Жалынды жас, уақытыңды бағала! Избранное

Среда, 18 Апрель 2018 07:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4003 раз

Шымкентте ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі пленарлық отырысы өтті. «Open Talks» ашық диалог форматында өткен жиында екі мәселе қаралды. Алдымен бүгінгі қазақ жастарының бойындағы құндылық жайы сөз болып, оның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалыптасуының негізгі аспектілері аталды. Сондай-ақ, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жайы талқыланды.

КӨРМЕ

Құрамында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, Парламент депутаттары, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев және орталық, жергілікті органдардың басшылары, жастар ұйымдарының өкілдері бар топ алдымен арнайы көрмені тамашалады. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына жылдан астам уақыт өтті. Тоғыз бөліктен тұратын қорытынды көрме осы бағдарлама аясында өңірде жүзеге асырылған жұмыстарға арналған.

Көрмедегі ұлттық киімдер, облыстың көркем жерлері бейнеленген фотосуреттер, Астана қаласының 20 жылдығына арнап тоқылған кілемдер көздің жауын алады. Бұдан кейін облысымыздың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін анимациялық мультфильмдер, деректі фильмдер. Мұнда «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек Жолындағы ескерткіштер» фильмдерін тамашалауға болады. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ фильмдерінің қоржыны «Үш би» көпсериалды фильмі мен «Ордабасы – бірліктің туы», «Көне Түркістан», «Шымкент тарихы», «Оқсыз оқиғасы» атты анимациялық фильмдермен толығады деп жоспарланған. Ал ақын-жазушылардың туындылары мен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген азаматтар туралы кітап көрмесі өз оқырмандарын күтеді.

 

ЕЛІМІЗДЕГІ 132-УНИВЕРСИТЕТ

Көшпелі кеңес отырысына төрағалық жасаған Гүлшара Әбдіқалықова алғысөзді Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жас Отан» жастар қанатының IV cъезіне жолдаған құттықтауымен бастады. Президенттің жастарды жан-жақты дамуға – спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің бай мұрасын танып-білуге, ең бастысы, әлемдік деңгейдегі кәсіби маман болуға шақырғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 100 жаңа оқулық жобасы қолға алынғанын, енді қазақ жастары әлемдік бестселлер туындыларын ана тілінде оқи алатынын айтты. Оңтүстік өңірі үшін бұл үлкен жаңалық. Жастарға көмек деп ойлаймын, – деді Гүлшара Наушақызы.

Ал ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі, кеңес төрайымының орынбасары Д.Кәлетаевтың бүгінгі қазақ жастарының құндылық пайымдары және өзекті аспектілері туралы жасаған баяндамасы осында жиналғандарға салмақты ой тастады. Бейнебаян әр адам жеке өмірінің кенжелеп қалған тұстарына қоғамды кінәлаумен шектеліп, «алма піс, аузыма түс» деген түсінікпен уақытын өткізіп алуға болмайтынын ұқтыруға арналды.

Жалпы, Оңтүстікте жастардың сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Өңір басшысы Ж.Түймебаев астаналық қонақтар алдында өңірдегі жастар саясаты туралы баяндады.

– Елбасының саясатына сәйкес, соңғы екі жылда облыста екі мемлекеттік жоғары оқу орнында 1000 орындық жатақхана соғылып, пайдалануға берілді. Ал биылғы ІІ жарты жылдықта студент жастарымызға арналған тағы да екі жатақханың құрылысын бастау көзделіп отыр, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, облыстағы жоғары оқу орындарында 7200-ден астам студент-жастар тұратын 26 жатақхана бар. Ал ең басты жаңалық Шымкент қаласы аумағында ең үлкен «Қазақ жаңа инновациялық университетін» салу жоспарлануда. Бүгінде білім ордасына 150 га жер бөлінген. Бұл оқу орнында он мыңға жуық студент білім алады деп күтілуде.

Пленумда жастардың туған елге қызмет етуі де сөз болды. Арыстанбек Мұхамедиұлы өз әріптесін үлгі ретінде көрсетті.

– Елге қызмет ету үшін жастардың міндетті түрде шетелде білім алуы шарт емес, – деді мәдениет және спорт министрі. – Бүгін алдарыңызға министр болып келіп отырған Дархан Аманұлы Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданында мектеп бітіріп, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Туған елде білім алып, еңбек тәжірибесін де Қазақстанда арттырды.

Министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұдан әрі қазақ кино қорының тарихи дүниелермен байи түсетінін және оған жергілікті «САҚ» киностудиясының қосар үлесі зор екенін атап өтті.

 

ЖАС СПОРТШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСУ

DSC 9005

Бұдан кейін мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Шымкент қаласындағы №5 спорт мектебінде жас спортшылармен кездесіп, пікір алмасты.

DSC 8764

– Бүгінгі таңда әлемдік спорт алаңында Қазақстанның өз орны бар. Елбасымыз Н.Назарбаевтың спортшыларға деген құрметі ерекше және өзі де маңызды шаруалардың көптігіне қарамай спортпен айналысуға міндетті түрде уақыт бөледі. Еліміздің осы бағытта жеткен жетістіктеріне Оңтүстік Қазақстаннан шыққан спортшылардың қосқан үлесі зор. Міне, осындай нәтижелі жетістіктер мен көрсеткіштерге орай спорт саласын дамытуға қаржы бөлініп, түрлі жаттықтыру алаңдары пайдалануға беріліп жатыр. Құрметті жас спортшылар, осы мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып, жеңіс тұғырының биігінен көрінеді деп сенеміз. Бастысы, уақытты тиімді пайдалана біліңіздер, – деген министр жастарға сәттілік тіледі.

Последнее изменение Среда, 18 Апрель 2018 08:19
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.