ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ, ТОҢДЫРДЫ МЕНІ немесе ЕРЛІГІ ЕРГЕ БЕРГІСІЗ СЕГІЗ ҚЫЗ Избранное

Среда, 14 Декабрь 2022 05:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1108 раз

1986 жылдың желтоқсаны өте ызғарлы келді. Бұл жылы желтоқсан айы аязды болып қана қоймай, қазақ жастарының өміріне де салқынын тигізді. 86-ның қысында алаңға шығып, өз ойын білдірген жас өрендер мұның соңы өміріне осыншалық зардап әкелетінін біліп пе еді? Олар митингке заңсыз шыққандарын пайымдаса да, бір өзгерістің боларына іштей сенді...

90

 

Желтоқсан қозғалысы ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс болды. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші пленумы Дінмұхамед Қонаевты «өз еркімен» қызметінен босатып, Қазақстан КПО комитетінің бірінші хатшылығына елімізге мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ В.Колбиннің келуі болды. Ертеңіне орталық алаңға лек-легімен шыққан жастар тобы бейбіт шеруі арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғанына наразылық білдірді. Алғашында елдің сол кездегі астанасы Алматы қаласында басталған бейбіт шеру өзге де облыс пен қалаларда жалғасын табар ма еді, билік тарапынан байланыс үзіліп, жолдар жабылмағанда. Десе де, өзге аймақтарда жүрген жалынды жастарға мұндай кедергілер тосқауыл бола алмады. Желтоқсан көтерілісі жайында сыбыстар қазақ жастар арасында тез тарап, республикаға жайылған болатын. Осындай хабарламаны естіген бойда Алматыға аттанбақшы болған Шымкент қаласының 8 қызы кедергілерден өте алмай наразылық шарасын Шымкент қаласының өзінде жалғастырыпты.
Желтоқсан оқиғасы дегенде шымкенттіктер алдымен 8 қыздың ерлігін еске алады. Небәрі 16-18 жас аралығындағы Алма Арқабаева, Зейнеш Жадыраева, Гүлмира Тілеубаева, Гүлшат Әуезова,
Гүлмира Керімбекова, Күлшат Тойлыбаева, Эльмира Бекпатшаева, Меруерт Әуелбаевалар өздерінің наразылығын үнпараққа жазып, орталық көшелерге іліп шыққан. Бүгінде Шымкент қалалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Арқабаева үнсіз наразылыққа қатысып, ұсталған қыздардың бірі.
–Сол күні жастар алаңға шыққанын Алматыда оқып жатқан құрбыларымыздан естідік. Қазіргідей ақпарат жедел тарайтын кез емес, сымтетік арқылы хабар келді. Мектеп жасынан бірге қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытатын 8 қыз сол кездегі «Россинка» деп аталатын дәмханада бас қосып, ақылдасып, өз ойымызды ортаға салдық. Қазақтың тарихы, салт-дәстүрінен мүлдем бейхабар адамның басшылық қызметке келгені әр қазақты алаңдатпай қоймады. Алматыдағы жастарды қолдау мақсатында 18 желтоқсан күні жолға шығатын болып келісіп, тарқастық. Алайда, 17 желтоқсан күні түстен кейін бүкіл байланыс үзіліп, қалааралық жолдың бәрі жабылды. Бұл біздің жоспарымыздың өзгеруіне алып келді. Ойласа келе біз кешкі сағат 21:00-ден бастап үнпарақтарға «Долой Колбина» деп жазып, түнгі сағат 02-ге дейін орталық көшелер мен көпқабатты үйлердің қабырғасына жабыстырып шықтық, - дейді Алма Нұралықызы.

89


А.Арқабаева ол кезде азық-түлік дүкенінде сатушының көмекшісі болып жұмыс істеген екен. Қалған жеті қызда да осыған ұқсас жағдай. Бірі студент, тағы бірі мемлекеттік мекемелерде қызмет етіп жүрген. Ызғарлы желтоқсан оқиғасынан кейін оның салдары не боларын біліп пе еді? Жалындаған жастардың бар ойы билікті төңкеру, халық арасына іріткі салу секілді жат пиғылдар емес еді, керісінше қазақ елін басқаруға ұлтқа жанашыр тұлғаның келуінен үміттенді. Алайда, қүллі қазақ жастарының бұл мақсаты жүзеге аспай, соңы қудалау, оқудан шығару, ата-аналарын ел алдында масқаралауға ұласты.
«Ертеңіне таңертең сағат 08-де жұмысқа кетіп бара жатқанда түнде жабыстырылған үнпарақтардың барлығы алынғанын көрдік. Бірақ, біздің осыншалық ізімізге түсіп, әр қадамымызды аңдиды деп ойламадық. Қолға түспес пе едік, арамызда кей қыздар өзі оқитын оқу орнында эмоциясын білдіріп қойып, назарға іліккен. Қыздар сол түнгі бүкіл айғақты жасырып үлгергенімен, менің пальтомдағы бояу кетпей қалған екен. Бір айдан кейін сол сырт киімді киіп шыққан күні қара көліктен екі кісі түсіп, мені алып кетті».

«Жазықсыз жала жапты ...»

Қыздар бірінен кейін бірі ұсталып, олардың әрқайсысы бөлек тергеледі. Қыздар тергеушілерден емес, үйіндегі ата-аналарынан қатты қорқыпты. Осы оқиға жөнінде тіс жармаған екен. Тергеуге шақырылғанын естіп, олар да өз балаларына қолдау көрсетіпті. Ата-аналар бір апта бойы қызын таңертең тергеу мекемесіне әкеліп, кешке алып кетіп жүрген. Жастықтың жалыны болуы керек, тергеу барысында қыздардың еңсесі түспеген. А.Арқабаеваның айтуынша, бір аптадан кейін көңілге тиер сөздермен айыптаған екен.
–Тергеушілер күнде бір сұрақты қояды. Біз әдеттегідей жауап береміз. Бізге тапсырма беріп отырған үлкен күш бар дегенді алға тартып, кім ұйымдастырғаны жайлы сұрай берді. Әлі де балалығымыз басылмаған сәтіміз, өзіміз екенін айтып жүре бердік. Бір аптадан кейін генералдың алдына апарғанда қатты жыладық. Генерал бізді Отан алдында опасыздық жасаған қылмыскер, бұзақы деп зілді сөздермен айыптады. Бұрын соңды мұндайды естімеген біздерге бұл сөздер қатты әсер етті. Бірақ бізді соттаған жоқ. Үйімізге жіберді. Бәрін ұмытқандай болып, алаңсыз жүргенде 1987 жылдың 28 ақпанында сенбі күнгі облыстық «Южный Казахстан» №42 (15.042) газетінде «Предостережение» атты үлкен көлемді мақала жарияланды. Мақалада бізді кешкі уақытта серуендейтін көшенің жеңілтек қыздары, отбасында дұрыс тәрбие бермеген деп көрсетілген. Аты-жөнімізді толық жазып, қайда жұмыс істейтінімізге дейін көрсеткен. Ең ауыр тигені де осы болды. Қатты күйзелдік. Мақала жарияланғаннан кейін қыздар оқудан шығарыла бастады. Туған-туыстардың бірі сыртымыздан мысқылдап, бірі бетімізге басты. Мен жұмыс істейтін азық-түлік дүкеніне келетін сатып алушылар маған ауыр сөздер айтып, «жеңілтек», «маскүнем қыз» деп масқаралайтын болды. Осыдан кейін ата-аналарымызды сотқа шақыра бастады. Соттың ұйғарымы бойынша балаларына дұрыс тәрбие бере алмағаны үшін әке-шешеміз қызметтен босатылды.

«...Енді тәртіп орнайды»

–Басшылыққа Колбин келгенін естіп, ұжымдағы орыс ұлтынан шыққан қызметкерлердің қуанышында шек болмады. Бір-бірін құттықтап, «Колбин келді, енді тәртіп орнайды, бей-берекетсіздік жойылады» деген сөздерді айта бастады. Мұның соңы жұмыс орнында сөзталасқа ұласты, - деп сол күнгі өз естелігімен бөлісті Желтоқсан шеруіне үн қосқан шымкенттік 8 қыздың бірі Г.Тастемірова. Ол уақытта Гүлшат Тастемірова мен Зейнеш Жадыраева екеуі облыстық Статистика басқармасының кадр бөлімінде жұмыс істейтін. Ол өз естелігінде Шымкенттегі студенттер Алматыдағы жастарды қолдау мақсатында қаладағы орталық алаңға шықпақ болғанын айтты. Сол кездегі қатаң бақылау студенттердің жиналуына мұрша бермеген көрінеді.
–Кешкісін барлығымыз оқу мен жұмыстан шығып мейрамханаға бас қосқанымызда Технологиялық институттың (қазіргі М.Әуезов атындағы ОҚМУ) бір топ студенті кешке орталық алаңға жиналатынын айтып, біздің де ортаға қосылуымызды сұрады. Жігіттер барлық қазақ студенттерді наразылыққа шақырып жүр екен. Біз де ойласа келе алаңға шыққан жастарды қолдау үшін Коммунист даңғылы (Тәуке хан), Ленин (Республика даңғылы), Космонавт (Б.Момышұлы) және Мира (Бейбітшілік) көшелеріне үнпарақ жабыстырып шығатын боп келістік, - деді Гүлшат Тастемірова.

88


Қыздар бұған дейін милиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіпті орнатуға көмек көрсетіп келген екен. Сол түні тәртіп сақшылары сезіктеніп қалмауы үшін білегіне «Дружина» деп жазылған белгі таңғышты байлап алыпты. Көшедегі кезекші милициялар қыздардың топ болып жүргенін көрсе де, белгі таңғышына қарап күдіктенбеген. Ал, қыздардың үнпарақ жабыстырып жүргенін тұрғындар терезеден көріп, милиция шақырыпты. Олар келгенше қыздар ізін суытып үлгерген.

6 ай еңбекақысыз жұмыс істедік

–Ізімізді бір айдан астам аңдып, мені 20 қаңтар күні таңертең жұмыс орнымнан алып кетті. Бір апта бойы тергеді. Қаладан шықпау туралы қолхат алып, бізді қоя берді. Алты күн өткеннен кейін «Южный Казахстан» редакциясына сұхбатқа шақырды. Барлығымыз мектепте орыс сыныбында оқығандықтан журналистің сұрақтарына мүдірмей жауап беріп отырдық. Олар қандай кітап оқитынымызды, қай кітапханаға жиі баратынымызды сұрады. Барлығымыз кітапқұмар, мектепте де ең үздіктер қатарында едік. Біз жасаған ісімізден мақтаныш сезіміне бөленіп жүргенде, мақала мүлдем керісінше жазылып шықты. Мақала жарыққа шыққаннан кейін жұмыс орнымызда жиналыс жасалып, орыс ұлтынан шыққан қызметкерлер аузына келгенін айтты. Сонда да біз мойымай, басымызды тік ұстап жүрдік. Жұмыстан шығаруды күтіп едік, алайда орнымызда қалдырып, 6 ай еңбекақы алмайтын етті. Ақысыз жұмыс істесек те, өз міндеттерімізді мінсіз орындадық. Әке-шешемізді, бүкіл туған-туысты да жұмыс орындарында жиналысқа салып, қызметін төмендетіпті. Біздің жанымызға батқаны, көшеде өз ұлтымыздың азаматтары мазақ еткені еді...

Ақтала алмағандар...

1991 жылы желтоқсанның 12-інде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлыққа қол қойды. Осылайша желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Биыл желтоқсан оқиғасына 36 жыл толғанымен, әлі де ашылмаған шындық, ақталмаған көп жан бар. Қазіргі сәтте жоғарыда аты аталған 8 қыздың 2-еуі жуырда ақталғанымен, алтауы өзінің ақ екенін дәлелдей алмай әлек. Гүлшат Тастемірова мен Зейнеш Жадыраева Еңбекші аудандық сотының шешімімен ақталып, Гүлмира Тілеубаева, Гүлмира Керімбекова, Күлшат Тойлыбаева, Эльмира Бекпатшаева, Меруерт Әуелбаева және Алма Арқабаевалардың құжаттарын сот дәлел жеткіліксіз деген уәжбен кері қайтарыпты.
–Зейнеш екеуміз бір мекеме жұмыс істегендіктен бізді жиналысқа салған кездегі әріптестеріміз сотта куәлік етті. Алайда, 6 ай еңбекақысыз жұмыс істегенімізді дәлелдей алмадық. Ешқандай бұйрықпен бізге еңбекақы төлемеу туралы ұйғарым табылмады. Басқа қыздарда да сол жағдай. Ата-анасының сотқа шақырылғаны, тергелгені туралы құжаттар сол кездегі КГБ архивінен табылмай тұр. Қолдағы дәлелдер сот ісінің қарауына жеткіліксіз деп кері қайтаруда. Мәселен, сол кездегі мақаланың өзінде біздің желтоқсан оқиғасында «бүлікші, жеңіл жүрісті қыздар түнде мемлекетке опасыздық жасады» деп көрсетілгенінің өзі дәлел емес пе?- деді ашынған үнмен Гүлшат Омарханқызы.
Сол кезде өрімдей 16-17 жастағы жүрегіне сызат түскен жандар бүгінде жасы елуден асты. Рас, желтоқсаншы қыздардың бейбіт күнде ақ екенін дәлелдей алмай отырғаны көңілге кірбің түсіреді. Десек те, желтоқсанның ызғарына мойымаған жалындаған жүректер еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізіп, азаттықтың ақ таңының атқанына тәубе етіп келеді.