Мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының орны ерекше. Бұл ай – молшылық пен сауап айы. Құлшылықты құлшыныспен орындауға мүмкіндік айы. Ораза – ынтымақ-бірлікті арттыруға зор серпін береді. Сондай-ақ, аштықтың қадір-қасиетін түсінесіз. Мінекейіңіз, биылғы қасиетті айдың жартысы да артта қалды. Қала тұрғындары үшін биылғы Ораза кезеңі біршама жақсылықтармен есте қалмақ. Соның бірқатарын айта кетуді жөн көріп отырмыз.
Қасиетті айда қайырымды іс көп
Ең алдымен жақсы іс-шараларды атап өтейік. Ораза қарсаңында имандылық үйлері халық игілігіне берілді. Мәселен, Ордабасы алаңындағы қалалық Абдул Хамид Қаттани мешіті күрделі жөндеуден өтіп, есігін айқара ашты. Бұл қала тұрғындары үшін қуанышты жаңалықтың бірі. Қала әкімінің тікелей бастамасы қолдау тауып, жомарт жандардың арқасында ескі мешіт көз тартар орынға айналды.
Сондай-ақ, облыстық орталық мешіт жанынан имандылық-сауат ашу курсы ғимаратының да тұсауы кесілді. Мұнда күнделікті 200-300 жас ілім нәрімен сусындайды. Алдағы уақытта ғимараттың жанынан арнайы жатақхана да салынбақ. Қасиетті айда қайырымды жандар осындай сауапты амалға үлес қосты.
Шымкент қаласында 103 мешіт бар. Бүгінде 30-ға жуық құлшылық үйінде жамағатқа күнделікті ауызашар беріліп жатыр. Бұл да бір атап өтер жақсы істердің бірі. Дәулетті азаматтар ауыз бекіткен бауырларға арнайы дастархан жайып, сауап іске ұмтылуда.
Рамазан айында сауабы мол амалдың бірі – тарауих намазы. Көпшілік жамағатпен бірлесе орындалатын құлшылықты өткізуге шетелден арнайы ұстаздар шақыртылған.
– Биылғы Рамазан айы ерекше деп айтуға болады. Біріншіден, ауа-райының қолайлылығы. Алғашқы он күндігімізде ауа райы салқын болды. Бұл Алланың берген үлкен сыйы. Екіншіден, былтырғымен салыстырғанда ораза тұтушылардың саны өте көп. Орталық мешіттен күн сайын 200-ден астам адам ауыз ашып жатыр. Өзге де мешіттердегі жағдай осы. Соның бәрінде халық лық тола. Жалпы, биыл ниет еткен кісілердің қатары өте көп. Одан бөлек, Құран хатым түсіру үшін Түркиядан арнайы 5 ұстаз келді. Оларды аудандарға жібердік, – дейді ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров.
Қаланың 50-ге жуық мешітінде оқылып жатқан тарауих намазына қатысушылардың да қатары артқан. Барлық мешітте жастардың да, қарттардың да қарасы көп-ақ. Тарауих құптан намазынан кейін сағат түнгі он екі жарымға дейін созылады. Бәрі де шыдамдылық танытады.
Көршіміздің де құлшынысы оянған
Рас, бұл айда жақсы амалға еселеніп сауап жазылады. Жаман әдеттердің күнәсінің салмағы да ауырламақ. Сол себептен, жамандықтан тыйылып, мол сауаптан құр қалғысы келмейтіндер көп-ақ. Кішкентай іс болса да, жақсылықтан үмітті.
Қала тұрғындарының да ізгі амал жасауға ұмтылып жатқандарын байқап жүрміз. Мәселен, БАҚ беттерінде қасиетті айдың құрметіне тегін қызмет көрсететін таксилер жүре бастағаны жазылды. Отырар ауданында 4 көлік жолаушыларды тегін тасып жатқаны жайлы хабарды естіп, ризашылығымызды білдірдік.
Сонымен қатар, оразаның алғашқы күнінде шымкенттік жастар да белсенділігімен көзге түсті. «Мега» сауда орталығының алдында бір топ жас өтіп бара жатқан адамдарға тегін су мен құрма таратыпты.
Оразаның қасиеті емей не?! Құлшылыққа селқос қарайтын, мешітке баруға енжарлық танытатын көршіміз бар-тұғын. Рамазан айы кіргелі оның да құлшынысы оянған. Сауап амал жасаудың қарекетімен жүр. Жайнамазға бас қойып, биыл алғаш ауыз бекітіпті. Мені ауызашарға мешітке ертіп кетуді әдетке айналдырды. Сәтін салса, жақын күндері мешітте ауызашар бермек. Берекелі айдың құдіреті ғой.
Мешітіміздің ынтымағы жарасты, бірлігі бекем
Өзіміз Әл-Біләл мешітіне барып, ауыз ашамыз. «Кім де кім Ораза ұстаған адамға ауыз аштырса, ораза ұстағанмен бірдей сауапқа кенеледі» деген хадис бар. Осы хадиске амал қылатын бауырлар баршылық. Мешіт жамағатының бәрі ұйымшыл. Күнделікті 150-ге жуық адам бір дастарханда отырып, дәм татады. Мешітіміздің бас имамы Тимур Аманқұловтың әсерлі уағызын тыңдаймыз. Жамағаттың ішіндегі ең үлкені Әбдікерім Жетпісбайұлы – 84 жаста. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған. 2005 жылдан бері осы мешіттің жамағаты. Сексеннен асса да әлі тың. Бес уақыт намазын оқиды, тарауих намазына да қатысады.
Батагөй ақсақал Тәжен Тілеуқабылұлы да осындай жан. Осындай қарияларымыз да тарауих намазына қатысып, жастарға үлгі көрсетіп жүр.
Биылғы Рамазан осылай өтіп жатыр. Мерекенің басты ерекшелігі де осында: ынтымақ-бірлік артады, қайырымды іс көбейеді. Жалпы айтқанда, Рамазан молшылық пен берекенің айы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді.
Алда мың айдан да қайырлы Қадір түні келе жатыр. Жаратқан Алла баршамызды берекеті мол айда құлшылықты көбірек жасауды нәсіп етсін!