Жаңа технология, жаңа өндіріс, жаңа қадамдар Избранное

Среда, 07 Декабрь 2022 05:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1250 раз

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттарын атап көрсетті. Ендігі кезекте өндіріске жаңа технологияларды енгізу, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, энергетика кешенін жаңғырту, тағы басқа бағыттарда жұмысты жүйелеу қажет. Соның ішінде электр желілері мен қуаттардың тозуын азайтуда бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Таяуда Шымкент қаласында Халықаралық ардагер энергетиктердің XI форумы өтіп, онда бірқатар мәселелер талқыға түсті. Жиын жұмысты жүйелеу үшін тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді кешенді шешуді мақсат еткен.

67

 

«ТОЗҒАН ЖЕЛІЛЕРДІ АЗАЙТУ КЕРЕК»

Қазір ел аумағы бойынша электр желілердің басым бөлігі ескірген. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында желілер мен қуаттардың тозуын кем дегенде 15 пайызға азайту керек екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Президент газ және энергетика саласында электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен жаңа қуат өндіру жолдарын жасауды тапсырды. Газ және энергетика саласын дамыту мәселелері жөніндегі шұғыл кеңесте еліміздің энергетикалық жүйесінің қазіргі жағдайы қарастырылған болатын.
Шымкентте алғаш рет өткен халықаралық форумға Қазақстан және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанның ардагер энергетиктері, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аймақтық электр желілері компанияларының басшылары қатысты.
Іс-шараны Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы мен еліміздің ардагер энергетиктер Кеңесі ұйымдастырды. Жиында электр энергетикасы инфрақұрылымының (электр жүйесі, күш трансформаторлары, станциялар, қосалқы станциялар т.б.) тозуы, электр энергиясы тапшылығының басты себептері, жаңа қуаттардың жеткіліксіздігі мәселесі талқыға түсті.
Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы ескі қуат трансформаторларын жаңасына ауыстыруды ұсынып отыр. Ол үшін импорттың қажеті жоқ, отанымызда жабдық әзірлейтін өндіріс орындары мен тиісті технологиялар жетерлік.
Шетелдік қонақтар форум аясында «Alageum Electric» компаниясының экспорттық бағытқа негізделген шаһардағы «Asia Trafo» зауытының өнімдермен танысты. «Азия Трафо» ЖШС – «Alageum Electric» электр жабдықтарын шығаратын отандық өндірушінің құрамына кіретін Орта Азиядағы трансформаторлық жабдық шығаратын ең ірі кәсіпорын. Трансформаторға қажетті жабдықтың бәрі осы жерде жасалады.

55


Зауыт жоғары кернеулі 35, 110, 220, 500 кВ класты майлы трансформаторлар мен автотрансформаторлар және реакторлар өндіреді. «Азия Трафо» зауыты заманауи әрі жоғары өндірістік технология бойынша жұмыс істейді. Зауыттың трансформаторларды жобалауы кезінде «Бүкілодақтық трансформатор жасау институты» негізінде құрылған украиндық «Soft-Team Group» тобының бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі қолданылады. Әрбір тапсырыс және әрбір өтініш жеке қарастырылады. Оңтайлы дизайн 3D модельдеу жүйелері арқылы есептеледі.
Өнімнің жоғары сапасы Швейцария, Германия, Италия, Хорватия және т.б. жетекші еуропалық компаниялардың жоғары технологиялық жабдықтары арқылы қол жеткізіліп отыр. «Азия Трафо» ЖШС зауыты 2019 жылы іске қосылған-тын.
«Alageum Electric» – еліміздің электр техника саласындағы көшбасшы компания. Оның электр энергетика, электр машина жасау мен құрылыс сияқты бағыттар бойынша 30-дан астам кәсіпорын мен зауыты бар. Өндіретін өнімімен отандық нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ТМД мен Орта Азия елдеріне экспортқа шығаруда. Мәселен, Кентау трансформатор зауыты тауарының 30 %-ы, Шымкенттегі зауыттың 50-60 %-ы экспортталады. Өткен жылы компания шетелдерге 20 мың трансформатор жөнелткен.

«МАМАН ДАЯРЛАУҒА КӨҢІЛ БӨЛІНСЕ...»

Энергетиктердің форумында отандық және шетелдік ардагер энергетиктер сала тарихы мен кәсіподақтың өзекті мәселелері бойынша да баяндама жасап, пікір алмасты. Қазақстан ардагер энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов те жиынға арнайы келген. Төраға қауымдастықтың атқарған жұмыстарынан хабардар етіп, форумның маңызына тоқталып өткен-ді.
– Отандық және шетелдік ардагер энергетиктер «Азия Трафо» ЖШС-нің жұмысына, өнімдеріне оң бағасын берді. Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – ғалымдардың, сарапшылардың, ардагерлердің басын қосу, өзекті мәселелерді талқыға салу, зерделеу. Бұл салада шешілмей жатқан мәселелер жеткілікті. Оны ашып айту керек. Қауымдастықтың жұмысына да тиісті баға берілуі тиіс. Форумды өткізуге ұсыныс жасап едік, қала әкімдігі қолдау көрсетті, – дейді ардагер.
Қазақстанның электр машина жасаушылар қауымдастығының төрағасы Еркебұлан Ильясов Шымкент қаласында энергетика саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Трансформаторлар – электр энергетика саласының жүрегі болып саналады. Ал Шымкент қаласы бұл салада көшбасшылардың бірі. Е.Ильясовтың айтуынша, өзекті мәселенің бірі – энергетика тапшылығы. Яғни, жаңа станция көздерін салу, электр жабдықтарын жаңарту, маман даярлау жұмыстарын жандандыру қажет. Ендігі ретте жаңа жобаларды қолға алып, жаңа трансформаторлар, жабдықтар орнату уақыт күттірмейді. Сонымен қатар, мамандардың білімін жоғарылату, іс-тәжірибе бағытында арнайы кәсіпорын, зертханалар салуға да қажеттілік артып отыр. Трансформатордың қолдану мерзімі жалпы 25 жылды құрайды.
Е.Ильясов салалық мәселелерге назар аударылмағандықтан, энергетика тапшылығы болып жатқанына назар аударды.

ДАМУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ

Президент тапсырмаларын орындау аясында еліміздің электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электр энергетикасы саласын дамыту мәселесі қаралған-тын.ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, қазіргі уақытта біртұтас электр энергетикалық жүйе тұрақты жұмыс істейді. Тұжырымдаманы іске асыру үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау талап етіледі.
Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде энергия көздерін дамыту, инвестицияларды жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етуге және мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар топтамасы дайындалды.
Осы пайымды іс жүзінде іске асырудың бірінші кезеңі ретінде Министрлік заңнамалық түзетулер топтамасын дайындаған. Энергетика министрлігі тарапынан жобаларды іріктеу кезінде нысаналы көрсеткіштер мен іс-шараларды, оның ішінде негізгі жабдықтың тозуын, отынның үлестік шығынын азайту, экологиялық көрсеткіштерді жақсарту жөніндегі іс-шараларды белгілеу жоспарлануда.
Қала әкімі Мұрат
Әйтенов таяуда ғана қаламызды жылумен қамтамасыз ететін мекеме басшыларымен арнайы жиын өткізді. Жиын барысында «3-Энергоорталық» АҚ, «Қуатжылуорталық-3» МКК, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «КЕГОК» АҚ Оңтүстік Филиалы, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ ШӨФ мекеме өкілдері жылу беру маусымына орай, қазіргі жұмыс барысы және төтенше жағдайлардың алдын алу дайындығы туралы баяндады.
Қала әкімі күрделі құрылғылар мен жалпы жүйенің техникалық жағдайына қатысты ақпараттардың ашық және дер кезінде ұсынылудың аса маңызды екенін атап өтіп, қаланы жылумен қамтамасыз ету бағытындағы жалпы жүйенің жыл сайын тексерулерден өтуі мен жаңартылып отыруын, сервистік жұмыстардың сапалы атқарылуын қатаң бақылауға алынуын тапсырды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.