АРДАГЕРЛЕР АТАУЛЫ КҮНДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Среда, 07 Сентябрь 2022 05:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1072 раз

Шымкент қаласында Семей полигонының жабылғанына 31 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Атаулы күнді еске алуға арналған іс-шараға Семей полигонынан бөлек Ауған, Таулы Қарабақ, тәжік-ауған қарулы қақтығыстарына және Чернобль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагерлер, жергілікті әскери оқу орындарының өкілдері қатысты.

81

 

– Семей ядролық полигонында болған жарылыстар қаншама ұрпаққа зардабын тигізді. Ұлт тағдырына, ел тағдырына бей-жай қарай алмайтын жандардың күшімен сынақ алаңының жабылғанына да биыл 31 жыл толып отыр. Осы орайда ардагерлеріміз қоғамдық өмірде белсенділік танытып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуда. Соның бір айғағы – биылғы жаңа оқу жылынан бастап мектептерде патриотизм сабақтары өтеді. Бұл – жақсы жетістік, – деді «ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серікбай Онбаев.
Жиында Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні орындалып, жауынгерлік ту ортаға салтанатты түрде жеткізілді. Ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
– Шымкентте Семейдегі сынақ полигонында қатысқан 1500-ге жуық ардагер тұрады. Олардың ішінде 644 азаматқа І, ІІ және ІІІ мүгедектігі қойылған. Арасында төсек тартып жатқандары да бар. Осындай атаулы күнге орай үйлеріне кіріп, құттықтап шығуға тырысамыз. Жалпы, түрлі сынақтардың, апаттардың салдарын жоюға қатысқан ардагерлеріміздің саны күн санап азайып барады. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, зейнетақы тағайындалып, шипажайларға кезегімен жолдама беріліп тұрады. Ал біз елімізде енді мұндай апаттар мен сынақтар болмасын деп тілейміз! – деді «Семей-сынақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қалжан Дауылбаев.
Жиын барысында Ринат Мустафин, Гауһар Татыбаева, Әміртай Мәуленов секілді Семей сынақ полигонында әскери борышын өтеген бірқатар ардагердің кеудесіне төсбелгі тағылды.


Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.