Рухани байланыс нығая түспек Избранное

Пятница, 22 Июнь 2018 04:54 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 79 раз

Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялап, достық пен бауырмалдықтың жаңа белесіне қадам жасады. Бұл дін қайраткерлері үшін де үлкен мүмкіндік, татулығымызды тұғырлауға септігін тигізетін тарихи шешім болғаны анық. Осындай екі елдің достық әріптестігі аясында Шымкентте «Бауырлас елдердің рухани ортақ құндылықтары» атты халықаралық форум өтті.

DSC 2679

Форум жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Өзбекстан Бас мүфтиі Усманхан қажы Алимов бастаған бір топ делегация, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Розақұл Халмұрадов, Шалатай Мырзахметов, Мархабат Байғұт, ҚМДБ ғалымдары мен жергілікті 600-ден астам имам қатысты.
Халықаралық форумда Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы «Ұлы дала төсіндегі ислам» тақырыбында баяндама жасады.
– Қазақ-өзбек бауырластығын арттырып, ортақ тарихымыз бен мақсат-мүддемізді нығайтып, ұлы дала өркениетінің өзегі болған асыл дінімізді насихаттай түссек деген ізгі ниет баршамызды шырайлы Шымкент шаһарына топтастырып отыр. Бұл басқосу – қазақ-өзбек бауырластығын одан әрі нығайтып, мәзһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап алуға септігін тигізетіні сөзсіз. Қазақстан мен Өзбекстан ғұламалары биылғы Рамазан айы мен Ораза айтын бір күнге белгілеп, ауызбіршілік пен діни татулықтың жарқын үлгісін паш етті. Осы ретте Өзбекстан мүфтиі, қадірлі ағамыз Усмонхон қажы Алимов хазіретке Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің мұсылман жамағатын ынтымаққа ұйыстыра түсетін шараларды, атап айтқанда, көшпелі семинарлар, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, тәжірибе алмасулар, т.б. игі жобаларды бірлесе атқаруды ұсынамын. «Ұлы Жібек жолы және Орта Азияның рухани әлемі» атты халықаралық форум ұйымдастырсақ деген ниетіміз барын жеткізгім келеді, – деді Бас мүфти.
Сондай-ақ, халықаралық форумда «Ханафи мәзһабы және дәстүрлер сабақтастығы» және «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» тақырыптарында секция отырыстары өтті. Дін ғұламалары мен дінтанушылар, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері дін елді біріктіретін, ізгілікке шақыратын ұғым екеніне тоқталып, діни жоралғыларды бір ізге түсіру, кереғар ағымдармен күресуді күшейту туралы ұсыныстарын айтты.
Мінберде баяндама жасаған Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Усманхан қажы Алимов түбі бір, діні бір, мәзһабы бір қазақ-өзбек халқының рухани байланысы жаңа деңгейге көтерілгеніне айрықша тоқталды.
Жалпы, биыл Орта Азия елдерінің Ислам ғұламалары Рамазан айы мен Ораза айтын бір күнге белгілеп, ортақ пәтуаға келген еді. Бұл тарихи шешім – екі елдің діни ауызбіршілігіміздің жарқын үлгісі. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында бірлескен игі шараларды жүйелі түрде жүзеге асыру міндеті тұр.
Кездесуде тараптар діни саладағы қарым-қатынасты күшейту, қазақ-өзбек тілінде діни кітаптарды бірлесе шығару, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, тәжірибе алмасу, екі елдің қасиетті жерлеріне зиярат жасау рәсімдерін ұйымдастыру, ғылыми жобаларды жүзеге асыру сынды іс-шаралар төңірегінде өзара уағдаласты.
Форумда Розақұл Халмұрадов, Шалатай Мырзахметов, Мархабат Байғұт сынды қоғам қайраткерлері сөз алып, халықаралық жиынның жұмысына сәттілік тіледі, ізгі ниеттерін жеткізді.
Сонымен қоса облыстың имам-молдаларына бүгінгі дін қызметкерлерінің келбеті, жұмысқа деген жауапкершілік, дін мен дәстүрді насихаттаудың мәні мен маңызы, дін мен зайырлы қоғамның үйлесімі, ислам және ғылым, қазіргі діни ахуалды жақсартудың жолдары, т.б. тақырыптар төңірегінде дәріс жүргізіліп, насихат айтылды. Қазақстан халқы ассамблеясының ғимаратында өткен Бас мүфтидің дәрісін 800-ге жуық имам-молда тыңдады.
Соңында халықаралық форумға қатысушылар арнайы қарар қабылдады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Сауаптан құр қалма, мұсылман бауыр!