Ел рухын асқақтатқан саңлақтар

Понедельник, 22 Август 2016 12:27 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4940 раз

Тамыздың 17-нен 18-не қараған түн Қазақ елі үшін жеңіспен есте қалды. Рио-де-Жанейро төрінде Әнұран шарықтап, көк Ту биікте желбіреді. Бұл – ұзақ күткен жеңіс еді. XXXI Олимпиаданың 13-ші күні ел қоржынына үшінші алтын медаль түсті. Боксшы Данияр Елеусінов өзбекстандық қарсыласын жеңіп, чемпион атанды. Тағы бір тарихи сәт – әйелдер күресінен қазақ қызы Эльмира Сыздықова қола жүлде жеңіп алды.

13932798 856101401186461 3714095480311970396 n

Бәрін басынан айтайық. Бокста 69 келі – қазақ жанкүйерлері үшін құтты салмақ. Қатарынан үш Олимпиаданың алтыны осы салмақта бұйырған еді. Осынау жеңісті жолды Данияр Елеусінов те жалғастырды.

Финалдық сында Елеусінов өзбекстандық Шахрам Ғиясовпен күш сынасты. Данияр қорғана жүріп жұдырықтасу тактикасын қолай көріпті. Жартылай финал асуында франциялық қарсыласы баспен соғып, қабағын жарып жіберген-тін. Жанкүйерлердің қауіптенгені де сол. Күш-қуаты да мол, техникалық арсеналы да бай отандасымыз өзбек боксшысын алдап соқты. Бірінші раундта бірнеше соққысын дарытты. Ал қарсыласының соққылары көбіне ауаны осып жатты. Екінші раундта да жерлесіміз осы мәнерден айныған жоқ. Күтіп алып, қарымтасын қайтару нәтижесін берді де. Ал соңғы шешуші раундта құрама капитаны Ғиясовты төпелеп тастады. Әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы осылайша Олимпиаданың алтынына да қолы жетті. Бәсеке соңында жеңістен буыны босап тұрған дарынды ұл барша бапкерлеріне, отандастырына ыстық сәлемін жеткізді. Ал өзбек боксшысы «Данияр екеуміз бауырлас екі елдің достары болып қала береміз» деді. 

hR1Fm3n60eM

Бұл күні шаршы алаңға көтерілген аруымыз Дариға Шәкімова да отандастарын қуантты. Ширек финалда бақ сынаған ол мароккалық Хадиджа Мардиді жеңіп, жартылай финалға шықты. Ендігі қарсыласы – АҚШ өкілі Кларисса Шилдс.
Риода бозкілем бәсекелері қыза түсті. Өткен нөмірде грек-рим күресі шеберлері жүлдесіз қалғанын жазған едік. Кеткен есені аруларымыз қайтарып берді. Алғашқы күні кілемге шыққан Эльмира Сыздықова (69 келі) Олимпиада ойындарының қола жүлдесін иеленді. Бұл – күрестен қазақ қыздарының тарихтағы алғашқы жүлдесі.
Эльмира алғашқы белдесуінде ресейлік Наталья Воробьевадан 1:4 есебімен жеңілгенімен, жұбаныш белдесуде моңғолиялық Насанбурмо Очирбаттан айласын асырды. Ал қола жүлде үшін таласта мысырлық Энас Мұстафа Юсеф Ахмедтен бағы үстем шықты.
Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарындағы медаль саны бойынша рекорд жаңартатын сыңайлы. Бұған дейін Олимпиада ойындарында қоржынға 13 медальдан артық түспеген. Қазірдің өзінде 12 медаль иелендік. Оның үшеуі алтын. Әділбек Ниязымбетовтың финалға, Иван Дычко мен Дариға Шәкімованың жартылай финалға шыққанын ескерсек, алда нәтиже еселене түскелі тұр.
Бір айта кетерлігі, Рио Олимпиадасы тұңғыштарды сыйлаған сайыс ретінде есте қалмақ. Ең бірінші болып, зілтемірші Жазира Жаппарқұл бастап беріп еді. Енді міне, күрестен де, бокстан да қыздар арасындағы алғашқы жүлдені иелендік.
Әзірге дейін, 70 мемлекеттің спортшылары жүлде алып үлгерді. Көш басында 30 алтын, 32 күміс, 31 қола жүлдемен АҚШ спортшылары тұр. Қазақ елі 18-ші орында. 3 алтын, 3 күміс, 6 қола жүлдемен. Азия құрлығында Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореядан кейін төртінші болып келеміз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.