Аттестат та, диплом да қолда

Пятница, 13 Январь 2023 05:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1109 раз

photo 2016-10-03 16-54-33

Бүгінде жастардың қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтарды, әсіресе, кәсіптік білімді игеруге деген талпынысы артқан. Жағымды жаңалық, білім саласында тағы бір реформа – жасөспірімдер мектеп қабырғасында жүріп-ақ кәсіптік мамандық иесі атанады. Яғни, мектеп оқушыларына аттестатпен бірге дипломды қатар алуға мүмкіндік беріледі. Мәселенің анық-қанығын тарқатып айтсақ.

2023 жылдың қыркүйек айынан бастап жүзеге асырылатын пилоттық жоба аясында 10-11 сынып оқушылары бір мезетте мектеп пен колледжде қатар оқи алады. Мұндай қос деңгейлік білім беруді экс-министр Асхат Аймағамбетов енгізген еді. Бұл экперимент 16 мамандық бойынша әр өңірде 2 коледжде жүргізілетін болды. Биыл 9 сынып оқып жатқан оқушылар келесі жылдан бастап аталған эксперименттік жобаға қатысып, бір уақытта диплом мен аттестатын бірдей алып шығады. Қазіргі таңда пилоттық жоба аясында Шымкентте екі колледжбен келісімшарт жасалған.

– Бұл жерде мектеп, колледж, ата-ана тарапынан үш жақты келісім жасалып, білім алу ерікті түрде жүзеге асырылады. Бала егер түске дейін мектепте білім алатын болса, түстен кейін колледжде оқуын жалғастырады. Колледждегі білім беру 4 сағаттан артық болмауы керек. Пилоттық жобаны Шымкент қалалық жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі мен Тамақтандыру индустриясы және сервис колледждерінде жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бір колледж тігіншілерді дайындаса, екіншісінде аспазшыларды даярлайды. Себебі, бұл екі мамандық қазіргі таңда қоғамда үлкен сұранысқа ие, -дейді Шымкент қалалық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жанар Алтаева.

Эксперименттік білім беру бағдарламасы 2023-2024 және 2024-2025 оқу жылдарында ерікті негізде жүзеге асырылады. Жұмысшы біліктілігі бойынша білім алушыларды даярлауға арналған оқу тобы кемінде 15 адамнан құралады. Шымкент қалалық білім басқармасының берген мәліметі бойынша айқындалған колледждер мамыр айында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқуға ниет білдірген талапкерлермен әңгімелесу өткізеді.

Колледждерде білім алушы жұмысшы біліктілігі бойынша білім беру бағдарламасын толық меңгеруі үшін барлық жағдай қарастырылады.

Білім алушы келісімшартта көрсетілген білім беру бағдарламасын меңгеріп, оқу аяқтағаннан кейін біліктілік емтиханынан өтеді.

–Білім алушылар үшін оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі күніне 4 сағаттан аспайды. Міндетті оқытуға арналған оқу уақытының көлемі 48 кредитті, оқу мерзімі 1 жыл 5 айды құрайды. 1 кредит 24 академиялық сағатқа, 1 академиялық сағат 45 минутқа тең. Білім беру бағдарламасын сәтті меңгерген және ТжКБ ұйымдарында қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыларға мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Сонымен қоса, орта білім беру ұйымдарында қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыларға мемлекеттік үлгідегі аттестат беріледі.

Қаламызда таңдалған екі колледжде 16 мамандық бойынша білім беру қарастырылған. Мамандықты оқушының өзі таңдайды. Әзірге мұндай мүмкіндікті мегаполисте
9 сынып оқып жатқан 19 мыңға жуық оқушы пайдалана алады. Егер тиімділігі дәлелденсе, болашақта жобаны жандандыру көзделген, - деді Шымкент қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Рахат Арғынбек.

Айта кетейік, әдетте оқушылар 9 сыныптан кейін колледжде 2 жылдан аса уақыт оқыса, бұл жоба арқылы мектепте оқып жүріп, 1 жыл 5 айда дипломын қолына алып, мамандық иесі атана алады. Әрі 11 сыныпты аяқтап, аттестатқа да ие болады. Бұл, баланың бос уақытына алаңдаған ата-ана мен уақытын тиімді жұмсағысы келетін жасөспірімдер үшін қолайлы болмақ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.