ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫН ҚАЙТСЕК БЕКЕМДЕЙ ТҮСЕМІЗ? Избранное

Среда, 14 Декабрь 2022 05:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 839 раз

Ербол БАЙҚОНЫСОВ,
саяси ғылымдардың PhD докторы, саясаттанушы:

—Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік қауымдастықта өзінің орны бар, шекарасы шегенделген, сыртқы саясаттағы бағыты айқын, экономикасы орнықты дамып келе жатқан іргелі мемлекет ретінде қалыптасты. Ел ішінде шешімін күткен ауқымды проблемалар болғанымен, мемлекеттілікті нығайту тұрғысынан қарағанда өткен отыз жылда атқарылған жұмыстардың маңызы зор. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын.

101

 

Қазір әлемдегі геосаяси ахуалдың шиеленісіп тұрғаны, елімізде инфляция шарықтап кеткені және өзге де әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғанымыз жасырын емес. Соған қарамастан еліміздің даму бағдары айқын. Ол – саяси модернизация, орнықты экономикалық даму арқылы халықтың өмір сүру деңгейін инклюзивті түрде көтеру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан түпкілікті реформалар бізді осы мақсатқа қарай жақындатары сөзсіз.\\

91


Енді санаулы күндерден кейін тарих қойнауына енгелі отырған 2022 жыл Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін нығайта түсу тұрғысынан өте маңызды жыл болды деп айта аламыз. Өйткені, биыл жалпыхалықтық референдум арқылы еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Конституциялық реформалардың аясында жүйелі саяси реформалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Президенттің өкілеттіліктері қысқартылып, Парламент Мәжілісінің өкілеттілігі күшейтілді, Конституциялық Сот қалпына келтірілді және азаматтардың құқығын қорғаудың өзге де тетіктері күшейтіле түсті. Демек, қоғамда ашықтық пен жариялылық, плюрализм мен саяси либерализмнің ілгерілеуіне құқықтық негіз жасалды. Енді осы бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, соңына дейін жеткізілсе, бұл елімізді демократияландыру мен Тәуелсіздікті нығайта түсуге септігін тигізеді.

Сәбира БАЙЗАҚОВА,
«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы:

–Еліміздің Тәуелсіздігі мәңгілік болуы үшін азаматтардың отаншылдығы үлкен мәнге ие. Себебі, Қазақстанды дамуға қарай бастайтын күштің қайнар көзі инвестиция да, минералды ресурстар да емес. Елді алға жетелейтін адамдардың білімі, ақыл-ой күші, сенімі мен пайым-парасаты. Өз Отанын шексіз сүйетін, оның болашағына сеніммен қарайтын, өз тағдырын тек қана осы елмен байланыстыратын патриоттар ғана Қазақ елінің тасын өрге домалатады.

92


Егер нақты іс-әрекет болмаса, отансүйгіштік дегеніміз жәй ғана құрғақ сөз болып қала бермек. Сондықтан ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтар бас көтеріп, азаматтық қоғамды дамытуға атсалысуы керек. Яғни, «мемлекет мына проблеманы қашан шешеді» деп күтіп отыра бермей, қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес, үкіметтік емес ұйымдар арқылы сол проблемаға қоғамның назарын аударып, күш біріктіре отырып сол мәселелердің шешімін табуға ұмтылуымыз керек.
Бір қуанарлығы соңғы жылдары елімізде азаматтық қоғам институттары дамып келеді. Билік пен бизнес қауымдастықтың шеше алмаған немесе назарынан тыс қалған көптеген мәселелерін шешуде үшінші сектордың маңызды рөл атқарып келе жатқанын көріп жүрміз. Мәселен, біздің «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі де отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасылық зорлық-зомбылықтың, маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу бойынша қал-қадірінше жұмыс істеп жатыр.
Айтайын дегенім, «мемлекет маған не береді» деген түсініктен арылып, «мен өз елім, өз мемлекетім үшін не істей аламын» деген ниетте болсақ, азаматтық қоғам институттары мемлекеттіліктің сенімді тірегіне айналады.

Бақыткүл ҚАНЖІГІТОВА,
№45 мектеп-лицейдің мұғалімі:

– Бүгінде елімізде жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам құру жұмыстары жүріп жатыр. Осынау асқақ мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекет те, қоғам да үлкен ізденіс үстінде. Менің ойымша, мемлекет дамудың жаңа сатысына көтерілуі үшін әуелі ұлт жаңа сапаға қол жеткізуі керек. Өйткені, заманауи философия кез келген дүниенің сыртқы пішіні мен ішкі мазмұны болады деп түсіндіреді. Егер осы қисынға салсақ, мемлекеттің рәміздері, шекарасы, саяси, құқықтық һәм экономикалық жүйесі оның сыртқы формасы болса, адами капитал мен соның негізінде қалыптасатын ұлт сапасы – мемлекет дейтін ұғымның ішкі мазмұнын құрайды.

93


Демек, қазір Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси, құқықтық және экономикалық реформалардың бәрі мемлекеттің сыртқы пішінін жетілдіруге, түзетуге бағытталған да ал, мемлекеттің ішкі мазмұнын байыту үшін адами капиталды дамыту арқылы ұлт сапасын жақсартуға ұмтылуымыз шарт. Яғни, адал, парасатты, білімді, іскерлік қабілеті жоғары әрі Отаншыл азаматтардан тұратын өркениетті қоғам құру.
Ұлт сапасын жақсартудың бірден-бір жолы – ұрпақ тәрбиесі. Демек, бұл жерде ең ауыр салмақ тағы да отандық білім жүйесінің, дұрысы мұғалімнің мойнына артылмақ. Педагогика саласының барлық мамандары өз мойнында осыншалық зор жауапкершілік тұрғанын түсінуіміз, жан жүрегімізбен сезінуіміз керек. Басқаша айтсақ, мұғалім болашаққа өзі ғана қадам басатын емес, дүйім жұрт, тұтас ұлтты сол жарқын болашаққа бастап барарлық тұлға болуы тиіс. Білімді, білікті, бәсекеге қабілетті әрі патриот ұрпақты тәрбиелеп шығаратын мықты ұстаздарымыз Тәуелсіздікті нығайта түсуге үлкен үлес қосады деп ойлаймын.

Сауалнаманы жүргізген Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.