Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесуге резервке енген 300 адам шақырылды. Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Президенттік кадр резервін құру туралы бастама өзінің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі болғанын атап өтті.

f053c1e7fbad100b90d893f8c894efe4

– Сіздердің әрқайсысыңыз жоғары кәсіби біліктіліктеріңізді көрсетіп, мемлекет игілігі үшін адал қызмет етуге ниетті екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Сондықтан сіздермен кездесіп, еліміздегі өзекті мәселелер бойынша пікірлеріңізді тыңдап, кадр резервіне енген азаматтардың алдында тұрған міндеттер жөнінде өз ойымды білдіру үшін баршаңызды «Ақордаға» арнайы шақырып отырмын, – деді
Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде мемлекеттік басқарудың жүйесі қалыптасқанын айтты. Бұл жүйе талай қиын кезеңдерде өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдеді.

Ел Президенті қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа әдістерді енгізу қажет деп санайды.
– Барлық жаңалықтың ортақ мақсаты – халыққа жақын болу. Шын мәнінде, біз мемлекет қызметінің сервистік моделі жайында әңгіме қозғап отырмыз. Қазақстанға қоғамның талап-тілегіне дұрыс, тиімді және әділетті жауап беретін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды реформалау жайында айта келіп, биылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқаратынын, үнемделген қаражат тиімді жұмыс істейтін қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыруға жұмсалатынын атап өтті.

– Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтқанымдай, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің, сонымен қатар ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Әрине, бұл біржақты жасалмайды, олардың атқаратын қызметін қайта қарап, яғни, мемлекеттік органдардың қызметіне жатпайтын міндеттерді аутсорсинг пен азаматтық қоғам өкілдеріне жүктей отырып қысқартамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өз баяндамасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі үш қағидатына, атап айтқанда, ашықтық, инклюзивтілік және азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беру мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Қазақстан азаматтары шенеуніктерді қоғамға қатысты барлық шешімдерді билік дәліздерінде қабылдайтын қандай да бір таңдаулы топ ретінде қарамауы керек. Шенеуніктер қолжетімді болуы қажет. Мемлекеттік қызметші халықтың ортасында халық үшін жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі деуден еш жалықпаймын! – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Президенттік кадр резервінің әрбір мүшесінен елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді.

– Алдағы уақытта сіздерді мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жібереміз. Қазірдің өзінде резервке өткен елу бес азамат жаңа қызметке тағайындалды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл резервтегі 100 адамды жауапты қызметке тағайындауды, алдағы жылдарда кадрлық резервтің әлеуетін толық пайдалануды жоспарлап отырғанын айтты.
Қазақстан Президенті елімізде жүргізілетін ауқымды трансформациялар нақты салалардағы, өңірлердегі, қалалар мен ауылдардағы кішкентай өзгерістерден басталатынын атап өтіп, жастарды атқаратын қызметіне қарамай мемлекетті жаңғырту процесіне өз үлестерін қосуға шақырды.

– Бүгінгі жас буынның, оның ішінде сіздер де билікке келетін уақыт алыс емес. Сіздер мемлекетті басқару тізгінін алуға дайын болып, тиісті білім мен білікті меңгерулеріңіз қажет. Жастарымыз ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы керек. Білім мен білік менмендіктен биік тұруы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін еліміздің барлық жастарына арнай отырып, жаңару үдерісі өзінің ішкі саясаттағы басым бағыттарының бірі екенін айтты.

Президент1

– Кадр резервін жасақтау жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Оның қатарына ынталы және лайықты жастар кіреді, – деді Президент.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы кадр резервіне кірген жастардың өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты атқаратынына сенімді екенін тағы да қайталап айтты.

Шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова, Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері – «Астана» халықаралық қаржы орталығы Биржасының қаржы директоры Ренат Бектұров, Жапонияның ұлттық саяси зерттеулер институтының докторанты Зүлфия Сүлейменова, «Eurasia Blockchain Fintech Group Limited» компаниясының бас директоры
Тілектес Адамбеков, «Өскемен қалалық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі Қамқоршылық және қорғаншылық органы, балалардың құқықтарын қорғау секторының меңгерушісі Юлия Овечкина және «BTS Digital» ЖШС білім беру орталығының консультанты Олжас Сәкенов сөз сөйледі.

Ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының шетелдерден сатып алған және еліміздің аумағына әкелген автокөліктерін тіркеу жөніндегі мәселелерді түсіндіруде «Қауырт желі» телефонын іске қосты.

shutterstock 451849129-2

Сонымен бірге, 17-18 қаңтарда еліміздің барлық аумақтарында кезекті республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өтеді. Акция аясында ішкі істер органдарының мамандары автокөліктерді тіркеудің тәртібін нақты түсіндіреді. Осындай кеңестерді полицияның фронт-офистерінен де алуға болады дейді, сала мамандары.

«Жолда қабылдау» шеңберінде айыппұлдар туралы ақпараттар алуға, полиция көрсететін мемлекеттік қызметтер туралы білуге болады. Өздерінің кезек күттірмес сұрақтарын шешу үшін ешқандай бюрократтық кедергілерсіз тікелей әкімшілік, көші-қон және жергілікті полиция басшыларына жүгіне алады.

Шымкентте Әл-Фараби, Еңбекші аудандық Полиция басқармасының Фронт-кеңсесінде және 15 бекетте тұрғындар өздеріне қажетті ақпаратты алуына мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, колл-орталықтың
8-72-52-30-10-30 телефон нөміріне хабарласуға болады.

Қазақстандықтарға Әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлері 8 (7172) 71 58 21, 71 58 39, 71 58 04, 71 58 06,
71 58 62 (демалыс күндерін қоспағанда түскі үзіліссіз 09:00-ден 19:00-ге дейін) телефондары бойынша кеңес беруге дайын.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын пысықтау мақсатында үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келді.

DSC 9762

Үкімет басшысының орынбасары сағатына 2000 жолаушының өтуіне мүмкіндік беретін Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының құрылысымен танысты. Бүгінде жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының 1-кезеңі аяқталды.

Қазіргі таңда екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарын «Альянс Контракт Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Құрылысқа 115 жұмысшы, 10-ға жуық арнайы техника тартылды. Жұмыс 2 ауысымда атқарылылуда. Жаңа терминалдың құрылысын осы жылдың қазан айында аяқтау көзделген.

Қазақстан Үкіметі жеңіл өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.

Вице-премьер одан әрі тоқтап тұрған бұрынғы «Меланж» АҚ-ның тоқыма фабрикасын және бұрынғы «Ютекс» АҚ тігін фабрикасын қайта іске қосу барысындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Бұл кәсіпорындардың мүлік меншігі «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-на тиесілі.

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылғы 21 маусымда Ташкент қаласында қол қойылған Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы екі жақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 18-отырысының хаттамасына сәйкес, екі ел арасындағы тауар айналымын өзара ұлғайту мақсатында Өзбекстан тарапымен бірлескен тоқыма кластерін құру мәселесін қарастыру қажеттігі жайлы келісімге қол жеткізілген болатын.

Хаттаманы орындау үшін «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен Өзбекстан Республикасының «Alliance Textile» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы арасында өткен жылдың 22 маусымында стратегиялық ынтымақтастық туралы шекті келісім жасалды.

Кейіннен тараптар Шымкент қаласында орналасқан меншік құқығындағы аталмыш қорға тиесілі тоқыма фабрикаларын басқару жөніндегі жол картасын әзірледі. Осы жол картасы орындау барысында «ALLIANCE» сауда-өндіріс компаниясы» ЖШС-і бірлескен кәсіпорны құрылды. Жол картасы шеңберінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының тізімі, оларды орындау және тоқыма фабрикаларын іске қосу мерзімдері анықталды. Оған қоса қажетті қосалқы бөлшектер сатып алынып, техникалық аудит жүргізіледі.

Жол картасының 1-кезеңінде 7 жыл бойы тоқтап тұрған «ALLIANCE» сауда-өндіріс компаниясы» ЖШС-сі (бұрынғы «Ютекс» АҚ) жіп иіру фабрикасы өткен жылы іске қосылып, 120 адам жұмыспен қамтылды.
Екінші кезеңде «Ютекс» АҚ тігін фабрикасын биылғы мамыр айында, ал, бұрынғы «Меланж» АҚ ағымдағы жылдың желтоқсанында қайта іске қосу жоспарланған.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың айтуынша, жол картасының жүзеге асырылуы, тоқыма кәсіпорындарының қайта іске қосылуы үшінші мегаполис үшін өте маңызды. Бүгінде әкімдік тарапынан өндірісті іске қосуға және кәсіпкерлікке мейлінше қолдау көрсетіліп, инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде.

Аталған фабрикаларды іске қосу Шымкентте тоқыма кластерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанда өңделетін мақта көлемінің 2 есеге өсуін қамтамасыз етіп, 800 адам жұмыспен қамтылады.

Барлық пікір ескеріледі

Среда, 15 Январь 2020 06:26

Шымкенттегі іссапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаты «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әлтаев Silkway Халықаралық университетінде қонақта болды.

WhatsApp Image 2020-01-14 at 20.42.56

Университет оқытушыларымен кездескен халық қалаулысы мәжіліс тарапынан іске асып жатқан шаралардан, қабылданған заңдардан хабардар ету, сол заңнамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың аудандардағы іске асу барысымен, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысу әрі көкейтесті мәселерге құлақ түру мақсатында келгенін айтты. Сонымен қатар, Нұржан Бауыржанұлы қазіргі уақытта мәжіліс ашық режимде жұмыс істейтінін, ғаламтор арқылы кез келген мәселеге қатысты байланыс орнатуға мүмкіндік барын да айтты.

Кездесу барысында мәжілісмен университет  ректоры Ирина Ефимова бастаған ұжыммен емен-жарқын әңгіме құрды.

Халық қалаулысына университеттің материалдық-техникалық базасы мен жылдар бойы жеткен жетістіктерін баяндаған Ирина Евгеньевна университетте кадрларды дайындау құрылымы республика мен аймақтағы қажеттіліктеріне сәйкес келетінін айтты. Оның айтуынша, күндізгі бөлімде оқитын түлектердің 75 % мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан, сыртқы бөлімнің 62 % өз профилі бойынша жұмысқа тұрған. Мұнан соң оқытушылар қауымы мәжіліс депутатына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сол мезетте жауап алды.

Өз кезегінде Нұржан Бауыржанұлы алдағы уақытта әлі талай рет университет қабырғасына келіп, кездесулер өткізетінін айтты.

WhatsApp Image 2020-01-14 at 20.42.52

Жұмат Шанин – қазақтан шыққан түңғыш режиссер, Қазақ драма театрының ең алғашқы жетекшісі, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының негізін қалаған директоры. Қазақстанның халық әртісі. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігіне біздің әртістерімізді Т.Жүргенов пен Ж.Шанин бастап апарады. Олар өз өнерімен көпшілікті таң қалдырады. Бірақ, дәл осы сапардан кейін жаппай қудалау басталады да, Шанин алдымен Фрунзеге (қазіргі Бішкек), содан соң Оралға кетіп, жергілікті театрларға басшылық етеді. Бірақ құрығы ұзын НКВД оны тауып, Алматыға қайтып әкеледі де С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровпен және Қазақ республикасының басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірге жазаға тартады.

234

Жұмат Шанин – театр өнерін таңдаған әулеттің ізашары.
Жұмат Тұрғанбайұлының туыстары мен ұрпақтары ол бастаған істі ойдағыдай жалғастырып отырды.
Зайыбы Жанбике Шанина Қазақ драма театрының артисі болды.
Ұлы Рәуіпбек Шанин – Мәскеу консерваториясынан білім алған тұңғыш кәсіби скрипкашы;
Інісі Атығай Шанин – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қарқаралы драма театрының жетекшісі;
Інісі Ақыш Шанин – ҚР еңбек сіңірген артисті, Шымкент облыстық драма театрында жарты ғасыр жұмыс істеген.
Ақыштың әйелі Мақыш Шанина – Шымкент театрының ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген актрисасы.
Нағашысы Дөненбаев Мұқатай – Шымкент театрының артисі.

Ал осы әулеттен шықққан Қасымхан Шаниннің орны бөлек, ол – театр және кино актері, Шымкент драма театрының режиссері, Жетісай драма театрының ең алғашқы көркемдік жетекшісі, Шоқан Уәлихановтың рөлін сахнада тұңғыш сомдаған артист болған.

Қасымхан Шанин 1925 жылы 15 қазанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1937 жылғы қуғын-сүргіннен кейін Шаниндердің отбасы Алматыдан Шымкентке көшіріліп, осы қалада Қасымхан Шаниннің театрға бағышталған өмірі басталады. Ол 1940 жылы Шымкент облыстық драма театрында актер болып жұмыс істей бастайды. 1946 жылы Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинематография Институтының (БМКИ-ВГИК) режиссерлік факультетіне түседі де, артынша отбасы жағдайына қарай Ташкенттегі Театр-Көркемөнер Институтының режиссерлік факультетінде оқуын ары қарай жалғастырады. Содан кейін Ленинградтағы курстарда біліктілігін арттырады.

Институтты бітіргеннен кейін ол Шымкент облыстық драма театрында режисерлік қызмет атқарады. Б.Майлиннің «Шұға», Р.Гамзатовтың «Тау қызы» К.Смайыловтың «Сенім күші», «Жаяу Мұса», С.Адамбековтың «Біздің үйдің жұлдыздары» спектакльдерін сахнаға қойды.

1958 жылы Шымкент облыстық драма театрында С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» шығармасы алғаш рет сахналанды. Ш.Уәлихановтың рөлін бірінші болып менің әкем Қасымхан Шанин ойнап, Алматыда өткен «Театр көктемі» фестивалінде лауреат атанды. Әкеммен, ата-әжеммен бірге сол фестивальге барған мен, Алматыны бірінші рет көрдім. Ауасы қоңырсалқын, жап-жасыл, әсем қала екен, арықтардан мөп-мөлдір су ағып жатыр, аппақ қар жамылған маңғаз таулар қандай сұлу көрінеді, солардың барлығы маған ұмытылмас әсер қалдырды. Әсіресе, маған Абай атындағы опера және балет театры қатты ұнады, әкем мені «Шурале» балетіне апарды. Дәл сол жылдарда мен өнерпаз Шаниндер әулетінің өкілі екенімді сезіндім.

Мені театрға да, гастрольдерге де жиі алып жүретін, сондықтан мен театрдың перзентімін десем де болады. Әкемнің де, ата-әжемнің де рөлдерін жатқа білетін едім, кейде суфлер міндетін де атқарып жүрдім. Әсіресе есімде қалғаны – «Аршин-Малалан», «Жалбыр», «Без вины виноватые» «Қозы-Көрпеш-Баян Сұлу» спектакльдері. Соңғы спектакльде менің атам Ақіш Шанин Қарабайдың рөлін тамаша ойнап шықты, сол себепті спектакль 70-жылдарда «Қарабай» болып өзгертілді.

Әкемнің өмірі жарқын да мазмұнды болды. Жұмыс бастылығына қарамастан балаларына көп көңіл бөлетін еді. Әлі есімде, 1963 жылы бүкіл отбасы мүшелерін атамекені Баянауылға апарды. Ғажайып өлкенің көрінісі күні бүгінге дейін көз алдымда. Туған топырағымен қауышқаннан қалай толқығанын түсінгендей болдым. Домбырасын қолынан тастамастан, ешкім бөгет болмауы үшін ауылдан қашық кетіп қалып, қалың шөбі қаулап өскен далада өзінің сүйікті әндеріне басатын. Менің ерекше есімде қалғаны Баянауыл әні, ол әнді әкем туған жерінде өзгеше шабытпен, беріле айтатын еді. Сол сапар менің жүрегімде өшпес із қалдырды.

WhatsApp Image 2019-11-18 at 22.52.09 2

Әкемнің репетицияларына қатысқанды, оның актерлермен жұмыс істегенін көргенді ұнататын едім. Жалпы мен үшін спектакльді дайындау процесі қызық болатын. Әкем залдың ортасындағы үстел шамы жағылған кішкентай үстелдің жанында отыратын. Қызы болсам да репетицияға кіруім оңайға түспейтін еді. Өйткені режиссерлар бөгде адамдардың қатысқанын ұнатпайды. Актерлардың жұмысына кедергі жасамайын деген оймен, мен тып-тыныш отыратын едім. Оның сюжетке қызығушылығы, актерлік дарыны мен адамгершілік қасиеті спектакльдің өн бойынан сезіліп тұрды. «Жаяу Мұса» осылайша сахнаға шықты.

1966 жылы әкем режиссерлар Ордабаевпен және Дубровскиймен бірге жаңа нұсқадағы «Шоқан Уәлиханов» спектаклін екі тілде қойды, орыс труппасы орыс тілінде, қазақ труппасы қазақ тілінде ойнады. Әкем бас рөлді сомдады, ол осы тамаша адамның бейнесін өте ұнататын еді. Меніңше, ол сол кездегі жеке-дара қойылым болса керек. Сол қойылымда маған әкеммен бірге сахнаға шығудың сәті түсті. Мен Санкт-Петербургтегі сахна балына қатысып, биледім де, Наташа Ростованың күйін кештім!

Әкем сомдаған бейнелер жадымда қалыпты. Сол кездері облыстық театрлардың спектакльдерін таспаға түсірмегені қандай өкінішті, бірақ еліміздің алтын қазынасына енген, әкем қатысқан мына фильмдер сақталған: «Ботагөз» (Е.Арон), «Шквал», «Алдар Көсе» (Ш.Айманов), «Выстрел на перевале Караш» (Б.Шамшиев). Ол КСРО халық артисі Н.Черкасовпен бірге «Иван Грозный» фильміне де түсіп, татар ханзадасының рөлін ойнады, бірақ ол экранға шыққан жоқ, өйткені фильмнің режиссері С.Эйзенштейнге қарсы қудалау басталған еді. Әкемнің осы рөлдегі суреттері ғана сақталған.

1967 жылдың бір есте қаларлығы, сол жылы әкемді де, мені де фильмге түсуге шақырды – әкем Б.Шамшиевтің (Қырғызфильм) «Выстрел на перевале Караш» фильмінде, ал мен Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінде ойнаймын. Қолдарымыз босағанда әкеммен Алматыда кездесіп тұрдық. Ол мені өзінің достары Нұрмұхан Жантурин, Нұрғиса Тілендиев, Қалаубек Тұрсынқұлов, Рымғали Нұрғалиевпен және басқа да белгілі адамдармен таныстырды. Солардың арасында өзімді ересек сезініп, кәдімгідей марқайып қалдым.

Әкемнің режиссерлік және актерлық дарынымен қатар басқа да қабілеттері жеткілікті еді. Ол тамаша дауысымен ән де айтатын, көптеген музыкалық аспаптарда ойнайтын. Қазрадионың ұлттық музыкалық қорында әкемнің орындауындағы Ақан серінің «Көкжендеті», Балуан Шолақтың «Жастық» және «Балуан Шолағы», халық әні «Ағашаяқ» сақталған. Бұл әндер күрделі болғандықтан, сирек орындалатын, бірақ менің әкемнің даусымен өз орындаушысын тапқан сияқты.

Әкемнің тағы бір қыры – оның ұйымдастырушылық қабілеті еді. Оны 1968 жылы Жетісай музыкалық-драмалық театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері қызметіне тағайындаған кезде осы қабілеті айқын көрінді. «Жалбыр» мен «Қыз-Жібек» спектакльдері осы театрдың ең бірінші қойылымдары болып, Кремльдегі Съездер сарайында көпшіліктің назарына ұсынылды.

Оның мейірімді де кішіпейіл жан болғаны туралы досы, актер және режиссер, ҚР халық артисі Бәйтен Омаров былай әңгімелейді: «Ташкенттегі театр-көркемөнер институтында оқып жүрген кезіміз еді. Қаламен келе жатқан біз, күнкөрісі үшін қайыр сұрап, аккордеонда ойнап тұрған мүгедекті көрдік. Соғыстан кейінгі жылдар еді. Мүгедектің алдында жатқан бос малақайды көрген Қасымхан, оның аккордеонын сұрап алды да, аккордеонға қосылып шырқап қоя берді. Ол орыс, қазақ, татар, өзбек әндерін айтқанда, малақай ақшаға тез тола бастады. Әбден толған кезде Қасымхан аккордеонмен бірге ақша толы малақайды соғыс мүгедегіне қайтарып берді. Өз ісімізге риза болған біз алшаң басып кете бардық».

Әкем өте жайдары жан болатын, достыққа барынша адал еді.
Достарын атасам, олар Шәкен Айманов, Георгий Чухрай, Нұрмұхан Жантурин, Қадиша Бөкеева, Бәйтен Омаров, Ыдырыс Ноғайбаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Болот Шамшиев, Қалаубек Тұрсынқұлов, Шымкенттің құрметті ақсақалдары – Қалменов Кұлахмет аға, Сұлтанбеков Әділхан аға, Асқаров Ақжол аға, театр артистері Әбен Мұхамедияров, Жүсіп Тұрсынов, Сейіт Досмағанбетов, Ақсақал Қалмырзаев, Нарынбет Асылбеков, Жеңіс Қарғабаев және т.б.

Жастық шақтары, қалай кездескендері, махабаттары туралы анамның айтқан әңгімелері де есімде. Екеуі Шымкенттің Орталық саябағындағы би алаңында кездесіпті. Олар фокстротты да, вальсті де әсем билеп, көрген жұрт қандай жарасымды жұп деп тамсаныпты! Екеуі де сондай сұлу, әрі жап-жас. Өмірге құштар жандар екендері сол кездегі суреттерден анық байқалады.
Осындай жарқын бейненің өмірден озғанына да 46 жыл болыпты, бірақ біздер – оның ұрпақтары, немере-шөберелері жайсаң жан Қасымхан Шаниннің рухын әрқашан қастерлеп, жадымызда сақтаймыз.

Райхан ШАНИНА

Шымкенттік өнерлі жастың бірі Ақжол Ерман қоғамға көмек қолын созуды өзіне серік еткен ерікті. Студент жастың көздегені биік. Алға қойған мақсаттары айқын.

5000

ХІХ ғасырдағы Шымкент қаласының дербес гербі 1909 жылдың 21 сәуірінде бекітілгені белгілі. Қалалар гербтерінің қалқаны ол кезеңде әдетте негізгі және еркін бөліктерден құралатын болған. Негізгі бөлікте дербес ерекшелік, ал еркін бөлікте жалпы ұқсастық өрнектелген.

Герб шымкента 1909

Шымкент қаласының Ресей отарлығы кезіндегі гербінің негізгі бөлігінде күміс жіппен жусанның ерекше түрі – дермененің суреті жасыл алқаптың фонында салынған екен. Жасыл алқап, бұл әрине, қаланың өзіне атын берген шым екендігі даусыз, ал, ботаникалық аталымы - Artemisia contra cina делінген. Дермененің салынуы – уезд орталығы ретіндегі Шымкенттің құрамындағы жер аумақтарында аталған өсімдіктің көптеп өсуі және оның үлкен табыс көзіне айналуы болатын.

Оған дейін дерменеден алынатын дәрі – хинин тек Америкада ғана өндірілген. Осы орайда Ресейдің Орталық Азияны отарлауы арқылы Американың екі саладағы табиғи монополиясын күйреткенін айта кету дұрыс болар. Олардың біріншісі мақта өсіру болса, екіншісі – дермене жиыны. Шымкент уезінде дермене жинау көлемі тіпті бұл өсімдікке деген бүкіләлемдік сұраныстан әлдеқайда асып кетіп отырған. Мысалы, бұл туралы сол кезеңдегі ауылшаруашылық маманы К.Шахназаров дерменеден жасалатын алғашқы өнім – сантонинге деген сұраныстың көлемін жылына 1500 пуд деп көрсетсе, өлкені ревизиядан өткізген сенатор Пален 800 пуд деген көлемді көрсетеді. Ал, Шымкент уезінде дермене жыл сайын 4360000 пуд көлемінде жиналып, одан 80000 пуд сантонин шығарылып отырылған.

Қазіргі заманғы өлшем шамасына аударсақ, бұл жылына шамамен жетпіс мыңға тарта тонна (70 миллион килограмм) шикізат екен. Ал, сантонин деп аталатын жартылай шикізат 1280 тонна (яғни, 1 миллион 280 мың килограмм) көлеміне жетіп отырған. Орыс шенеуніктері мен мамандары көрсеткен сандар өзара алшақ жатса да, орталығы Шымкент қаласы болып табылатын уездің географиялық жағдайы мен ерекшелігі осы кәсіптің түріне табиғи монополия орнатуға толық мүмкіндік бере алғаны айдан анық.

Сантонинді әлемдік нарыққа шығарып отыратын «дрогистер» деп аталатын санкт-петербургтік кәсіпкерлер оның шикізатын тек Шымкент нарығынан ғана алдырып отырған. Нәтижесінде, әлемдік тауар айналысы өрісіне дермене шөбі арқылы да ілініп, монополиялық сауданы қамтамасыз еткен Шымкент қаласындағы нарықтық қатынастар басқа уездік қалаларға қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде қалыптасқан. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың соңында орыс отаршылдығын бастан кешіп, «артық» жерлерінен айрылған соң амалсыз отырықшыланған, дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығының бірқатарынан айрылған жергілікті халықтың талқажау ететін күнкөрісінің бір түріне айнала бастады.

Өйткені, қалада дермене өңдеу зауытын салған орыс көпесі Савинков өнімін бүкіл әлем пайдаланып жатқан сонша дерменені тек қана орыс шаруаларымен бірге жалғыз жинауы мүлдем мүмкін емес болатын. Бұл үшін Савинков «Жергілікті тұрғындармен дерменені тасу контрактысы» деген құжатты жасап, сол кездегі қолданыстағы заңмен бекіткен.

Көпес Савинков жергілікті тұрғын-қазақтарды осы құжат негізінде жалдап, жоғарыда көрсетілген айналысқа қол жеткізе алған. Мысалы, 1907 жылы 1 пуд дермене үшін 70 копейка төлеуге келісіп, 4406 қанарды толтырған дермене терімшілеріне ұзын саны 17601 рубль 50 копейка төлеген. Оны өлшеп-жеткізу үшін Савинков 5 таразыны, 29 кір тасын, 11 дана брезентті және тасымалдау үшін бір түйені 40 рубльге сатып алған, сөйтіп өзі жалпы құны 440 түйеден асатын шикізатты иемденген.

Сарықұл болысы, Байырқұм болысы, Бөген болысы мен Арыс жақтан жиналатын барлық жиын-терімді Савинковтың Тимур Постылин, Жармамбет Тұрманбетов деген мәлімет жинаушылары және басты «объездчик» Қарсыбеков, қатардағы «объездчиктер» - Мырзалы, Бөлехан Жаршиев, арбакештер Ағабек Юнусов, Жалманбет Наурызов, Бизелин, Мырзалы Қарсыбаевтардың атқарған қызметі арқылы ұйымдастырып отырған.

Ал, дермене жинап, Савинковтан жалақы алған тұлғалар мына кісілер екенін бізге деректер айғақтап берді: 1000 рубльден қаражатқа ие болғандар: Сарықұл болысының №1 ауылының тұрғыны Пірман Самбенов, Алдамұрат Саптаев (№2 ауыл), Чақырбай Кучуков (№3 ауыл), Рүстембек Өтегенов (№4 ауыл), Ақымбек Раимбердиев (№6 ауыл), Исимбетов (№7 ауыл), Юнус Исбаев (№8 ауыл), Ақыт Айтөреев (№9 ауыл) болса, Байырқұм болысының №8 ауылының тұрғыны Райымбек Тілеков 600 рубль алып, ауыл тұрғындарына таратып берген. Байырқұм болысының тұрғыны Салмырза Өтегенов 1000 рубль алып одан №2-ші ауылдың тұрғыны Усманхон Әбілфайызға – 200 рубль, №3-ші ауылдың старшинасына 100 рубль, №3-ші ауылдың тұрғыны Қожабек Медеубаевқа 100 рубль, №7-ші ауылдың тұрғыны Сырман Айшуақовқа 100 рубль, №6 ауылдың тұрғыны Т.Сасықовқа 100 рубль таратып берген.

Шымкент древний

Дермененің тікелей жинаушыларын әрқайсысы орта есеппен алғанда 30 шақты адамнан құралатын ауылдың биі ұйымдастырып отырған. Жоғарыда келтірілген ауылдардың санына осы 30 санын көбейтетін болсақ – орта есеппен алғанда он үш мыңнан аса адам оңтүстік өңірде дермене жинаумен айналысқан екен. Дермене жинау отырықшыланған қазақтар үшін қосымша табыс көзі болғандығын орыс шенеуніктері құрастырған «Материалы киргизского землепользования» деген талдау-есептік жинағынан да көруімізге болады.

Оның «Промыслы», яғни «Кәсіптер» деген тарауында жергілікті тұрғындардың шаруашылығы мен айналысатын кәсіптеріне сипаттама берген кезде бас-аяғы 12 кәсіптің түрі анықталған да, солардың 9-шысы «Добыча цитварного семени» деп аталған. Олардың біріншісі – ауылшаруашылық жұмыстарға жалданып еңбек ету; екіншісі – кірекештер; үшіншісі – қолөнершілер; төртіншісі – шағын кәсіпшілер; бесіншісі – мал бағу; алтыншысы – батырақтар; жетіншісі – сауда; сегізіншісі – сауда-өндірістік кәсіп; тоғызыншысы – дермене ұрығын жинау; оныншысы – еркін кәсіптер; он біріншісі – қызмет көрсету; он екіншісі – әртүрлі промыселдер деп көрсетілген.

Соңғы орындардың бірін ғана иемденген «Дермене жинау кәсібі» шын мәнінде елдің отырықшылануы үдерісінің қиыншылықтарын экономикалық тұрғыдан жеңілдетуге жағдай жасап, халықтың күнкөрісіне біршама жәрдемін тигізгені анық. Өйткені «Дермене жинау» кәсібі қазақтың классикалық шаруашылығы үшін тән емес кәсіп түрі болса да, оның «Разные промыслы» деген қатарға енгізілмеуі, сонан соң «Дермене жинаудан» кейін де 3 түрлі кәсіптің тіркелгені осыған дәлел болып тұрғандай. Бұл жағдайға цифрлар да өз дәйегін бере алады. Мысалы, бүған Бөржардың 2,8 пайыз тұрғыны, ал Арыс пен Монтайтас тұрғындарының 5,8 пайызы осы «Дермене жинау» кәсібімен айналысқандығы, орташа отбасының 100 пуд дермене жинай алатындығы дәлел болып отыр.

Осы жерде мынадай жағдайды айта кетпесе болмайды: нақты дермене жинаушылардың қолына әрбір пуд дермене үшін тек 18-20 копейка ғана төленген, ал Савинковтың берген 70 копейкасының қалғаны – яғни, 50-52 копейка ортадағы делдалдардың қолына жинақталып отырылған. Сонымен, нақты дермене жинаушылар 1 жылда дермене жинаудан тек 15-20 рубль табыс тауып отырған.
Ал, қолында Савинков бағасының үштен екі бөлігі жиналып отырылған байланыстырушы адамдар дермене жиынына салық төлеуден де босатылған.

Нақ осылар жергілікті тұрғындардың арасынан жаңа, отаршылдық билік арқасында кедейшіліктен құтылып, «жаңа байлар» табын жасаушылардың бірі болғандығы да анық, Оны нақтылау үшін кезекті тағы да цифрларға берсек болады. Мысалы, 1000 рубльді Савинковтан алған Сарықұл болысының №1 ауылының тұрғыны Пірман Самбенов өз ауылының 30 адамынан 1500 пуд дермене жинап алды.

Орта есеппен әрбір жинаушы Самбенов Пірманға 50 пуд дермене өткізді. Олардың әрқайсысына Самбенов Пірман 50 пуд Х 20 копейка = 10 рубльден таратып бергенде, ауыл адамдарына небәрі 300 рубль ғана беріп отырған. Әрине, ауыл адамдарының қарымы да, ынтасы да, дермене жинауға деген ептілігі де әртүрлі болуы мүмкін, соған байланысты әр отбасының табысы да әртүрлі болуы әбден заңды. Дегенмен, ол табыс – 1 пуд дерменеге 20 копейка мөлшерінен ешқашан жоғарыламақ емес еді.

Ал, Самбенов Пірман және осы сияқты ауыл ұйымдастырушыларының қолында 50 копейкадан құралған, яғни орта есеппен 700 рубль ақша әр жылы қалып отырған. Бізге жинақталған деректен белгілі болғанындай, 1 түйенің бағасы 40 рубль болса, Самбенов Пірман әр жылы 17 түйе, 1 бота көлеміндегі немесе соған тең келетін басқа да мал басына ие болғандығын қарапайым есеппен анықтауға болады. Нақ осындай жағдай барлық ауылдарда да қайталанып отырылған – мұны тарихи деректер дәлелдеп отыр.

«Материалы...» дерегі сонымен бірге, дермене жинау барысына сипаттама да берген. Дермененің бас жағын қазақтар орақпен орып, оны көлеңкеде кептіреді, шөптен дәнін айырады (молотили), онан соң ұшырады және көзі майда елгезерден елеп, тазаланған дермененің ұрығын делдалдарға (скупщик) сатуға апарады. Ал, делдалдар (скупщик) шаруа адамдарға 18-20 копейкадан артық ақша бермегені бізге жоғарыдан белгілі.

Жиналған дермене дәні арнайы жәрмеңкелерге шығарылып отырылған. Осы жерден оны көтере сатып алған саудагерлер Шымкент уезінің дерменесін Американың қалаларына, Бакуге, Хисабқа, Красноярскіге, Вильноға, Миланға және Германияға бірнеше вагонға дейін жететін көлемде жөнелтіп отырған. Әр вагонға 300 пудқа дейін сантонин шикізаты – дермене дәні тиелетін болған. Ал егер, жоғарыда келтірілген мәліметке сай жыл сайын 4360000 пуд дермене дәні жиналып отырылғандығын еске алсақ, онда әр жыл сайын дермене артылған 14-15 жүк вагоны жөнелтіліп отырылған.

Дермене сатып алумен өлкеде жүрген барлық саудагерлер айналысатын болған. Өйткені жөнелтіліп отырылған қалалардағы дермене дәнінің саудасы 1 пудқа 1 рубльден кем болмаған және үнемі үлкен сұранысқа ие болып отырған. Дермене жәрмеңкелері барлық теміржол станцияларында, болыстық орталықтарында ұйымдастырылып отырылған. Жәрмеңкелердегі дермененің бағасы жиналған шикізаттың сапасына қарай 50-85 копейка аралығында болған. Осы сауда нарығына Савинков келіп кірісіп, өзінің тыңшыларын жәрмеңкелерге жіберіп, осы бағаларды жинақтаған.

Біз мақалада келтіріп отырған көрсеткіштердің барлығы Савинковтың ақпарат-дерек жинаушыларынан жазылып алынған. Мысалы, дерек жазылған жылы Жарманбет Тұрманов деген кісі бес рет ақпарат берген, Бөлехан Жаршиев – бір, объезчик Мырзалы Қарсыбаев – үш, арбакеш Атабек Юнусов – бір, Жалмамбет Наурызов – бір, ақпаратшы Постылин – 3 ақпарат жеткізген. Ондағы мәліметтердің барлығы дерлік бірін-бірі қайталап, барлық жәрмеңкелердегі жағдайдың бірдей шамада екендігін көрсетіп отырған.

Савинковтың бұл ақпаратшы-тыңшыларды халық арасына жіберіп, мәліметтер жинауының өзіндік себебі бар болатын. Өйткені дермене шикізатының өндірісі табиғи үнді шайы сияқты табиғи монополиялық өнім болатын. Алайда, оны жинаумен өлкедегі кез-келген саудагер айналысып жатқан соң, оның табысы әркімнің қолында кете берген. Савинков болса – дермененің жиын-терімін бір қолға жинақтап, бір жағынан, орыс отарлаған елден бөгде елдер саудагерлерін ығыстырып шығару, ал екінші жағынан барлық табысты шынайы сипатта монополияландыру – яғни, тек өзінің ғана қолына жинақтау мүддесін көздеді.

Ресей отаршыларының Шымкент уезіндегі дерменеге қызығушылығы тек Савинковтан ғана басталмаған болатын. Дермене шөбінің осы уезде өсіп тұрғанын орыстар үшін алғаш рет ашқан сотник Крымов болатын Ол 1866 жылдың тамыз айында Түркістан қаласынан Шымкентке қарай жол жүріп бара жатқанда дермене шөбі өсіп тұрған кең алқаптарды тауып алған. Сұрастыра келе, дермене саудасының да кең айналысқа шыққандығына көз жеткізеді.

Дегенмен, дермене саудасынан түскен табыстың барлығы орыс көпестерінің емес, осыған дейін өз кәсіптерін жасап жүрген татар алып-сатарларының қолында екендігі, жыл сайын Новгород жәрмеңкесіне қымбат бағамен шығарылып отыратындығы, оның өзінде шөп мол шыққан жылдарда татар саудагерлердің Ресейге 500 түйеге дейін жүк артып, дерменені саудаға аттандырып отыратындығы туралы да мәлімет жинастырып алады.

Дермене алқаптары қазақтардың Бестаңбалы атты руының жері болып шығады. Оның биі көпес Иван Первушинмен жылына 300 рубль төлеп отыратын арендалық келісімге де отырып қойғандығы мәлім болады. Орыс әкімшілігі жергілікті тұрғындардың жерге байланысты ешқандай әрекет жасай алмайтындығы туралы жалған уәж айтып, бұл келісім-шартты жойып жібермек болып әрекет жасағандығы туралы да осы деректерде айтылады.

Дегенмен, патша өкіметі билігінің қолдауына толық сүйенген көпжылдық әрекет өз жемісін бермей қоймайды. Негізгі капиталы жүз мың рубльді құраған «Сантонин» атты толық серіктестік негізінде құрылған сантонин өндіруші завод 1909 жылдың 29 желтоқсанында ресми түрде өз жұмысын бастаған. Америкалық монополистер дермене нарығынан осылайша толық ығыстырылды. Сантонин зауытының халықаралық саудасы туралы талдауды кезекті мақалада жалғастырмақпыз.

Ал осы күндерде «Сантонин» зауытына 110 жыл толып отырғандығын еске түсіруге болады. Сантонин зауыты еліміздегі фармокология саласының дамуына негіз болған кәсіпорындардың бірі. Яғни – Шымкент мегаполисі республикадағы фармакология отаны деп тұжырым жасай аламыз.

Г.ЖАНЫСБЕКОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқытушысы,
тарих ғылымдарының 
кандидаты,
доцент, 
Қоғамдық сананы жаңғырту
жобалық кеңсесінің басшысы

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек.

dc89883ccb9c9473a5517f24a5eb0af5-1140x752

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.
Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті, әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама бірнеше айға ұласты.
Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз.
Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады.
Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн.
Мен бұл мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскім келеді.

Ұлттық болмыстың үлгісі

Абай сурет

Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес.
Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған.
Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі.
Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.
Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.
Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз.
Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу.

Ол үшін, ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек. Сол мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, отандық білім беру ісінде әлі де олқы тұстар бар. Оны жетілдіру жолдарын сайлау алдындағы бағдарламамда және өткен жылғы тамыз конференциясында нақты атап көрсеттім.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі. Бұл – сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам. Жалпы, кез-келген қоғамда ұстаздың орны бөлек. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Ұстазға құрмет көрсетіп, қадірлеу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек.
Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді.
Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор.
Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Сонымен қатар, ағылшын тілін үйренуге де басымдық беру қажет. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз.
Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет.
Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында.
Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.
Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет.
Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.
Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.
Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі.

Мемлекет ісінің мүдделесі

Абай ffq

Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек.
Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал.
Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті.
Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады.
Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін.
Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады.
«Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн. Мемлекет пен қоғам өкілдері түйткілді мәселелерді бірге талқылап, шешімін табу мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Кеңес формальды сипат алып кетпеуі үшін оның мүшелерімен арнайы кездесіп, жұмысын жіті қадағалап отырмын.
Абай шығармаларында меритократия мәселесіне де айрықша мән берілген. Ол адамды мәртебесіне қарай емес, талабы мен еңбегіне қарап бағалаған. Ұлы ақын қазақ жастарына жөн-жоба көрсетіп, бағыт-бағдар берген.
Қазір Қазақстанда саяси жаңғыру үдерісі жүріп жатыр. Елбасының қолдауымен билікке басшылардың жаңа буыны келе бастады. Соған қарамастан, елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі айтылып жатады. Бірақ бұл мәселе бойынша ұлттық мәмілеге келудің, мемлекет мүмкіндіктерін шынайы бағалаудың және жүктелген міндетке жауапкершілікпен қараудың маңызы зор.
Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейді.
Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. Әлемнің түкпір-түкпірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Осындай даңғазаға құмар адамдар туралы Абай: «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып», – дейді. Расында, бұл – кез-келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс.
Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық.
Осындай саясат жүргізген кезде ғана барлық стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізіп, Қазақстанды озық дамыған мемлекеттердің қатарына қоса аламыз.

Жаңа қоғамның жанашыры

Жаңа Қазақстанның өзегін жаңа қоғам құрайтыны анық. Бұл ретте, ең алдымен, ұлтымыздың қадір-қасиетін арттырып, халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін жетілдіруге баса мән беруіміз керек. Сондай-ақ, қоғамның дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлігімізге іріткі салатын жағымсыз қасиеттерден арылу қажет.
Бүгінде дүние жүзінің бірқатар интеллектуалдары классикалық капитализм дағдарысқа тап болғанын ескертіп, оның болашағына күмәнмен қарайды.
Себебі әлемде бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың арасы алшақтап кетті. Бұл үдерістің қарқыны барған сайын күшейіп келеді. Бизнес тек пайда көздесе, білімділер бөлек орта қалыптастырды, әрқайсысы өздері үшін ғана жауапкершілік арқалайтын болды.
Қалалар тез өсіп-өркендеп, шағын елді мекендердің дамуы тұралады.
Ғалымдар мұның барлығы әлеуметтік жауапкершіліктің әлсірегенінен деп есептейді.
Әлеуметтік жауапкершілік қайткенде орнына келеді? Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн. «Толық адам» деген сөз ағылшын тіліндегі «A man of integrity» түсінігіне сай келеді. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Қазір тарап жатқан осы ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ түсіндіріп айтты.
Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады.
Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы.
Осындай таным-түсінікпен өмір сүрген халқымыз өзі қиын жағдайда отырып, өзге ұлттарды бауырына басқан. Өзі асқа жарымай қиналса да, бір тілім нанын бөлісіп жеуді парыз санаған. Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы халқымыз өзінің ұлт ретінде сақталуы үшін барын салған.
Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін.
Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы еңбек арқылы шыңдап отыруды құп көреді. Сонымен қатар, орынды әрекеттің уайым-қайғыны жеңетінін дәлелдеп, масылдықпен күрестің психологиялық қырларына терең бойлайды. Қазір біз көп айтып жүрген эмоционалды интеллектіге де сол тұста назар аударды. Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған.
Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек.
Халқымыз еңбектің қадірін біледі. Біз ата-аналарымыздың тылдағы ауыр еңбегі жеңіске жетелеген орасан күшке айналғанын ұмытқан жоқпыз. Қазір де қарапайым еңбек адамдарының үлгілі істері жетерлік. Жақында солардың біразы мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Ең бастысы, бүгінгідей бейбіт кезеңде әр азамат өзінің еселі еңбегі еліміздің экономикасын ілгерілетуге тікелей ықпал ететінін түсінуі қажет.
Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады. Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады. Сонымен қатар ақын бастамашылдықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды. Мысалы, өзінің оныншы қара сөзінде «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?», – деп тұжырым жасайды.
Абайдың ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі «мал жұтайды, өнер жұтамайды» (отыз үшінші қара сөз). Ұлы ақынның бұл ойлары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де өзекті деп санаймын. Сондықтан біз бүгінгі таңда шикізатқа тәуелділік психологиясынан арылуды, шағын және орта бизнесті барынша өркендетуді негізгі басымдықтың бірі ретінде белгілеп отырмыз.

Әлемдік мәдениеттің тұлғасы

Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз.
Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселелер туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал, рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», – деген сұрақ туындайды.
Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.
Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әдебиетінен, тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтады.
Абайдың асқан ойшылдығы оның діни талғам-танымынан да айқын көрінеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», – дейді ол. Бұл ой-тұжырымға ол Шығыс пен Батыс философтарының еңбектерін терең біліп, зерттеп, зерделеп барып жеткені анық. Ол отыз сегізінші қара сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді.
Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның «кәміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аударады. «Кәміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға.
Елордада барлық діннің басын қосып, дәстүрлі жиын өткізіп келе жатқанымызды білесіздер. Мұндай іс-шаралардың мақсаты мен ұлы Абай ұстанымының арасында өзара үйлесімділік бар.
Ақынның барша адамзат баласының жан дүниесінің тазалығын сақтауға деген ниеті бәрімізге ой салады.
М.Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесі көркем образ ретінде әлем әдебиетінде жоғары бағаланғаны белгілі. Бірақ бұл – Абайды танудың бір қыры ғана. Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қарасөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек. Ол әлемнің кең таралған негізгі тілдеріне барлық бояуын сақтай отырып аударылуға тиіс. Бұған біз толық қол жеткізе алдық деп айту қиын. Нағыз ұлт ақындарын өзге тілдерге аудару – оңай шаруа емес. Аудармашы да сол ойшылдың деңгейіндегі талант болуы керек. Біздің абайтанушы ғалымдарымыз, тіл мамандары мен жанашыр азаматтар осы мәселеге ерекше мән бергені жөн.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер.
Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға» – деген болатын. Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл – классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Нақыл сөз, ғибратты сөз, ғақлия сөздер деп әрқилы аталғанымен, бұл – ерекше жанр.
Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мәдениет, ізгілік. Хакім Абайдың қара сөздеріне балама еңбек іздесек, француз ойшылы Монтеньнің жазбалары ойға оралады. Десек те, Монтень өз болмысы мен адам тұлғасы жөнінде көбірек ой толғаса, Абай қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, мақсатты ұстанымға айналдыру. Демек, ұлы ойшылдың қара сөздері – аса құнды еңбек.
Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуға тиіс.
Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп, бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық.
Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы.
Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз.
Ең алдымен, Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы.

Торқалы тойдың тағылымы

Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы.
Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын.
Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауға тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз.
Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.
Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.
Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады.
Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланып отыр. Бұл мәдени іс-шараларды ысырапшылдыққа жол бермей ұйымдастыру қажет.
Шығыс Қазақстан облысының Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы абаттандырылады.
Сонымен қатар, Абай тұлғасын жоғары дәрежеде дәріптеу үшін Үкімет мынадай шараларды қолға алуы керек деп есептеймін.
Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан, елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын.
Мерейтой жылы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау қажет.
Сонымен қатар, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек.
Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу қажет.
1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек.
Осы және басқа да ауқымды шаралар Ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеу үшін өткізілмек. Ендеше, бүкіл Қазақстан халқын осы игі бастамаға белсене атсалысуға шақырамын.

* * *

Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз.
Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз – бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуға тиіс деп білемін. Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын.
Елбасы бастап, ел қостап, биік белестерді бағындырдық. Озық елулікке кіреміз деп мақсат қойдық, ол мақсатқа мерзімінен бұрын жеттік.
Озық отыздыққа қосылуды межеледік. Ол межеге де жетеміз. Сол межеге жетуге де бізге Абай мұрасы көмек бере алады. Ендігі мәселе – біз сол Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей аламыз ба?
Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз.
Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.
Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.
Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді.

Страница 1 из 355