«Үш сүю» немесе хәкімнің өсиетін қалай орындап жүрміз? Избранное

Среда, 09 Август 2023 05:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 743 раз

abay-qunanbay

Ғасыр бұрын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Абайды оқы, таңырқа» деп жырласа, күні кеше көрнекті жазушы, қадірлі ел ағасы Мархабат Байғұт «Абайды оқы, орында» деп өсиет айтқан еді. Асыл ағамыз бір жағынан 10 тамыздың Үкіметтің қаулысымен Абай күні болып белгіленгеніне шын жүректен қуанса, екінші жағынан біздің қоғам бұл мерекенің мәніне терең бойламай, бетімен ғана қалықтап, Абай күнін науқаншылдыққа ұластырып жібермес пе екен деп алаңдап, республикалық басылымдарға мақала да жазған болатын.

Қазақ елі күні ертең сол Абай күнін тағы да тойлағалы отыр, бірақ, бұл жолы арамызда «Абайды оқып, оған таңырқап, тамсанумен шектелмей, данышпанның айтқанына амал қылып, өсиетін орындау ләзім» деп отыратын ақылман ағамыз, сүйікті жазушымыз Махаң жоқ... Дүние-ай десеңізші!

Сонымен хәкімнің қай айтқанын орындап, қай сөзіне әлі де құлаққа аспай жүрміз? Абай аңсағандай қоғам құру жолындағы ізденісіміз қайсы деген төңіректе аз-кем ой қозғап көрмекке тәуекел еттік.

Осы күні біздің қоғам «Сегіз аяқ» өлеңіндегі:

«Егіннің ебін,
Сауданың тегін,
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде», - деген өсиетті орындауға ұмтылып бағуда. Осы күні қазақ қоғамының адал кәсіп үйренуге, сөйтіп, біреуге қол жаймай өз бетімен мал табуға деген ұмтылысы күшті-ақ. Бір ғана Шымкентте 125 мыңға жуық жеке кәсіпкердің тіркеліп, жұмыс істеп жатқаны сөзіміздің айғағы емес пе?! Алайда...

Абай тек «мал табуды» ғана өсиет етті ме? Әсте олай емес. Біздегі кем ақылдың күбірлеуінше, Абайдың бүкіл шығармашылығының өзегі, өмір бойы айтқаны мен жазып қалдырғандарының қорытынды түйіні «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде жатқан сияқты.

Бұл өлеңді ақынның 1902 жылы, яғни, жасы алпысты алқымдаған шақта, өмірінің соңына таяу, ой-өрісі мен ақыл-парасаты әбден кемелденіп, данышпандықтың шырқау шыңына қадам басқан тұста жазуы да заңдылық шығар. Олай дейтініміз, тап осы бір өлеңінде хәкімнің тек қазақ баласына емес, бүкіл адамзатқа айтқан ең құнды өсиеті жатқандай. Егер оған назар аударып, ой жүгіртіп, «сол өсиетті қаншалықты орындап жүрміз» деп өз өмірімізге сын көзімен қарамасақ, сөйтіп, өмірімізді өзгертуге ұмтылмасақ, онда біз Абайды тануды, одан тағлым алуды ойлаған жұрт емес, жәй ғана «Абай күні» деген желеумен той тойлауды ғана ойлайтын науқаншыл жұрт боп қала бермекпіз.

Сонымен Абайдың басты өсиеті қайсы дейсіз бе? Ол міне:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл,
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл», - деген жолдарда жатыр.

Демек, Абай танымында діннің де, ғылымның да, мәдениеттің де бастауы, жалпы, адамгершіліктің негізі махаббатта жатыр. Жүрегіне махаббат ұяламаған адамның иманды болуы неғайбыл екен.

Енді бір сәт ойланып көрейікші, Сіз бен біз өз жүрегімізден махаббатқа орын бердік пе? Біздің бойымыздан Аллаға, адамдарға деген сүйіспеншілік байқала ма? Біз әрқашан әділеттілікті жанымызбен жақсы көреміз бе? Жоқ әлде, өзімізге келгенде «әділеттілік қайда» деп шырылдап, өзгенің ісіне, мүддесіне келгенде әділеттің ақ жолынан оп-оңай аттап өте береміз бе?

Егер біздің қоғамда жүрегіне махаббат орнаған, иманы кәміл, рухани толысқан тұлғалар көп болса, онда ел ішінде қылмыс азайып, көптеген әлеуметтік проблемалар өздігінен шешімін табар еді-ау... Бірақ, біз қылмыс пен жемқорлық тыйылмай тұрған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мүмкін Сіз «қоғам рухани азғындап бара жатса, онда менің не кінәм бар» деп ойлап отырған шығарсыз. Ауырлау болса да ақиқатты айтайық, осының барлығына Сіз де кәнілісіз, мен де кінәлімін, ол да кінәлі. Өйткені, сол қылмысты жасағандардың барлығы біздің адамымыз, біздің қоғамның мүшелері. Демек, біз оларға жақсы үлгі-өнеге көрсете алмадық, оларды мейірім мен махаббатқа бөлеп, жақсылық пен әділеттілікке сендіре алмадық. Абай айтқан «үш сүюді» насихаттаудың жолына, махаббатты таратудың жолына басымызды да, малымызды да байламадық. Сол үшін кінәліміз.

Қараңызшы, бүгінде бір ғана Шымкент қаласында 100-ден астам мешіт жұмыс істеп тұр. Әсіресе, жұма күндері мешітке жиналған жамағаттың қарасы қалың екенін байқап жүрген шығарсыз. Шүкір, елімізде қайырымды істер атқаратын адамдар да жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Қаншама жастарымыз қажылыққа, умраға барып келуде (Алла бәрінің ниетін қабыл етсін).

Бірақ, дін ұстанатындар көбейгеніне қарамастан, елімізде әлгі айтқандай көз көріп, құлақ естімеген, жан шошырлық қылмыстар да көбейіп бара жатыр. Неге бұлай? Неге адамдардың жасаған ізгі амалдары қоғамда арсыздықтың тыйылуына себеп болмай отыр?

Хәкім Абай мұның да жауабын берген екен:

«Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс», - дейді ол.

Яғни, ораза мен намаздың, зекет пен қажылықтың талқыға салынбайтын іс екенін, оны орындау әрбір мұсылманның мойнындағы парыз екенін айтады-дағы, алайда, кісінің жүрегіне ізгілік ұя салмаса, яғни, әлгі «үш сүю» болмаса, құлшылық еткеннің пайдасы шамалы екенін ескертеді. Бәлкім, біздің қоғамда адамдар жасаған қайырлы істердің татымды жеміс бермей жатқаны да сол жүректерге махаббаттың орнықпауынан шығар, кім білсін?!  

Енді Сіз «осыншама қылмыс пен көзбояушылық жайлаған ортада өмір сүре отырып, бүкіл адамзатты былай қойғанда, айналамдағы адамның бәрін тегіс қалай сүймекпін» деп ойлауыңыз мүмкін. Иә, махаббатқа сенім керек. Адам сенгенін ғана сүйе алды. Ал, адамдарға сенуді үйрену үшін әуелі Аллаға, сосын өз-өзіңе сену керек. Өзінің адал ниетіне, шынайы жанашырлығына, қайырлы амалына сенген адамға өзгелерге сену де, өзгелерді жақсы көру де қиын емес.

Сенім деген өзі керемет дүние. Ислам тарихындағы әділетті төрт халифаның бірі әзіреті Омарға бір күні Византиядан елші келіпті. Ештеңе төсемей, құмның үстінде отырған мемлекет басшысын көрген елші аң-таң болады. Өйткені, өз императорының сол дәуірдегі сән-салтанатын көріп жүрген елші мемлекет басқаратын адамның мұншалықты қарапайым болуын қабылдай алмаған еді.

Сөйтіп, елші халифаға қолындағы шақшасын ұсынып «Мынау әміршіміздің Сізге жіберген сыйлығы, бұл – бір тамшысы адамды сеспей қатыратын у. Император өзіне жақпайтындар мен дұшпандарын осымен жойып отырады» дейді. Әзіреті Омар «Бұл неткен жаман әдет, ешбір адамның өзгенің өмірін бұлай қиюға хақысы жоқ» дейді де, «Биссмиллә» деп шақшадағы уды ішіп жібереді.

Халифаның у ішкенін көрген елші қорыққанынан есінен танып қалады. Есін жиғанда басында аман-есен отырған Омарды көрген елші мұның мәнін сұрайды. Сонда күллі мұсылмандардың билеушісі «Менің Аллама деген сондай күшті сенімім бар, оның рұқсатынсыз маған ештеңе де зиянын тигізе алмайды» деген екен.

Иә, бүгін біз дұшпан берген у түгілі, жолдастың берген шәрбәтін де қорқа-қорқа ішетін хәлге жеттік. Себебі, ой-санамызды да, қоғамымызды да сенімсіздік жайлап алған. Ал, рухани кемелденген, өркениетті қоғам орнату үшін ең ұсақ саудамыздан бастап, ең маңызды, ең ірі мемлекеттік істерімізге дейін адамдардың көңіліне сенім ұялатуы керек.

Айтайын дегеніміз, өзгелерді сүю үшін, өзгелерге сене білу үшін әуелі өзіңіз махаббат пен сенімге лайық адам болыңыз. Қоғамды түзеткіңіз келсе, өзіңізді түзеңіз. Себебі, адам айналасына өзінің бойында, санасында, жүрегінде бар нәрсені ғана бере алады. Бұл – бір жаңалық емес, ықылымнан айтылып келе жатқан аксиома ғой. Тек біз соны ұмытып бара жатқандаймыз.

Не де болса, ертең елімізде Абай күні аталып өтеді. Бұл күн халқымыздың Абайды оқып, орындауына ықпал ететін күнге, шынайы махаббат пен сүйіспеншіліктің таралуына себеп болатын мерекеге айналса, шіркін...

Айдар ҚҰЛЖАНОВ