БІРІККЕН ЖҮЗ БЫТЫРАҢҚЫ МЫҢДЫ АЛАДЫ Избранное

Среда, 24 Январь 2024 04:57 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 677 раз

«Шымкент қаласындағы «Достық» үйін көпшілік біледі. Сондағы 800 адамдық үлкен залға мазмұнды фильмдер, түрлі қойылымдар қойып, этнос жастарының басын қоссақ. Жастар өздерінің ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтатын басқосулар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырсақ, қолдайсыздар ма?». Таяуда ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан бастаған топ мүшелері қаланың этнос жастарымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдаған болатын. М.Әуезов атындағы ОҚУ-да өткен басқоуда Ғалымжан Жайықбайұлы жастарға қарата осындай ой тастады.

assamBB

 

Қазіргі уақытта қала жастарын не толғандырады? Олардың өмірден өз орнын табуына, тұлға болып қалыптасуы үшін не қажет? Бұл – өзекті мәселе. Жастарды отансүйгіштікте тәрбиелеп, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуде жаңа жобалар, бастамалар керек.
Ғалымжан Махан кездесуде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулықты сақтаудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталып, жастармен ашық форматта әңгімелесті. ҚХА төрағасының орынбасары, республикалық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Акбаржан Исмаилов, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев та этнос жастарының ұсыныстарын тыңдады.
Шымкент қалалық ҚХА жанындағы «Ассамблея жастары» қоғамдық ұйымының құрамында 19 этностың өкілдері бар. Бүгінде қалада 8 жоғары, 21 орта арнаулы оқу орындарында «Достық» клубтары жұмыс істейді. 17 этномәдени бірлестіктің жанынан 12 жастар қанаты қызмет атқарады. «Ассамблея жастары» қоғамдық ұйымының жұмысын жандандыруға ерекше назар аударылып келеді.
Ғалымжан Махан ҚХА институты ұдайы даму үстінде екенін, жастар қанаты белсенді жұмыс атқарып келе жатқанын айта келе жастарға әлі де болса жаңа әлеуметтік жобалар қажет екенін тілге тиек етті. Биылдан бастап ҚХА құрамында сапа және саны жағынан өзгерістер болатынын, белсенді, жас мамандарды тарту жоспарланып отырғанын айтты.
Өткен жылы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымы әлеуметтік желіде ең белсенді жұмыс істеген ұйымдардың бірі ретінде танылды. Бүгінде оның қатарында 9000 жас бар. Ұйым басшысы Тимур Жұмырбаев бұл жетістікке барлық өңір жастары үлес қосқанын, алда бірлесе атқаратын жұмыс көп екенін айтады. Соның ішінде Шымкент қаласындағы этнос жастары да өзіндік үлес қосқан.
– Ұйымның мақсаты – жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастыру, жастардың бастамаларын дамыту және әлеуметтік тұрғыда қолдау. Бүгінде біз алдымызға жастарға нақты көмек беру жөнінде мақсат қойып отырмыз. Өңірлерде команданың жұмысы қарқынды. Шымкент қаласында да жұмысты ілгерілету бағытында мектептерде, ЖОО шәкірттерімен кездесіп жатырмыз. Өңір жастарын не қызықтырады? Оларға қандай жобалар керек? Бүгінде кез келген жастар ұйымы жастарға қолдау көрсетіп, әлеуметтік лифт болуы керек. Университет деңгейінде белсенді азаматтар, жастар үшін басқосулар, креативті форматта түрлі іс-шаралар өткізуге болады. Шымкентте мемлекеттік этносаясатты өздеріңізбен бірге нәтижелі іске асыру үшін ұсыныс-пікірлеріңізді нақты айтыңыздар, – деді Тимур Ғабдулұлы.
Жиында этнос жастары тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Шымкент қаласы тұрғындарының 30 пайызға жуығын өзге этнос өкілдері құрайды. Барша этнос өкілдерінің, жастарының басын қосатын, барлығын бір мемлекеттік мүдде аясында топтастыратын жобалар керек-ақ.
Бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚУ-да «Достық» клубы жұмыс істейді. Оның әлеуметтік желідегі парақшасы да белсенді. Клуб жетекшісі Гулистан Сейдахметова университет деңгейінде белсенді жастардың қатысуымен жастар мәселелерін, жобаларын талқылау жиындары, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізілсе деген ұсынысын жеткізді.
Тимур Ғабдулұлы универсиеттерде ассамблея жұмысын жандандыру қажет екенін, биыл ЖОО жанынан дебат клубтарын ашу жоспарда бар екенін мәлімдеді. Қазіргі таңда республикалық, өңірлік деңгейдегі ассамблея жастары ұйымының алдында тұрған міндет – ол команда құрамына жаңа жастарды тарту. Белсенді командалар құру. Сондай-ақ, республикалық ұйым төрағасы стендап сияқты қызықты, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға болатынын айтты.
Жиында Ғалымжан Жайықбайұлының Достық үйінде мазмұнды кинолар қойып, этнос жастарының басын қоссақ деген ұсынысы көпшілік тарапынан жақсы қолдау тапты.
Шымкент қалалық ҚХА жанындағы «Ассамблея жастары» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Мағжан Нышан этнос жастары арасында мемлекеттік тілді дамыту, әлеуметтік желіні тиімді қолдана білу керек деген өзінің ой-пікірін қосты.
Сондай-ақ, ендігі ретте жинақы қоныстанған тұрғын алаптардағы этностық топтармен бекем байланыс орнату, тұрғындармен еркін форматта пікір алмасу жұмыстарын жандандыру уақыт күттірмейді.
Шымкент қалалық ҚХА жанындағы «Ассамблея жастары» қоғамдық ұйымының төрағасы Нұрболат Мейірбековтің айтуынша, қалада 30-ға жуық жоғары және орта арнаулы оқу орындарында «Достық» клубтарының ашылғанына 1 жылдан асқан. Атап айтқанда, бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚУ, ОҚМА, Silk Way, ОҚПУ, Халықтар Достығы универсиетінде, тағы басқа оқу орындарында ассамблея жастарының клубы белсенді жұмыс істейді.
Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап мектептерде де Достық клубтарын ашу жұмыстары жүргізілуде. «Ассамблея жастары» Достық клубтарының өзіндік жұмыс бағыттары, бекітілген іс-шара жоспарлары бар. Қазіргі таңда түрлі этнос өкілдерінің мерекелері атап өтіліп, дебат ойындары, волонтерлік іс-шаралар, қаланы көгалдандыру жұмыстары атқарылып жатыр.
Жуырда қалада түрлі этнос жастарына мемлекеттік тілді оқыту курсының екінші кезеңі басталды. Мемлекеттік тілді оқыту курсының екінші кезеңінде этнос жастарының арасынан тілді үйренуге 40-тан астам адам ниет білдіріп отыр. Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілдің дамуына көп көңіл бөлінуде. Еліміздің қоғамдық өмірінде, мемлекеттік органдарда белсенді қызмет атқару үшін этнос жастары мемлекеттік тілді білу керек. Тілді үйренуге барлық жағдай жасалған. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар және мамыр айы аралығында «Бірлік алаңы» коворкинг орталығында түрлі этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту курсы бойынша 37 сабақ өткізіліп, онда 100-ге жуық адам дәріс алған еді. Қорытындысында этнос өкілдері сынақ тапсырып, нәтижесінде курсты оқығандығы туралы анықтамаға ие болған.
Көп ұлтты болу – Қазақстанның бақыты. Шымкенттегі этнос өкілдері Төле би баба айтқандай, бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай болып, қаланың барлық сала жағынан жақсы дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.