Жастар саясатын дамытудың үш тетігі

Среда, 21 Декабрь 2016 06:24 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4861 раз

«Спорт залдарыңыз керемет екен. Енді осы маңайдағы тұрғындарды шақырып, жиі спорттық іс-шаралар өткізіп тұрыңыз. Сіздің колледжіңізді жастар, тұрғындар одан сайын жақсы көре түсер еді. Себебі, кеше жастардың кездесуінде болдым. «Спорт залдары жетіспейді» дейді. Ал мынадай спорт залды дұрыс пайдаланып, қарапайым тұрғындарға қолжетімді етейік». Таяуда инновациялық-технологиялық колледждің тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев оқу орнының басшысына осындай ұсыныс айтты. Рас, жастар саясатын жастарға жағдай жасау арқылы ғана дамыта аламыз. Енді осы ұсынысты қолдайтындар табылса құба-құп.

1364297467 voleybol muzhchiny2

Облыс басшысының бұл ұсыныс-тілегі бүгін ғана айтылып тұрған жоқ. Халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту мәселесінің көтерілгеніне біршама уақыт болды. Ендігі атқарылар шара – істің жүйесін тауып, жүзеге асыру. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева мектептердің спорт залдарын тұрғындардың шұғылдануына мүмкіндік беру жөнінде бірқатар ұсыныс жасаған еді. 

Мұндай бастамалар, әсіресе жастарға қажет. Біз – жастарына сенген елміз. Жас ұрпақтың болашағы үшін жүзеге асып жатқан жақсы бастамалар одан әрі де жалғаса бермек. Қазір науқандық іс-шараларды жалаулатып, дабыра еткеннен гөрі нақты іске көшетін кез. Ендігі кезекте жастар саясатын дамытуда жүйелі іс керек. Цифрларды самсатып, өз-өзімізді алдағаннан ешнәрсе ұтпайтынымыз анық. 

Осыдан екі ай бұрын қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов төрағалық еткен жиынға қатыстық. Басқосуда қаладағы жастар саясатын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар талқылаға салынды. Тиісті сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктелген. Сол жиында Ғабидолла Рахматоллаұлы қаптаған цирфрлар емес, нақты жұмыс қажеттігін айтты. Жиын соңында қаладағы жастар саясатын дамытуда негізгі үш бағытқа назар аударуды тапсырды: Біріншіден, жастарға дұрыс білім берілуі тиіс. Екіншіден, жұмыспен қамтуды үйлестіріп, бос жұмыс орындарын ашуды және үшіншіден, спортпен жүйелі түрде шұғылдануға көңіл бөлу қажет.

Халқы миллионға жетеқабыл Шымкентте бұқаралық спорттың дамуында оң бетбұрыс бар. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін де жағдайлар жасалуда. «Шымкентбайк» велостанциялар жүйелері іске қосылды. Бүгінде 42 велостанция жұмыс істеп тұр. Мәселелер уақыт сәтімен шешімін тауып жатыр: қаланың демалыс орындарында спорттық алаңдар орнатылып, фитнес орталықтары көбейді. Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің мәліметі бойынша, бүгінде қаламызда 193 870 адам бұқаралық спортпен шұғылданады. Облыс орталығында жалпы 871 спорт нысаны тіркелген. 314 спорт алаңы, саябақта 15 спорттық тренажер, 11 спорт кешені, 8 бассейн, 124 мектепте спорт залдары жұмыс істейді.

Қаладағы жоғары оқу орындарының басым бөлігінде заманауи спорт залдары бар.

1364297467 voleybol muzhchiny2

М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың өзінде бірқанша («Денсаулық», «Буревестник», т.б) спорт залдары студенттер игілігіне айналған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында «Дәулет» спорт кешені жұмыс істейді. Мұнда осы күні көптеген бұқаралық іс-шаралар өтіп жатыр. 

Ал мектептердегі бүгінгі ахуал қандай? Спорт залдары қаншалықты қолжетімді? Бүгінде қала мектептерінің бәрінде спорт залдары баршылық. Оқушылардың жетістіктері де тәп-тәуір. Мәселен, Саттар Ерубаев атындағы № 24 мектеп-лицейдің тыныс-тіршілігімен танысып, көңіл қуантарлық жағдайларға куә болдық. 2010 жылы пайдалануға берілген мектептің спорт залдары заманауи үлгіде жабдықталған. Аулалары кең. Бүгінде мектеп оқушыларының 80 пайызға жуығы спорттық секциялармен қамтылған. Білім ошағының 5 футбол командасы бар. Шәкірттер Грузия, Түркиядағы аяқдоп бәсекелеріне қатысып, олжалы оралып жүр. Мектептің сыртында футбол мен баскетболға арналған екі стадионы бар. Директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Жанар Нысанбаева жақсы жетістіктерді әңгімелеп берді. 

– Оқушылардың спортқа деген құлшынысы зор. Секциялар кешкі сағат 5-тен 8-ге дейін созылады. Спорт секцияларында шәкірттерімізді облыстық, қалалық спорт мектептерінен келетін арнайы бапкерлер жаттықтырады. Қазір балалардың әсіресе, каратэ-до, футбол, үлкен тенниске қызығушылығы артып келеді. Білсеңіз, кейде спорт залдарын көбейту қажеттігі де туындайды, – дейді ол. Сонымен бірге, Ж.Нысанбаева мектеп сыртындағы футбол алаңында осы маңдағы тұрғындар жаз бойы доп қуалайтынынан да құлағдар етті. Яғни, жаз мезгілінде спорт алаңдары бос тұрмайды. 

Әңгіме барысында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының ұсынысын да тыңдадық. «Жалпы, балалардың көбісі суда жүзуге құмар. Сол себептен, мектеп жанынан бассейн ашылса тіпті ғанибет болар еді. Суда жүзудің денсаулыққа пайдасы көп. Әрі кез келген ата-ана балаларының спорттың бұл түріне қатысқанын құба-құп көретініне сенімдімін», – дейді Ж.Нысанбаева Бұл – өте орынды ұсыныс. Расында, білім мекемелерінде болсын, жалпы қала тұрғындары үшін бассейннің ашылғаны көптік етпес еді. Рио ойындарында Дмитрий Баландин су түбінен алтын теріп, әлемді таңырқатты емес пе?! Су спортында да қазақтың алар несібесі барына әлем жұрты куә болды. Мінекей, алдағы күні мектептердің спорт залдарын жаңғырту жұмыстары кезінде осы мәселеге де назар аударылса дейміз. 

Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің алдында тұрған мәселенің бірі де осы – қала тұрғындарына спорт залдардың қолжетімділігін арттыру. Олар қала әкімдігіне мектептердің спорт залдарын осы аумақтағы тұрғындарға қолжетімді ету туралы ұсынысын да жеткізген болатын. Бұл мәселе уақыт сәтімен шешімін таппақ. 

Жастарға спорт залдарын қолжетімді ету, қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту – жастар саясатын дамытудағы негізгі үш тетіктің бірі. Сондықтан, бұл мәселеге салғырт қарауға болмайды. Облыс және қала әкімдерінің ұсынысы әрбір спорт мекемелері, білім ошақтарының басшысын ойландыруы тиіс. Жастар саясатын жастарға жағдай жасау арқылы ғана дамыта алмақпыз.

Последнее изменение Среда, 21 Декабрь 2016 09:16
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.