ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ Избранное

Среда, 29 Июнь 2022 04:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 786 раз

«Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын». Жазушы Шерхан Мұртаза ағамыздың бұл сөзі барша журналистің кәсіби ұранына айналғандай. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті.

122

 

— Күні кеше қазақ журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. Журналистикада өзіндік орны бар, Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Оңтүстік өңіріндегі ең алғаш телеарнаны қалыптастырушы Байдулла Қонысбек ағамыз 81 жасында өмірден өтті, - деген қала әкімі 1 минуттық үнсіздік жариялап, жиын қаламгерді еске алумен басталды.
Жиын барысында халықтың жоғын жоқтап, мұқтажын түгендеп жүретін журналистер қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, түрлі номинация жеңімпаздарын
марапаттады.
— Құрметті журналистер, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастырушы ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастырушы сала. Сіздер ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қасиетті қалам сертін ұстанып келесіздер. Қаламызда 170-тен аса БАҚ билік пен қоғам арасында алтын көпірге айналып отыр. Шымкентте атқарылған жұмыстар жетерлік, әлі алда атқарар қыруар тірлік бар. Ал, осы жұмыстарды халыққа жан-жақты жеткізуде Сіздердің орындарыңыз ерекше. Бұл – ортақ жұмыс. Қаланың жетістігі – әрбіріміздің жетістігіміз. Жақсылықтың жаршысы болып, ұлтқа қызмет етудің ғажап үлгісін көрсете беріңіздер! Қаламдарыңызға қуат берсін! – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Мереке қарсаңында БАҚ өкілдері «Үздік телебағдарлама», «Үздік репортаж», «Үздік медиа-профи», «Үздік редактор», «Үздік тележүргізуші», «Үздік баспасөз хатшысы», «Объектив» секілді номинациялармен марапатталды. Ұжымдық жұмыс бойынша «Шымкент келбеті» — «Панорама Шымкента» газеттері «Үздік мерзімді басылым» номинациясына ие болды.
Марапаттау рәсімінен соң, қаламгерлер БАҚ-тың түйткілді мәселелерін қаузады, өзара пікір алмасып, ұсыныстарын білдіріп, қала әкімімен ашық сұхбат құрды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.