Сауаптан құр қалма, мұсылман бауыр! Избранное

Среда, 23 Май 2018 09:11 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 194 раз

Рамазан – 12 айдың сұлтаны. Бұл айда қайырымды істер көбейеді: Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі ашылатын берекелі ай. Шүкіршілік, шыдамдылық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттер бойымызда толысатын шақ. Аллаға шүкір, бүгінде қала бойынша 208 орында ауызашар беріліп, 52 мешітте тарауих намазы оқылып жатыр. Құлшылыққа құлшынған жамағаттың қарасы көп.

IMG 767

Ауыз бекіту уақыты не себепті өзгерді ?

Қасиетті айдың қарсаңында қаладағы мешіттер күрделі жөндеуден өтіп, жаңа мешіттер ел игілігіне берілді. Қаладағы Абай ауданында Сансызбай Қарсақбайұлы ұрпақтарының демеушілігімен жаңа мешіт есігін жамағатқа айқара ашты. Мешіттің құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Бір жылдың ішінде аяқталып, ел игілігіне берілген имандылық үйі «Дін ислам мешіті» деп аталады.
Биыл қасиетті ай бірқатар жаңалықтармен есте қалмақ. Ең әуелі Оразаның басталу уақыты бір күнге кейінге шегерілуі болды. Ел мұсылмандары 17 мамырдан бастап ауыз бекітті.
Пайғамбарымыз
Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оразаны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер» деген.
Бұған дейін қасиетті ай 16 мамыр күні басталатыны жарияланып қойған-тұғын. Ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде өзгертуге тура келді. Бұл – табиғи құбылыс. Жалпы, Рамазан айының басталуын нақты анықтау шариғи үкімдер мен астрономиялық есептер негізінде жүзеге асады. Алғашқы кезеңде мұсылмандар жаңа туған айды көзбен көретін. Ғылым мен технология дамыған заманда мұсылмандық күнтізбе шариғи үкім мен ғылыми зерттеулер негізінде жасалады.
ҚМДБ ғалымдары бұл жағдайды былайша түсіндіріп берді. Мұсылман жұртшылығы Рамазаннан бұрын болатын шағбан айының жиырма тоғызы күні кешке қарай жаңа айдың (Рамазанның) тууын күтулері керек. Жаңа ай көрінсе, онда келесі күні ораза ұстайды. Егер көрінбесе, сол айды отыз күнге толтырып, оразаны бастайды. Бірқатар мұсылман мемлекеттерінің ғалымдары осы хадисте айтылған шағбан айының 29-ыншы күні 15 мамырға, ал 30-ыншы жұлдызы 16 мамырға сай келетінін мәлімдеген еді. Ал астрономиялық есептер 16 мамырда жаңа айдың туылатынын көрсетті. Ал 17 мамыр Рамазан айының алғашқы күні болып есептеледі.
ҚМДБ еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінен жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәлімет сұратқан. Аталмыш мекеме 16 мамырда астрономиялық құралдар көмегімен жаңа айды көруге болатынын мәлімдеген. Осыған орай ҚМДБ Ғұламалар кеңесі шариғи үкім мен отандық астрономиялық ғылыми зерттеу нәтижесіне орай 17 мамырды Рамазан айының бірінші күні деп белгіледі.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Бақтыбай
Бейсенбаев БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында кеңірек түсіндіріп берді.
– Тәуелсіздік алғаннан бері мұндай жағдайды өз басым бірінші рет көріп тұрмын. Халықта да сондай шығар. Бірақ бұл Ислам әлемінде болатын құбылыстардың бірі. Хижри жыл санауы бойынша Рамазан – 9 ай. Ол күндерде 28 немесе 31 деген күн жоқ. Айда 29-на немесе 30 күн болады. Хижри жыл санауы бойынша 33 жылда бір рет айырмашылық болады. Яғни, сондай уақыт кезеңінде бір жыл қосылып отырады. Жаңа туған ай 16-на көрінбей қалатын болғандықтан ауыз бекіту осылай бір күнге ауыстырылды, – дейді бас имам.
Сондай-ақ, көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері де Рамазанды 16-на басталады деп белгілеген еді. Кейіннен оларда да мерзім ауысты. Белгілі дінтанушы ғалым Ерсін Әміре фейсбуктағы парақшасында Сауд Арабиясында, БАӘ, Мысыр, Палестина, Иордания және тағы басқа араб елдері де қасиетті Рамазан айын бейсенбі күні қарсы алатынын жазды. Сол себепті ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің бұл шешімі өте орынды болғанын айтады.

208 орында ай бойы ауызашар болады

IMG 844

Биыл облыстық мешіттің жанынан Ақылдастар алқасы құрылғанынан көпшілік хабардар. Облыстық мешіттің бас имамы Ақылдастар алқасының қасиетті айдағы облыс тұрғындарына үндеуін де облыс тұрғындарына жария етті. Онда жалпы бұл айда сауапты іске ұмтылып, күнәлі істерден аулақ болуға шақырады. Дастарханға ішімдіктің қойылмау керегін еске салды. Сонымен қатар құдайы ас пен жиындарды күндізгі уақытта емес, ауызашқаннан кейін өткізуге үндейді.
Шүкіршілік, қасиетті айдың құрметіне қала көшелерінде, аудан-ауылдарда құттықтау плакаттары, билбордтар ілінді. Біздің мұсылман ел екенімізді танытатын үгіт-насихат жұмыстары көзге көрінерлік.
Бүгінде Шымкент қаласында 208 орында ай бойы ауызашар ұйымдастырылады. Мұның өзі үлкен жетістік. Сондай-ақ, қаланың 52 мешітінде ауызашар беріліп, тарауих намазы оқылуда. Ондағы қарилардың көпшілігі – жергілікті шәкірттер. Түркиядан арнайы келген ұстаздар да бар.

Ынтымағы жарасты, бірлігі бекем

Өзіміз Еңбекші ауданындағы «Әл-Біләл» мешітінің жамағатымыз. Мешітіміздің ынтымағы жарасты. Бірлігі бекем. Күн сайын мұнда 200-ге жуық адам ауыз ашады. Әрі 500-ге жуық адам тарауих намазын оқиды. Мұнда 29 күн бойы ауызашар берілмек. Құлшылыққа құлшынған жамағаттың қарасы көп. 18 жасар қари да көпшіліктің көңілінен шығып келеді.
Қалалық мешіттің бас имамы Бақдәулет Әбдірахмановтың айтуынша, 1 маусымнан бастап жамағатқа арналған сауат ашу курстары жұмыс істей бастайды.
Тағы бір атап өтерлігі, қазір ауа райы да ауыз бекіткен жамағатқа қарайласып тұрғандай. Қоңыр салқын. Бұл да Жаратушының өз құлдарына деген мейірімі шығар.
Бұл айда халқымыз сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік сияқты қасиеттерді бойларына қалыптастырады. Сауаптардың да еселеп жазылатын айы. Ал күнәлі істердің де үкімі осындай. Ендеше, тыйым салынған істерден тыйылып, сауапты істе жарысайық, құрметті мұсылман бауырлар!

Последнее изменение Среда, 23 Май 2018 09:25
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.