СӘКЕН, МАХМҰД СЕНДЕР ХАЛЫҚТЫҢ МАҚТАНЫШЫСЫҢДАР! Избранное

Среда, 04 Октябрь 2023 04:40 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1574 раз

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасы. Студентпіз. Бүгінде қазақ спортының тарыдай шашылған тарихын бір ізге түсіріп, жылнамасын жасап жүрген белгілі журналист Қыдырбек Рысбекұлы екеуіміз мойнымыз қылқиып спорт жарыстарынан қалмаймыз. Оқу-жаттығу жиындарына да барамыз. Бірде грек-рим балуандарының жаттығуына бардық. Кешегі Кеңестер Одағының аты аңызға айналған бас бапкері, әлемдік санаттағы талай балуандардың топшысын қатайтып, томағасын сыпырған Геннадий Сапунов Дәулет Тұрлыхановтың шақыртуымен қазақ құрамасын жаттықтырып жүрген. Мойны қылқиып спорт жарыстары ғана емес жаттығу залына да келе беретін екеуімізге назар аударды.

513

 

- Қазақстанда мықты балуандар көп. Анау Бақтияр Байсейітовтың өзі неге тұрады. Әлемді бағындыратын батырдың бірі осы. Бақтияр туралы жақсы мақала жазыңдаршы,-деп қолқа салды.
Себебін айтқан. Өзі де айтулы балуан болған Геннадий Сапунов алғаш рет Еуропа чемпионы болғанымда қатты тебірендім дейді. «Советский спорт» газетіне жас, талантты балуан туралы көлемді мақала шығыпты. «Керемет қанаттандырды. Жылы сөз, аппақ тілектер жанымды жадыратты. Халықтың үміт күтер ұлы екенімді түйсіндім»,-деді ол.
- Байсейітов те осыны түсінуі керек. Өз ұлтына оның жеңісі қаншалық қымбат екенін сезінсін. Деген. Бақтияр туралы жаздық қой. Біздің мақалалардың оған қаншалықты әсер еткенін қайдам, араға жылдар салып Бақтияр Бәйсейітов әлем чемпионы болды. Сапуновтың сол сөзі талантты спортшылар туралы жазарда еш есімізден шыққан емес.
Бұны неге айттық, неге еске алдық. Бүгінде Хуанчжоуда Азия ойындары өтіп жатыр. Т.Досмұхамедов, Д.Тұрлыханов, Т.Ермегияев спорт министрі болған уақыттары Азия ойындарын төрттікпен қортындылайтын Қазақстан құрамасы спортты – ұлт намысы деп ойламайтын, оған шамасы жетпейтін басшылардың тұсында ондықтың терезесін де сығалай алмайтын күйге жетті.
Талантты бапкерлердің орнын жоғарыдағылардың көңілін тапқан пысықайлар басқанда осылай болары сөзсіз еді. Ал, біз әлемдік додаларда олжа салатын оғландарымызды жігерлендіріп, қанаттандыруымыз керек болатын.
Олай болмады. Қит етсе мықтыларымызды жерге ұратын жазғышбектер шықты. Токио олимпиадасында Сәкен Бибосынов қолаға емес, алтынға лайық өнер көрсеткен. Қараулық жасалды. Теңбе тең, кей жағдайда Сәкеннің басымдылығымен өткен жекпе-жек ағылшын боксшысының пайдасына шешілді.

514


Біздің Біржан Жақыповпен итжығыс түсіп жүретін өзбекстандық Хасонбой Дусматовты өз басым хас талант деп бағалай алмаймын. Тапалтақ, қолы қысқа, соққысы ауыр Дусматов қарсыласын тақымдап, баспен сүзіп лас бокстасады.
Алыс және орта қашықтықта Сәкен оны жеп қояды. Әділқазы дегендердің қарақазы болғаны қашан. Алғашқы раунд теңбе-тең жағдайда өтсе де барлық ұпайды өзбек боксшысының пайдасына жазады. Қашықтықты сақтап, екі қолымен талмау тұстан соққы жасай алатын Сәкен амал жоқ ашық айқасқа барады. Қарақазылардың діттегені осы. Мәжбүрлейді.
Ал, Дусматовқа керегі осы.Өз басым Сәкен бірінші және соңғы раундты алды деп есептегем. Біздің журналистсымақтар мен блогер, жазғыштар «Сәкен таза жеңілді» деп бәтуә шығарып, алтын басын жерге сүйреген соң мамандардың пікірін іздедім. Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионы Данияр Елеусіновтей дарабозды тәрбиелеген бапкері әрі әкесі Марат Елеусінов «осы жекпе-жекті қайта қайта көрдім. Хасанбой емес Сәкен жеңді» дейді. Бокстың ұңғыл-шыңғылын білетін мамандардың да пікірі осыған саяды. «Теңбе-тең айқас. Сәл басымдылық Сәкенде еді» дейді. Ал, есеп өзгеше. 5-0. Таза жеңілген.
«Махмұд - өте қуатты, техникалық арсеналы мықты боксшы. Жақсы бокстасты. Жеңіп еді. Амал не, төрешілер жеңісті қарсыласына беріп жіберді» дейді спорт шебері, талай халықаралық жарыста олжа салған боксшы Абат Адырбеков. Сосын жазғышбектеріміздің жазғанын қайта оқыдық. Құдай-ау, бұл қайдан шыққан өшпенділік. Аттарын атамай-ақ қоялық, қарадан шығып хан болған демекші, бокс қолғабын мандытып қолына киіп көрмеген біреулер құрамадағы боксшыларды тастаяқтай қағыстырады. Анау ананың, мынау мынаның орнына келу керек екен.

515


Әлемде екі рет ең үздік бапкер болған Мырзағали Айтжановтың осыған мыйы жетпей жүр екен да. Сонда бұлардың білгенін Федерация, бапкерлер кеңесі білмегені ғой. Ертуған Зейнуллинов жеңілді. Рас, Сағындық Тоғамбай жеңілді. Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай да жеңілді. Ал, жақында ғана әлем чемпионы болған Нұрбек Оралбайдың жеңілісі күмәнді. Өте күмәнді.
Біздің диван батыр, «тамаша эксперт» жазғышбектерге салсаң осы оғландар бокстасуға емес, шошқа тағалауға барған сияқты.
Өз ұлыңа, өз қызыңа бұл не деген өшпенділік.
Өткенде бір телеарнаға берген сұхбатында Сәкен Бибосынов жүрегін мазалаған ауыр өкпесін айтты. «Токио олимпиадасынан кейін мені бәрі көкке көтеріп рахмет айтып еді. Ташкенттегі әлем чемпионатынан кейін айтпаған сөздері қалмай жерге тықты. Неге бұлайсыздар? Мен өз халқымды жақсы жеңістеріммен қуанту үшін пенденің басқа қызықтарын ұмытып бар күшімді салып жүрмін ғой» деді күйінген ұлан.
Міне, жүрегі қазақ деп соққан балаңның жүрекжарды жанайқайы. Сәкеннің бір тамшы теріне татымайтындардың арманы не?!
Рас, пікір айтылу керек. Сөз бостандығын ешкім шектемейді. Бірақ, пәтуасыз ойымен жұртты шатастыруға болмайды ғой.
Менің Болат Қырықбаев деген досым бар. Оңтүстіктің спортын ұзақ жыл басқарды. Сидней олимпиадасынан алтын мен күмісті олжалаған Бекзат пен Мұхтарханды қолтықтап қайтқан азамат.
Болат айтады. Ауылда (Ордабасы ауданы) бұзық бір інім бар еді. Аздап боксқа қатысқан, өзі дәу. Соққысы ауыр. Өз тұрғыластарын шырылдатады да жүреді.
Мені көрсе, «көке, мені Мұхтарханмен бокстастырыңызшы» деп жалынады. «Әй, ол сені талдырып тастайды ғой». «Жоқ, көке, мен оны құлатамын». Бір жарыста екеуін кездестірудің орайы келеді. Болат Мұхтарханға сәл батырып ұр, көрейік дейді. Бірінші раундқа зорға шыдаған әлгі дәу, бәрін, тіпті Мұхтарханды да ұрғыш екі қолғабын екі жаққа лақтырып, рингтен безіп кетіпті.
Неге айттық. Атақты спортшыларымыз туралы түрлі былапыт сөз айтатын әлгі жазғышбектер маған Болаттың сол інісі сияқты көрінеді де тұрады. Бокста әбден таяқ жеп басы істемей қалған соң оңай жағына, яғни бокстың сарапшы маманы болуға бекінген сияқты. Жақсы ғой диванда жатып, бәдігін сапырып жақсының жанын ауыртып тепкілеген. «Атың шықпаса жер өрте» деген осы шығар, бәлкім.
«Сын болсын. Бірақ, шын болсын» деген бар. Өзіміздің білігіміз жетпеген соң мамандардың көмегіне жүгініп жүреміз. Ауыз өзімдікі деп дара ұлдарымыздың жанын ауыртпайықшы, ағайын. Өз мықты балаңды бойыңа тең көрмесең, кім саған жақсы баласын береді.

Бақтияр ТАЙЖАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.