ЖҰМЫРТҚАҒА ТӨЛЕНЕТІН СУБСИДИЯ ҚҰНЫ АРТАДЫ Избранное

Пятница, 15 Апрель 2022 03:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1140 раз

Шаруалар және агроөндірістік кешен субъектілері инвестициялық субсидиялау бойынша өтінімдерді Qoldau порталына электронды цифрлы қолтаңба арқылы қалдыра алады. Бұл туралы Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы инвестиция тарту және қайта өңдеу бөлімінің басшысы Индира Махатаева мәлімдеді.

20

 

Индира Сапарқызының айтуынша, инвестициялық субсидия кеткен шығынның бір бөлігін өтеу және жұмыс сапасын арттыру үшін керек. Талап бойынша жұмсалған шығын көлемінің 25 пайызы субсидияланады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 317 бұйрығына сәйкес 34 инвестициялық жоба бекітілген. Олардың қатарында, мәселен, жылыжай салу, алма бағын өсіру және жаңа техника сатып алу секілді жобалар бар.
Инвестициялық субсидияға қол жеткізу үшін сатып алушы мен сатушы арасындағы келісімшарт, төлемді растайтын құжат, іске қосу актісі, сертификат, техникалық паспорт секілді құжаттарды ПДФ форматта сканерлеп өткізу шарт. Өтінім 10 жұмыс күні ішінде қаралады.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге байланысты субсидия ережесіне сәйкес, ірімшіктің 1 келісіне – 28 теңге, сары майдың 1 келісіне – 18 теңге субсидия төленеді. Қайта өңдеу саласы бойынша Qoldau порталына тек электронды шот-фактура ғана талап етіледі, - дейді И.Махатаева.
Өз кезегінде басқарманың агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің бас маманы Сағадат Маханов мал шаруашылығын қолдау бойынша ірі қара малға субсидия берілетінін жеткізді. Оның айтуынша жергілікті әкімдік қаулысы бекітілген соң өтінім қабылдау процедурасы басталады. Негізінен асыл тұқымды шетелдік немесе отандық ірі қара сатып алуға, селекциялық жұмыстарға, сиыр, бие сүтіне және жыл соңына қарай жем-шөпке субсидия қаралған. Бал ара өсіру мен құс шаруашылығына да субсидия беріледі.
– ҚР Ауыл шаруашылығы бекіткен ережеге сәйкес жұмыртқаға төленетін субсидия мөлшері көбейеді. Әр жұмыртқаға төленетін субсидия құны – 3 теңге. 15 бастан жоғары ірі қара малдың жем-шөбіне – 30 мың теңге, 50 бас сауынды сиырдың сүтінің әр литріне – 20 теңге, асыл тұқымды бұқаға – 150 мың теңге субсидия қаралған. Ол үшін plem.kz сайтына тіркелу арқылы өтінім жолдау қажет, - деді С.Маханов.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.