БАРЛЫҚ БАСТАМА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ИГІЛІГІ ҮШІН Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2023 05:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1277 раз

Күздің соңғы айы. Жыл соңы да таяп қалды. Ал, тіршілігі қайнаған Шымкент қаласының тұрғындарына жергілікті билік тарапынан қандай қолайлы ортаны қалыптастырғаны жайында аудан әкімдері атқарған жұмыстары жайында есеп беруде. Кезекті баспасөз алаңына Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов аумақтағы жасалған жобалар мен тындырылған тірліктердің барысын баяндап берді.

524

 

Ауыз су, жарық, газ 2024 жылы толық шешімін табады

Абай ауданының аумағы – 24 мың гектар. Қазір аудандағы 27 шағынаудан мен елді мекенде 257,7 мың тұрғын бар. Бұл аумақтарда 205 көпқабатты үй, 1274 көше, 230 әлеуметтік нысан орналасқан. Осы елді мекендердің 26-сы сапалы ауыз сумен, 25-і электр жарығымен және 23-і табиғи газбен қамтылған. Б.Пармановтың айтуынша, шалғай орналасқан аумақтарға инфрақұрылым тарту құрылысы жылдан-жылға жанданып, тұрғындарға жайлы жағдай жасалып келеді.
–Ауыз суы кезекпен берілетін Қайнарбұлақ тұрғын алабының жаңақұрылыс аумағына құбыр тарту бойынша құрылыс жұмысы 2022 жылы басталып, қазір жұмыстың 95 пайызы орындалды. Осы жылдың соңына дейін ауыз су толық пайдалануға беріледі. Аудандағы Асар-2 шағынауданы халқының 30 пайызы жарықты жекеменшік трансформатордан алып отыр. Қазір бұл аумаққа мердігер мекеме «Электромонтаж» ЖШС тарапынан желі жүргізіліп жатыр. Жұмыстың аяқталуы 2024 жылдың ІІ тоқсанына жоспарланған. Ал, Қайнарбұлақ тұрғын алабында электр желісін тарту жұмысы аяқталып, бүгінде жеке сектордағы үйлерге жаңа жүйені қосу жұмысы жүргізілуде. Табиғи газбен қамтылмаған Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайында биыл құбыр тарту құрылысының алғашқы кезеңі атқарылды. Алдағы 2024 жылы жүргізілетін құрылыстың екінші кезеңіне бюджеттік өтінім беріліп, тиісті қаржы бөлінді. Келер жылы екі елді мекен де көгілдір отынның игілігін көреді,– деді аудан әкімі.
Ынтымақ-2 шағынауданы мен Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында да 2024 жылы газ құбырын тарту құрылысы қызу жүргізілмек. Бұхарбай Рысқұлұлы Ынтымақ -2-де қазір құрылыстың 17 пайызы орындалып қойғанын айтты.

252


–Ал, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабына табиғи газ жеткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Алдағы жыл ауданымызда табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді, – деді Б.Рысқұлұлы.

Кәрізбен қамту:18-ден 55,5 пайызға өседі

Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне кәріз жүйесінің орны орасан. Көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың, шағынаудандардан шығатын сарқынды сулар жер астынан арнайы салынған жүйелер арқылы ағып, ол қайта шаюға жіберілмесе, тазалыққа кері әсерін тигізері анық. Абай ауданында қазір 27 елді мекеннің 7-іне ғана орталықтандырылған кәріз құбыры тартылған. Осы жылы ауданның 5 жеріне кәріз тарту құрылысы жүргізіліпті.
–Достық шағынауданындағы ішкі жүйелердің құрылысы аяқталса, Асар-2 шағынауданында жүріп жатқан жұмыстар соттың шешіміне байланысты тоқтап тұр. Бозарықта көпқабатты үйлерге кәріз жүргізу жұмысы да аяқталуға таяу. Сонымен қатар, Шымсити-Төлеметов пен Тұран-А-2 тас жолы коллекторының құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Екі нысандағы жұмыстар 2024 жылы да жалғасады. 2025 жылға 8 нысанға кәріз тарту құрылысы жоспарланып отыр. Олар – Жайлау, Қатын көпір, Тельман, Ақниет, Қызылжар, Жиделі, Батыс және Ынтымақ шағынаудандары. Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай Абай ауданында кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 18 пайыздан 55,5 пайызға дейін өседі, – деді аудан әкімі.

Көше жарығы назардан тыс қалмайды

Абай ауданында 2022 жылға дейін небәрі 160 орталық көше жарықтандырылып, қамту деңгейі 12,5 пайызды құрайтын еді. Бұл көрсеткішті арттыруда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлесі басым. Осы жоба аясында биыл 33 көшеге жарықшам орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар толық аяқталса көрсеткіш 15,1 пайызға жетпек. Алдағы 2024 жылы – 30 көше, 2025 жылы тағы 30 көшеге жарық шамдар орнатылып, қамту деңгейін 20,6 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Одан бөлек, тұрғындар өз есебінен 17 көшеге жарық шамдар орнатыпты. Аудан әкімі көшелерді жарықтандыру мәселесі назардан түспейтінін, жұмыстар ары қарай жалғасады деп сендірді. Осы көшелердің қауіпсіздігін қамту үшін 2022 жылы – 250 бейнебақылау камерасы орнатылса, биыл – 234, 2024 жылы 250 камера орнатылады екен.

Сапалы жолдың үлесі артады

Аудандағы 1080,1 шақырымды құрайтын 1274 көшенің 573 шақырымы (54,1%) – асфальт жол, 450,2 шақырымы (41,6%) – тас жол, 57 шақырым болған (4,3%) 56-сы – топырақ жол. Мегаполис мәртебесіне тас пен топырақ жолдар сай келмесі анық. Жылдан-жылға халық саны артып, бұрынғы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңақұрылыс аймақтардың ашылуы осындай жағдайға әкеліп отыр. Аудан әкімі мұндай мәселені шешудің жолын былай деп атап өтті.

523

–Биыл 3,1 млрд теңге қаржыға 68,2 шақырымды құрайтын 57 көшеге асфальт төсеу жоспарланған болатын. Қазіргі сәтте 51 көшеге асфальт төселді. Ал, топырақ жолдың мәселесіне келсек, биылғы жылдың алғашқы кезеңінде бюджеттен 102,1 млн теңге бөлініп, Алтынтөбе, Достық, Нұршуақ, Батыс және Қызылжар шағынаударындағы 21 көшеге шағал тас төселді. Екінші кезеңде 82,5 млн теңгеге 5 елді мекендегі 20 көшеге тас төсеу жұмысы атқарылады. Олар – Ынтымақ, Достық, Асар-2, Бозарық шағынаудандары мен Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабы. Келер 2024 жылы қалған 32,7 шақырым жолға толық тас төселіп, топырақ жолдың мәселесі шешіледі, – деп түсіндірді.

Тұрғындар 23 жобаны ұсынған

Аудандарды гүлдендіруге, абаттандыруға, балалардың ойын және спорт алаңшаларын орнатуға, шағын демалыс орындарын құруға «Халық қатысатын бюджет» жобасы – таптырмас мүмкіндік. Әр тұрғын өзі тұратын аула немесе көшені дамытатын, қолайлы орта жасақтайтын жобасын әкімдікке ұсына алады. Абай ауданының тұрғындары 23 жоба ұсынып, мұны жүзеге асыру үшін әкімдік тарапынан 497,5 млн теңге қаражат қарастырылыпты.
– «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы Бозарық, Самал-3, Асар, Достық, Қызылжар, Тұрлан, Нұршуақ, Алтынтөбе елді мекенінде – 15 балалар ойын алаңшасы, Асар, Достық, Қайнарбұлақта – 3 спорт алаңы, Қайнарбұлақ, Ақжайық, Самал-3 шағынауданында 5 көшеге ирригациялық арықтың құрылысы басталды. Келесі жылға тұрғындардың ұсынысы бойынша тағы 26 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз, – дейді Б.Парманов.

Арықтар су басу қауіпінің алдын алады

Абай ауданында жауын-шашын маусымында су басу қаупі бар 18 орын анықталып, 2022-2025 жылдарға ирригациялық жүйе салу жоспары бекітілген. Алғашқы кезеңде 5 орында ұзындығы 1,7 шақырым болған арық салынса, екінші кезең үшін 9 орынға ирригациялық жүйе салуға қаржы қаралып, мердігер тарапынан жұмыстар басталып кеткен. Ауданда 1274 көшенің 185-інде 144,2 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйесі бар. Былтыр жауын-шашын кезінде көлшік су жиналмауы үшін 11,4 шақырымды 21 көшеге арық салынған. Ал, биыл 5,5 шақырымды 14 көшеге суағар салу жоспарланып отыр.
–Қазір қаламызда жауын-шашын маусымы. Жаңбырдың жиналған суы тұрғындар мен көлік қозғалысына кері әсерін тигізбеу үшін көлшік болатын орындар қатаң бақылауға алынған. Арнайы мобильді топ су жинала бастағаннан техниканың көмегімен тартып алу жұмысын жүргізеді, – деді
Бұхарбай Рысқұлұлы.

Сапалы интернет – қолжетімді

Ауданның мобильді интернет желісімен қамтылуы – 95 пайыз. Қамту үлесін жоғарылату үшін 2023 жылы 9 елді мекенге базалық станция орнату жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 87 мыңнан астам тұрғын жылдамдығы жоғары болған интернетке қол жеткізіп, көрсеткіш 98 пайызға жетті. Алдағы 2024 жылы Бозарық, Ақжайық, Қатынкөпір және Шұғыла шағынаудандарына мобильді операторлардың базалық станциялары орнатылса, қамту деңгейі 100 пайызға жетпек.
–Биыл Қызылжар, Нұршуақ, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Асар-2 және Самал – 2 шағынаудандарына талшықты оптикалық интернет желісі тартылды. 2024 жылы Алтынтөбе, Көкбұлақ және Игілік тұрғын алаптарына, 2025 жылы Жайлау, Жиделі, Жаңа Тұралан, Тұрлан, Қатын көпір шағынаудандары мен Қайнарбұлақ тұрғын алабына оптикалық желі жүргізіледі. Нәтижесінде, ауданда талшықты оптикалық желімен қамту деңгейі 95 пайыз болады, – деді Абай ауданының әкімі.

Тұрғындардың 80 мәселесі шешілді

Елімізде Мемлекет басышысының Жарлығына сәйкес, аудан әкімдерінің тұрғындармен кездесуі жаңа форматта жүзеге асып жатыр. Абай ауданының әкімі Б.Пармановтың айтуынша, бүгінде есеп берудің жаңа әдісі өзінің тиімділігін көрсетіп жатыр екен.
–Осы жылдың 10 айында 8 рет тұрғын алаптар мен шағынаудандарды аралап, азаматтармен кездестім. Кездесу барысында аудан тұрғындарынан жалпы 205 ұсыныс-пікір келіп түсті. Тұрғындардың жолдаған 80 мәселе орындалып, 65-і бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілді. Ал, 60 мәселені шешу 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізіліп отыр, – деді ол.
Ауданда атқарылған жұмыстар аз емес. Десе де, әлі де тындыратын тірлік көп. Жайлы инфрақұрылым, тақтайдай тегіс жолдар, қауіпсіз көшелер, сапалы интернет, бәрі-бәрін атқарудағы бір мақсат – тұрғындардың игілігі. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта өз жалғасын табады деп сенеміз.