«Біз мектепке барамыз»: жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Среда, 09 Август 2023 05:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 543 раз

biz-mektepke-baramyz

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес жыл сайын бірінші сыныпқа баратын оқушыларды қабылдау сәуір айынан басталып, тамызға дейін жалғасады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған оқушылар – 25 005 болса, 2022-2023 жылы – 26781, ал биылғы оқу жылында – 26969 оқушы қабылдау жоспарланғанмен, оқушы саны одан да көп. Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының оқу бөлімінің басшысы Естай Жақаев мәлімдеді.

–2023 жылы 1-сыныпқа 26 979 оқушы қабылдау жоспарланса, бүгінгі күнмен қабылданған оқушы саны – 27 002 құрап отыр. Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында қабылдау электрондық үкімет порталы арқылы онлайн да жүзеге асырылады. Ата-аналарға ыңғайлы болу үшін құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да беруге болады. Мектепке қабылдау даярлық деңгейіне қарамастан барлық балаларға қолжетімді. Сондай-ақ балаларды өздерінің шағын учаскелері бойынша мектепке ғана емес, бос орындар болса, кез келген басқа мемлекеттік мектепке тіркелуге мүмкіндік бар,– дейді Е.Жақаев.

Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл да жалғасты. Акция еліміздің барлық өңірлерінде осы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өтеді. Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата- анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету болып табылады.

–«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында балалар қажетті кеңсе жабдықтары және киімдермен қамтамасыз етілді. Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы 53 893 балаға көмек көрсетілді. Әр балаға 41 000 теңгеден қаржылай көмек, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары – 16 403, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған – 436, көп балалы отбасы – 29 779, басқа да санаттағы – 7 275 балаға көмек көрсетілді, –деді Е.Жақаев.

Көп балалы ана Гүлжан Сәрсембиева (аты-жөні өзгертілді) аталмыш көмекті екі жылдан бері алып келеді. Декреттік демалыста отырған ана мемлекеттен берілетін көмекке алғысын білдірді.

–Мен алты баланың анасымын. Балаларым №94 мектепте оқиды. Қазіргі табысымызды балалардың қажеттілігіне жеткізе алмайтындығымыз рас. Мемлекеттен беріліп жатқан қолдау –біз сияқты көпбалалы отбасыларға үлкен көмек. Декреттік демалыста болғаннан кейін, үйде отағасы тапқан қаражат ас-ауқаттан артылмайды. «Мектепке жол» акциясына мектеп мұғалімдерінен естіп құжат тапсырдым. Мектепке баратын әр балама 41 мың теңгеден қаражат бөлінді. Енді мектеп құралдарын аламыз,–дейді Г. Сәрсембиева.

Жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы мектеп оқушыларының қиыншылықтарын жеңуге бағытталған игі шара. Сондай-ақ бұл акцияға кез келген шымкенттік қатыса алады: еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар да аз қамтылған отбасыларына көмек қолын соза алады.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізіледі. Елімізде бұл акцияның басталғанына 10 жыл болыпты. Содан бері 2 млн-нан астам балаға материалдық көмек көрсетілген.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.