СПОРТ ШЕБЕРЛЕРІ ЖАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРДІ

Пятница, 26 Январь 2024 06:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 653 раз

Шымкенттегі №2 Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен «Ел туын биікке көтерген батырлар» атты кездесу өтті. Жасөспірімдер еліміздің Туын көкте желбіретіп, әлемге танытып жүрген халықаралық дәрежедегі спортшылар – 2020 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында ерлер арасында 67 кг салмақ дәрежесінде қола медаль иегері Дархан Асәділов, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғалымжан Қанаев және бокстан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы Нұрасыл Төлебекпен кездесті.

zani

 

Еркін форматтағы жүздесуде жасөспірімдер спортшыларға сұрақтарын қойып, олардың бала армандары мен мақсаттары жайлы мол мағлұмат алды. Жиынды №2 Оқушылар сарайының әдіскері Рақымжан Ембергенов үйлестіріп отырды.
– Спорт – үлкен еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Бала күнімнен спортқа жаным жақын болды. Бойымдағы мүмкіндікті теріс әрекеттерге құртпай, спортқа бағыттап, еліміздің даңқын асыруға үлес қоса алғаныма қуанамын. Байрақты бәсекелерде биіктен көріну үшін әрбір спортшыға мінез керек. Мінез – үлкен мақсатқа жетелейтін басты қасиет. Әрі қарай еткен тынымсыз еңбегің мен төккен терің биік белестерді бағындыруға жол ашады. Сондықтан әрқашан алға қойған мақсаттарыңа жеткенше ешқашан мойымай, кедергілерді еңсеретін ыждаһат қажет. Қазіргі замануи құрал-жабдықтармен жасақталған №2 Оқушылар сарайының мүмкіндігі орасан. Жас спортшылар осы мүмкіндікті пайдаланып, биік белестерді бағындыра бергей, – деді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғалымжан Қанаев.
Қазақтың намысын қорғап, елдің даңқын шығарған спортшылар оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, жас спортшыларды жігерлендірді. Жиын барысында оқушылар ел мақтаныштарына арнап жыр шумақтары оқып, патриоттық әндер шырқалды.

«ШК»-ақпарат

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.