БЕКЗАТ БОЛМЫС

Среда, 23 Ноябрь 2022 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 209 раз

Әділ Сасбұқаев ағамен өмірімде бір-ақ рет кездескен екенмін. Онда да облыстық газет тапсырмасымен. Жетпіс пе, әлде жетпіс бес жасқа толған мерейтой қарсаңында ма, есімде жоқ. Есімдегі тек үйіне іздеп барғанымда алғаш рет көріп тұрса да жатсынбай дәмге шақырып, өзінің қадірлі қонақтарымен дастархан басына бірге отырғызғаны.
Жұқалтаң жүзінен үлкендік мейірім мен жанға жайлы шуақ есіп тұрған. Осындай кісімен әңгімелесудің өзі ғанибет екен. Көп ұзамай «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бетінде «Нар жолында жүк қалмас» деген мақалам жарық көрген. Онда әз-ағаның өмір жолына терең бойламасам да ол кісінің бойындағы өзім таныған қасиеттерін атап көрсеткендей болғам. Сол бір жүздесу кезінде мені ерекше таң қалдырғаны – Қазақстанның әр қиырында оның жақын араласатын достарының көптігі еді. Әрі бәрі де қоғамда лайықты орны бар танымал тұлғалар болатын.

834

 

Менің бұл мақалам Әдекең дүниеден өткеннен кейін «Шұғылалы тағдыр» атты естеліктер кітабына да енген екен. Оны маған Бекет Тұрғараев ағамыз сыйлаған. Осы кітапта маған, әсіресе,
Әдекеңнің өз қолымен жазып шыққан «Өткен күнде белгі бар» атты өмірбаяндық эссесі ерекше ұнады. Өзі өмір сүрген заман сипатын айнытпай береді ғой. Ағаның бүкіл болмыс-бітімін, жаратылысын, ой арнасын жаңа бір қырынан танығандай қызыға оқып шыққанмын. Оның үстіне кітапты тапсырып тұрып Бекет аға да: «Көзден кетсе де көңілден шықпай жүрген осы бір тамаша адам биыл 100 жасқа толады. Есіңде болсын!» деген еді. Енді, міне, сол аманатты желтоқсан айының басында келетін туған күні қарсаңында орындаудың сәті түскен тәрізді.

***
Осы «Шұғылалы тағдыр» атты кітапты оқып шыққанда ұққаным – Әділ ағамыздың жан дүниесі қандай шұғылалы болса, оның өмір жолы да, тағдыр соқпағы да ізгіліктің сәулесін шашып тұрғандай екен-ау деп ойладым. Соғыстың ауыр күндерін бастан кешсе де мойымай, тіршіліктің күнгей жағынан ғана қуат алған оның азаматтық бекзат болмысын танығандайсыз. Эсседе бірге қызмет атқарған, араласып жүрген адамдары туралы толғана баяндайды. Оның өмірбаянына түгелдей тоқталмай-ақ қояйық, тек кейінгі тағдыр жолындағы басты белестерді атап өтсек деймін. Сол белестерден Әдекеңнің жұртты соңынан ерте білетін көшбасшылық қасиетін, ұйымдастырушылық қабілетін, қолға алған ісіне деген жоғары жауапкершілігін танисыз. Мәселен, өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында Түркістан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып жүрген кезін алыңыз.
Аупартком бюросы оған мал
шаруашылығын қадағалау, кейінгі уақытта төрт тағандап қалған саланың еңсесін түзету, оны жолға қоюды жүктейді. Сырдарияның арғы бетін, Қызылқұмның ішін жайлаған малшылар үшін ең қиыны су болатын. Міне, осы мәселені шешу үшін Әдекең ел ішінен құмның жағдайын жақсы білетін Қилыбай деген кісіні тауып алады. Оның көрсетуімен ескі құдықтарды тазалап, қайта пайдалану немесе соның жанынан құдықшыларға жаңасын қаздырту сияқты жұмыстарды тікелей ұйымдастырады. Су шығатын жерлерді тауып бергені үшін ғана Қилыбай «Казголстепводстрой» мекемесінен айлық алып тұратын. Соның нәтижесінде
Түркістан ауданында мал басы артып, төл алу жақсара түседі.
Мұның бәрі Әдекеңнің қарапайым еңбек адамдарының тіршілік тынысын, шаруа жайын жақсы білетінін, жұмыстың көзін тауып, оңтайлы шеше білетін іскерлігін танытса керек. Одан әрі Түркістан аудандық Советі атқару комитетінің төрағасы ретінде аудан экономикасының нығайып, әлеуметтік, мәдени тіршілігінің жақсаруына елеулі үлес қосты. Алпысыншы жылға қарай Түркістан облыстағы экономикасы ең ірі де мықты аудандардың біріне айналды. Сондықтан Әдекең 1956 жылдың күзінде, небәрі 34 жасында Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды.
Әділ ағамыздың өмір жолындағы азаматтық тұлғасы, қайраткерлігі, басшылық қарым-қабілеті ерекше сынға түскен кезең Созақ ауданына басшылық жасаған жылдары болса керек. Яғни, алпысыншы жылдың ақпан айында, мал төлдейтін уақытта, Созақ ауданында қатты боран соғып, арты аязға ұласып, көп мал шығын болған екен. Осыған орай облыстық партия комитетінің бюросы аупарткомның бірінші хатшысын қызметінен босатып, орнына Әділ Сасбұқаевты жібереді.
Ол кезде ауданда небәрі алты совхоз, 183 мың ғана қой бар екен. Ауданның шаруашылық жағдайымен танысу барысында Әдекең
Созақтың құмы қой өсіру үшін, әсіресе, қаракөл қойлары үшін таптырмайтын жайылым екенін аңғарады. Әрі қаракөл қойы бір орында тұрып бағуға келмейтін, қысы-жазы өз аяғымен жайылуды қалайтын мал емес пе?! Сексеуілі мол құм жалдарының күнгей беті қыс бойы ашық болады. Сексеуілдің, жүзгеннің гүлі қысқа қарай түбіне төгіледі де, олар қаракөл қойы үшін жеммен бірдей, деп ой түйеді Әділ аға. Сондықтан Созақ жерінде малды, қаракөл қойын барынша көбейтуге бел буады. Алайда, қиындықтар аз емес еді. Бұл үшін жайылымды ұлғайту керек. Мұнда да басты мәселе – су. Құмнан құдық қазу оңай емес. Жер құмдауыт болғандықтан құдықтың ішкі бетін шегендеп отырмаса, қабырғалары құлап, көміліп қала береді. Жергілікті халық оның әдісін біле бермейді. Сол үшін Әдекең Түрікменстаннан арнайы мамандар шақыртып, олардың құдық қабырғасын қалай цементтеп шығатын әдістерін өз жігіттеріне үйреніп алуды тапсырған. Немесе малды жаз, күз айларында түнделетіп жаю, қолдан ұрықтандыру, қыста құдықтан суару тәрізді жаңашыл тәжірибелерге жол ашуы да шын мәнінде мал басының көбеюіне мүмкіндік берді. Аудан сонда алғаш рет әр жүз саулықтан 113-тен қозы алып, жақсы табысқа қол жеткізген. Созақтықтар әлі күнге дейін Әділ аға басшылық жасаған жылдары совхоздардың бәріне және аудан орталығындағы мекемелерге телефон байланысы қалай орнатылғанын,
облыстың көмегімен құрастырмалы (шитевой) қабырғалар жеткізіліп, типті мектептер мен ауруханалар салу қолға алынғанын, совхоз директорларының бәрі жеңіл машиналармен қамтамасыз етілгенін қалай ұмытар? Ең қуаныштысы, облыс басшыларының шешім қабылдап, Шымкенттен Шолаққорғанға дейін асфальт жол салуға кірісуі де Әдекеңнің абырой-беделінің арқасы болатын.
Сондай-ақ, Созақ ауданы Жамбыл облысына өткелі тұрғанда көпшіліктің сұраныс-тілегіне орай басын бәйгеге тігіп, қалай алып қалғанын біреу білсе, біреу білмейтіні рас. «1962 жылы Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарының негізінде Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылып, екі-үш ауданнан өндірістік басқармалар жұмыс істей бастаған. 1963 жылы көктемде «Не дейсің, Созақты Жамбыл облысының бізге көршілес аудандарын қамтитын өндірістік басқармаға қосады екен» деген сөз шықты», деп жазады Әдекең. Әу-жайын байқап қараса, расқа айналатын түрі бар. Ел тіршілігі енді ғана қалыпқа түсе бастағанда өзге облыстың құрамына өту тағы да қиындықтар мен түсініспеушіліктер туғызары анық. Осы жағдайды
өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Сабыр Ниязбековке айтайын десе, шешімді қабылдап отырған өздері, тыңдай қояр дейсіз бе? Сондықтан бір кезде облыста қызмет істеді ғой, жағдайды түсінер деп бірден Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, Исмаил Юсуповке жолығу үшін Алматыға аттанған. Облысқа да, өлкеге де ескертпестен. Ондағылар өздерін аттап өткенін сезсе, оңдырмайтыны анық. «Басын бәйгеге тігіп» деуіміздің мәнісі осында.
Юсупов Әдекеңді жақсы қабылдап, өтінішін тыңдап болғаннан кейін: «Түсіндім, өзім айтамын, мәселе дұрыс шешіледі!» депті. «Ал енді менің облысты, өлкені аттап, Сізге келгенім қалай болар екен?» депті Әділ аға. «Қорықпа, сен маған келген жоқсың, мен сені көргенім жоқ», деп жауап беріпті Юсупов. Содан жоғары жақтың тапсырмасы бойынша өлкелік және облыстық партия комитеттерінің басшылары аудан шаруашылықтарын аралап, жағдайды өз көзімен көріп, «Жамбыл облысына қосуға болмайды екен» деген тоқтамға келіпті. Сөйтіп, Созақ ауданы өз алдына дербес өндірістік басқарма болып құрылып, басшылығына Бәкір Ахметов тағайындалған. Кейін ол сол ауданда көп жыл бірінші хатшы болды. «Юсуповтың Қазақ еліне, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанға істеген қиямпұрыстығы аз емес. Дегенмен, ол кісінің де бір қауым елге осылайша шапағаты да тиген», дейді Әдекең.
Жыл өткен сайын мал саны көбейіп, 1963 жылы Қаратау, Жартытөбе, Сызған совхоздары, 1964 жылы Шу совхозы жаңадан құрылады. Мал көбейген соң жайылым тарлық ететін болды. Облыс, өлке басшыларының көмегімен Созақ малшылары енді жазғы салым
Жезқазған облысының Өлке деп аталатын аймағын жайлайтын болған. Сарыарқаның Өлке жайлауы сол бағыттағы ең шеткі Тасты шаруашылығынан ғана 380 шақырым. Екі арада ел де, су да жоқ, бедірейген дала. Көктем шыға төл аяқтанған соң шопандар қойларын жая отырып, жайлауға бет алады. Жолай бір күншілік жерлерге киіз үй тігіп, бекет орнатылады, сол жерлерге машиналармен су тасылады. Сөйтіп, отарлар бірінен соң бірі әлгі бекеттегі науалардан су ішіп, келесі бекетке қарай өріп кете береді. Мал да, адам да шаршамайды, әрі тоқ. Осылайша малшылар он бес күнде Бетпақдаланы кесіп өтіп, Сарыарқаға жетеді. Күзге қарай қайтарда да осылай етеді. Міне, жұмысты осылай ұйымдастырудың нәтижесінде аудан мал шаруашылығы бойынша жоғары жетістіктерге жеткен.
Әдекең басшылық жасаған 1960-1965 жылдары Созақ ауданында қаракөл қойының саны төрт есеге жуық өсіп, 183 мыңнан 672 мыңға жетеді. Оның 65 пайызы – саулық. Төл алу жыл сайын артып, соңғы жылы аудан бойынша тіпті әр жүз саулықтан 135-тен қозы алынады. Бұл бұрын-соңды ешкім жетпеген көрсеткіш еді. Шаруашылық саны 6-дан 10-ға жетеді. Мал шаруашылығы өнімдерінің жоспары бес жылда артығымен орындалып, совхоздардың бәрі де жылды табысты аяқтайды.
1965 жылдың шілдесінде Әділ Сасбұқаев облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Бірінші хатшы –
В.А. Ливенцов. Сол жылы күзде, қазан айында, ауыл шаруашылығының бес жылдық қорытындылары бойынша жоғары өкімет наградаларына ұсыну басталады.
Қазақстан КП Орталық Комитетінен Шымкент облысына мал шаруашылығы көрсеткіштері бойынша аудандық партия комитеттері бірінші хатшыларының біреуін
Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынуға болады деген нұсқау келеді. Осы мәселе облыстық партбюрода талқыланған кезде бюро мүшелері Созақ ауданының бес жылдықтағы ерекше табыстарын айтып, бұл атаққа Әдекеңді лайық көрген ғой. Алайда, пенделік күншілдік пен іштарлық дегенді қойсаңызшы!! Бұл ұсынысты тек Ливенцов ғана қолдамапты.
– Әділ Сасбұқаевич еңбегі үшін лайықты бағасын алды, қызметін жоғарылаттық, сол жетеді емес пе? – деп бет бақтырмаған.
Біріншінің аты – бірінші. Айтқаны заң. Бюродағылар амалсыз келіседі. Содан кейін Түркістан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысын ұсынбақ болған. Бірақ саралап келгенде, бұл ауданда мал шаруашылығының көрсеткіштері ауыз толтырарлықтай болып шықпаған. Сөйтіп, әрі-сәрі болып жүргенде әлгі орынды Семей облысына беріп, Еңбек Ері Мақаншы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Ефимович
Морозовқа бұйырған екен. Дегенмен, еңбегі ескерусіз қалған жоқ, сол жылы елдегі ең жоғары награда – Ленин орденімен марапатталды.
Ливенцовтың жеңіл ойлап, шолақ пішетіні бұдан кейінгі жылдары да байқалып қалды. Мал саны тек Созақ ауданында ғана емес, Қызылқұм, Ленин, Алғабас, Бөген, Сарыағаш аудандарында да көбейе бастаған. Облыс бойынша табыстың 55-56 пайызын мал шарушылығы беретін. Соған қарамастан облыста ақ егіс үшін егіншілікке жарамды-жарамсыздығына қарамастан жаппай жер жырту үрдіс алған. Есесіне мал өрісі тарылып, малшылық кәсіптің берекесі кете бастаған. Мұны Әдекең оңашада
Ливенцовқа қанша айтқанымен, тыңдамаған соң бюро мәжілісінде пікірін ашық білдіріп, жерді орынсыз жырта бергеннен пайда жоғын, ол жерлердің түсімі төмен, кеткен шығынды ақтамайтынын, есесіне жақсы мал жайылымдарының босқа бұзылып жатқанын айтқан екен, бұған Ливенцов ашуланып:
– Сен, немене, партия саясатына қарсысың ба? Астықты көбейту – бірінші міндет. Мал соның сабанын жесе де өлмейді, – деп тыйып тастаған. Содан кейін-ақ қырына алу тіпті күшейген. Оның үстіне Әдекеңнің ел мүддесі, ұлт ұпайы жөніндегі дербес көзқарасы мен ой-пікірі де Ливенцовқа ұнай бермейтін.
1969 жылдың аяғында Димаш Ахметұлы Қонаев Әдекеңе құпия түрде қоңырау шалып,
Өзбекстанға берілген үш аудан туралы мәліметтер дайындап беруді тапсырған ғой. Өйткені осы аудандардың халқы Қазақстанға қайта қосыламыз деп Москваға да,
Алматыға да өкілдерін жіберіп, арыз-шағымдарын боратқан екен. Сол мәселе енді Саяси бюрода қаралмақ. «Сондықтан мәліметтерің базардың әңгімесі емес, тыңғылықты болсын!» деп тапсырған көрінеді Димаш Ахметұлы. Сосын оны бірінші хатшыға сездірмей-ақ қой деген екен. Өйткені Мәскеудің дүмпуімен кезінде сол үш ауданды Өзбекстанға беру керек деп Орталыққа жазылған хатқа қол қойғандардың бірі осы В.А.Ливенцов еді.
Әдекең Ташкенттегі сенімді адамдары арқылы статистикалық мәліметтер алып, тапсырманы өзіне тән жауапкершілікпен қанттай қылып орындаған. Алайда мұның бәрін кейін Ливенцов біліп қояды да, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы В.Н.Титовқа жеткізген ғой. Енді Әдекеңнің соңына екеулеп түсіп алады. Жоқ жерден ілік тауып, ананы-мынаны сылтауратып, тыныштық бермейді. Ақыры жетпісінші жылдың соңына қарай Титов оны Орталық Комитетке шаақырып алып, жаңадан құрылған Торғай облысына екінші хатшы болып баруды ұсынады. Оған бармаған соң Қызылқұм ауданына бірінші хатшы етіп жібереді. Барлық жағдайды Д.А.Қонаевқа барып баяндауға бұрын-соңды біреудің үстінен арызданып көрмеген Әдекең ар-ұятынан аттап кете алмайды...
«Кейін 1971 жылғы мамырда Мақтаарал, Жетісай, Киров аудандары сол кездегі шекаралары аумағында Өзбекстаннан Қазақ ССР-і құрамына өткенде қуанбаған ел қалмаған шығар. Алматыда да, Шымкентте де жұрт тойлап жатты. Әрине, көп жер, мал қалып қойды ғой, бірақ «Қайтқан малда қайыр бар» дегендей-ақ, «Барына – береке» десті жұрт. Әсіресе, сол үш аудан халқының қуанышы алабөтен, мәре-сәре еді.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың осы үш ауданды қайтарып алу жолындағы табандылықпен, өзіне тән сабырмен жүргізген жұмысына мен де кішкентай да болса көмектесіп едім-ау деген ой әрдайым менің жүрегіме жылу құяды», – деп жазады Әділ Сасбұқаев.
Әділ ағамыз бұл пәни дүниеде 83 жыл жасап, 2005 жылдың мамыр айында көз жұмды. Осы мерзімде ол от кешкен қан майданда да, бейбіт өмірде де өзінің азаматтық тұлғасы мен бекзат болмысын танытты. Қай жерде жүрсе де зор абыройға бөленді. Соғыс кезінде І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталса, бейбіт заман күндерінде Ленин, «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту, «Парасат» ордендерін кеудесіне тақты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі болып сайланды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері атанды. Сондай-ақ, ол – Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент, Түркістан қалаларының, Қазығұрт, Созақ аудандарының Құрметті азаматы. Міне, мұның бәрі де Әділ Сасбұқаев ағамыздың адал еңбегіне деген ел-жұртының ықылас-пейілі, жауапкершілігі мол жанкешті тірлігіне берілген бағасы болса керек.

Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.