«Өмір үйретеді, еңбек ширатады» Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2023 05:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1661 раз

10 мың теңгемен басталған кәсіп бірнеше отбасын асырап отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір халыққа арнаған Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамыту керек екенін үнемі айтып келеді. Өйткені, бұл, ең алдымен, халықты тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздық санын азайтуға септігін тигізетіні анық. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан қабылданған шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары да аз емес. Десек те, бизнес жүргізу — тәуекелшілдердің үлесі. Бірі аз қаржыны ұқсатып, кәсібін дөңгелетіп кетсе, енді бірі қолында қаражаты бола тұра дұрыс жоспарлай алмай жүр.

526

 

Ресми деректерге сүйенсек, Шымкент қаласы бойынша биыл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – аз қамтылған 12 108 отбасына, яғни 61 605 адамға тағайындалған. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне кедейлік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтарға тағайындалады. Бүгінде кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды, яғни орта есеппен 32 716 теңге болып белгіленген.
Мемлекеттен тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға уақытша кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді. Көмекке мұқтаж отбасылар жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, аз қамтылған отбасына ақшалай төлем, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар, яғни оқытуға, «Жастар практикасына», қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік бос орындарға орналастыру, тұрақты жұмыс орындарына жолдама беру бойынша мамандармен бірлесе жұмыс істейді. Мамандардың тексеруі нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 17 973- і жұмысқа жарамды, оның ішінде өтініш берген кезде 10 356 азаматтың тұрақты жұмысы болғаны анықталған. Биыл 788 адам нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, 414- і тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 73-і қоғамдық жұмысқа, 22-сі «Жастар практикасымен», 46-сы әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Ал, 51-і кәсіпкерлік бастамаларды ілгерілетуге, 182 азамат қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстарына қатысқан.

525


Десе де, қаржының жоқтығын сылтауратып, мемлекеттен әлеуметтік қолдау күтетін отбасыларды көз көріп жүр. Көп балалы отбасы екенін алға тартып, нарықтық заманда мемлекетке қол жая беру де оң шешім емес екені белгілі. Осыны ескерген біздің кейіпкеріміз Гауһар Өмірәліқызы осыдан 4 жыл бұрын кәсібін небәрі 10 мың теңгемен бастапты. Бүгінде миллиондарды айналдырып отырған кәсіпкер, көпбалалы ана 30-ға жуық жұмысшыны жұмыспен қамтып отыр.

«Еден жуушы болып істедім»

– Осыдан төрт жыл бұрын маған «осындай кәсібің болады» деп біреу айтса, сенбес едім. Өйткені, күйеуім екеуміздің де тұрақты жұмысымыз, басымызда баспанамыз да жоқ, қиын күндерді өткеріп жатқан едік. Ол аздай жақыныма несие алып беріп, ол да төлемей кетті. Бұл жығылғанға жұдырық болды. Қарызға батқаннан кейін содан тезірек құтылуды ойлап, жұмыс таңдаған жоқпын. Ыдыс та жудым, еден де жудым. Аз ғана айлықтың жартысын несиеге төлеп, жартысымен күнелтіп жүрдік. Арасында баламен үйде отырып қалдым. Сол уақытта құр отырмай, жолдасыма көмектесейін деп базардан 10 мың теңгеге мата әкеліп, құрақ тігуді бастап кеттім. Әрине, басында қорқыныш болды. «Оны кімге сатамын? Ешкім алмай қоймай ма?» деген сұрақ мазаласа да, тәуекелге бел буып, екі көрпеше тігіп, базардағы сатушыларға өткіздім. Содан ол кісі менің тұрақты тапсырыс берушіме айналды. Күн сайын жаңа тапсырыс түсіп, ісім алға басты. Мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмек жайында естіп, құжат жинадым. Әр тоқсан сайын берілетін қаражатты жинап, екі тігін машинасын сатып алдым. Одан түскен ақшаның бәрін жинап, лазерлі ою оятын арнайы жабдық алдым. Басында көмекші жоқ, барлығын отбасымызбен істедік. Балалар ою ойып, мен тігіп, жолдасым өнімді жеткізумен айналысты. Ол кезде жеке көлігіміз де жоқ, үлкен сөмкелерге салып, қоғамдық көлікпен жеткізген күндер де болды. Содан міне, осындай үлкен жетістікке жеттік, – дейді кәсіпкер Гауһар Өмірәліқызы.

«Отбасымда қолы бос адам жоқ»

Гауһардың аядай ғана ауласында зәулім үй, қос қабатты тігін цехы орналасқан. Ал, аулада жайылып жүрген тауық және бөденені кейіпкердің 9-сыныпта оқитын ұлы өсіреді екен. Отағасы Ердәулет Самендияров мал бордақылаумен айналысады. Сонымен қатар, тігін цехының есеп-қисабын жүргізеді. Ал, үлкен ұлдары — анасының көмекшісі. Ата-анасының бейнетін жастайынан көрген ұлдары әбден еңбекпен шыңдалған. Келешекте отбасылық кәсіпті дамыту үшін 18 жасар студент ұлы Ғабит Ердәулетұлы «Дизайн және версткалау» мамандығы бойынша білім алып жатқанын айтты.
–Бала күнімізде қымбат сыйлықтарды, қыдыруды емес, өз баспанамыз болғанын армандадық. Кең аулада жүгіріп, ойнағымыз келетін. Ата-анамыз бізді ерте жастан кәсіпке баулыды. Әкем «ер жігіт еңбекке епті болуы керек» деп жиі айтады. Кішкентайымыздан құрылыс та істеп, малды да бағып, ата-анамызға қолқанат болдық. Анам тігін цехын ашқанда лазерлі аппаратпен жұмыс істеуді ғаламтордан көріп, өздігімнен меңгердім. Қазір көрпешеге тігілетін оюдың, этносуреттердің дизайнын жасап, тігіншілерге дайындап беремін. Бұл сала — менің хоббиім, өзім қызығамын. Бірақ арманым —сәулетші дизайнер болу. Адамдарға әдемілік, жайлылық сыйлаған, көрікті, ыңғайлы ғимараттар мен үйлердің жоба, жоспарын жасаған ұнайды, – дейді Ғабит Ердәулетұлы.
Кәсіп ашу, бизнес жүргізу – тәуекелге бел буу. Бірден байып, көл-көсір пайдаға кенелемін деп ойлау, әрине, қателік. Білім керек, бірақ барлығы онымен шектеліп қалмайды. Кәсібіңізді жақсы көріп, жауапкершілік алуға дайын болсаңыз, жетістік те көп күттірмейді. Екі көмекші алып, ісін бастаған Гауһардың цехында қазір көп балалалы ана, зейнеткер, студенттер жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр. Тігін цехы барлық заманауи керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

527


–Менің мамандығым — құрылысшы. Қазіргі таңда зейнеткермін. Үйде құр отырмайын деп, ауылымызда ашылған цехқа жұмысқа тұрдым. Құрақ құрау қолымнан келмейді деп ойлағанмын. Өйткені тігін машинасымен жұмыс істей алмайтынмын. Гауһарға рахмет, барлығын үйретіп, түсіндірді. Осында ұжымдастармен бір отбасындай араласып, айрандай ұйыған ұжымда істеп жатырмыз. Жұмыс орны үйімізге жақын, жол кіре шығындамаймыз. Еңбекақымызды уақтылы төлейді, – дейді зейнеткер Жамал Ақмолдақызы.
Таңмен таласа жұмыс басталатын тігін цехында күн сайын тапсырыспен ең аз дегенде 20 жұп көрпеше, жастық, көрпе, қыз жасауына керектінің барлығы тігіледі. Жұмысшылардың бірі ою ояды, екіншісі құрақ тігіп, енді бірі мақта салумен айналысады. Бір қызығы, тігіншілердің көбісі арнайы оқу оқымаған. Жұмыс барысын кәсіпкер Г.Өмірәліқызының өзі үйретіп отыр. Тіпті, төрт жыл ішінде осы жерге келіп тігінді үйреніп, өз үйінен жеке тігін цехын ашып алған шәкірттері де бар екен.
–Жұмыс сұрап келгендердің дипломына емес, іске ептілігіне қараймын. Қарамағымда студенттер де жұмыс істеп, оқуының ақысын төлеп жүр. Оларға ыңғайлы кесте жасап бергенмін. Одан кейін баласын тастап шыға алмайтын және емізулі аналарға үйде отырып тігуге де жағдай жасап қойдық. Өзім жұмыссыздықтан қиналып, өмірдің түрлі соқпағын көргеннен соң, өзім жұмыс беріп отырған тігіншілерге бар қолайлы жағдайды жасауға тырысамын. Менен үйреніп, өздері жеке іс бастағысы келген жұмысшылар да болды. Олардың тәуекелге бел буып, шешім қабылдағанына қуанбасам, ренжіген емеспін. Бүгінде олар да ісін дөңгелетіп, отбасын асырап отыр. Меніңше, «менде ақша бар, кәсіп ашамын» деген кез-келген жан кәсіпкер бола алмайды. Яғни, адам кәсібін ашқан кезде тек жеке басының пайдасын ойламай, керісінше, қоғамға тигізер пайдасын ойлап, сапаға мән берсе, табысы — берекелі, өнімі үлкен сұранысқа ие болмақ, – дейді кәсіпкер.
P.S. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігі жайында жиі айтылып жүр. Дегенмен, осы қолдауды дұрыс мақсатқа бағыттамай, есебін тауып жалған құжат туралап, субсидия, қайтарымсыз грант, аз пайызды несие алып жүрген «жалған» кәсіпкерлер де жоқ емес. Мұнымен, әрине, құзырлы орындар айналысар. Айтпағымыз, бүгінгі біздің кейіпкеріміз кәсіпкерлерге арналған қанша бағдарлама болса да, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмектен басқа қолдау алуға тырыспаған. Мемлекеттен бөлінетін қолдауды қоғамға тигізер пайдасы бар осындай шынайы кәсіпкерлер иеленсе, нұр үстіне нұр болар еді. «Қалауын тапсаң, қар жанар» демекші, 10 мың теңгемен кәсіп бастап, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған Гауһар кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік жеңілдіктің игілігін көрсе, мұнан да биік белестерді бағындырар ма еді?!

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.