Ирригация жүйелері жаңартылуда Избранное

Пятница, 22 Сентябрь 2017 08:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 414 раз

Жұмыстар қазан айында толық аяқталады

Күздің қоңыр салқын сызы біліне бастағаннан-ақ, қала тазалығына жауапты мекеме қызметкерлерінің жұмысы қауырт-қарбаласқа ұласып жатады. Себебі, сарғайған ағаш жапырақтары мен сынған ағаш бұталары көше бойындағы арық-атыздарды бекітіп, түрлі қиындықтарды туындатуы бек мүмкін. Бұл ретте, толассыз жауған жауын-шашын салдарынан жүргіншілер жолы мен ғимараттарды су басу қаупі де жоғарыламақ.

DSC 7956

Климаттық жағдайы ылғалды болып келетін Шымкент қаласының көшелерінде биыл тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді толығымен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған болатын. Жұмыс ауқымын арнайы зерделеген сала мамандары ирригация жүйесін жаңғыртудың арнайы бағдарламасын дайындаған. Бағдарлама шеңберінде шаһардағы көне арық-атыздардың орны сақталып, жүйе қайта жаңартылуда.

– Ирригация жүйелерін жаңарту жұмыстары қаланың орталық көшелерінде жүргізілуде, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің көріктендіру секторының бас маманы Алмас Житенов. 

Атап айтқанда, Бейбітшілік көшесінің Желтоқсан көшесінен бастап Әл-Фараби алаңына дейінгі аралығы, Ілияев көшесінің Бейбітшілік пен Тәшенов көшелеріне дейінгі аралығы,Түркістан көшесінің Әл Фараби алаңынан бастап Қонаев даңғылына дейінгі аралығы, Рысқұлбеков көшесінің Іляевтан Мәделі қожаға дейінгі аралығы, Желтоқсан көшесінің Бейбітшілік пен Момышұлыға дейінгі, Жангелдин көшесінің Әл Фараби даңғылы мен Молдағұлова көшесіне дейінгі, сондай-ақ, Қалдаяқов көшесінің Жангелдиннен бастап Абай даңғылына дейінгі, Тәшенов көшесінің Майлы қожадан Түркістан көшесіне дейінгі және Асқаров көшесінің Республика даңғылынан Мамытов көшесіне дейінгі аралығы толық жаңартылуда. Аталған жұмыстар қазан айының 31 жұлдызына дейін толығымен аяқталады. Тапсырылған міндетті «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің қызметкерлері жүзеге асыруда. Сонымен қатар, Темірлан тас жолының бойында қазіргі таңда жол құрылысымен қатар, ирригациялық жүйелер де ауыстырылуда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты бұл жұмыстарды «Береке» мердігер мекемесі атқарып келеді.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, орталық санатындағы көшелерде ирригация жүйелерін жаңарту үшін жергілікті қазынадан 182 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, қаланың шалғай аймақтарында орналасқан Мелдіқожа, Оңдасынов, Амангелді, Тұлпар, Сапарбаев, Жамбыл көшелерінде де арық-атыздар қазылды. Және бұған дейін күл-қоқысқа «тұншығып» қалған бірқатар көшелерде арық-атыздар қалпына келтірілді. Мамандардың айтуынша, соңғы 25-50 жыл аралығында жаңарту жұмыстары жүргізілмеген жүйелер әбден тозған. Нәтижесінде, тиісті деңгейінде су өткізуге қауқарсыз. Оған жергілікті тұрғындар да «өз үлесін қосып», арық-атыздарды күл-қоқыспен көмкеріп-ақ жатыр. 

Ендігі жерде, орталық көшелерден жиналған жауын суы Қошқар ата мен Қарасу өзендеріне, ал Қорғасын зауыты мен «Самал» шағынауданында жиналған су Бадам өзеніне жіберіледі. Ал «Нұрсәт» пен «Әкімшілік-іскерлік орталығынан» келген су Дендросаябақ маңындағы арықпен бойлай келіп, «Самал» шатқалына бұрылмақ.

Сондай-ақ, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-гі тарапынан Қошқар ата, Қарасу өзендері мен Шымкент, Жаңашек, Ақсай, Қарабастау арналарын тазарту жұмыстары да жүйелі түрде атқарылуда. Ондағы өзен арналарының жалпы ұзындығы 146,3 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, аталмыш мекеме тарапынан ұзындығы 566 шақырымнан асатын арық жүйелерін күтіп ұстау, жаңадан қосылған елдімекендердің аумағындағы каналдар мен ауылшаруашылығы мақсатындағы атыз-арықтарды тазалау және су бұру жұмыстары жүргізілуде.

Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

2012 жылдың маусым айынан бергі уақытта «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі қызметін атқарып келеді. 2014 жылдың қыркүйек айынан күні бүгінге дейін қала әкімдігінің ресми ВЭБ сайтында қызмет етеді.