Жастардың намысын жаныған кездесу

Четверг, 26 Январь 2017 12:01 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5305 раз
Жастар тәрбиесі, ұлттық намыс дегенде айтылар сөз көп. Бүгінгі қоғамда ұл мен қызды тәрбиелеуге, өмірден өз орнын табуға дұрыс бағыт-бағдар беретін кім? Міне, бұл – өзекті мәселе. Қазақта сөзімен ісі сәйкес келетін нар тұлға азаматтар баршылық. Ережесіз жекпе-жектен бірнеше дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров облыстың жастарымен кездесіп, ашық сұхбат құрды. Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» КММ-нің ғимаратында өткен жиында тағылымды әңгімелер айтылды.
 
«Өскелең ұрпақ – Ұлы дала мұрагері». Осындай тақырыпты арқау еткен жиын тұп-тура екі сағатқа созылды. Жиналған көпшілік намысты жанитын әңгімеге шөліркеп қалғандай әсер қалдырды.
IMG 6811Рас, намысты ту етіп, елдің елдігін танытатын спортшылар қауымы. Ардақ Құттықожаұлы – панкратионнан үш дүркін әлем чемпионы, Азияның абсолютті чемпионы. Бүгінде «Alem fighters» клубының негізін қалап, шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. Кәсіпқой жекпе-жек клубынан бүгінге дейін 8 әлем чемпионы шығыпты. Оған қоса, шәкірттерінің бойына спорттық тәлім ғана емес, қазақы мінез бен ұлттық қасиеттерді сіңіріп жүрген азамат.
 
Қадірлі қонақ алдымен өзінің спортқа қалай келгенін, отбасында қандай тәрбие алғанын әңгімелеп берді. Өзі әуелде құрылысшы мамандығы бойынша білім алған. Бірден жұмыс табыла қоймағаннан кейін, кәсіпқой спортшы болуға бел буыпты. Қазір – жаңаша ойлап, ұлт тәрбиесіне жауапты қарайтын сәт. Бұл тұрғыда көпшілікті ұйытып, есті сөз айтып жүрген спортшы бұл кездесуде де тарихтан сыр тарта отырып, тебірене сөйледі. Әрбір қазақ жасына қарата намысты сөз де айтты.
 
IMG 6755– Әрбір қазақ жасы дара тұлға болуы тиіс. Өз үйінде де, түзде де. Жігіттер бірінші өзімізді тәрбиелік. Сонда қыздарымыз да, перзентіміз де иманды болып өсер еді. Қазақ қызының бір тал шашы жерге түспесін. Оны қызғыштай қорғау өзімізге байланысты, – деді иманды азамат жігіттерге ой тастап.
 
Кездесуде жастар тарапынан  қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берілді. «Қазақтың қазақ болып қалғаны, ата-аналарымызды лайықты құрметтей білсек, жасөспірімдеріміз текті болса, әрбір ауылда спорт мектептері ашылса, арманымның орындалғаны деп білемін» деп  өзінің өмірдегі басты армандарына да тоқталды. Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Болат Жанәбіл келген қонаққа алғысын білдіріп, мұндай жиынның жастарға берері мол екенін айтты.
 
IMG 6829– Осындай кездесуді барлық аудан-қалаларда өткізсек деген жоспарымыз бар. Кеше Ордабасы ауданында, бүгін Шымкентте жастарымызбен жүздесіп отыр. Біз әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді басқарма басшысы.
 
Көпшілікпен бірге естелік суретке түскен танымал спортшы жастармен кездесу үшін Сайрам ауданына аттанып кетті.
 
Т. ҚАСЫМ
Последнее изменение Четверг, 26 Январь 2017 12:30
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.