Пятница, 14 Октябрь 2016 04:44

Қауіптің алдын алды

Синоптиктердің болжауынша, Шымкентте алдағы онкүндікте ылғалды ауа райы сақталып, жауын-шашынды болмақ. Бейсенбінің таңында басталған нөсер жауынның салдары қала тұрғындарына айтарлықтай қиындық туындатты.

Келеңсіздіктердің алдын алу бағытында қала аумағында 22 техника, оның ішінде 7 су тасығыш, 2 су сорғыш көлігі жұмылдырылуда. Сондай-ақ, қалалық арнайы қызметтің 74 қызметкері жаңбыр суын айдау және бітеліп қалған сарқынды су жүйесін тазалау үшін жұмыс істеуде.

Күшті жел мен жауын-шашынның салдарынан туындаған мәселелерді уақытылы шешу үшін қалалық арнайы қызмет тобы тарапынан жедел жұмыс жүргізілуде. Көше бойында сынған ағаштар алынып тасталды.

Опубликовано в Қала

Шымкент көшелері заман талабына сай жөнделіп, көркеюде. Бүгінде қаладағы көшелердің жалпы ұзындығы 2810 шақырымды құрайды. Барлық шағынаудандарды қосқанда жалпы көшелердің саны 270-ке жетеді. Осы орайда биыл қаладағы 97 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Айта кетейік, жөнделетін көшелердің ұзындығы 86 шақырымды құрайды. Қаладағы жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдардың ұзындығы 283 шақырымнан асады. Осы күнге дейін олардың 227 шақырымына асфальт қабат, 56 шақырымына плиталық жабындылар төселді.

Қазіргі таңда қаламызда жол қозғалысын реттейтін 155 бағдаршам жұмыс істейді. Биыл 41 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу көзделіп отыр. Осы күнге дейін 26 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, 8 көшеде аяқжолдар салынып үлгерді. Жыл соңына дейін 14 шағынаудандағы 61 көшені асфальттау, 2 шағынаудандағы 11 көшені қайта құру көзделуде.

Опубликовано в Қала
Пятница, 07 Октябрь 2016 05:58

Дендросаябақтың сәні кіреді

Қаламыздағы «Шымкент дендрологиялық саябағы» МКҚК-на жаңа «Optimal-1400» ағаш қазып-отырғызу агрегаты сатып алынды.

dendro-2

Бұл агрегаттың қылқан жапырақты ағаштардың биіктігі 2 метрден жоғары, ал қалған ағаштардың 4 метрден жоғары жасыл желектерді топырағымен қоса қазып алуға және басқа орынға отырғызуға арналған мүмкіндігі бар.

Облыста жоқ бұл агрегаттың қазу тереңдігі 90 см болса, қазатын топырақтың үстіңгі диаметрі 140 см құрайды. Ал техникалық параметрі бойынша сағатына 3-5 ағашты қазып алып, келесі орынға отырғыза алады. Қазіргі таңда, дендросаябақта 97 мыңға жуық жасыл желек жайқалып тұрса, соның бүгінде 7 мыңы орнынан қайта алмастыруды қажет етеді.
Мамандар биылғы жылдың жоспары бойынша жаңа жылға дейін 2 мың түп ағашты аталған техниканың көмегімен «көшіруді» жоспарлап отыр.

Опубликовано в Саясат

Шымкентте «Ontustik Tourism-2016» атты халықаралық туристік форумы өтті.

Жиынға Кувейт, Македония, Испания, Пәкістан, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Чехия елдерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілері мен Консулдары, шет елдік және қазақстандық туристік операторлар, БАҚ өкілдері, жалпы саны 300-ден астам адам келген.

 MG 8372

Өңірге шетелдік туристерді тарту, қызмет көрсету сапасын арттыру, ақпараттарды молайту, тағы басқа өзекті мәселелер форумда қызу талқыға салынды. 

– Еліміздегі туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек Жолының жүрегі» ретінде дамыту көзделген. Қазір бұл бойынша облыс әкімдігі жұмыстар жүргізіп жатыр. Елімізде бірінші болып туристерге қызмет көрсететін орталық бізде ашылды. Өңірде туризм саласы бойынша бірнеше бағытты дамытуға мүмкіндік бар. Ең негізгі бағыт – тарихи-мәдени туризм, – деді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. 

 MG 8445

ҚР инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғалиев, Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, ОҚО туризм индустриясы ассоциациясының төрайымы Гүлмира Ақбердиева, Del network international компаниясының жетекшісі Масимилиано Авогадри тағы басқалар сөз алып, «Заманауи Жібек жолы» халықаралық туристік жобасы, ОҚО-ның туризм индустриясының мүмкіндіктері пен перспективалары, т.б. тақырыптарда баяндама жасады. 

Форум аясында, жол бойы қызмет көрсету нысандарын салу, туризм мектебін құру және Оңтүстік өңіріне инвестиция тарту тағы басқа бағыттарда 7 меморандумға қол қойылды.

Опубликовано в Қала

Шымкентке Чили Республикасының құрметті консулы Леонид Шейнгезихт келді. Екіжақты кездесу барысында шетелдік қонақ Чилидің ауыл шаруашылығы, шарап қабылдау, медициналық техниканы өндіру, топырақ ресурстарын және туризмді дамыту, өндіру кезінде пайдаланылатын өңдеу зауыттарын салу, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді.

bauyrlas

Сондай-ақ, Қазақстан-Чили арасындағы технология нарығын қолдану жөнінде мысалдар келтірді. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен аппарат басшысы Рашид Аюпов Шымкент қаласының агрорлық саладағы болашақ мүмкіндіктері туралы айтып, ірі кәсіпорындар өз тауарларын экспорттауға қабілетті екендігін тілге тиек етті. Кездесу барысында қала іргесіндегі қорғасын-фосфат қалдықтарды қорыту жұмыстарына шетелдік мамандарды шақырды.

bauyrlas-2

Сонымен қатар, Чили Республикасының құрметті консулы Леонид Шейнгезихт Шымкент пен Арика қалалары арасында экономикалық ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуға шақырды.

Опубликовано в Қала
Понедельник, 26 Сентябрь 2016 05:27

«Максимум» дихандарға зор мүмкіндік беруде

2017 жылғы көктемгі егін егу жұмыстарына бөлінетін пайыздық мөлшерлемесі төмен несиеге кез-келген шаруа қол жеткізе алады. Жеңілдетілген несиені таратуда ОҚО әкімдігінің жанынан құрылған «Максимум» АИО және «Ырыс» МҚҰ да ат салысып отыр. Биылғы көктемгі жұмыстардың есебі және келер жылдың жоспарын білу мақсатында мекеменің қаржы орталығының Басқарма төрағасы Арман Данаев мырзамен сұхбаттастық.

Bigger than little 28

– Арман Нарботаұлы, қаржы орталығы бірнеше жылдан бері оңды істерімен көзге түсіп келеді. Бұл қуантарлық жәйт, әрине. Дегенмен, биылғы көктемгі егін егу жұмыстарын қаржыландыру барысында бірқатар мәселелер кездесті. Себебін айтсаңыз.

– Жылдың басынан бастап мемлекет тарапынан әр гектарына берілетін субсидияның тоқтатылғанына байланысты, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы дихандарға жеңілдетілген несие беру жүйесі жолға қойылды. Аталмыш жүйе пилоттық жоба болғандықтан, қаржыландыру кезеңінде кемшіліктердің болуы, әрине, күтілмеген жағдай емес. Біздің орталыққа берілетін қаржының кешіккеніне байланысты шаруалар көктемгі дала жұмыстарының көп бөлігін өз қаржысы есебінен жүзеге асырып қойған және ерте егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары да бітуге жақындап қалған болатын. Осыған орай, қаражатты игеру барысында бірқатар қиындықтар болды.

– Келесі жылы кемшіліктердің алдын-алу үшін қандай шара қолданасыздар?

– Біз аталмыш кемшіліктердің алдын алу шараларын келесі жылды күтпей-ақ қазірден бастадық. Дихандардың қаржыны дер кезінде алып, орынды әрі тиімді пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айынан, 2017 жылғы көктемгі егін егу жұмыстарына несие алушылардың құжаттарын қабылдауды бастадық.

– Құжаттардың қаралу мерзімі қандай?

– Көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру бойынша тапсырылған құжаттар ешқандай комиссиялық шығындарсыз мүмкіндігінше ең қысқа мерзімде қаралады. Мақұлданса, келер жылы қаржы бөлінісімен құжаты дайын азаматтарға бірден таратылу жоспарлануда.

– Несиенің берілетін пайызы және несиелендірудің басты шарттарын атап өтсеңіз?

– Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 9%-ды құрайды. Ал шарттарына келетін болсақ, несие алушы негізгі қарызды және несие бойынша пайыздарды мерзім соңында өтейді. Ал несиені мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарылған жағдайда несие үшін айыппұл есептелмейді. Егін егу-жинау жұмыстарына бөлінетін қаражат жеке тұлғалар, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғаларға басым бағытқа ие барлық дақыл түрлері үшін беріледі.

– Қаржыландыру қандай түрлерде жүзеге асырылмақ? Және кепілдік мәселесі қандай?

– Қаржыландыру 2 түрде жүзеге асырылады: 2 транштық несие желісі және бірмезеттік несие. Ал кепілдікке жер телімін және қосымша кепіл заты ретінде кез келген жылжымайтын мүлікті ұсынуға болады.

– 2017 жылғы дала жұмыстарын қаржыландыру бойынша іс-шараларды қазірден бастадық дедіңіз. Олар қандай шаралар?

– Қазіргі таңда «Максимум» АИО және «Ырыс» МҚҰ тарапынан қаржыландыруды жедел жүзеге асыру үшін ОҚО аудандарында суб-офистар құрылды. Сондай-ақ көктемгі егін егу жұмыстары ең басым бағыт ретінде қаралып, аталмыш бағыт бойынша келіп түсетін өтінімдерді қарастыру мерзімі мүмкіндігінше қысқартылды.

– Облыс тұрғындарына және шаруаларға қаржыландыру шарттарын және жеңілдіктерін түсіндіру жағы қалай болмақ?

– Аталмыш мәселе бойынша да бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Яғни, қыркүйек және қазан айларында арнайы жұмысшы топ құрылып, барлық қала, аудан орталықтары және ауылдық округтерде жиналыстар өтеді. Жиын кезінде несие алуға ниет білдіргендердің құжаттарын қабылдау да жоспарлануда. Барлық дихандар өз қалаларында, аудандарында немесе ауылдарында өтетін жиналысқа келіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын талқылау және құжаттарын тапсыру мүмкіндігіне ие.

– Тұрғындарға өтетін жері және мерзімі туралы хабарланды ма?

– Облыста аудан және ауылдар өте көп. Олардың барлығын қамту үшін біздің мамандар арнайы кесте жасауда. Санаулы күндерден кейін тұрғындар жиналыстың өтетін жері және мерзімі туралы ақпаратты барлық аудан, қала әкімдіктері арқылы біле алады. Оған қоса барлық БАҚ-да да жарияланатын болады. Айта кетейін, жеңілдетілген несиеге кез-келген шаруа қол жеткізе алады.

– Сұхбат үшін рахмет!

Опубликовано в Сұхбат
Понедельник, 26 Сентябрь 2016 04:12

Қалада жұмыс қарқынды, жоспар ауқымды

Шымкент үшінші мегаполис атағына сай болуы керек. Ең әуелгі мақсат – халыққа қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымдық жүйелерді дамыту, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге назар аударылуы тиіс. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық мәслихат депутаттары алдында сегіз айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беруінде осылай деді. Қалада шешімін тапқан мәселелер баршылық. Әсіресе, инфрақұрылымдық жүйелерді дамытуда бірқатар жұмыстар қолға алынған. Ендеше, «қала күні» мерекесі қарсаңында жүзеге асқан жұмыстарға тоқталғанды жөн көрдік.

ТҰЖЫРЫМДАМА ДАМУҒА ЖОЛ АШТЫ

Елбасының «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек» дегені бар. Әрине, бұл бекер айтылған сөз емес. Қаланың географиялық орналасу жағдайына, тұрғындардың берекелі тірлігіне, алтын құрсақты аймақ екенін меңзегені ғой.
Өткен жылы қала экономикасына жан-жақты талдау жасалынып, қаланың 2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму концепциясы қабылданғанынан көпшілік хабардар. Шаһар басшысының мәлімдеуінше, әкімдіктің биылғы жұмыс жоспарына қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешу, баспана және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру және қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция мен туристердің санын арттыру міндеттері қойылған.
Алдымен инфрақұрылым жүйелерінен бастайық. Биыл қалада «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 нысанның құрылысына 7,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінге дейін құрылыстың 3,1 млрд теңгесі игерілді. Қала тұрғындары орталықтандырылған сапалы ауыз сумен 85, кәріз жүйелерімен 41, табиғи газбен 86, ал сапалы электр қуатымен 84 пайызға қамтылды.
2016 жылы ауызсу мәселесін шешуде 5 нысанның («Қайтпас-1», «Нұртас», «Мирас», «Самал», «Ұлағат» шағынаудандарының) құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Яғни, 98,8 мың адамның сапалы ауызсуға қолы жетті деген сөз.
Тұрғындарға табиғи газ жеткізуде 2016 жылы «Самал - 2» және «Мирас» шағынауданындағы 2 нысанның құрылысы аяқталған. Биыл 5 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер мекемелер де анықталып отыр.
Сондай-ақ, биыл жалпы 68,3 мың адамның сапалы электр желілеріне қолы жетті. Бұл мақсатта биыл «Қайтпас 2», «Достық 2», «Қайтпас 1», «Ынтымақ» және «Ақниет» шағынаудандарындағы нысандардың құрылысы толығымен аяқталды. 1 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары мемлекеттік қабылдау комиссиясының қарауына өткізілді. Қалған 1 нысан бойынша құрылыс жұмыстары қыза түскен.
Биыл 24 көшені жарықтандыруға, 4 көшені қайта құру жұмыстарына облыстық бюджеттен 413,1 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсына құжаттар әзірленіп жатыр. Көпқабатты тұрғын үй аулаларын жарықтандыруға (231 аула) жергілікті бюджеттен 151,6 млн теңге қаржы бөлінді. Қазір 4 аудан бойынша құрылыс жұмыстары қызған шақ.
Қаладағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау жұмыстарына келейік. Жалпы алаңы 116 га 9 саябақ, 32 гүлзар мен аллеяларды күтіп баптау жұмыстары талапқа сай атқарылып жатыр. Мәселен, бүгінде 1 Мамыр көшесіндегі гүлзарды қайта құру, «Нұрсәт» шағынауданындағы Назарбеков, 17 шағынаудандағы Жандарбеков аллеясына, «Мәртөбе» тарихи саябағын және «Қасірет» мемориалы аумағына қажетті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қоса, «Ордабасы» алаңын қайта құру, «Шымтөбе» тарихи алаңын, «Наурыз» саябағын көріктендіру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.
Жаңадан жаяу жүргіншілер жолдарының салынып жатқаны – тұрғындардың бір қуанышы. Бұған күнделікті куә болып жүрміз. Атап айтқанда, Рысқұлов, Сайрам, Уәлиханов, Желтоқсан, Момышұлы, Бейбітшілік, Жангельдин, Дулати, Қонаев және Бәйдібек би даңғылдары бойындағы жүргізіліп жатқан аяқжолдардың құрылысына 362 млн теңге қаржы қаралды.

300 ЖАҢА АВТОБУС АЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

Қала тұрғындары үшін транспорт саласы өзекті мәселе. Бұл туралы газетімізде көптеген мәселелер көтерілді. Енді атқарылған жұмыстар барысын сөз етсек. 2016 жылы 1 жаяу жүргіншілер өткелі, 9 магистральды көшені, 5 елдімекеннің көшесін және 1 жол өткелін қайта құру, 59 көшені күрделі және 98 көшені орташа жөндеу, 47 тротуар салу, 20 бағдаршам орнату жұмыстары жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, қаланы 5 жерінен жол айрықтың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Олардың құрылысы келесі жылға жоспарланған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қалалық әкімдік пен «Green bus Company» ЖШС-мен бірлескен автопарк ашу жөнінде меморандумға қол қойылғаны белгілі. Қазіргі таңда, бірлескен «Шымкент Bus» компаниясы құрылып, жыл сайын лизинг арқылы 300 жаңа автобус алу жоспарланып отыр. Қала әкімінің тікелей басшылығымен қала тұрғындарының қауіпсіздігі, баспана және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру бағытында да бірталай жобалар жүзеге асты. Бұл ретте жергілікті полиция қызметіне «квадрокоптерлер», велосипедтер, автокөліктер әкелінді.
Қалада жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында көше қиылысына бағдаршам, мектеп аумағынан жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам, жол кедергілер орнатылды.

БІЛІМ НЫСАНДАРЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Білім саласы нендей шаралармен есте қалды? Бұл бағытта да атқарылған жұмыс аз емес: жаңа білім нысандары ашылды, ұлттық бірыңғай тестілеуде де тәуір нәтижеге жеттік, бірқатар білім нысандары күрделі жөндеуден өтті.
2016 жылы «Қаратөбе» шағынауданындағы 600 орындық, «Ынтымақ» шағынауданындағы 900 орындық мектеп, 1 жаңа балабақша пайдалануға берілді. № 91, 111 мектептердің 300 орындық жаңа ғимараттарының құрылыстары аяқталып, 1 қыркүйекте пайдалануға берілді.
Шымкент қаласында жыл сайын оқушылар саны 8000-ға артып отыр. Осыған байланысты, 2016 жылдың басында 7 мектеп үш ауысымда білім берсе, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде № 91, 111 мектептердің 300 орындық жаңа ғимараттарының құрылыстары пайдалануға беру арқылы үш ауысымдағы мектептер саны 2-ге азайды. 2017 жылдың соңына дейін қаладағы үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі толық шешімін табады деп жоспарланып отыр.
2015-2016 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша 6340 оқушы мектеп бітірсе, оның 4071-і ҰБТ-ға қатысты. Қала бойынша орташа балл – 82,6-ға жетті. «Алтын белгі»-ге үміткер 100 оқушы білімдерін дәлелдеп шықты.
33 231 оқушы жазғы демалыспен қамтылғанын да айта кеткен жөн. Оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен 4628 оқушы мемлекет есебінен, 22 803 оқушы мектеп жанындағы алаңдарда, 5800 оқушы ата-аналар есебінен қамтылды. Қала бюджетінен жалпыға міндетті білім беру қорынан жазғы маусымда жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасылардың балаларын демалдыру мақсатында 116 млн теңге бөлініп, 4628 бала лагерьге тегін жолдама алды.
Биыл Шымкент қаласы бойынша 4 мемлекеттік балабақша (№ 60 «Тараз», № 61 «Нұртас», № 62 «Ботақан», № 63 «Айсұлу»), 39 жекеменшік балабақша есігін айқара ашты. Жалпы мектепке дейінгі мекемелерде 50 579 бала тәлім алып жүр.

193 870 АДАМ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН СЕРІК ЕТКЕН

Шымкент – салауаттылыққа бет түзеген шаһар. Бүгінде қаламызда 193 870 адам салауатты өмір салтын серік еткен. Қалада жалпы 781 спорт нысаны тіркелген: 314 спорт алаңы, 11 спорт кешені, 8 бассейн, саябақта 15 спорттық тренажер және 124 мектептің спорт залдары жұмыс істейді.
Қазір Шымкентте облыстық және қалалық спорт мектептерінде үйірмелер саны 1500-ден асады. Онда 14 мыңнан аса жасөспірім спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1000-ға артып отыр.
Сәйкесінше спорт үйірмелеріне сұраныс та артып келеді. Мәселен, секциялардың ішінде ойын түрлері – футбол, волейбол және баскетболға қызығушылық жоғары. Бұдан бөлек, бокс, дзюдо, еркін күрес, каратэ, жеңіл атлетика, үстел теннисімен айналысушылардың да қатары қалың.
Қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында жүзеге асқан «Shymkent Bike» жобасының маңызы бөлек. Биыл қалада 200 велосипедке арналған 40 велостанция ашу жоспарланса, қазіргі таңда 32 станция орнатылды. Одан бөлек, қала тұрғындары үшін 10 жерден «Street workout» пен шұғылдануға арналған алаңшалар ашу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін ондай нысандар 4 жерде іске қосылды.

«SHYMKENT CITY»-ДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Қаланың даму Тұжырымдамасына сәйкес, «Тұран» шағынауданында салынатын «Shymkent City» қалашығы ең ауқымды тарихи жоба деуге лайық. Биылдан бастап осы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 млрд теңге, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастауға 388,0 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігерлер анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, қалашықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін биылғы жылғы қуаты 110 Кв «Астана-1,2» подстанциясының құрылысы басталып, саябақтың жобалық құжаттары әзірленуде.

Опубликовано в Қала
Среда, 21 Сентябрь 2016 05:26

Аяқжол салынуда

gagarin

Қаладағы Гагарин көшесінде ұзындығы 12 шақырымды құрайтын аяқжол құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда мұндағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 88 млн тг бөлінген. Мұндағы жолдың жалпы ұзындығы (Гагарин көшесі қиылысынан Ахумбабаев көшесі аралығы) 12 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар аталмыш көшенің бойындағы аулаларда балалар ойын алаңшалары салынып, жолдары жөнделіп, жарықтандыру ретке келтірілуде.

Опубликовано в Қала

Шымкент қаласы әкімдігінің 7 құрылымдық бөлімі тарапынан тұрғындарға 79 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп келеді. Жыл басынан бері халыққа 237 990 қызмет ұсынылған. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала тұрғындарына мемлекеттік көрсетілетін қызметтің жағдайы және олардың сапасы туралы, мемлекеттік басқару органдарының қала бойынша коммуналдық меншіктің сақталуы мен пайдалануына бақылау жүргізу жөнінде жиын өткізді.

 

Жиында алдымен қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, 2016 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында қала тұрғындарына жалпы 237 990 қызмет ұсынылған. Жергілікті атқарушы орган тарапынан – 43, ал «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы – 36, сонымен қатар, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы – 14 қызмет түрі көрсетілуде.

Сондай-ақ, мемлекеттік басқару органдарының қала бойынша коммуналдық меншіктің сақталуы мен пайдалануына бақылау жүргізу барысы туралы мәліметтер көпшілік назарына ұсынылды. Қалалық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Бақтыбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда қалада барлығы 283 коммуналдық заңды тұлғалар бар. Олардың меншігіндегі 1963 нысан мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілген. Мәселен, қаладағы 21 бағдарлама әкімшілерінің 14-і өз ғимараттарында орналасқан, қалған 7-і жалға алып, жұмыс істейді. 

Мәжіліс соңында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жауапты бөлімдерге осы жылдың соңына дейін Шымкентте пәтер иелері кооперативін құрып, жұмысты жүйелеуге тапсырма берді. Мұндай тәжірибе бүгінде Алматы, Астана қаласында бар. ПИК тұрғындарға ағымдағы жөндеу, жылу жүйелерінің қызметі, санитарлық-техникалық тазалау, электрлі-техникалық жұмыстардың сапалы орындалуына қолайлы жағдай жасайды.

Опубликовано в Саясат
Среда, 07 Сентябрь 2016 04:59

Атқарылған жұмыстар ауқымды

Шымкент қаласының коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы жылдан-жылға артып келеді. Биыл бұл салаға 6,5 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген.  Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 1,2 миллиард теңгеге өскен.

14222228 1783532978559728 4285957923975256825 n

Қазіргі таңда Шымкент қаласында жолдарды қайта жөндеуден өткізу, аяқжолдар салу, ирригациялық жүйелерді жөндеу және аулалар мен көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, биыл жергілікті бюджет есебінен қаладағы 21 көше жарықтандырылды. Алты саябаққа түнгі шамдар қойылып, 30 жолақты жолдар төселді. Жалпы осы уақытқа дейін қала аумағында 30 мың дана жарық шамдары орнатылған. Ал 24 көше мен 689 аула мен қосымша 4 көшеге қайта құру жұмыстары жүргізіліп, қазан айына дейін пайдалануға берілмек. Бұл ретте қала қазынасынан 455,7 миллион теңге қаралған.
Биылдан бастап қалада жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолдардың құрылысы қолға алынды. Бұл мақсатта 353 миллион теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, қала басшысы Ғ.Әбдірахымовтың тазалық мәселесіне қатысты берген тапсырмасына орай, «Таза қала» және «Таза аула» құру үшін тұрғын үй аулаларында жаңа қоқыс жәшіктерін орнату әрі жаңарту құрылыс бойынша да жұмыстар атқарылуда.

Опубликовано в Қала
Страница 5 из 7