Пятница, 22 Сентябрь 2017 08:25

Ирригация жүйелері жаңартылуда

Жұмыстар қазан айында толық аяқталады

Күздің қоңыр салқын сызы біліне бастағаннан-ақ, қала тазалығына жауапты мекеме қызметкерлерінің жұмысы қауырт-қарбаласқа ұласып жатады. Себебі, сарғайған ағаш жапырақтары мен сынған ағаш бұталары көше бойындағы арық-атыздарды бекітіп, түрлі қиындықтарды туындатуы бек мүмкін. Бұл ретте, толассыз жауған жауын-шашын салдарынан жүргіншілер жолы мен ғимараттарды су басу қаупі де жоғарыламақ.

DSC 7956

Климаттық жағдайы ылғалды болып келетін Шымкент қаласының көшелерінде биыл тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді толығымен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған болатын. Жұмыс ауқымын арнайы зерделеген сала мамандары ирригация жүйесін жаңғыртудың арнайы бағдарламасын дайындаған. Бағдарлама шеңберінде шаһардағы көне арық-атыздардың орны сақталып, жүйе қайта жаңартылуда.

– Ирригация жүйелерін жаңарту жұмыстары қаланың орталық көшелерінде жүргізілуде, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің көріктендіру секторының бас маманы Алмас Житенов. 

Атап айтқанда, Бейбітшілік көшесінің Желтоқсан көшесінен бастап Әл-Фараби алаңына дейінгі аралығы, Ілияев көшесінің Бейбітшілік пен Тәшенов көшелеріне дейінгі аралығы,Түркістан көшесінің Әл Фараби алаңынан бастап Қонаев даңғылына дейінгі аралығы, Рысқұлбеков көшесінің Іляевтан Мәделі қожаға дейінгі аралығы, Желтоқсан көшесінің Бейбітшілік пен Момышұлыға дейінгі, Жангелдин көшесінің Әл Фараби даңғылы мен Молдағұлова көшесіне дейінгі, сондай-ақ, Қалдаяқов көшесінің Жангелдиннен бастап Абай даңғылына дейінгі, Тәшенов көшесінің Майлы қожадан Түркістан көшесіне дейінгі және Асқаров көшесінің Республика даңғылынан Мамытов көшесіне дейінгі аралығы толық жаңартылуда. Аталған жұмыстар қазан айының 31 жұлдызына дейін толығымен аяқталады. Тапсырылған міндетті «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің қызметкерлері жүзеге асыруда. Сонымен қатар, Темірлан тас жолының бойында қазіргі таңда жол құрылысымен қатар, ирригациялық жүйелер де ауыстырылуда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты бұл жұмыстарды «Береке» мердігер мекемесі атқарып келеді.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, орталық санатындағы көшелерде ирригация жүйелерін жаңарту үшін жергілікті қазынадан 182 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, қаланың шалғай аймақтарында орналасқан Мелдіқожа, Оңдасынов, Амангелді, Тұлпар, Сапарбаев, Жамбыл көшелерінде де арық-атыздар қазылды. Және бұған дейін күл-қоқысқа «тұншығып» қалған бірқатар көшелерде арық-атыздар қалпына келтірілді. Мамандардың айтуынша, соңғы 25-50 жыл аралығында жаңарту жұмыстары жүргізілмеген жүйелер әбден тозған. Нәтижесінде, тиісті деңгейінде су өткізуге қауқарсыз. Оған жергілікті тұрғындар да «өз үлесін қосып», арық-атыздарды күл-қоқыспен көмкеріп-ақ жатыр. 

Ендігі жерде, орталық көшелерден жиналған жауын суы Қошқар ата мен Қарасу өзендеріне, ал Қорғасын зауыты мен «Самал» шағынауданында жиналған су Бадам өзеніне жіберіледі. Ал «Нұрсәт» пен «Әкімшілік-іскерлік орталығынан» келген су Дендросаябақ маңындағы арықпен бойлай келіп, «Самал» шатқалына бұрылмақ.

Сондай-ақ, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-гі тарапынан Қошқар ата, Қарасу өзендері мен Шымкент, Жаңашек, Ақсай, Қарабастау арналарын тазарту жұмыстары да жүйелі түрде атқарылуда. Ондағы өзен арналарының жалпы ұзындығы 146,3 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, аталмыш мекеме тарапынан ұзындығы 566 шақырымнан асатын арық жүйелерін күтіп ұстау, жаңадан қосылған елдімекендердің аумағындағы каналдар мен ауылшаруашылығы мақсатындағы атыз-арықтарды тазалау және су бұру жұмыстары жүргізілуде.

Опубликовано в Қала

Аяқжолдар, веложолдар мен ирригациялық жүйелерді заман талабына сай қайта құрылымдау қажет. Саладағы жоспарлы жұмыстардың жай-күйі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде кеңінен талқыланды.

17309322 1883229795256712 2652771198632159679 n

Қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Қасымбековтің айтуынша, күні бүгінге дейін қала тұрғындарын әбігерге салып келген ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары дендеп қолға алынуда. Яғни, су басудың алдын алу мақсатында жалпы ұзындығы 9,8 шақырымды құрайтын 32 мекенжайда тұйық ирригация жүйесі жүргізілген. Сонымен қатар, 21 мекенжайда тұйық ирригация жүйесін ретке келтіру жұмыстарының құжаттары әзірленуде.

– Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары толығымен жарықтандырылды, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Дегенмен, салада өзге де өзекті мәселелер жетерлік. Ирригация жүйелері биыл толығымен ретке келтірілуі тиіс. Сондай-ақ, қала көшелерінде қосымша веложолдар жолағы сызылып, велотұрақтар салу қажет. Мұның барлығы, өз кезегінде, қала тұрғындарының жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Айта кетейік, өткен жылы қала аумағындағы көшелерді жарықтандыруға 840 миллион теңге бөлінген. Бұл қатарда, 13 көшедегі 2110 дана жарықшам көзі светодиодты шамдарға ауыстырылды. Аталған жарықшам көздері пайдаланылған электр энергиясын 40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын өз қадағалауына алатынын жеткізді.

Опубликовано в Қала

Өткен аптада қала жолдарын су басты. Екі күн жауған жаңбырдың салдарынан арық-атыздар арнасынан тасыды. Кейбір орталық көшелерді жауын суы басып, көлік қатынау қиындады. Ал еңісте орналасқан шағынаудан тұрғындарына қолайсыздық туғызды.

«Қазгидромет» мекемесінің ОҚО бойынша филиалының синоптигі Динара Айтмырзаеваның айтуынша, биылғы ақпан айының бірінші және екінші онкүндігінде облыс аумағында ауа райы құбылмалы болып, былтырғы жылмен салыстырғанда жаңбыр мен қар өте көп мөлшерде түскен. Бірнеше айда түсетін қалыпты нормадан асып кеткен жауын-шашын салдарынан судың мөлшері Шымкент қаласында 184 мм болды. Табиғаттың тосын мінезінен ирригация жүйелері арнасынан асты. Жауын-шашыннан туындаған қолайсыздықпен күресуге – 2 эксковатор, 12 мотопомпа, 11 су сорғыш құралы және 245 жұмысшы жұмылдырылды. Ал қаладағы коммуналдық қызметкерлер жаңбыр суын айдап, бітеліп қалған арықтарды тазалаумен шұғыл айналысып кетті. Дегенмен синоптиктер ақпан айының 25-28 аралығында облыс көлемінде тағы да жауын жауатынын, Шымкентте ауа температурасы 3-5 градустан +12-15-ке көтерілетінін айтады.

vlcsnap-2016-08-17-14h08m24s235

Су алу қаупі бар 22 мекенжай анықталды

Толассыз жауған жауын-шашын тұрғындарды әжептәуір әбігерге салды. Мәселен, Таң нұры көшесіндегі апатты №17 үй жаңбырға шыдамай, опырылып қалды. Бұл үйлер кезінде сүрілуі тиіс болған. Сондай-ақ «Самал-3»-тегі Өтегенов жолын қиятын аты жоқ көшеге лай су жиналған. 

– Өз үйімізге өзіміз кіре алмай отырмыз, – дейді тұрғындар. Абай ауданы әкімі аппаратының халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалмұратов бұл мәселе шешімін табады деп сендірді. 

– Өтегенов көшесіне кәріз жүйесі жүргізілген. Бірақ көше еңісте орналасқан. Соның себебінен жауын суы жиналады. Алдағы уақытта асфальт төсеу жоспарланып отыр, – дейді Б. Қалмұратов. 

Жауын-шашын кезінде Ақжар тұрғын үй алабының тұрғындары да зардап шегеді. Өткен сенбіде шайынды су алты үйдің ауласын басып қалды. 

7564830

Су деңгейінің көтерілуіне орай, сала мамандары дер кезінде көмекке келіп, төтенше жағдайды ретке келтірді. Атап айтқанда Ескі қалашықтағы Хаят көшесі, Тәуке хан даңғылындағы «Салтанат» балабақшасына су тарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 112 орам, «Қайтпас-1», шағынауданындағы Аманкелді, Аймауытов, «Самал -3» шағынауданындағы Қобыланды батыр, Манкентская көшелеріне жиналған су тартылып, ретке келтірілді. 

Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесі шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымовтың басты назарында. Ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, Қазақстанның өзге де қалаларында да өзекті. Ирригациялық жүйелер ескіріп, жарамсыз күйге енген. Жуырда облыс әкімі Ж. Түймебаев қала басшысы Ғ. Әбдірахымовқа Шымкентке қосылған елдімекендердің картасын әзірлеп, арық атыздар салу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, облыс пен қалаға шаһардың ирригациялық жүйесін реттеу мақсатында арнайы карта схемасын дайындауды жүктеген еді.

Ал Шымкент қаласы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі қала аумағында су алу қаупі бар 22 мекенжайды анықтады. Қазіргі таңда оның 17-не сметалық құжаттары әзірленіп, 167,0 млн теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарына бюджеттік комиссияға ұсыныс енгізілді. Яғни, Бәйдібек көшесі арқылы өтетін ирригациялық өткел Манкентская көшесіне дейін жүргізіледі. Шымкент қаласы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі көріктендіру секторының бас маманы Алмас Шитеновтің айтуынша, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і тарапынан жалпы ұзындығы 1100 метр 22 ирригациялық өткел мен қала аумағындағы өзен, каналдардың 5,7 шақырым арнасы тазаланды. Қазіргі таңда мамандар су басу қаупі бар аймақтарды жіті бақылауға алған. 

Ауа райының тосын мінезі әп-сәтте абыржытатыны анық. Алда-жалда төкпелеп жауын жауса, су арықтардан асып, көшелер көлшікке айналары ғажап емес. Осы орайда Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындардың қора-қопсысы мен аулаларын қымтап, тасқын суға бөгет салуды ұмытпауды еске салады.

Опубликовано в Қала

Шымкентте ирригациялық жүйелер қыс мезгілінде міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Осы орайда, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы бөлімінің мамандары кешенді жұмыс жоспарын белгілеп отыр.

vlcsnap-2016-01-27-17h36m07s176

Жасыратыны жоқ, Шымкенттегі ирригациялық жүйелер сын көтермейді. Жауған қар мен жауынның салдарынан қала көшелері суға толып, жаяу жүргіншілермен қатар, көліктердің де қозғалысында айтарлықтай қиындықтар туындайды. Мамандар мұндай келеңсіздіктердің алдын алудың бірден-бір жолы ретінде бүгінде ескіріп, жарамсыз күйге енген ирригациялық жүйелерді толығымен жаңартуды ұсынады.

Бұл бағытта арнайы жұмыс тобы да құрылған. Анықталған мекен-жайларды маңызына қарай топтастыра отырып, мәселені кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделуде. Кешенді жұмыстардың алғашқы екі кезеңі бойынша барлығы 34 мекен-жайда ирригация жүйелері жүргізіліпті. Оның жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды. Ал биыл үшінші кезең аясында 32 мекен-жайда жұмыстар атқарылуда. Мұндағы жұмыстардың аумағы 11,8 шақырымға созылады. Бұл үшін биыл жергілікті бюджеттен 230 миллион теңге қаржы бөлінген.

Бүгінге дейін Нұртаза Исмайлов көшесінің тұрғындары да жауған қар мен жауынның зардабын тартып келген еді. Енді міне, жоспарлы жұмыстар аясында мұнда ұзындығы 2 шақырым көше бойында ирригация жүйелері жүргізілуде. Жұмыстарды мердігер мекеме – «Жасыл даңғыл» ЖШС-і атқаруда. 

– Бұл міндетті атқару үшін мекеменің көтергіш кран, эксковатор және нығыздаушы техникалары жұмылдырылған. Жоспарлы жұмыстар желтоқсан айының 15-жұлдызына дейін тапсырылады, – дейді «Жасыл даңғыл» ЖШС-нің учаске басшысы Белтай Үсентаев.

Айта кетейік, бүгінде қала аумағында ирригация жүйелерін жаңарту жұмыстарымен 3 мекеме – «Жасыл даңғыл», «Көркем қала KZ» және «Шаһар құрылысы интернейшнл» ЖШС-лері айналысуда. 

Шынында, ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында өзекті болып отыр. Бұл жағдайға айрықша көңіл бөліп отырған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары алдағы жылы, кешенді жоспардың 4-кезеңі аясында жалпы ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын 22 мекен-жайда ирригация жүйелерімен қамту жұмыстарын жүргізбек.

Опубликовано в Қала