Білім – сарқылмайтын инвестиция

Среда, 07 Декабрь 2022 05:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1351 раз

Білім – теңіз. Білімнің шегі жоқ. Білімді адам қашан да кез келген ортаның алды болады. Сондықтан болар ата-анамыз жастайымыздан білімге, ғылымға баулиды. Адам егер де көп уақытын түрлі ақпараттың, кітаптардың соңында өткізер болса, ол мыңнан жүйрік атанады. Білім кез келген адамның келбетін, санасын сұлуландырып тұрады. Адам өмірінде білім аса маңызды рөл ойнайды. Білім – бұл үнемі маңызды ақпаратпен толығатын қобдиша. Білім ала отырып, біз болашақта баға жетпес тәжірибе жинақтаймыз.

 

«Білімді- мыңды жығады» деп дана халқымыз айтқандай, білім- жеңілмейтін қару, қараңғы түнде адастырмас жарық жұлдыз. Адамзатқа рахым, мейірім ретінде берілген аса бағалы сый. Адамдардың жануар, хайуанаттардан айырмашылығы сол, білім үйреніп, ғылым ізденуінде. Білім - тақтан да қымбат асыл қазына. Адамзат білім үйреніп, ғылым ізденуі керек. Біліммен қаруланған адам ешқашан жеңілмейді. Білімнен мықты қару жоқ.
Білім – ешқашан жойылмайтын инвестиция. Оған салған барлық қаржы он, тіпті жүз есе болып қайтады. Қазіргі жаһандану заманында жастар білімді болуға тиіс, сонда ғана олар бәсекеге барынша қабілетті болып, өмірден оз орындарын таба алады.
«Білген адам білімді өмір бойы іздейді» дегендей, өмір бойы білім алып, білімді болу - қоғамда өз орнын табудың кепілі.
Білімді болу үшін адамға тау қопарудың қажеті жоқ. Тек үнемі ізденісте болсаңыз болғаны. Қазірде білім аламын деген жастарға көптеген жағдай жасалған. Тегін үйірмелер, онлайн, оффлайн үйірмелер, оқу орталықтары білім алушыларға көп нәрсе үйретеді.
Қолына дипломын ала сала мен бәрін біліп, үйреніп, жетерліктей білім алып қойдым деген жан расында ештеңе үйренбеген болар. Білім – ол таусылмайтын кен, өмір бойы жалғасатын сапар. Қанша көп нәрсе білгеніңізбен, білмегеніңіз қашанда одан көп болады. Махатма Ганди айтпақшы «Eртең өлетіндей өмір сүріңіз, алайда мәңгі өмір сүретіндей үйреніңіз!».
Едвард Лоренз 1963 жылы Каос теориясының «Көбелек әсері» атты принципін ашқан. Лоренздің айтуынша, әлемнің бір шетінде ұшып жүрген әлдебір көбелектің қанат қағысынан пайда болған жел, әлемнің енді бір шетіндегі мұхиттың толқынына себеп болады. Яғни кішкентай көбелектің қанат қағысы қанша болымсыз көрінгенімен, үлкен нәтижеге жетелейді. Сол сияқты адамның білім алуға жасаған аз ғана талпынысы әлемнің жақсаруына өз үлесін қосады.
Бұл әлемде білгенімен бөліспейтін адамның құндылығы жоқ. Егер сіз білімнің жауапкершілігін алып басқалармен бөлісe бастаған болсаңыз, әлемнің жақсаруына күшіңізді қосып жатырсыз деген сөз.
Соңғы жылдары өмір бойы білім алу концепциясы аса үлкен танымалдыққа ие болып отыр, себебі оқып білім алу үшін ешқашан кеш емес, тек талпыныс болса болғаны. Қазір адамды киген киіміне қарап емес, басындағы білімі арқылы бағалайды. Білімді адам ешқашан жұмыссыз қалмайтыны анық.
«Оқу тамақ болар қарын ашқанда, жол табар қараңғыда адасқанда» дегендей білім тек рухани қазына емес, асыраушы, қамқоршы.
Әрбір жан өмір атты ортаға адам болып келгеннен кейін, мәнді де сәнді өмір сүруі қажет. Өмірді жақсы сүріп, қалаған мақсатқа қол жеткізу үшін - еңбек, ал еңбектену үшін - білім бүгінгі таңда зор мүмкіндікті сыйлайтын қажеттілікті тудырады.
Мен ұстазбын. Студенттерге терең білім беріп, кәсіби ұстаздық міндетімді әрі қарай ұштау – менің ұстаздық парызым, білім берудегі міндетім.
«Оқусыз - білім, білімсіз күнің жоқ» демекші ұстаз атты ұлы мамандықты таңдағандықтан, әрі қарай оқып деңгейімізді жоғарылата беруіміз керек. Студенттің санасын салмақтап, дарынды да білікті маманға айналдырсақ, бұл біздің еңбегіміздің айғағы.
Ұлы Абай, Ыбырай аталарымыз да жас ұрпақты білім алуға шақырып, білімді болуды насихаттаған болатын. Міне, осы аталарымыздың жолын жалғап, білім беруден жалықпайық. Ендеше ілім мен білімді қатар алып, ізденіп еңбек етуден, болашақ жастарға білім беруден шаршамасақ екен.

К. Халмырзаева,
М.Әуезов атындағы ОҚУ, филология факультеті,
«Заманауи тілдер және аударматану» кафедрасының аға оқытушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.