Талғажау тетігін таппай, түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмейтін көпшіліктің көңілінде тыныштық орнаған. Себебі, олар үшін, елдің экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған арнайы жоба бар. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы Сайрам ауданында биылдың өзінде алғашқы бағыт бойынша І тарншпен 19, ал екінші кезеңде 90 жоба жүзеге асты. ІІ бағыт аясында ауылдың 130 тұрғыны шағын несиеге қол жеткізсе, ІІІ бағыт негізінде 1481 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Ұлбосын Сұлтанова – бес перзенттің анасы, зейнеткерлік жастағы ұлағатты ұстаз. Ағарту саласында ұзақ жыл еңбек еткен ол жастайында тартқан бейнетінің зейнетін көріп отыр. Соған қарамастан, қол қусырып отырған емес. Сайрам аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, мамандар кеңесіне қаныққан ол көпке созбай, кәсіпкерлік негізін тәмамдауды құп көрген. «Қажетті құжаттарымды жылдамдатып жинадым да, несие алуға кепілге жылжымайтын мүлкімді қойдым. Сөйтіп «Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 2,5 млн. теңге қаржыны жеңілдетілген пайызбен алдым» - дейді Ұ.Сұлтанова.
– Несиені алған соң еңбегіңнің еш кетпеуін тілейсің. Тәуекелге бел буып, бар қаржыма мал басын көбейттім. Аузымыз аққа тиіп, көршілерімізді де айран-сүтпен, құрт, маймен қамти бастадық. Артылғанын дүкенге апарамын. Табысымыз жаман емес. Пайыздан жаңа жылдан кейін құтылсам, көктемге қарай ірі қараны сатып, айналым пайдасын ұлғайтсам деген жоспарым да жоқ емес. Бағдарлама сөзді емес, нақты істі талап етеді. Мемлекет ұсынған жеңілдік нағыз ауыл аймақты дамытуға, көкжиегімізді кеңейтуге арналыпты. Сондықтан, бұл бағдарламаға айтар алғысым шексіз! – дейді зейнеткер ана қуанышын жасырмай.
Бұл шешімді Ұлбосын Сұлтанова зейнетке шыққан соң қабылдапты. Жастайынан жесір қалған ол перзенттерін бір айлықпен асырап келген. Жоқтан бар жасап, бала шағасын өсірген ақ жаулықты ана бүгінде елге сыйлы.
Сайрам аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Көмекбаеваның сөзіне сүйенсек, жыл соңына дейін 160 тұрғынға несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 130 ауыл азаматы шаруасын дөңгелетуге мүмкіндік алып отыр. Олардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен шұғылданады. Жаңа жұмыс орындарын ашу биылға 250 жоспарланса, бұл меже де артығымен орындалған. Кәсіпкерлік негіздерінен 99 азамат өтіп, барлығы арнайы сертификатқа қол жеткізген. «Бұл «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша жүзеге асырылған жұмыстар болса, ІІІ бағыт шеңберінде бірінші траншпен 19, ал екінші жарты жылдықта 90 жобаны іске асыруға 188 тұрғынды жұмысқа тарту көзделді. Жалпы, қайта даярлаудан өткен 120 азаматтың 95-і талғажау тетігін тапты. Біліктілігін арттырушылардың да саны аз емес. Ал, әлеуметтік жұмысқа жергілікті жұрттың 312-сі жұмылдырылды» -деді Сайрам аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Көмекбаева. Сонымен қатар, «Жастар практикасына» 258 жас маман жолданды. Алайда, мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалған емес. Жыл басынан бері 164 дімкәс азаматтың жұмысқа орналасуына мұрындық болған.
Сайрам аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары бұл істерімен шектеліп қалмай, шешімін күткен кезекті мәселелердің түйінін тарқатуға әлі де сеп болмақ.
Жұмысыздықты жою мүмкіндігі жеткілікті
Вторник, 02 Декабрь 2014 03:11 Автор Редакция Опубликовано в Қоғам Прочитано 5067 разРедакция
Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.