БАҚ өкілдері тәжірибе алмасты

Пятница, 15 Июль 2022 10:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 759 раз

seminar

Шымкент қаласында БАҚ өкілдері мен баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыруға бағытталған «Бүгінгі медиа: біліктілік және қоғаммен байланыс» атты үш күндік семинар-тренинг өтті. Басқосу барысында саланың өзекті тақырыптары ортаға салынып, түйіткілді түйіндері талқыланды.

– Бұл семинардың берері мол болмақ. Мемлекет басшысы да Жолдауында БАҚ саласына баса мән берген еді. Қазіргі заманда медианың алар орны ерекше. Жаңа Қазақстанды құруға БАҚ өкілдері де атсалысуда, – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Мұхтар Сейітжаппаров.

Ақпаратты алу, өңдеу және тарату жолдары, журналистік қызметті жүзеге асыруда заманауи техникалар мен технологияларды пайдалану тәсілдері, бүгінгі медиаортадағы өзгерістер мен даму бағыттары секілді тақырыптар аясында танымдық сабақтар жүргізілді. Журналистердің тіл тазалығын сақтауы маңызды екені ескеріліп, сөйлем құрауда орын алып жатқан олқылықтар нақты мысалдармен көрсетіліп, олардан арылу керектігі баса айтылды.

Семинарда медиа сарапшысы Өркен Кенжебек, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан, «Qazaqstan» ұлттық арнасының Шымкенттегі меншікті тілшісі Ғани Қалмахан тәжірибелерімен бөлісті.

Бүгінде кеңінен қолданылып жүрген СММ маманы, мобилография, блогинг секілді бағыттар да қарастырылып, шараға қатысқан бұл саланың мамандары тәжірбиелерін ортаға салды. «Мұның барлығын жинақтап айтқанда іскерлік журналистика деп атауға болады», - деп пікір білдірді шараны ұйымдастырушы Бейсенкүл Нарымбетова.

Заманауи медиаортаның тенденциялары талданып, жұмыс тобында қаралып жатқан еліміздің «БАҚ туралы» заңы да талқылаудан тыс қалған жоқ. Сала мамандары өз тараптарынан заңды жетілдіруге жарарлық ұсыныстарын ортаға салды.

Семинарды Шымкент қаласы әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдауымен белгілі журналистер Бейсенкүл Нарымбетова және Зәуре Оралбаева ұйымдастырды. Семинар соңында қатысушыларға сертификат
табысталды.

Б.ӘБДІОРАЗ

Последнее изменение Пятница, 15 Июль 2022 10:12
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.