ТАНЫМДЫҚ САЯХАТТЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Среда, 17 Май 2023 05:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 934 раз

«Экология, өлкетану және туризм орталығы» 4-7 мамыр аралығында 46 оқушыны танымдық саяхатқа алып шықты. Өлкетану бағытындағы жұмыстарды жетілдіру, патриоттық тәрбие беру мақсатында қолға алынған саяхат Алматы қаласында өтті.

 

Балалар Алматы қаласының ең көрікті әрі таңғажайып орындарының бірі — Көктөбені тамашалады. Аспалы жол арқылы Көктөбе төбесіне көтеріліп, қаланың көрікті және әсем жерлеріне куә болды. Ары қарай «Медеу» мұз айдыны мен Кіші Алматы шатқалына барып, аспалы жолмен Шымбұлаққа көтерілді. Тамылжыған табиғаттың сұлулығына тамсанған балалар ерекше әсер алды.
Академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейіне, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық қорына, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты гуманитарлық және жаратылыс бейініндегі 10 ғылыми-зерттеу институтына және кітапханаларға экскурсия жасалды.
Балалар Қазақстан ғылымының тарихы музейінен еліміздің ерте ғасырлардан бергі ғылымының дамуы мен тарихы, ғалымдары туралы тың ақпарат алды. Әл-Фараби, Ибн Сина еңбектерінен бастау алған ғылымның даму тарихы орта ғасырлық ғалымдардың еңбегімен толығуы, кеңестік дәуірдегі ғалымдарымыздың еңбектерімен танысты. Жаңа ғасырдағы Қазақстан ғалымдары, олардың еңбектері, жер қойнауындағы байлығы мен ғарыш әлемі, білім мен медицина, ауыл шаруашылығы, кен өндіру саласы, тағамтану және биотехнология салаларының даму тарихы мен жаңалықтарынан хабардар болды.
Археологиялық музейде Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың мекен ортасы, тұрмыста қолданған заттары мен киімдері, әшекей қалдықтары, Есік обасынан табылған «Алтын адам» және ерте ғасырлардағы жерлеу дәстүрі, сенім-нанымдарымен танысты. Сонымен қатар, ерте ғасырдағы жер өңдеу, алтын мен күміс қорыту, тас қашау және аң стиліндегі мәдениеттің дамуы туралы ақпараттар алды.
Сирек кездесетін кітаптар музейі жазба мәдениеті мен қағаздың дамуы және Қазақстан аумағында ерте ғасырдан жаңа ғасырға дейінгі қолданылған әліпби түрлерімен, Орхон және Күлтегін жазбалары, төте жазба, көне түрік жазбасы, латын әліпбиі, кириллица, сонымен қатар қазақ ғалымдарының осы бағытта жасаған еңбектерімен танысты.
Орталық Азиядағы ең ірі музейлердің бірі — ҚР мемлекеттік орталық музейі. Экскурсия барысында палентология және археология кешеніндегі әйгілі «Алтын адам» ескерткішімен, дәстүрлі қазақ мәдениеті тұрмысы мен шаруашылығына қатысты заттарымен, Қазақстанда тұратын этникалық диаспоралардың тарихы мен этнографиясы туралы тың деректерді естіп, ел тарихына қанықты.
Алматы зообағында сүтқоректілермен, жыртқыш, су, үй және дала құстарымен, жыртқыш жануарлармен, экзотериум жануарларымен, су жануарларымен, приматтар және піл, мүйізтұмсық, керік, амур жолбарысы, ақ аю, арыстан және жолбарыстармен танысты. Ал, Алматы ботаникалық бағындағы, декоративті-гүлдердің, тропикалық, астық, дәрілік өсімдіктер бөлімдерімен, сонымен қатар, жергілікті және басқа жақтан әкелінген өсімдіктермен жан-жақты танысып, оларды өсірудің тиімді жолдары жайлы мол мағлұмат алды. Сонымен қатар, өсімдіктерді жерсіндірудің теориялық негіздері мен практикалық тәсілдерін жасау, дүние жүзі флорасына жататын өсімдіктердің биологиялық-экологиялық ерекшеліктерін зерттеу жайлы мамандар бағыт-бағдар берді.
Экскурсия өлкетану бағытындағы жұмыстарды жетілдіру, патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған болатын.Еліміздің мәдени мұрасымен танысып, құнды жәдігерлерді көріп, ой-өрістерін жетілдіген төрт күндік экскурсияға ата-аналар мен оқушылар дән риза болды.

У.ҚАМЫТБЕКОВА,
«Экология, өлкетану және туризм орталығы» КММ директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.