Әскерге барсаң, тегін оқисың! Избранное

Среда, 24 Январь 2024 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 726 раз

Қазақстанда былтыр әскерге көктемде шақырылған 1500 жауынгер тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификатқа ие болды. Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтар қазіргі таңда жоғары оқу орындарында тегін оқып жатыр. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды әскери қызметке ынталандыру жөніндегі тапсырмасы негізінде қолға алынды. Шымкент қаласында бұл жұмыстар қалай жүріп жатыр? Тарқатып айтсақ…

asker-1

 

Әскерге барып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге ниетті жастардың қатары жылдан-жылға азайып барады. Бұл жобаның діттеген де осы, жастардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру. Осы ретте Қорғаныс министрлігі республикадағы 42 жоғары оқу орнымен келісімшарт жасасқан.
2022 жылы конкурстық іріктеуге көктемде әскерге шақырылып, Қарулы күштерде, Мемлекеттік күзет қызметінде, Төтенше жағдайлар министрлігінде және Ұлттық ұланда борышын өтеген жауынгерлер қатысыпты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 615 азамат ҰБТ тапсырмай, азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына оқуға түскен.

Аталған оқу орындарының ішінде Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті де бар.

Айта кетейік, тегін білім сарбаздарға жайдан-жай беріле салмайды. Олардың жетістіктері мен көрсеткіштері есепке алынады, яғни QR коды бар сертификаттар қалыптасады. Электрондық жүйеде әр сарбазға жеке рейтинг жасалады. Оларды қолдан жасай алмайды. Сарбаздар жоғары оқу орындарына түсу сертификаттарын осы «Срочники 2.0» платформасынан (Срочники 2.0 (srochnik.gov.kz) ЖСН арқылы тексере алады. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға офицер атағын алу үшін әскери кафедраларда тегін оқу мүмкіндігі қарастырылған.

asker-2


Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары-басқарма бастығы полковник Әжімұхан Шынтаевтың айтуынша, әскерден келген азаматтар келісімшарт жасасқан кез келген ЖОО-да тегін білім ала алатынын айтады.
– Алты айдан кейін борышын өтеуге келген сарбаздар қай қала, қай оқу орнында оқитынын өздері таңдап, өтініштерін береді. Комиссия талапта көрсетілген рейтингке қарап жеңімпаздарды айқындайды. 2023 жылы көктемгі және күзгі шақырылымда 1500 грант грант табысталды. «Срочники 2.0» платформасында барлық ақпараттармен танысуға болады. Әр азамат ЖСН арқылы өздерін тексере алады. Ол сертификат 2 жылға жарамды. Оқу орындарына барған кезде сол сертификатты қосымша ұсынады. Әскерден келгендер ЖОО-дан басқа әскери оқу орындарына да грант есебінде конкурсқа қатыспай, ҰБТ тапсырмай оқуға түсе алады, – деп түсіндірді Әжімұхан Қалмаханұлы.
Шымқалада әскерден келген сарбаздар бұл мүмкіндікті пайдалана алды ма? Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті берген тізімдегі сарбаздармен хабарласқанымызда көбі оқудан бас тартқан, ақылы бөлімге ауысқан, кейбірі жұмыс істеп ақша табуды шешсе, тіпті кейбірі бұл жаңалықтан бейхабар болып шықты.

asker


Айта кетейік, Шымкенттен жыл сайын көктем және күзде екі мыңға жуық бала әскерге шақырылады. Тегін білім сөз жоқ, ынталандыру мен әскердің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған.
Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі ұсынып отырған осындай мүмкіндіктің арқасында білім алып жатқан жастың бірі – Нұрхан Төлеген. Сайрамдық студент М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ІТ мамандығында 3 курста оқиды. Ол 2022-2023 жылдары Отардағы 21450 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген.
– Университетте ақылы негізде оқыдым. Жылына оқу ақысына 550 мың теңге төледім. Бұл жоба ақылы оқитындарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау деп ойлаймын. Әскерде жүргенде аталған мүмкіндікті пайдаланып, жоғары балл жинауға барымды салдым. Қазір ауылда жүрген барлық достарыма, інішектерге әскерге барып, өздеріңді жақсы көрсете білсеңдер, ЖОО-да тегін оқисыңдар деп айтып жүрмін. Менің айтуыммен біраз жігіттер әскерге кетіп жатыр, – деді Нұрхан Асқарұлы.
Айтпақшы, мақаланы жазу барысында сонау Ақтау қаласынан Амандық Нұргелді деген азамат хабарласып, ұлы Әділеттің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне түсуге болатын гранты барын естіп қуанышын білдірді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, алдағы уақытта да әскери мектептен өткендерге жеңілдік беру заңмен реттелетін болады. 2023 жылы ЖОО есебінен тегін оқытылса, 2024 жылы азаматтарды мемлекеттен грант алатын етіп заңдастырмақшы. Бұл студенттің стипендия мен жатақхана алуына да кепілдік береді.
Қазір «Срочники 2.0» платформасында 2022-2023 жылдары шақырылған 49 349 сарбаз тіркелген. Сондай-ақ, «Срочники 2.0» сайтында әскери қызметшілердің тегін білім алу конкурсына қатысу тәртібі т.б. көптеген сұрақтарға толықтай жауаптар берілген.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.