ЗАҢ ҚАТАЙЫП, ЖАЗА КҮШЕЙМЕК Избранное

Пятница, 19 Январь 2024 03:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 539 раз

Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан белең алған қылмыстар адамзатты алаңдатып отыр. Елімізде зорлық-зомбылық кеше ғана пайда болған жоқ, бұрыннан бар және асқынып отырған мәселе. Тек қазір адамдар бұрынғыдай қол қусырып қарап отырмастан, әлеуметтік желілер арқылы бұқараның талқысына салып, ушыққан мәселенің шешімін табуға өз үлестерін қосып жатыр.

zorlikzom-1

 

БҰҰ-ның мәліметінше, әлемде әрбір үшінші әйел өмірінде бір рет болсын зорлық-зомбылыққа ұшырайды және Қазақстанда жылына соққыдан 400-ге жуық әйел көз жұмады екен. Өкінішке қарай, бұл сандар отбасындағы күш көрсетудің қаншалықты асқынып кеткенін көрсетіп тұр. Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрін жою туралы БҰҰ Конвенциясының ережесіне сәйкес, жыл сайын ҚР ІІМ 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясын өткізеді.
Жалпы, елімізде 2022 жылы 115 526, ал 2023 жылы 99 мың арыз-шағым түскен. Құқық бұзушыларға қатысты былтыр 79 мың әкімшілік іс қозғалды. 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылып, 923 қылмыстық іс қозғалды. Осының ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер де бар.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал, жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек», деген болатын.
Содан да болар, елімізде болған соңғы атышулы оқиғалардан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды қатайтуды қолға алды. Енді әйеліне немесе бала-шағасына қол көтеріп, денсаулығына жеңіл зиян келтіргендерді әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылуда. Бұл ретте Ішкі істер министрлігі балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл және депутаттармен бірлесіп, заңнамаға бірнеше түзету әзірледі.
Шымкент қаласы бойынша былтыр «қанша адам зорлық-зомбылыққа ұшырады?» деген сауалға келсек, жағдай мәз емес. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңның 20-бабына сәйкес, тұрмыста зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 5195 тұлғаға қатысты «қорғау нұсқамасы» қойылыпты. Бұдан басқа, полицияның ұсынысы бойынша тұрмыстық құқық бұзған 370 тұлғаның мінез-құлқына сот арқылы ерекше талаптар белгіленген.
Осы арада құқық қорғау органдары тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шаралардан нәтиже бар ма деген сауал туындайды. Шымкент қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызмет басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Жаңыл Спанова өткен жылы 12 айда бірқатар іс-шаралар атқарылғанын атап өтті.

zorlikzom-2


– 2023 жылдың қыркүйек айының соңында «Бақытты отбасы» іс-шарасы аясында отбасы құндылықтарын жалпы, орта білім беретін білім беру ұйымдарында көпбалалы, өніп-өскен отбасылармен кездесу ұйымдастырып, үлгі ретінде дәріптеу жұмыстары жүргізілді. Одан басқа «Тұрмыс», «Зорлық-зомбылықсыз отбасы», «Отбасындағы зорлықты тоқтатамыз» жедел-профилактикалық және «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» атты акциялар ұйымдастырылды. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде, Шымкент қаласында әйелдерге катысты отбасында жасалған қылмыстар саны 22-ден 18-ге төмендеген», – дейді полиция аға лейтенанты.
Шымкентте қазіргі таңда отбасында зәбір көрген және құқық бұзушылықтың құрбаны болған азаматшаларға әлеуметтік арнаулы көмек көрсететін 4 дағдарыс орталық жұмыс істейді. Аталған орталықтарда азаматшалар жатын орынмен қамтамасыз етіледі, оларға психологиялық, әлеуметтік, құқықтық және медициналық көмектер көрсетіледі. Қызметтер ақысыз 6 айға дейін жалғасады.
Тағы бір жайт, қалада отбасылық жанжал мәселесімен айналысатын ішкі істер органы қызметкерлерінің саны жеткілікті ме? Полиция аға лейтенанты Жаңыл Қаныбекқызы Шымкентте әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының 6 штаты барын айтты.
–Нормативке сәйкес қосымша 7 штат қажет. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту мақсатында ІІМ тарапынан қалалық, облыстық әкімдіктерге штат санын көбейтіп, дербес бөлімшелер құру жөнінде ұсыныс енгізілген, ол бөлімшелер тек осы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресетін болады, - дейді ол.
Зорлық-зомбылыққа көбіне қандай адамдар ұшырап жатады? Мұның алдын алуға бола ма? Оның үстіне, қоғам көбіне жәбір көрсетушіні емес, құрбанды кінәлап «Осы жағдайға дейін жеткізген өзі, үндемей қоя салу керек еді» немесе өзі «ыңғай» берген деген сыңайда айыптап жатады.
«Иә, кейде қоғам жәбірленушінің өзін кінәлі қылатын жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе, «әйел кінәлі» деп айтатындардың көбі ер азаматтар. Олар зорлық көрсеткен ер адамды ақтағысы келеді. Ер адамның әйелдерді физиологиялық тұрғыдан әлсіз екенін көре тұра қол көтергенін немесе зорлық-зомбылық көрсеткені үшін ақтау, әділеттілікке жатпайды», - дейді Жаңыл Спанова.
Жалпы, қылмыстар көбіне көшеде немесе өздерінің тұратын жерінде болып жатады. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен қылмыстардың жасалуына себеп болатын факторлар – жұмыссыздық пен тұрмыстық жағдайдың жетіспеушілігі, алкогольдік ішімдік ішу, қызғаныш, мінез-құлықтарының сәйкес келмеуі т.б. Бірақ, бұл әйелдер мен балаларды ұрып-соғуға болады дегенді білдірмейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда не істеу керек? Қайда хабарласып, қалай қорғанғаны жөн?
Ең бірінші, 102 телефоны арқылы полицияға хабарласу, ал ұрған жағдайда 103 телефоны арқылы жедел жәрдем шақыру қажет. Ұлттық сенім телефоны - 150. Есте сақтауға оңай үш таңбалы нөмірге еліміздің кез келген өңірінен ыңғайлы уақытта тәулік бойы тегін қоңырау шалу мүмкіндігі бар. 111 – байланыс орталығы әйелдер мен балаларға көмек көрсету бірыңғай желісі.
Ең қызығы, әйел адамдар күнделікті жаңалықтардан, айналасынан күйеуі ұрып-соғып өлтіріп қойған жан түршігерлік жаңалықтарды естіп жүрсе де кейбір жәбір көргендер құзырлы органдарға көмек сұрап жүгінбейді.Психолог Айдана Оңғар отбасында күйеуінен таяқ жеп жүрсе де кетпейтін әйелдердің психикасында зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай деп қабылдайтынын, ондай ерлі-зайыптылардың некесі сау қарым-қатынасқа жатпайтын тәуелді екендігін айтады.

zorlikzom


–Психикасында кішкентайынан зорлық-зомбылықты көріп өскен қыз ұрып-соғуды қалыпты деп санайды. Оларға комплимент айтып, алақанында ұстайтын ер адам түсініксіз көрінеді. Физикалық зорлық қана емес, психологиялық қысым көріп, қалауы тұншықтырылған бала бір таяқ жегеннен кетпейді. Бізде қыз баланы шыдамдылыққа, төзуге үйретеді, ал ер балаға әйелдің қалауын тыңдауды үйретпеген. Тәуелді қарым-қатынаста еркектің де, әйелдің де өзін өзі бағалаулары төмен. Еркек өз әрекетіне жауап бере алмайды. Ал әйел ер азаматты жөнделіп кетеді деген иллюзиямен жүреді. Оның астарында өз күнімді көре алмаймын деген сенімсіздік жатыр, көбі соны мойындағысы келмейді, – дейді психолог маман.
Сонымен, отбасылық ойранды әкімшілік жазамен емес, қылмыстық жауапкершілікпен өтейтін уақыт келіп жетті. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, әйеліне немесе бала-шағасына қол көтеріп, денсаулығына жеңіл зиян келтіргендер әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әрі сотқа отбасының шырқын бұзатын азаматтарды тұрғын үйден уақытша шығарып, әлеуметтік бейімделу орталықтарына жіберу құқығы беріліп отыр. Бұдан бөлек, тұрмыстық жанжалдарды арнайы полицейлер тергейтін болады. Сөзімізге дәлел, ҚР Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеуші айналысатынын, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілгенін айтты.
«Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды. Сондай-ақ Мәжілістің бір топ депутаты халыққа Жолдауымның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр», - деді Мемлекет басшысы.
Отбасына қорған болудың орнына ойран салатын кейбір жұдырығы жылдам еркектерді осылайша заң мен қатаң жаза жөндейді деп үміттенейік.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.