржаларды пайдалану кезінде, өрт қауіпсіздігін бұзу. Өрт оқиғалары негізінен жеке тұрғын үй секторында тіркелген.
–Айта кетейік, ағымдағы жылыту маусымында көмірқышқыл газымен уланудың бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ. Дегенмен табиғи газбен уланудың бес жағдайы тіркелді. Салдарынан алты адам қаза тапты, оның екеуі бала. Бір адам зардап шекті. Өрт пен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қызметкерлер тұрғындармен үнемі кездесулер өткізіп, тұрғын үйлерді аралап, учаскелік полициямен, газ қызметі қызметкерлерімен бірлесе отырып, рейдтер, өрт қауіпсіздігі айлықтары мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жылыту маусымы басталғалы 24 цифрлық телеарнада көмірқышқыл газымен уланудың алдын алу бойынша аудиороликтер күніне екі рет көрсетіліп келеді, - деді М.Жақсыбаев.

16


Шымкентте оқыс оқиғалардың санын азайту үшін 2192 үй газды автоматты реттеу жүйесімен қамтамасыз етілген. 2022 жылы тағы 2454 үйге орнату жоспарлануда. Ағымдағы жылыту маусымында әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың үйлері мен пәтерлеріне 1208 автономды газ детекторлары орнатылды.
–Бірақ жылыту маусымы 1 сәуірде аяқталса да, табиғи газдан улану оқиғалары әлі де орын алуда. 7 сәуірде департаменттің диспетчерлік қызметіне 103 қызметінен хабарлама келіп түсті. 2008 жылы туған бала қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша, оның өліміне заңсыз орнатылған газды су жылытқышы себеп болды деп айта аламыз. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себебін полицейлер анықтап жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Осы орайда, қала тұрғындарына газ қондырғыларын орнату кезінде лицензиясы бар мамандарға хабарласу керектігін ескерткім келеді, - дейді департамент басшысы.

P.S.

Шымкент – еліміздегі ауа-райы ең жылы қалалардың бірі. Қысы жайлы, жазы ыстық шырайлы қаланың жылыту жұмыстары биыл ойдағыдай өткені де сондықтан шығар. Дегенмен, миллион тұрғыны бар мегаполистің келесі жылыту маусымына дайындығы, қазандықтар мен құбырларды тексеру жұмыстары бүгіннен басталатыны сөзсіз.

Дайындаған Р. ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.