Жастарды қолдау – жарқын жолды таңдау Избранное

Среда, 21 Декабрь 2022 05:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1324 раз

Қазақстанда енді жастар саны бұрынғыдан да артады. ҚР Парламентінің Сенаты бұдан былай 35 жасқа дейінгі азаматтар да жастар санатына енетіні туралы заңды мақұлдады. Депутаттар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қарап, қабылдаған.

117

 

Заңға енгізілген өзгерістер аясында Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сай әлеуметтік саладағы бірқатар өзгерістер жүзеге асырылмақ. Олар:
- Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны бала 1,5 жасқа дейін жеткенше төлеу;
- Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінен – 70 пайызға дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120 пайызға дейін жеткізу;
- Әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деп бекіту;
-Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту.

Сонымен қатар, маңызды өзгерістің бірі жастарға қатысты болып отыр. Енді жастардың жас шегі 35 жасқа дейін ұлғайтылады.

– Заң жобасында жастардың даму индексі, уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар), жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақтары ұғымдарын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады. Сондай-ақ, жастар ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайту жөнінде түзету енгізілді. Бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға әсер береді. Екіншіден, жастарға үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейтуге бағытталған түзетулер көзделген. Айта кету керек, мемлекеттік органдардың мемлекеттік стратегиялық жоспарлау құжаттарына, оның ішінде аймақтарды дамыту бағдарламаларына жастармен жұмыс бойынша нақты индикаторлар, бағалау критерийлері және күтілетін нәтижелер енгізіледі, – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

115


Министрдің мәліметінше, жастардың білім алуы, жұмысқа орналасуы, денсаулығы, өзін-өзі дамытуы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне толыққанды қатысуы үшін тең мүмкіндік пен қолайлы жағдай жасау – кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе. Аталмыш заң жобасы сарапшылар мен қоғам белсенділері тарапынан талқыланып, қолдау тапқан. Енді сарапшылар бұл заң жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп санайды.

Осылайша, елімізде жастарды мемлекеттік қолдау саясатының аясы кеңіп, жастардың саны 2 есеге жуық артады деп күтілуде. Нақты айтқанда, 3,7 млн адамнан 6 млн адамға дейін көбейеді.

Шымкентте жастар саны қанша және алдағы уақытта қаншаға артады? Бұл сұрақтың жауабын іздеп, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментіне хабарластық.

– 2022 жылғы мәліметтер бойынша Шымкентте 15 жастан 29 жасқа дейінгі 245 178 жас бар. Ал жасы 35-ке дейінгі жалпы тұрғындар саны 748 159 адамды құрайды, – дейді департаменттің демография бөлімінің басшысы Ербол Қуатбеков.

Осылайша, жаңа заң бойынша 1 миллионнан астам шымкенттіктің 2/3 бөлігіне жуығын жастар құрайтын болады. Бұйыртса, нағыз жастар қаласы, жастар елі атанғалы тұрмыз.

Алдағы уақытта еліміздің әлеуметтік саласы, оның ішінде жастар саясатының ауқымы кеңейіп, көптеген өзгеріс болғалы тұр. Себебі, қатары артқан жастарды қолдау аясы да қайта қарауды қажет ететіні даусыз. Қазірдің өзінде жастарға арналған бағдарламалар баршылық. Оның ішінде елімізде үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан жастарға жалдамалы баспана беру мен жуырда іске қосылатын, жастарға 2,5 пайызбен берілетін жеңілдік несиесін де мысалға келтіруге болады.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, мегаполисте жастарды қолдау саясаты 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда бүгінгі таңға дейін қалада 2 158 жас «Жастар практикасы» жобасымен қамтылып, өз мамандығы бойынша жұмыс орындарына жолданған.

Бұл бағдарламаға соңғы 3 жылда жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарын бітірген және еңбек өтілі жоқ түлектер қатысатынын айта кетейік. Ал дипломы болса да бірден жұмысқа тұра алмаған NEET санатындағы жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылуда. Жыл басынан Шымкентте 288 жас алғашқы жұмыс орнында қызмет етуде.

Последнее изменение Четверг, 22 Декабрь 2022 11:46
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.