Қуаныш Дәулеталиев, кәсіпкер ШЫМКЕНТ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛАР ҚАЛА Избранное

Среда, 22 Февраль 2023 03:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1964 раз

Әрбір мемлекеттің дамуында шешуші тарихи кезеңдер болады. Сол тұста қабылданған шешімдер мен жасалған таңдаулар тұтас елдің алдағы уақытта, бәлкім, тұтас ғасырда қалай өмір сүретінін, қай бағытта дамитынын айқындап береді.

30

 

Өткен отыз жылда тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңін бастан өткізген Қазақстан бүгінде сондай шешуші тарихи кезеңге қадам басып отыр. Міне, осындай жауапты кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жан-жақты ойластырылған, жүйелі әрі ауқымды реформаларды қолға алды.
Өткен жылғы конституциялық реформалардан бастау алған бұл жаңғыртудың түпкі мақсаты – ұлт сапасын жаңа деңгейге көтеру, Қазақстанда заң үстемдігі, ашықтық пен жариялылық сынды демократиялық қағидаларға арқа сүйейтін жаңа әрі әділетті қоғам орнату.
Негізінде, Қасым-Жомарт
Кемелұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл модернизацияның сәтті әрі нәтижелі аяқталуына барша қазақстандықтар мүдделі болуы тиіс. Себебі, ел ретіндегі ең асқақ, тіпті, қасиетті мақсатымыз – әділетті қоғам құру. Мемлекеттілігіміз мәңгілік мығым, еліміздің іргесі бүтін болсын десек, білімді, алғыр әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, экономикамыз дамып, халқымыз қауіпсіз, алаңсыз, бақуат әрі бақытты өмір сүрсін десек, онда адам құқығына құрметпен қарайтын және оны қорғайтын, ашық әрі әділетті, заң үстемдігі мен демократия қағидаларына адал қоғам құруға ұмтылуымыз шарт.
Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттарды толықтай қамтып отыр. Саяси реформалардың өзегі өткен жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар деуге болады. Өйткені, Ата Заңға енгізілген өзгерістер еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтарының бір-бірінен дербестігін қамтамасыз етуге, ең бастысы, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін күшейтуге мүмкіндік берді.
Республиканың негізгі заңына енгізілген өзгерістерді іс жүзінде қолдану үшін елімізде былтырдан бері сайлаулар циклі жалғасып келеді. Өткен күзде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтіп, одан халқымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңару мен жаңғыруға бағытталған саяси бағдарын толық қолдайтынын көрсетті. Енді сол сайлаулар циклі 2023 жылдың 19 наурыз күні өтетін аса маңызды саяси науқан – Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауына ұласып отыр. Бұл реформалардың саяси блогы.
Ал, елді түбегейлі жаңғыртудың экономикалық-әлеуметтік бағыт-бағдарын Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жария етті. Президент жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап, экономиканың нақты секторын дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталды. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелерін Шымкент қаласының экономикалық даму көрсеткіштеріне қарап байқауға да болады.
Қазақстанның қуатты мемлекет болуы өңірлердің қуаттылығына байланысты десек, Шымкенттің алдында орта мерзімді перспективада дотациялық аймақтан республикалық бюджетке табыс әкелетін донор аймаққа айналу міндеті тұр. Соңғы жылдары Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, 2018 жылдан бері қарай қалалық бюджеттің көлемі 4 еседей ұлғайды. Өткен жылы қала қазынасының көлемі 590 миллиард теңгеден асты. Оның ішінде қаланың өзіндік табыстары 2018 жылғы 80 миллиард теңгеден 251 миллиард теңгеге дейін, яғни, 3 еседен астам көбейді.
Шымкентте өнеркәсіп пен кәсіпкерлік салаларының да орнықты дамып келе жатқаны айқын. Шаһардың өндірістік қуаты негізінен 5 өнеркәсіптік аймақта шоғырланған. Бұл аймақтарда жалпы 230-ға жуық инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 14 мыңдай жұмыс орны құрылған. Қалаға келіп, жаңа кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлардың көп болуына байланысты бүгінде «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» атты жаңа индустриалды аймақтар құру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қала берді Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығының ауқымын кеңейтіп, оны Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңірінің логистикалық хабына айналдыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жалпы, Шымкент қаласының әкімдігі алдағы бесжылдықта қала экономикасына 6 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл қаланың өндірістік қуатының артып, сапалы әрі тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етері сөзсіз.
Жылдан жылға Шымкенттің кәсіпкерлік белсенділігі де артып келеді. Бұған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың оң әсер етіп жатқаны талассыз. Мәселен, кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының аясында Шымкент қаласында бизнесті қолдауға биылғы жылы 18 миллиард теңге бөлінді. Мұнан бөлек қала әкімдігі қабылдаған «Іскер қала» атты бірегей өңірлік бағдарлама да бизнес қауымдастық пен өз кәсібін енді бастағысы келетін тұрғындарға тың мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Иә, мұндай ауқымды қолдаудың нәтижесі де жоқ емес. Атап айтқанда, Шымкент алғаш рет республикалық мәртебеге ие болған 2018 жылы қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны 70 мың болса, бүгінде бұл көрсеткіш 104 мыңнан асты. Өңірлік жалпыішкі өнім құрылымындағы кәсіпкерлік саласының үлесі 35 пайыздан 41 пайызға дейін өсті. Осының барлығы үшінші мегаполистің экономикалық әлеуеті жоғары екенін паш етеді.
Әрине, қаланың әлеуеті тек өнеркәсіп немесе кәсіпкерлікпен өлшенбейді. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін экономикаға қоса әлеуметтік саланың да орнықты дамып отыруы маңызды. Міне, бұл тұрғыда да Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Біз әлеуметтік саласының ішіндегі айрықша маңызға ие бағыты – білім беру туралы айтсақ.
Президент Жолдауда «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз» деген болатын.
Қазірдің өзінде Шымкент қаласында бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, 223 жалпы орта мектепте 242 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Өткен жылдың өзінде қаламызда 40 мектеп ашылды. Оның көпшілігі жекеменшік инвесторлардың есебінен жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы жұмыс істейді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы 2023-2025 жылдары Шымкент қаласының өзінде халықаралық стандарттарға сай келетін 25 мектеп салынбақ. Осылайша, қаламызда үш ауысымда оқыту проблемасы толығымен шешіліп қана қоймай, білім беру сапасының уақыт талабына сай жетілуіне қолайлы жағдай жасалады.
Біз Шымкент қаласын дамытудың жекелеген бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға ғана тоқталдық. Ал, қаладағы инженерлік және көлік инфрақұрылымын жетілдіру, халықты тұрақты жұмыспен қамту, құқық қорғау, денсаулық сақтау, мәдениет пен бұқаралық спортты дамыту секілді сан түрлі салаларда атқарылып жатқан барлық жұмысты шағын мақалада айтып шығу қиын.
Ең бастысы, республикадағы үшінші мегаполис атанған Шымкент бүкіл Қазақ елімен бірге орнықты даму жолында сеніммен алға басып келеді. Осынау жолдан таймасақ, халқымыздың ынтымақ-бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде Шымкенттің әлі де биік белестерді бағындырып, Жаңа Қазақстанның мақтанышы болар көрікті әрі жайлы қалаға айналарына сенеміз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.