287 кәсіпкерге айыппұл салынды

Среда, 01 Апрель 2020 06:40

Шымкент қаласында төтенше жағдай режимін бұзғаны және санитарлық талаптарды орындамағаны үшін сауда және қызмет көрсету нысандарына 287 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Бұл туралы Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабынан хабарлады.
Атап айтқанда, соңғы 5 күннің өзінде Абай ауданында – 144, Еңбекші ауданында – 58, Қаратау ауданында – 50 және Әл-Фараби ауданында 35 кәсіпкерлік нысаны жауапқа тартылды. Оның ішінде сауда орталықтары, азық-түлік дүкендері, дәмханалар, әсемдік салондары, ломбардтар мен автокөлікке техникалық қызмет көрсету орталықтары бар.
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде сауда және қызмет көрсету нысандарының жұмыс уақыты шектелген. Бұл орындардың кіре берісінде қолды антисептикалық өңдейтін құралдар қойылып, келушілердің дене қызуы контактісіз пирометрмен өлшенуі тиіс. Сондай-ақ, қызмет көрсетуші персонал мен келушілер медициналық бетперде тағып жүруге міндетті. Осы талаптарды орындамаған кәсіпкерлер алдағы уақытта да жауапқа тартылады.

 

брифинг абай акими

Шымкент қаласындағы карантинге жабылған Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

«Nur Otan» партиясы ұйымдастырған «Біз біргеміз!» республикалық акциясының аясында 107 (616 адам) жағдайы төмен отбасыға азық-түлік себеттері тегін таратылды.
Бұл туралы Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
–Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабы короновирус инфекциясына байланысты 14 күнге карантинге жабылғаны белгілі. Біз осы қиын кезеңде әлеуметтік тұрғыда әлжуаз отбасыларға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Елбасы тапсырмасымен ұйымдастырылған «Біз біргеміз!» республикалық акциясының аясында 107 (616 адам) жағдайы төмен отбасыға азық-түлік себеттері тегін таратылды. Сонымен қатар 716 отбасыға 40-50 пайыз жеңілдікпен картоп, пияз, сәбіз, май, ұн ұсынылды, - деді Бұқарбай Рысқұлұлы.
Б.Парманов тұрғын алабына арзандатылған бағамен бірінші сұрыпты ұн жеткізілгенін, қазір нан бағасы тұрақты екенін айтты. Нан Жаңаталап тұрғын алабындағы (500 метр қашықтағы) наубайханада жабылып, жеткізілуде. Тұрғындарға нан 75 теңгеден сатылып жатыр. Ал «ЛТД Тұрмыс» мекемесі елдімекенге күніне 2 мезгіл таза ауыз су жеткізіп беруде.
Аудан әкімінің айтуынша, елді мекендегі барлық тұрғындар қауіпсіздік талаптарын мұқият орындап, үй карантинінде отыр. Барлық 2 856 тұрғынға тұрақты түрде тегін медициналық бетперде таратылуда.
Айта кетейік, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында 132 аз қамтамасыз етілген, 96 көп балалы отбасы өмір сүреді.

 

Сая іздесең, ағаш ек

Пятница, 20 Март 2020 19:06

77

Наурыздың игі дәстүрін жаңғыртайық

Биыл коронавирус инфекциясының таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, соның салдарынан әз-Наурызда мерекелік шаралар ұйымдастырылмайтын болғаны баршаға мәлім. Еліміз аман, халқымыздың бірлігі бекем болса, бұл қиындықтарды да еңсеріп, жаңару мен жаңғырудың бастауы болған көктем мерекесін әлі талай дүркіретіп тойлармыз. Ал, биылша Наурызды алаңдар мен қоғамдық орындарда атап өтпегенімізбен, ұлттық мейрамымыздың ең игі дәстүрлерін жалғастыруға мүмкіндік бар. Соның бірі – ағаш егу.

«Бір тал кессең – он тал ек» деген қағидаға сүйенген ата-бабаларымыз Наурыз мерекесін, ең алдымен, бұлақтардың көзін ашып, ағаш отырғызудан бастаған. ХХІ ғасыр жағдайында бұл дәстүрді сақтау мен жалғастырудың маңызы айрықша. Әсіресе, Шымкент сияқты күн санап өсіп келе жатқан, индустриалды дамуға бет алған қалада экологиялық ахуал қашан да өзекті.
Иә, жергілікті билік қаланы көгалдандыру мен абаттандыру ісіне ерекше назар аударып келеді. Мәселен, Шымкент қаласы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі бойынша, өткен жылы қалада 16 168 түп ағаш пен 1 миллионнан астам гүл отырғызылған. Қазір шаһарда 125 көшені, Бадам, Қошқар ата өзендерінің жағалауын және «Асар» шағын ауданын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. 2020-2024 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасында көрсетілген мәліметтерге сәйкес, алдағы 5 жылда Шымкентте 3 тематикалық саябақ ашу жоспарланған. Мұнан бөлек қаланың солтүстік және батыс жағында Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесіне сүйене отырып жасыл белдеу құрылады. Оның аумағы кемінде 14 мың гектарды құрайды. Жалпы, алдағы 5 жылдықта 1 миллион түп көшет отырғызылып, Шымкент шын мәніндегі жасыл қалаға айналмақ.

Десе, де қаланы көгалдандыру тек әкімдіктің міндеті десек, қателесеміз. Қазақстандағы үшінші қаланың гүлденуі – шымкенттіктердің патриотизмі мен белсенділігіне байланысты. Туған жерге, өз қаламызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз. Ал, Наурызда осы парызды өтеуге мүмкіндік мол. Егер әрбір азамат өз үйінің іргесіне, ауласына немесе көшенің бойына көшет отырғызса, биылғы Наурыз да атаусыз қалған болмас еді.
Мағжан Жұмабаев өзінің ұлттық мерекеге арналған әйгілі мақаласында «Қазақтың Наурызы – тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып елге пайдалы игі іс жасайтын, халық болып бірігіп ұйымдастыратын мейрам ету керек» деп жазады. Өте орынды айтылған осы сөз арада ғасыр өткеніне қарамай өзектілігін жойған жоқ. Мағжан өсиет еткен игі істің үлкені – Наурызда ағаш отырғызу.
Ағаш отырғызуды арнайы мерекеге айналдыру әлемнің көптеген елдерінде кездесетін үрдіс. Мәселен, Италияда 1923 жылдан бастап 21 наурызда жаңару және табиғат мерекесі өтеді. Қытайда 1981 жылдың 12 наурызынан бастап 11 жастан 60 жас аралықтағы азаматтар 3-5 түп ағаш егуге міндетті. Америка Құрама Штаттарындағы барлық өңірлерінде 1872 жылдан бері ағаш егу дәстүрлі мерекеге айналған. Тайваньда 1927 жылдан бастап ағаш егуді ата салт санайды. Вьетнамда 50 жыл қатарынан бұқаралық ақпарат құралдары халықты жыл сайын ағаш егуге шақырады. Оңтүстік Корея мемлекетінде сәуір айының 5-і өкімет тарапынан заңдастырылған дәстүрлі түрде ағаш егу мерекесі болып бекітілген. Ал, бізге жаңадан мереке ойлап табудың қажеті жоқ. Тарихы сонау мыңжылдықтардың қойнауынан бастау алатын Наурыздағы игі дәстүрімізді сақтап, соны әрі қарай жалғастыра білсек болғаны.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген екен. Бұдан артық ағаш егудің маңыздылығын жеткізу мүмкін емес шығар. Олай болса, елімізге бір індет келді екен деп салымыз суға кетпей, Наурызда ағаш егуге асығайық.

 

 

 

Қазір еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы оңалды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағыдай емес, көп әйел ала дорба арқалап, қу тіршіліктің қамы үшін базар жағалайтын бейнеттен құтылды. Бірақ, қарыны тойынған қоғамның рухани жұтаңдыққа ұрынуына байланысты ендігі жерде қазақ әйелі одан да ауыр, одан қатал сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Жасөспірімдер қылмысы, балалардың өз-өзіне қол жұмсауы, педофилдердің пайда болуы, толық емес отбасылардың, ажырасудың көбеюі... Осының бәрінің зардабын, ең алдымен, қазақ әйелі тартуда. Осының бәрі ару-аналардың иығына батпандай жүк артып, көңіліне қаяу, жүрегіне жара салуда.

depositphotos 89650026-stock-photo-beautiful-kazakh-young-woman-with

Неге? Неге бұлай болды? Неге жетімін жылатып, жесірін қаңғытудан арланбайтын жұртқа айналдық? Кешегі кісінің алдынан көлденең өтпейтін, көпшіліктің арасында дауысын шығарып күлмейтін ұяң арулар қайда? Қалайша олар алаңдағы митингте айғай салып, полициямен арпалысып, жаға жыртысатын деңгейге дейін төмендеп кетті? Оларды бұған не мәжбүр етті?

Мұның бәрінің бір ғана жауабы бар: Біз рухани негізімізден алыстап, Құдай көрсеткен тура жолдан тайдық. Тура жолдан тайған соң кешегі кеңестік, қазіргі батыстық идеологияның «ер мен әйел тең» дейтін өтірігіне сеніп қалдық. Өтірікке алданған соң ер де, әйел де өзінің Құдай жаратқан болмысынан жырақтап, әу баста мойнына жүктелген мәңгілік миссиясын ұмыт қалдырды.

Әйел – ана. Еркек – асыраушы, қорғаушы. Халқымыз бодандық қамытын киген тұста осы қарапайым формула ескерусіз қалып, көмескіленді. Кеңестік жүйе «әйел теңдiгi» дейтін жасанды ұранмен нәзік жандыларды саясатқа, өндіріске, қара жұмысқа, қоғамдық iстерге аяусыз жектi. Бірақ, оларды ешкім аналық мiндетiнен босатқан жоқ. Әйелдер әрi бала табуға, әрi дүние табуға мәжбүр болды. Осы проблема әлi күнге өзекті болып отыр. Аруларымыз отбасына, өзінің әуелгі миссиясына әлі де оралмады.

Басым көпшілігі мансап қуып, саясатқа, бизнеске араласып, мал табудың қамында жүр. Ең үлкен мансап – ана болу, ұрпақ көбейту екенiн ұғына алмай келеді. Бұл жағдай нәзiк те сұлу әйел табиғатына орасан зор залал келтiруде. Мал табу, мансап қуу, «сенімен құқығым тең» деп еріне сөзсіз бойсынудан бас тарту – әйелдерді көркем мінезінен, ішкі сұлулығынан, рухани байлығынан ажыратуда. Ал, асылында қазақ әйелі қандай болуы тиіс еді?

Биыл хәкім Абайдың дүниеге келгеніне 175 жыл толғаны көпке мәлім. Айтулы мерейтойдың мемлекеттік деңгейде тойланып жатқаны көңілге жылулық ұялатқаны да рас. Алайда, бұ жыл жазушы Мархабат Байғұт айтқандай, «Абайды оқып, таңырқаумен» шектелмей, «Абайды оқып, орындайтын» жылға айналса қанекей! Расында, Абайдың рухани мұрасын оқып-біліп, оның аманатына адалдық танытып, өсиетін орындай алса, бүгінгі қазақ қоғамының көсегесі көгерері сөзсіз.

Шыр етіп дүние есігін ашқанынан бастап ақыретке дейінгі аралықтағы өмір сырын жүйелеп түсіндіретін Абай мұрасының ең маңызды бөлігінің бірі – әйел тақырыбы. Әйел болмысы мен табиғатын түсінуге, қазақ ұғымындағы жақсы қатынның қандай боларын ұғынуға келгенде Абайдан артық көмекші табуыңыз екіталай. Сонымен Абай не дейді?

«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!», - дейді.

Демек, әйел тек көркем мінезімен ғана жақсы болмақ. Көркем мінез не десеңіз, ол – бойсұну. Ерінің бір сөзін екі етпей, бетіне келмей, әр айтқанын құп көру. Еріне бойсұнудың астарында оны өзіне басшы етіп жаратқан құдайға бойсұну жатыр. Ал, сыртқы сұлулық ше? Оның мәні қалай? Бұл жөніндегі ақиқатты Абай ащылау айтады:

«Шу дегенде көрінер сұлу артық,
Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
Бетім барда жүзіме кім шыдар деп,
Кімі паңдау келеді, кімі – тантық».

Яғни, сыртқы сұлулығы ішкі рухани байлығымен үйлесім таппаса, ондай әйелден қайыр жоқ.
Осыдан байқайтынымыз біздің қоғамда кездесіп жатқан әлгі рухани-әлеуметтік проблемалардың көпшілігі әйелдердің сыртына ғана мән беріп, оның жан-дүниесіне үңілмеуден туындап жатыр екен. Өйткені, ішкі байлығына назар салмай, сыртқы сұлулыққа ғана ынтығу – махаббат емес, жәй құмарлық қана. Ол құмарлықтың арты не боларын тағы Абайдың өзі баяндайды:

«Көп жүрмес жеңсікқойлық, әлі-ақ тозар,
Жаңғырар жеңсікқұмар, жатқа қозар.
Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар,
Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар».

Иә, күні кеше өліп-өшіп, ынтығып қосылған жастардың аз уақыттан кейін бір-бірінен жеріп, теріс айналып, ажырасып жатқанын күнде көріп жүрміз ғой. Яғни, олардың арасында әу баста махаббат болмаған, тек құмарлық болған. Нәпсінің құмары қанған кезде ол өзінің «сүйіктісінен» теріс айналып шыға келді. Демек, ерін жалықтырмайтын қылықты қыз тәрибелеп, сүйгенінің жан сұлулығын тани білетін парасатты ұл өсірмесек, бұл қоғам ажырасу, жетімдік пен жесірлік дейтін проблемадан құтыла алмайды.
Егер жас ұрпақ данышпанның:

«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма»,

– деген өсиетіне құлақ асса, отбасы институты қайта нығайып, еліміздің айдарынан жел есер еді-ау.

Бұл мәселе жөнінде халқымызда ескіден қалған «Әйел – алдайды, жар – жарылқайды» дейтін нақыл сөз бар. Бұл сөздің мән-мағынасын белгілі абайтанушы ғалым Омар Жәлел былай түсіндіреді:
«Мен бұл сөзді алғаш естігенде ойға қалдым. Алдымда оның тереңіне бойлау міндеті тұрды. Сауалымның жауабын Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының «Ібіліс шайтанның хихаясы» дейтін поэмасынан таптым. Онда мынадай хикая баян етіледі. Алла Тағалла Адам ата, Хауа ана мен Ібіліс шайтанды жұмақтан қуған кезде әзәзіл «Мен бұрын періштелердің имамы едім, менің періштелік хақымды бер» деп сұрапты.

Алла «Жарайды, не сұрайсың» дегенде «Сен мұсылмандарға Құранды бердің, менің құраным не болады» дегенде «Жиын-тойда айтылған жеңіл, әзіл өлеңдер – сенің Құраның» депті. «Менің тамағым қайсы» дегенде, «Адамдардың біссімілләсіз жеген әрбір асы – сенің азығың» депті. «Менің үйім қайсы» дегенде «Сенің үйің – монша» депті. Сонда да Ібілістің қабағы жазылмапты. «Енді маған ер адамды ақыретке дейін тұсап ұстайтын арқан бер» депті. Сонда Алла тағала оған әйелдердің сыртқы сұлулығының еркін беріпті.

Сол кезде барып шайтанның жүзі жадырап сала беріпті. Сонда Мәшһүр-Жүсіп атамыз еркекке бөтен әйелді сұлу етіп көрсететін шайтан екенін ескертеді. Қандай діні мықты ер болса да сұлу әйелді көргенде иманы бір толқып кетеді екен. Сондықтан қазақтың «Әйел алдайды» деген сөзін тікелей қабылдамауымыз керек. Халқымыз әйелдің сыртқы сұлулығы ер адамды алдап, оны шайтанның торына түсіретінін айтады».
Ғалым «жар» дейтін ұғымның түбірі парсының «яр», яғни, «дос» деген сөзінен шыққанын айтады.

Яғни, қазақ даналығы кез келген әйелдің ер адамды мұратқа жеткізбейтінін, тек еріне ақыреттік дос бола алатын рухани бай әйелдің ғана жар деген атқа лайық екенін меңзейді.
Олай болса, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде сыртқы сұлулығы, ішкі рухани байлығымен үйлескен, азаматқа жар болуға лайық арулар көбейсін деген тілек айтамыз.

Сағындым, әже, өзіңді...

Пятница, 06 Март 2020 03:37

Әженің дәмі, әженің әлдиі мен әні есейіп кетсек те қай-қайсымыз үшін қымбат, тәтті сағыныш. Ал, туған шаңырақтан жырақта жүрген, әжесі мен анасының дәмді асын аңсап жүрген сарбаздар үшін үйдің тағамынан артық дәм бар ма?!

 DSC4625

Көктемгі мерекелер қарсаңында ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан жасақтарының №6698 әскери бөлімінде Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің әжелер алқасы «Әже дәмі» атты іс-шара ұйымдастырды. Мерекелік басқосуда әжелер қауымы Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға асылған ет, құрт, май, ірімшік пен бауырсақ секілді ұлттық тағамдармен толтырылған кең дастархан жайды. Сондай-ақ, әскерилер шымкенттік әжелердің орындауында Абай әндерінен қойылған концертті тамашалап, данышпан ақынның өлеңдерін тыңдады.

— Әскери бөлімде Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиылған 200-ден астам сарбаз бар екен. Қазір сарбаз атанып, сапта тұрғанымен бәрі де өз балаларымыз бен немерелеріміз секілді жас жігіттер ғой. Олар отбасын, ата-анасын, ата-әжесін сағынып жүр ғой, ұлттық тағамдарымызды аңсаған болар деп бүгін алдарына осындай дастархан жайдық. «Әже дәмі» атты іс-шараны қалалық ардагерлер кеңесінің қолдауымен тұрақты түрде өткізіп келеміз, – деді әжелер алқасының төрайымы Шарапат Құрманбекова.

Жиында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбаев пен қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев жас сарбаздарға үлкенге құрмет көрсету мен Отанға адал қызмет етудің маңызы жөнінде өнегелі әңгімелер айтты.

Соңғы жылдары орын алған оқиғалар мемлекеттің ішкі саясатын, әсіресе, ұлтаралық қатынастарға қатысты саясатты қайта қарау керектігін көрсетіп отыр. Өткен аптаның соңында informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталына берген эксклюзивті сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге де ерекше назар аударыпты.

666621

Мемлекет басшысы «Біз ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынас мәселесіндегі амалдарымызды қайта ой елегінен өткізуге тиісті екендігіміз сөзсіз. ...Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде біртұтас ұлт болып саналады. Шетелде баршамызды «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр» деп атап өтті.

Сөз жоқ, Тәуелсіздікті қорғау, тұрақтылық пен тыныштық, халықтың бірлігі, этносаралық татулық пен конфессияаралық келісім – Қазақстанның негізгі құндылықтары. Бұған дейін солай болған, мұнан кейін де солай болып қала беруі тиіс. Алайда, қазір халықтың санасы өсті, көкірек көзі ашылды. Қалың бұқара елдегі әбден пісіп-жетілген проблемалардың байыбына барып отыр. Бұл проблемалардың себебі неде, салдары қандай болуы мүмкін екенін де парықтай алады. Сол өзекті мәселелердің бірі де бірегейі – қоғамды қазақыландыру ісі, отарсыздандыру процесін аяқтау. Түптеп келгенде, көптің көксегені – толыққанды ұлттық мемлекетке айналу.

Қазақстанда 130-ға тарта этнос өкілдері тұрады. Осыншама этникалық азшылық топтардың ұлттық бірегейлігін сақтау, тілі мен дәстүрін қорғауына мүмкіндік беру, адамдардың қай этнос өкілі болғанына қарамастан азамат ретінде заң алдындағы теңдік принципін қамтамасыз ету – мемлекеттік биліктің борышы. Бірақ, мұның ешқайсысы қазақ ісінің алға басуына, қазақ мүддесінің бірінші кезекке шығуына кедергі болмауы тиіс. Қанша жерден көпұлттымыз десек те, жан саны Қазақстан халқының 1 пайызына жететін диаспораларды санағанда екі қолдың саусағы да толмайды. Ендеше 12 миллион адамнан тұратын мемлекетқұраушы ұлт пен 120 мың мүшесі бар этникалық диаспораның мүддесін бір қатарға қою қисынсыз емес пе?!

Тәуелсіздік алғалы бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орнықты, прагматикалық ішкі саясат жүргізе отырып, отарсыздандыру ісіндегі әр қадамын «жеті өлшеп, бір кесіп», байыппен жүзеге асырып келді. Отыз жылға жуық мерзімде бұл бағытта қандай шаруа тындырылғанын қазір тізбектеп жатқанымыз артық болар. Дегенмен, бүгінде қазақ өз елі, өз жерінде 70 пайызға жетіп, абсолютті көпшілікке айналды. Көп екенін, елдегі шешуші күш өзі екенін сезіне бастады. Демек, халық ендігі жерде қазақыландыру, отарсыздандыруға қатысты бұрынғыға қарағанда батыл шешімдер, жүйелі әрі нақты қадамдар күтеді. Мейлі тіл саясатында болсын, ономастика саласында болсын, ұлт тарихы мен салт-дәстүрін ұлықтауда болсын жаңа леп сезіліп, қазақтың жанына жылу, жүрегіне қуаныш ұялататын шешімдер қабылданып, сондай істер мемлекеттік масштабта қолға алынуы тиіс.

Қазір бүкіл өркениетті әлемде мемлекет пен ұлт дейтін ұғымдар синоним ретінде қабылданады. Бір ғана Лондон қаласында 2 мыңнан астам этникалық топтардың өкілдері өмір сүретіні тіркелген. Бірақ, оларды ешкім бөліп-жармайды, бәрін ағылшындар деп атайды. Президент Қ.Тоқаевтың біртұтас ұлт дегенде айтып отырғаны да осы. Яғни, болашақта бүкіл Қазақстан халқы бір ғана қазақ ұлты болып тұтасады.
Басқару формасына, саяси бағытына, экономикалық құрылымының қандай екеніне қарамастан қазір орнықты дамып келе жатқан табысты елдердің барлығы да – ұлттық-демократиялық мемлекеттер. Президент елді осы әбден сыналған, дұрыстығы, тиімділігі дәлелденген жолға қарай бастағаны көңілге қуаныш ұялатып отыр.

Ынтымақ пен бірлікті сақтау бар да, оны одан әрі нығайта түсу деген жауапкершілігі зор жұмыс тағы бар. Себебі, бірліктің іргесін үнемі бекемдей түспесек, бір күні барымыздан айырылып қалуымыз да ғажап емес. Мұны кешегі Қордай оқиғасы тағы аңғарттты.

Иә, Қазақстанда барлық этнос өкілдерінің өз тілі мен мәдениетін сақтауына, ана тілінде білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Басқасын айтпағанда, елімізде 9 тілде ұлттық мектептердің жұмыс істеп тұрғаны осы сөзіміздің айғағы. Соның нәтижесінде республикамыздағы этносаралық қарым-қатынастар өзара құрмет пен толеранттылыққа құрылған. Бірақ, тап осылай ынтымағы ұйып отырған талай қоғамдардың екіталай күн туғанда жік-жікке бөлініп, бір-бірімен жауласып кеткенін көре отырып қамданбасқа болмайды. Алысқа бармай-ақ, Украинадағы Донбасс дауы біз секілді көпэтносты қоғамдарды ойландыруы тиіс емес пе?

Ол қоғамдар неге жарасымды бірлігін сақтап қала алмады? Себебі, онда түрлі этностарды толерантты етіп қана қоймай, өзара қабыстырып, тұтастырып жіберетін іргетас, негіз болмады. Негізі жоқ нәрсе үнемі солқылдақ келеді. Демек, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2016 жылы жарық көрген «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында азаматтық біртектілік пен бірлікке негізделген біртұтас ұлтқа айналу мәселесін қозғауы тегін емес екен.

Елбасы «Қазіргі заманғы әлемде барлық дамыған мемлекеттер – біртұтас ұлттар. Олар бірыңғай экономикалық, саяси және мәдени рет-тәртіппен өмір сүреді» деп қадап айтқан болатын. Демек, тарихи қазақ жерінде өмір сүріп жатқан жүзден астам этностың ХХІ ғасырдағы басты мұраты біртұтас ұлтқа айналу болуы тиіс. Қазақстан халқы біртұтас ұлтқа айналғанда ғана бірлігіміз баянды, өміріміз бейбіт болып, келер ұрпақтарымыз дамыған, өркениетті қоғамда өмір сүре алады.

Әрине, жүз этностың тілі мен танымы ортақ, арман-аңсары мен мақсат-мұраты орайлас біртұтас ұлтқа айналуы – өте күрделі, көп қырлы және ұзақ мерзімді процесс. Бірақ, қанша жерден күрделі болғанымен, бұл – табиғи процесс. Себебі, мемлекет құрудағы мақсаттың өзі біртұтас ұлт қалыптастыру емес пе? Мемлекет – қоғамдық жүйенің ең жоғарғы көрінісі болса, ұлт – оның жемісі. Демек, Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап-ақ біздің атамекенімізде жаңа, біртұтас ұлттың қалыптасу үдерісі басталып кеткен десек, артық айтқандық емес.

Сонымен, Қазақстанда қалыптаса бастаған біртұтас ұлт қандай ұлт? Бір нәрсені ашып айтуымыз керек, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып отырған біртұтас ұлт қайсыбір жылдары көтеріліп, кейін қазақ ұлтшылдарының, қоғам қайраткерлерінің табандылығының арқасында тоқтатылған «қазақстандық ұлт» туралы идеямен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Себебі, ол біздің қоғамды тілі – орысша, өмір салты – батыстық үлгідегі қоғам етіп құрып, тек қазақ халқын ғана емес, елдегі барлық этностарды ұлтсыздандыруға бағытталған концепция еді. Ал, Мемлекет басшысы айтып отырған біртұтас ұлт идеясы әр этностың ерекшеліктерін сақтай отырып, азаматтық біртектілік пен біртұтастықты қалыптастыруға негізделген. Бұл жерде «азаматтық» деген сөздің астын сызып көрсету керек. Демек, ең маңызды принцип – біртұтас ұлтты құрайтын азаматтардың қай этностан шыққанына қарамастан, олардың заң алдындағы теңдігі.

Ұлт дегеніміз – бір тілде қалыптасып, аумақтық-әкімшілік, психологиялық, экономикалық рухани тыныс-тіршілігі тұтас тарихи категория. Демек, ұлтты ұлт ететін тілі екені анық. Тап оыс тұста «болашақ біртұтас ұлттың тілі қай тіл болады» деген сұрақ туындамауы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданына сапары барысында дүнген диаспорасы өкілдерімен кездесіп, оларға мемлекеттік тілді үйренудің маңызды екенін баса айтты.

«Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Сондай-ақ, орыс тілі мен өзінің ана тілін де білуі қажет. Мемлекет сіздердің мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе, ауылда тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды» деп атап өтті.

Рас, бүгінде Қазақстандағы қоғамдық қатынастарда орыс тілі үлкен басымдыққа ие. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие бола тұрып, ауылдан қалаға, оңтүстіктен солтүстікке қарай қадам басса болды маңдайы тасқа соғыла беретін кереғар жағдай қалыптасып отыр. Өкінішке қарай, қазақтардың елеулі бөлігі қазақ тілінде сөйлемейтін болғандықтан өзге этнос өкілдерінің қазақша білмеуі бүгінде ешқандай кемшілік, айып болып саналмай келеді.

Бірақ, соңғы жылдары бұл жағдай бүйтіп жалғаса бермейтіні айқындала бастады. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің ресми деректеріне қарағанда, елімізде 2019 жылы бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің 72 пайызы қазақ сыныбына барған. Осының өзі көп жайды аңғартады. Қала берді демография, көші-қон, қазақтың зияткерлік күш-қуатының жылдан-жылға артуы секілді факторлар түбі қазақ тілін тұғырына қондырары анық. Демек, өзінің өмірін, балаларының болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез келген азамат біртұтас ұлттың өкілі атануға іштей дайындалуы тиіс. Ол үшін қазақ тілін үйреніп, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін бойыңызға сіңіруіңіз керек. Ал, ол үшін Қазақстан тарихын тану, қазақ әдебиеті мен баспасөзін оқу керек. Бұл бәрінен бұрын болашақта өзіңіздің және балаларыңыздың өмірлік қажеттіліктерін өтеуге керек қадамдар. Бұл мәселенің бір ғана қыры.

Екіншіден, Қазақстандағы барлық этностар біртұтас ұлтқа айналу үшін ортақ құндылықтар жүйесін қалыптастыруға тиіспіз. Осы қоғамның әрбір мүшесіне, мейлі ол министр болсын, мейлі шаруа болсын, мейлі банкир не таксист болсын, мейлі орыс немесе өзбек болсын – бәріне ортақ, бәріне қымбат, барлығы үшін маңызды құндылықтарды анықтауымыз керек. Біздіңше, олар – тәуелсіздіктің баяндылығы, осы елдегі бейбітшілік, заң үстемдігі, теңқұқықтылық, азаматтық еркіндік пен әлеуметтік әділеттілік, ашықтық пен жариялылық.

Мысалы, Иван Александрович, Шерзат әкә және менің отбасым бір көшеде көрші өмір сүреміз делік. Үшеуміздің этникалық тегіміз, діни сеніміміз, әлеуметтік жағдайымыз, тұрмыстық дәстүріміз, тіпті саяси көзқарастарымыз бен дүниетанымымыз да әртүрлі болуы мүмкін. Енді бізді не біріктіре алады? Біз дос болып, ынтымақпен өмір сүруіміз үшін біздің ортақ мүддеміз, ортақ құндылығымыз болуы тиіс. Мысалы, өмір сүріп жатқан елімізде тыныштықтың болғаны үшеумізге де керек. Осы елдегі хабар алмасудың, білім мен медицинаның сапалы әрі қолжетімді болғаны үшеуміз үшін де маңызды. Соттың әділ болуы, заңды бұзбасақ, ең соңында соттың бізді қорғап қалатын болғаны үшеумізге де керек.

Үшеумізге де керек тағы не бар? Міне, біз осы бағытта ізденуге тиіспіз. Қазір осы ізденіс баяу болса да жүріп жатқан сияқты. Сол ізденістің нәтижесінде жаңағы айтқан ортақ, ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз керек. Және билік те, қоғам да сол құндылықтарды қорғау, сақтау және дамыту бағытында тынбай еңбектенуі тиіс. Сонда ғана елдің бірлігі бекем болады.
«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дейтін нақыл бар. Бүгінде әлемде геосаяси жағдай шиеленісіп тұр. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына, АҚШ-Иран текетіресіне, күннен күнге өршіп бара жатқан Түркия-Ресей жанжалына қарап отырып, ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қалай алаңдамасқа?!

Осындай жағдайда елде тыныштық пен тұрақтылықты сақтап қалу дегеніміз – Тәуелсіздікті сақтап қалу дегенмен бір сөз. Ішкі тұрақтылық пен тыныштық болмаса, мемлекеттілігіміздің іргесі шайқалып сала беретіні ақиқат. Алайда, сол тыныштық пен тұрақтылық тек қазақ халқының төзімі мен сабырының есебінен ғана орнатылмауы тиіс. Бұған елдегі барлық этностық топтар мүдделі болуы шарт.

Осының бәрін ескерсек, бүкіл Қазақстан халқын біртұтас ұлтқа айналдыру – біз үшін мемлекет ретіндегі өмір мен өлім мәселесі. Біртұтас ұлтқа айналғанда ғана Тәуелсіздікті қорғап қала аламыз. Ал, егемендіктен енді айырылсақ, ел болудың ешқандай мәні қалмайды. Әйтпесе, хәкім Абай «Еріксіз түскен ылдидан, Еркіңмен шығар өр артық» дегенді текке айтты деймісіз?!

Бүгінде бюджет қаржысын тиімді жұмсау – ең маңызды міндеттердің бірі. Біз осы мәселемен тікелей айналысатын Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Налибаевпен сұхбаттасып, тексеру комиссиясының 2019 жылы атқарған жұмыстары туралы әңгімелескен болатынбыз.

Налибаев

– Нұржан Абдуллаұлы, тексеру комиссиясы жаңадан құрылуына байланысты оның негізгі міндеттеріне және 2019 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына тоқталып өтсеңіз...

– «Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі туралы ережеге сәйкес, тексеру комиссиясының мынадай міндеттері бар. Атап айтсақ, комиссия жергілікті бюджеттердің атқарылуына, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің пайдаланылуына жергілікті деңгейде сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізеді.

Сондай-ақ, жергілікті бюджеттің атқарылуын, аумақтарды дамыту бағдарламаларының және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын талдап, бағалап отыру да біздің міндетіміз.
Мемлекеттік аудит объектілерінің бекітілген тізбесіне сәйкес тексеру комиссиясы өткен жылдың екінші жартысында 6 аудиторлық іс-шара жүргізуі тиіс еді. Жылдың қорытындысында 5 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, біреуі 2020 жылға өтпелі болды.

Аудиторлық іс-шаралардың шеңберінде мемлекеттік аудитпен 17 млрд 436 млн 622,7 мың теңге қаржы қамтылған. Жалпы, 4 млрд 863 млн 484 мың теңгенің кемшіліктері анықталды.
Жалпы қалпына келтірілуі және өтелуі тиіс қаржы көлемі 1 млрд 106 млн 300,5 мың теңге болса, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қалпына келтірілген және өтелген қаржы көлемі 978 млн 645,3 мың теңгені құрады. Қалған 127 млн 655,2 мың теңге қаржының қалпына келтірілу және өтелу мерзімі әлі келмеген.

Өткен жылы аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша анықталған фактілер жөнінде 1 аудит материалы процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. Есепті кезеңге әкімшілік-құқық бұзушылық туралы материалдар бойынша барлығы 33 лауазымдық тұлғаға жалпы 3 млн 074,2 мың теңге айыппұл салынған болса, 17 материал өндірісте. Сот органдарының қарауына 2 әкімшілік іс жолданып, барлығы 164,1 мың теңге айыппұл салынды.

– Бүгінде елімізде мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Тексеру комиссиясы бағдарламалардың іске асырылуын қадағалап отыр ма?

–Иә, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы тексеру комиссиясының бақылауында. Мәселен, өткен жылы «Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бюджет қаражатының және мемлекет активтерінің тиімді пайдалануына мемлекеттік аудит жүргізілді. Сол кезде «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы мен ««Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына талдау жасалып, жұмыс бағаланды.

Жалпы 2 млрд 330 млн 780,2 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Орталық халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға және жергілікті атқарушы органға «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасының үшінші бағыты шеңберінде 2016 жылы 1 322 адам кәсіптік қайта даярлау курстарына жолданып, оқуын аяқтап, толықтай жұмысқа орналасты деп мәлімет берген. Бұл мақсатқа 139 млн 764,5 мың теңге жұмсалған.

Алайда, аудит нәтижесінде жұмысқа орналасты делінген 1 322 адамның 479-ы іс жүзінде жұмысқа орналаспағаны анықталды. Яғни, бұл азаматтарды оқытуға жұмсалған 51 млн 930,1 мың теңге бюджетке қайтарылуы тиіс.

Орталықтың есебіне сәйкес «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының» аясында 2017 жылы 3 402 адам техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқытуға жолданып, оқуын аяқтаған. Оның 2 062-сі оқыған мамандықтары бойынша жұмыспен қамтылған делінген. Жалпы кәсіптік оқытуға жұмсалған қаржы 477 млн 758 мың теңгені құраған немесе бір азаматты оқытуға 140 434 теңге жұмсалған.

Ал, 2018 жылы кәсіптік оқытуға 1 807 адам жолданып, оқуын аяқтаған, оның 1 330-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Жалпы кәсіптік оқытуға жұмсалған қаржы 213 млн 738 мың теңгені құраған немесе бір азаматты оқытуға 118 283 теңге жұмсалған. Талдау нәтижесі көрсеткендей, 2017 жылы кәсіптік оқуды аяқтаған 3 402 адамның 120-сы ғана жұмысқа орналасқан немесе жұмысқа орналасқандар бар-жоғы 3,5 пайызды құрайды. Ал, 2018 жылы кәсіптік оқуды бітірген 1 807 адамның 114-і ғана жұмысқа орналасқан. Яғни, курстан өткендердің 6,3 пайызы ғана жұмыспен қамтылған.

Бұл бағдарламаға қаралған бюджет қаржысы мақсатсыз және тиімсіз жұмсалды деген сөз. Нақты айтар болсақ, 2017-2018 жылдары жалпы 661 млн 157,5 мың теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған. Кәсіптік оқытуды ұйымдастырушылар оқытылатын біліктіліктер мен дағдылар тізбесін еңбек нарығының сұранысына сәйкес түзбеген. Салдарынан 2017 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқуды тігінші мамандығы бойынша аяқтаған 992 адамның 9-ы ғана (0,9%) жұмысқа орналасқан.

Шаштараз, аспаз, кондитер мамандықтары бойынша да осындай жағдай орын алған. Осындай келеңсіздіктер 2018 жылы да қайталанған. Мәселен 2018 жылы аспаз мамандығын игерген 140 адамның ешқайсысы және кондитер мамандығы бойынша кәсіптік оқуды аяқтаған 100 адамның бірде-бірі жұмысқа орналаспаған.

Мұнан бөлек әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған азаматтарға 3 млн 632 мың теңге бюджет қаржысы негізсіз төленген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын құруға 2017-2019 жылдары бөлінген қаржының 49 млн 400,5 мың теңгесі, жастар практикасын ұйымдастыруға 2017-2018 жылдары жұмсалған қаржының 35 млн 013,6 мың теңгесі және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға жұмсалған қаржының 42 млн 725 мың теңгесі тиімсіз жұмсалған.

Қорытындылай келе, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысына жасалған аудит нәтижесі олардың орындалып жатқанын көрсеткенімен, маңызды бағыттар бойынша нәтижелер ойдағыдай болмай отырғанын аңғартты.

–Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Айдар Құлжанов