Бішкектегі балуандар бәсекесі

Пятница, 30 Март 2018 04:30 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 583 раз

бауырмалдық пен мәдениеттер дәстүрін паш етті

 

Күрес түрлерінен Қырғызстанда өтетін Азия чемпионатына алғаш куә болмаққа бел будық. Бұған дейін түрлі себептермен жолымыз түспей жүретін. Арқа сүйеріміз тек спорт арналары. Сол себепті көрші елдегі қызықтан құр қалғымыз келмеді.

Бұл жолы тамашалап қайту нәсіп болыпты. Жұмыстан кезекті еңбек демалысына шыққанмын. Қырғыз елінің балуандары да бізге бөтен емес. Грек-рим күресі құрамасының жігіттері Шымкенттегі оқу-жаттығу жиындарына әрі жарыстарға жиі келетінін байқаймыз. 

Білсеңіздер, құрлық чемпионаты 2007 жылы да осы елде өткен. Қожамқұл Қабаұлы спорт сарайы жанкүйерлер үшін жақсы таныс. Сонымен, XXXI Азия чемпионатына 28 елден 400-ге жуық спортшы жиналған. 

Бішкекке бәсеке басталардан бір күн бұрын жеттік. Сол күні стадионның жанынан пәтерге де орналасып алдық. Қырғызстандық спорт журналисі, досым Бақыт Шүкірәлиев – елгезек жігіт. Телефон арқылы байланысып тұрамыз. БАҚ өкілдері үшін аккредитация «Ақ кеме» қонақ үйінде болып жатқанын сол әріптесім хабардар етті. Дереу такси ұстап, тез жеттім. Серб азаматы куәлікті 5 минуттың ішінде дайындап, қолыма ұстатты. 

Ендігі ойым қазақ балуандарымен сәлемдесіп, аз-кем әңгімелесу еді. Еліміздің құрамасы «Жаннат» қонақ үй кешеніне орналасыпты. Негізінен жарыстың алдында спортшылармен жүздесуді жаттықтырушылар құп көрмейді. Құрамадағы жігіттермен хабарласып, келгендегі мән-жайды айтып едім, олар «ішке кіріңіз» деді. Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, белгілі балуан Алмат Кебісбаев пен Азия чемпионы Ерұлан Ысқақов екеуі бірге тұрады екен. Бөлмелері тап-тұйнақтай. Таза. Осында намаз оқиды. Жүздерінен нұр төгілген жігіттер ғой. 

Сәлемдесіп, бәріне де сәттілік тіледік. «Азия чемпионатында соңғы рет 2011 жылы жеңімпаз  болған едім. Енді сол нәтижені қайталауым керек. 60 келіде он жылдай күресіппін. Енді 66 келіде белдесемін. Салмағым да біршама ауырлады» дейді Алмат. Ерұлан да Астана кілеміндегі жеңісті сәтін жалғастыруы керегін түсінеді. 

2017 жылғы Азия чемпионы Мақсат Ережепов пен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Айдос Сұлтанғали да бір бөлмеден орын алған. Мақсаттың да мақсаты айқын. Өткен жылы чемпион болғанын тағы да дәлелдеу міндеті тұр. 


Мен барғанымда жігіттер жаттығуға қамданып жатты. Әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Демеу Жадыраев, Мейрамбек Айнағұловпен аз-кем әңгімелесіп үлгердік. «Дайындық жақсы. Таразда соңғы дайындығымызды пысықтадық. Енді бар күшімізді саламыз» дейді Демеу құрдас. 

Бас бапкер Нұрым Дүйсенов, аға жаттықтырушы Бақтияр Байсейітов, әйгілі балуан Георгий Цурцумиямен, құрамадағы басқа да жігіттермен амандастық. Нұрым Сапарұлы да жанкүйер болып келгенімді біліп, өз ілтипатын білдірді. Біздің құрама мінген автобуспен спорт сарайына жетіп алуды өтінгеніме қарсы болған жоқ. 

Автобуста жігіттер әзілдеп, көтеріңкі көңіл-күймен отырды. Дарынды балуандардың бірі Мейрамбек Айнағұлов құлаққаппен «Мен қазақпын» әнін тыңдап келді. Нағыз бойды шымырлатар, шабыттандыратын асқан ән. Жаттықтырушылар мен спортшылардың өзара әзілдесуі де жарасымды-ақ. 

Мойнымда аккредитация қағазы. Бішкек көшелерінде алшаң басып жүрмін. Афишаларға Азия чемпионатының жарнамалары ілініпті. Орталық көшелерде бұрымды балуандардың, стадион алдына жас балуан Ақжол Махмудовтың фотосы тұр. 

Қырғыз ағайынның басты үміт артары осы жігіт қой.

 

Қос қазақтың күресі – нағыз фантастика!

Жарыс көру бір ғанибет емес пе?! Таңертең ерте тұрып, дайындалдық. Стадионға сағат 8:30-да келіппін. Жауын жауып тұр. Қырғыз ағайындар грек-рим күресін жақсы көретінін білеміз. Айтқандай-ақ, залдың іші жанкүйерлерге лық толды. 

Таңмен таласа бозкілем бәсекелері басталып кетті. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауы өктем шығады. «Көтер», «Бошама», «Өзің жаша» дегенді ауық-ауық айтып қояды. Енді бірде қазақ жанкүйерлерінің дауысы естіледі. 


Бір сәт боз кілем хабарлаушысы залда даңқты қазақ балуаны Дәулет Тұрлыханов отырғанынан құлағдар етті. Біз де арқаланып қалдық. Дәл осы сәтте Мейрамбек Айнағұлов Иран балуанын он тоғыз секундта жеңіп, көңілді одан әрі рухтандырып қойды. Қырғыз жанкүйерлері де қайратты қазақ балуанының жеңісіне дүркірете қол соқты. 

Нағыз мықтылардың бәсекесі басталардан бұрын толқитынымыз бар ғой. Бұл да бір тарихи сәт еді. Сағат 12:40-та М. Айнағұлов пен өзбек еліндегі қандасымыз Е.Тасмұрадов жартылай финалда күресті. Қазақ елі жанкүйерлері қиқу салады. Екеуінің күресі біраз қобалжытты-ақ. Елмұрат бірінші кезеңде 1:8 болып жеңіліп жатқан. Екінші кезеңде өр мінезді спортшы жеңісті жұлып алды. Қалай десек те, Олимпиадада жүлде алған тісқаққан балуан ғой. Қос қазақтың күресі нағыз фантастика дерсіз. 

Финалдық сынның алдында чемпионаттың ресми ашылу салтанаты өтті. Қырғыз елінің Премьер-Министрі Сапар Исақов: «Күрес түрлері – Қырғыз еліндегі басымдыққа ие спорт түрлерінің бірі. Жиырма мыңға жуық жас осы спортпен шұғылданады. Бұл – өте жақсы. Құрлықта да барлық елде дамып келеді» деді. 

Біріккен күрес әлемі Азия күрес кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыхановқа сөз берілді. Азия күрес кеңесінің басшысы: «Саламатсыздар ма, қадірменді қырғыз халқы!» деп қазақша екпіндете сөйледі. Әрі қарай сөзін ағылшынша жалғады. Қырғызстан күрес федерациясына, жастар ісі және дене тәрбиесі агенттігі басшыларына алғысын айтты. Әйгілі қазақ балуаны қырғыз ағайындарға деген құрметі жоғары екенін аңғартты. «Рахмет сіздерге, аман болайық!» деп сөзін қазақша түйіндеді. Осылайша Азия чемпионатын ашық деп жарияланды.

Одан әрі финалдық бәсекелер де басталды. Финалға Ираннан – 3, Өзбекстан, Қырғызстан және Жапониядан 2 балуан шықты. Иранның бір топ жанкүйері кілемге жақын жерге жайғасып алыпты. Олардың қолдауы бөлекше. Грек-рим күресінің бірінші күнгі шешуші кезеңінде бүкіл халықты өздеріне қаратты. Залдың ішінде айқай-сүрен салады. 4 жасар баласына дейін жалау ұстатып қойған. «Иран, Иран» деп хормен айқай салады. Сөйтсек, олар Бішкек тұрғындары екен. 

Сонымен, Иран 2 алтын, Жапония, Өзбекстан, Қытай 1 алтын жүлдеге ие болды. Бізге бұйырғаны – 3 қола. Көңіл күпті. Мақсат Ережепов өткен жылғы нәтижесін қайталай алмай, қоламен шектелді. Қорлан Жақанша мен Мейрамбек Айнағұлов та қола жүлдені місе тұтты. 

Дегенмен, екінші күні үмітіміз жанатынына сендік. Алмат Кебісбаев, Демеу Жадыраев, Айдос Сұлтанғали, Асхат Ділмұхамедов сынды жігіттердің қарымы көпшілікке мәлім ғой.

 

Қазақ-қырғыз текетіресі

Жарыстың екінші күні. Бішкекте өз елімде жүргендей сезінгенімді несіне жасырайын. Чемпионатты тамашалауға ОҚО балуандары да келген. Аға бапкер Әбдірахман Архарбеков шәкірттерінің жанында. Облыс құрамасы мұнда жаттығу жиындарын өткізіп жатыр екен. 

Белдесулерді Әсет ағаның жанында отырып тамашаладық. Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Әсет Иманбаевты айтамыз. Бүгінде ол Кәркен Ахметов атындағы республикалық спорт мектеп-интернатында аға бапкер қызметінде. Қасымызда ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Еркін Телақынов аға да бар. Кезінде Қазақстан әйелдер құрамасын баптаған. Одан беріде грек-рим күресінен әскерилер құрамасын Тегеранда өткен әлем чемпионатына бастап барған маман. 

Әсет аға екінші күнгі белдесулердің жеребесін өзі тартыпты. Әсіресе, 67, 72 келідегі жігіттерге жеребе сәтті түскенін, олар финалға емін-еркін жетуі тиіс дейді. Дегенмен, 60 келіде Айдос Сұлтанғали қиын топқа түскенін жасырған жоқ. Еркін аға болса «Құрамамен бірге сені әрдайым жеребе тартқызуға алып жүру керек екен ғой» деп әзілдейді. 

Үмітіміз зор. Бүгін әлем чемпионатының жүлдегерлері, Олимпиада ойындарына қатысушылар күреседі. Алтынға үміттілер ғой. Екінші айналымда Кебісбаев пен Жадыраев қатар күресіп жеңіске жетті. 

60 келінің басты фавориттері де бір мезетте қатар белдесті. Қырғызстандық Қаныбек Жолчыбеков пен Жапон елінің мықтысы Шинобу Ота, Айдос Сұлтанғали мен Иран елінің балуаны Шерзад Али өзара мықтыны анықтады. Әттеген-айы, А. Сұлтанғали парсы елінің өкілінен айласын асыра алмады. 

Біз ойлағандай, Кебісбаев, Жадыраев, Ділмұхамедов финалға шықты. Кебісбаев өзіне сенімді. Бәрін жайпап өтті. Демеуге финалда қырғыздың жас перісі Ақжол Махмудов қарсы шықпақ. Қырғыздар ағайындардың бар сенім артары осы жігіт. 

Расында, финал сұрапыл-ақ болды. Әдеттегідей, Алмат жапон балуанын қарсылас санаған жоқ. Бір деммен ұтып шықты. Лезде белгілі балуан Дархан Баяхметовтың ағасы Дәурен көк туды ұстата қойды.

Айнала жүгірді. Әнұранды тыңдадық. Керемет сезімді бастан кештік. Нағыз «қырғынды» 72 келіде тамашаладық. Жадыраев пен Махмудов соңына дейін тіресті. Қырғыздардың қолдауы да өзгеше. Жанкүйерлерінің қызу қолдауымен бұл жолы жас балуанның айы оңынан туды.

Не де болса, Асхат Ділмұхамедов есемізді қайтаратынына сендік. Солай болды да. Қырғыз елінің тағы бір мықтысы Атабек Азизбеков те Азия чемпионатының жүлдегері болған. Әккі балуан. Дегенмен, қазақ жігіті соңына дейін бар күш-жігерін салып, тәжірибесінің мол екенін дәлелдеді. 

Жігіттерді жеңісімен құттықтауға асықтық. Алматта екі дүркін чемпион болдым деген сезім жоқ. Сабырлы. Бас жаттықтырушы Нұрым Сапарұлын, Бақтияр Бағашарұлын керемет жеңіспен құттықтадық.

 

«Балуандарыңызбен бауырластығымыз зор»

Әйелдер күресі әсіресе, Азия құрлығында мықты дамыған. Жапония, Қытай, Моңғолия елінің аруларымен әлем санасады. Жапондарды айтпағанның өзінде қазір моңғолиялықтар да әбден төселіп алыпты. Дегенмен, жанкүйерлердің қарасы аз. Оның үстіне қырғыз елінің мықтылары қатыспайтыны мәлім болған. 

Финалдық сайыстарды тамашалап отырмыз. Ирина Казюлина күресіп жатқан кезде қазақ қыздарының дауысы шығады. «Ира, өзің істе, босама» дейді қазақша...Сөйтсек, Ирамыз қазақшаға судай екен. 

Қоңсы елдегі ең атақты балуанның бірі – Айсұлу Тыныбекова. Азия ойындарының қола жүлдегері. Азия чемпионы. 2017 жылғы әлем чемпионатында қола алды. 

Қазақ елі бұрымдылары туралы пікірін сұраймыз. Біздің арулармен тонның ішкі бауындай араласатынын, бәрімен де сәлемі түзу екенінін білдік. Ә дегеннен Зарина Құнанғараева, Гүлмарал Еркебаева, Эльмира Сыздықованы атай жөнелді. Әсіресе, Гүзел Манюрованың нәтижелері де әрі адамгершілігі өте жақсы екенін айтты. 

«Қазақстан құрамасында да тәжірибелілер өте көп. Әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері бар. Рио Олимпиадасында Қазақстан балуандары өте жақсы нәтиже көрсетті. Үш медаль – бұл зор жетістік» дейді спортшы қыз. 

Сонымен, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Элмира Сыздықова қола жүлде алды. Бұл – құрлықтық біріншіліктегі төртінші жүлдесі. Әттеген-айы, жартылай финалда Қытай балуаны Циан Жоуға есе жіберіп қойды. 

Құрамадағы ең ересек балуан Жұлдыз Ешімова да жаңа салмақта күресіп, бесінші жүлдесіне қол жеткізді. Бір айта кетерлігі, алғаш рет 2007 жылы осы елде чемпион болған. Ирина Казюлина да үшінші орыннан көрінді. 

Толайым жетістіктер әсте естен шықпас. Рио ойындарында Қазақстан әйелдер құрамасы тарихи жетістікке жеткен. Қайрат Сағадиев бастаған команда 1 күміс, 2 қола жүлдемен оралып еді. Қайрат Жұманұлы биылғы Азия чемпионатындағы нәтиженің себебін түсіндіріп берді.

Негізінен, бес салмақта – 76, 65, 62, 59 және 57 келіде екінші нөмірлілерге сенім артылыпты. Қалған салмақтарда іріктеуден өткен қыздар күресті. «Гүзел Манюрова таяуда ғана басшылық қызметке тағайындалғанын білесіздер. Ларионованың иығына ота жасадық. Команда біршама жасарды. Кейбірінің жарақаттары бар. Азия ойындарында да алты салмақтың үшеуінен жүлде күтеміз. Ешімова, Ларионова, Сыздықова, Еркебаева бар. Құрама әлі де іріктеледі. Қайсысы дайын, командаға сол ілінеді» дейді бас бапкер.

 

«Дәулетке жапонмен қалай күресу керегін айттым»

Еркін күрес бәсекесі басталарда күн жарқырап шықты. Халық та көп жиналды. Қырғыз елі еркін күресті де жақсы көретін сыңай танытты-ақ. Қазақстаннан келген күрес жанкүйерлері де біршама. Оларды ұрандарынан танисыз. 

Дәулет Ниязбеков Солтүстік Корея балуанын жеңді. Алдымда отырған белгілі балуан Дәурен Жұмағазиев әріптесінің өнеріне қол соқты. Екеуі Лондон ойындарына бірге барған. Жігіттерге ақыл-кеңесін айтып, шырылдап жүр. Еркін күрес сынында да белгілі спортшылардың жанында отырдық. Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері Мәулен Мамыров әрдайым құраманың әлеуетін байқап жүргені. Кейбір сәттерде жігіттердің жеңісті уысынан шығарып алғанына  күйінеді. Осындайда, кәнігі спорт мамандарының әңгімесін тыңдау бір ғанибет қой. 

Финалға Дәулет Ниязбеков суырылып шықты. Жартылай финалда өзбекстандық Усманохоновты уақытынан бұрын жеңді. Көңіл шіркін жақсылықты сезеді-ақ. Дәурен аға «Дәулетке жапонмен қалай күресу керегін айттым. Финалда да жеңуі тиіс» дейді көңілді одан сайын көтеріп.

Расында да жеңісті жолды Дәулет батыр бастап берді. Ниязбеков жапон Дайчи Такатаниді де айқын жеңіп, үш дүркін чемпион атанды. «Бәрекелді!» дестік. Содан кейін Жандос Исмайлов пен Мейіржан Әшіров қолаға қол созды. Көрсеткен ерліктері де алтынға татиды-ай. Мәулен ағаны, Дәуренді жеңіспен құттықтап, өз ризалығымды жеткіздім. 

Әдеттегідей, еркін күрестің финалында да «Иран, Иран» деп айқайлау күшейді. Ара-тұра «Қазақстан, Қазақстан» деген ұран қосылады. 

Қырғыздар біздің әнұранды жатқа білетінін байқатты. Тіпті, жақсы көретінін жанымызда отырған қырғыз жанкүйерлерінің әңгіме ауанынан естідік. 

Жарыстың соңғы күні. Азамат Дәулетбеков жеребе бойынша бірден Олимпиада және әлем чемпионы Хасан Язданичаратиге жолығып қалды. Сол бәсекені көруге асықтық. Қазақ ұланы тәуір бастап еді. Қателікке ұрынып, жинала алмай қалғанына өкіндік. Париждегі әлем чемпионатында да дәл осындай есеппен жеңілген-тін. Мойындау керек, парсы жігітін дәл қазір әлемде жығып беретін балуан табылмай тұр. Осы Азия чемпионатына да бірінші рет қатысып, өзге қарсыластарына бір ұпай да ұстатқан жоқ. Дәулетбековтың екі ұпай алғанының өзі атап өтеуге тұрарлық, әрине. 

Қуанышқа орай, Нұрислам Санаев та ел қоржынына кезекті алтын жүлдені сыйға тартты. Әділет Дауланбаев, Данияр Қайсанов бұл жолы да ерлік көрсетті. Қоржынға күміс, қола жүлдені салған еркін күрес шеберлерінің нәтижесіне көңіліміз тоқ. Осылайша Дәулет Ниязбековтың үш дүркін жеңімпазы атанғанынан көңіл жайланды. Рас, Сыр бойының саңлағы нағыз ерліктің үлгісін паш етті. Сұхбаттасуға асықтық. Маңдай тері кеппей тұрып, пікірін білу өзгеше ғой. Ары-бері іздеп едік, таппай қалдық. Біресе жаттығу залына, біресе көрермендер залына барамыз. Сөйтсек, допинг бақылауда ұзақ жүріп қалыпты. Ұзын-сонар кезек болғанға ұқсайды. 

Балуанмен ертеңіне жүздестік. Несін айтайық, біз де қуанып тұрмыз. Алдағы мақсаттарын білгіміз келеді. Бабы келіссе де Рио ойындарына жолы түскен жоқ. Салмағы Олимпиада бағдарламасына кірмеуі себепті. 

– 65 келіге әбден төселдік. Қазір негізгі салмағым – 70 келі. Жаттықтырушыммен бірге дене күш қуатты молайту дайындығына ден қойып жатырмыз. Енді осы салмақта Олимпиадаға баруға күш саламын. Бұйыртса, Қазақстан чемпионатына қатысамын. Әлем чемпионатын ұтсаң да ел чемпионатына қатысуың керек. Екі рет Азия ойындарына қатыссам да жүлде бұйырмады. Қоржынымда Олимпиада мен Азия ойындарының жүлдесі ғана жоқ екен, – дейді өзі. 

Еркін күрес бәсекелері осындай жағдайлармен есте қалды.

 

Қырғыздар күресті жақсы көреді

Жалпы командалық есеп бойынша грек-рим күресінде Қырғызстан 157 ұпаймен бірінші орын алды. Бұл – тарихи жетістік. 156 ұпаймен Қазақстан құрамасы екінші үздік. Біздің қоржында – 2 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлде. 148 ұпаймен Өзбекстан үшінші орынды түйіндеді. Иран, Жапония, Қытай құрамалары да тәуір нәтижеге жетті. 

Еркін күресте көрші Өзбекстан құрамасы көшті бастады. 178 балмен. Иран балуандары екінші орында – 157 ұпаймен. Қазақстан құрамасы 146 ұпаймен үшінші орынға нықтап орнықты. 

Әйелдер күресінде Қытай, Моңғолия, Жапония үздік үштікті өзара бөлісті. Біз Үндістан мен Кореядан кейінгі 6-шы орындамыз. 

Қырғыз елі күрес түрлерін жақсы көреді деуіміз бекер емес. Мұны Қырғызстан күрес федерациясының вице-президенті Нұрланбек Исмайлов та бізге емен-жарқын әңгімесінде айтып берді. 

– Бұған дейін екінші, үшінші болғанбыз. Азия чемпонаты елімізде үшінші рет өтіп жатыр. Балуандарымыз бізге осы жолы сый жасады. Қырғызстан халқы күресті өте жақсы көреді. Грек-рим күресін тамашаладыңыздар. Жанкүйерлердің қолдауы қандай?! Бізде күрестің үш түрі де дамып жатыр. Олимпиада, әлем чемпионаттарында әрдайым нәтиже көрсетеміз. 

Айсұлу Тыныбекова жарақаты себепті қатыса алмады. Жас қыздар тәжірибе жинады. Еркін күрестің нәтижелері де көңілдегідей.

Токиодан үміт көп. Азия чемпионатын өткіздік. Енді Олимпиадада жақсы күресеміз деген ойдамыз. Азия ойындарында да осы дәрежеден түспеуіміз керек, – дейді федерация өкілі.

Қырғызстан күрес федерациясы басшыларының қазақ жігіттеріне деген ықыласы да ерекше. Н. Исмайлов әсіресе, Алмат Кебісбаевтың әлі де болса құраманы өрге сүйреп жүргеніне таңданып һәм ризалық кейіп танытты. "Сіздердің құрамаларыңыздан тағы бір жігітті атап өткім келеді. Мейрамбек Айнағұловтың  қарым-қабілетіне біз де қуанып жүреміз. Тіл-көзім тасқа, осы жігіт күрестің бағы болайын деп тұр" дейді құрамадағы жігіттерге деген құрметін білдіріп.

Балуандардың дайындығы Джакартада сыналады

Бір апта бойы күреспен тыныстадық. Азия құрлығы балуандарының бір-біріне деген құрметі, кілемнің сыртындағы қызықты жағдайлар, әріптестерімізбен таныстығымыз – бәрі-бәрі естен шықпас, сірә?! Балуандардың жаттығу залына да емін-еркін кіріп жүргенімізді айттық. Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлерінің бәрі де қарапайым азаматтар. Бір-біріне деген сыйластығы сүйсінтеді. 

IMG 20180304 203454

Әріптестер демекші, Иран еліндегі «IRIBNEWS» телеарнасының журналисі Амирхошанг Данай да бір апта бойы репортаж дайындап жүрді. Бір қызығы, өзі ардагер тележурналист. Өзі оператор, өзі режиссер, өзі журналист. Бесаспап. Әр елге барып саясат, спорт хабарларын дайындайды. Орысшасы да жаман емес. Алматыға да жиі іс-шараларға келіп, қатысып тұратынынан хабардар болдық. 

Қанша уақыттан бері спортшылар қауымынан, әріптестерімізден сұхбат алып жүрміз. Бішкекте бірінші рет өзім респондет болдым. Қырғызстанның мемлекеттік ЭЛТР телеарнасының тілшісі Гүлжан Тұрдыбаева пікірімізді сұрап еді, жоқ дей алмадық. Ойда-жоқта келіскен сұхбатымызда қырғыз елінде де балуандық өнер жақсы дамығанын, дәстүр бар екенін айттым. 

...Бір апталық сапарымыз осылай қорытындыланды. Алғаш рет күрестің үш түрінен 10 салмақта жеңімпаздар анықталды. Енді құрлық балуандарының дайындығы Индонезияда өтетін Азия ойындарында айқын көрінбек. Біз де тарихи біріншілікті тамашалап, елге қайттық.

                                                                                                                             Шымкент – Бішкек – Шымкент

Суреттер: http://www.wrestling.kz

http://uww.asia

Последнее изменение Пятница, 30 Март 2018 06:30
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Өскеменнен – жүлдемен Теннис корты көбеюде »