ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС – ҚОҒАМ СЕНІМІНІҢ БАСТАУЫ Избранное

Пятница, 19 Январь 2024 03:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 579 раз

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің өткен жылы 19 отырысы өтіп, тұрғындардың игілігі үшін әлеумет, инфрақұрылым, абаттандыру, тариф саясатында бірқатар өзекті мәселелер шешілген. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы Қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Әлтеев 2023 жылды қорытындылаған есебінде мәлімдеді.

kogam

 

Жалпы, Қоғамдық кеңестің басты міндеті – халықтың үнін дер кезінде билікке жеткізу. Көтеріліп отырған мәселелер бойынша тиянақты ұсыныстар беріп, оң шешім қабылдау жолдарын қарастыру. Бір сөзбен айтқанда, көпшіліктің көкейіндегі мәселені қозғап, елдің мүддесін қорғап, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізуде қоғамдық кеңестің рөлі зор. Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің III шақырылымы құрылғалы 33 жиын өткен. Оның 10-ы кезекті жоспарлы, 1-еуі көшпелі отырыс, 1-еуі ҚР Парламенті Сенат депутаттарымен кездесу және қалғаны кеңес жиындары.
Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, кеңес өз құзыреті аясында тиісті жұмыстарды жүзеге асырған.

kogam-1


– Қоғамдық кеңестің III шақырылымдағы құрамы Шымкент қаласы мәслихатының 2022 жылғы 30 наурыздағы шешімімен бекітілді. 29 мүшесі бар, құрамы үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері, мәдениет, білім, кәсіпкерлік, денсаулық, БАҚ, заң саласының өкілдерінен құралған. Бір жыл ішінде мемлекеттік мекемелердің есебін тыңдап, қоғамдық мониторинг, басқа да іс-шаралардың нәтижесінде қаладағы біршама әлеуметтік және экономикалық мәселелер көтеріліп, олардың оң шешімін табуға ықпал еттік, – деді кеңестің төрағасы.
Қоғамдық кеңес 2023 жылы әкімдікке қарасты 10 басқарманың және жергілікті 3 құқық қорғау органы басшылығының атқарылған жұмыстарының есебін тыңдаған. Аталған кеңес отырыстарында 10 хаттама түзіліп, 30 мәселе қаралып, түрлі салаларға қатысты түйткілдерді реттейтін 104 хаттамалық ұсыным мемлекеттік органдарға жолданған. Сонымен қатар, заң аясында қоғамдық кеңестерге жүктелген 95 нормативтік-құқықтық акт жобалары қаралып, қорытынды берілген. Жеке және заңды тұлғалардан 15 өтініш түскен. Оның 14-і жеке тұлғалардан, 1-і заңды тұлғалардан. Қала әкімінің атына 8 ұсыныс хат жолданыпты.
– Қоғамдық кеңестің атқарған маңызды жұмыстарының бірі – Қызылжар тұрғын алабы тұрғындарының талабының орындалуы. Қызылжарлықтар елді мекеннен айналма жол салынса, тұрғын үйлердің бұзылу қаупі барын айтып жүгінген болатын. Кеңес мүшелері қаланың 2035 жылға дейінгі ұсынылған Бас жоспарындағы айналма жол бағытына мониторинг жүргізіп, тиісті ұсыныстар берді. Осыдан кейін Бас жоспарға өзгеріс енгізіліп, 500-ге жуық тұрғын үйді бұзып-сүруден аман сақтап қалып, айналма жол басқа бағытпен өтетін болды, – деді
Бауыржан Ілімшеұлы.
Брифингте Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарынан тарифтік саясат та тыс қалмағаны белгілі болды. Кеңестің белсенді мүшесі Рүстем Әшетаев Шымкент қаласындағы табиғи газ бағасының басқа өңірлерден қымбат екендігіне зерделеу жүргізіп, кеңес отырысында қаралуға ұсыныс білдірген. Қазіргі таңда мәселесінің оңтайлы шешілуіне тиісті ұсыныстар берілген.
–Өткен жылы қоғамдық кеңестің мүшесі Нұргүл Қобланованың ұсынысына сәйкес, Шымкент қаласында денсаулық сақтау басқармасына қарасты сенімгерлік басқаруға берілген қалалық №2 және №12 емхана мен Залалсыздандыру орталығына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, дендропарктегі мәселелер де жиі-жиі көтеріліп, ондағы суғару жүйелерін ретке келтіру және ағаштардың қурауына жол бермеуде тиісті ұсыныстар берілді. Қала тұрғындарының «Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровқа арнап ескерткіш орнатылса» деген өтініштері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жолданды, – деп атап өтті кеңес төрағасы.
Бауыржан Ілімшеұлының айтуынша, қоғамдық кеңес мүшесі Мақсат Сәрсембаев жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өкілі мен мүмкіндігі шектеулі қала тұрғынының арасындағы кикілжің қоғамдық кеңес отырысында қаралған. Тараптардың қатысуымен мән-жайы талқыланып, екі жақ келісімге келген. Қоғамдық кеңес бұдан өзге қаланың 2035 жылға дейінгі қабылданған Бас жоспарына да қатысып, өз пікірлерін білдірген.
Кеңесте шешімін тапқан тағы бір мәселе. Онда кеңес мүшелері Орталық саябақтағы кеңес өкіметінің кезінде жерленген солдаттардың сүйегін басқа жерге жерлеу туралы мәселені көтерген болатын. Бүгінде ұсыныс қала басшылығы мен қала мәслихаты тарапынан қолдау тапқан.
Қоғамдық кеңес мүшелері халық көтерген мәселені зерделеп, көшпелі жиын да ұйымдастарды. Жыл ішінде елді алаңдатқан жағдайларды назарға алып, мониторинг жүргізген. Солардың бірқатары, «Наурыз» саябағындағы ағаштардың уақытынан бұрын қурауы мен күтімі, орман алқаптарында өрт қауіпсіздігінің алдын алу, тұрғын үй мен күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім және денсаулық сақтау нысандарының сапасын бақылап, жауапты мекмелермен бірге шара көрілген. Сондай-ақ, кеңес мүшелері меморганнан құрылған комиссия құрамына да енгізіліп, бақылау жұмыстарына етене араласып келеді.
–Өкінішке орай, Қоғамдық кеңестің өтетіні туралы мекемелерге алдын ала хабарланса да, кейбір басқарма басшылары кеңес отырысына өзінің орынбасарлары не болмаса бөлім басшысын жібереді. Мұндай кезде ол басқармалардың есебі тыңдалмай, кері қайтарылады, – деді Б.Әлтеев.
Қазақстанның барлық өңірін қамтыған қоғамдық кеңестер 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Билік пен қоғам арасындағы байланыстың дәнекері саналатын Шымкент қаласы Қоғамдық кеңестің алдында 2024 жылы да халықтың талап-тілегін құзырлы органға жеткізіп, түйіткілді мәселенің түйінін шешуде үлкен жұмыстар күтіп тұр. Халық пен билік қайбір мәселені бірлесіп шешерде парасаттылық танытқанда ғана Мемлекет басшысы айтқандай Әділетті қоғам құратынымыз анық.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.